Төреғали Төрәлі өнерге қалай келгенін айтты
Төреғали Төрәлінің әндеріне жастардың сұранысы басым. Оның орындауындағы «Іздеме» де, «Бол жанымда» да жастар арасында танымал. Әншінің шығармашылығы туралы толығырақ білу үшін Ақ желкен журналы Төреғалидің өзімен сұхбаттасыпты.
– Сізді бұрындары айтыскер ақын деп білетінбіз. Әншілікке бет бұруыңызға не себеп?
– Айтыста жүріп ән айтып кеткен жалғыз мен емеспін. Тоқтар Серіков, Еркін Нұржановтар да айтыстан шыққан. Менің негізгі мамандығым – ән салатын актер. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын музыкалық драма бойынша бітірдім. Бұған дейінгі арман, мақсатым – айтысқа шығу, өзімнің ақындық қырымды байқату болатын. Армандасаң, соған жету жолында еңбектенсең, армандар орындалады екен. 3-4 сыныптарда менен келіп: «Кім боласың?» – деп сұрағандарға: «Айтыскер ақын боламын» – дейтінмін. Біздің Байқоңырда балалардың бәрі ұшқыш болғысы келетін. Есім бір кіріп, бір шығып жүргенде ақын боламын дегенді Құдай аузыма салған шығар, бәлкім. Әншілік те, ақындық та жаныма жақын. Екі өнерді бөліп жара алмаймын. Актерлікті оқығаннан кейін әртістіктен де құралақан емеспіз. «Жігітке жеті өнер де аздық етеді» демей ме?! Менің алғаш үлкен сахнадағы тұсауымды Сәкен мен Мейрамбек ағаларым кескен. 7-сыныпта Қызылорданың Қазалысында «МузАрт» тобы концерт беріп, Мейрамбек ағалар мені сахнаға шығарған.
– Төреғали, жастардың аузында, ұялы телефондарда бірнеше хит әніңіз жүр. Сұхбатқа келерден бұрын ғаламторға кіріп, сіз жайлы деректер іздестірген едім. Ғаламтордағылардың көбі сізді «Еркін Нұржановтың көшірмесі ғой» деп жазыпты. Кейбір әндеріңізді Қайрат Нұртастың орындауына ұқсатқандар да бар екен. Шынымен Еркін Нұржановқа еліктейсіз бе?
– Білуімше, Қайрат Нұртасқа Ернар Айдарды ұқсатады. «Қайратқа еліктейді» дейді. Мені Еркін Нұржановқа ұқсатып жатса, екеуміздің даусымыз да қазақы дауыс қой. Сол жағынан ұқсататын шығар. Еркін менің жақын досым. Аға досым деуге болады. Әрі Еркін де, Қайрат та еліктеуге тұрарлық азаматтар деп ойлаймын. Бірақ өзім оларға емес, кішкене күнімнен «НұрМұқасандағы» Мұқасан ағаға қатты еліктедім. Мұқасан аға әкемнің досы болатын. Қызылордаға концерт беріп келгенде, Байқоңырдағы біздің үйге соқпай кетпейтін. Үлкен-үлкен постерлеріне маған қолтаңба жазып беріп кететін. «Нұр-Мұқасан» домбырамен, қазақы әндерді орындап жақсы шықты. Содан ба екен, Мұқасан аға сияқты болғым келетін. Бірақ сахнада Мұқасан ағаның дауысымен ән айтып, биін қайталаған емеспін. Көшірме өнермен көріне алмайтынымды, танылмайтынымды түсінемін, өйткені.
– Екі-үш күн бұрын «Сайран» автобекетіне барған едім. Шымкент пен Таразға жүретін автобустар сіздің орындауыңыздағы «Бол жанымданы» бірінен соң бірі, кезек-кезек қойып жатты. Ырғақты, жеңіл, ойнақы ән ғой. Екі қанатты жайып жіберіп, билей кетуге сұранып-ақ тұр. Өзіміз де «Бол жанымдаға» талай тойларда елпілдеп билеп жүрміз. Әйтсе де қазіргі эстрадада онсыз да жеңіл ән көп. Біраз уақыт хит болып, соңынан ұмытылып кететін жеңіл әндердің орындаушысы болып қаламын деп қорықпайсыз ба?
– Дұрыс айтасыз, әрине. «Іздемені» жаздырғанымда мен айтыста жүрген едім. Елдің алдында айтыскер ақын болып танылып қалғаннан кейін өзімнің әншілік қырымды байқату үшін тәуекелге бару керек болды. Тойларға беташар айтуға шығатынмын. Ол кезде «Іздемені» менің орындайтынымды жұрт біле бермейтін. Тойларда «бұл әнді мен орындаймын» деп, аузын жыбырлатып, ақша алып кеткендерді көзім көрді. Мен үлкен сахнадан орындамай жатып-ақ, бұл ән ғаламтор арқылы, телефон арқылы тарап кетті. Тойларда жиі айтылып жүрді. Қазір де халық «Іздемені» менің орындайтынымды көп біле бермейді. Халыққа үлкен дүниені тыңдату үшін, алдымен арзан дүниені ұсыну керек сияқты. Өйткені, ине өткен жерден жіп өтеді демей ме? Әуелі осындай ырғақты әндер орындасам, кейіннен толғанысқа толы үлкен шығармалар жаздыру жоспарымда бар. Әлі менің орындауымдағы жақсы әндердің тыңдарманы боласыздар.
– Дегенмен сіз орындайтын әндердің сөзі жақсы. Орындауыңыздағы әндердің сөзін өзіңіз жазасыз ба?
– Кеше ғана айтыстың есігін жауып шығып, әйтім-шәйтім дейтін, арзан ұйқасты ән айтсам, болмайтын сияқты. Ең алғашқы әнімді жаздырған кезден бастап-ақ, тыңдарманның құлағын «айым-күнім, күйем-сүйем» дейтін арзан ұйқаспен ауыртпаймын дегенмін. Өзім де бірнеше әнге сөз жазып көрдім. Өнерде жүрген аға-әпкелер, бауырлар өтініш жасаған кезде анда-санда түртіп қоятыным бар. Қиын да емес, өлең жазу ақын үшін бұйым да емес. Жүрек жабығып, көңіл сыздаған кезде бір шумақтар келеді, әйтеуір. Бірақ бір ақындар сияқты композитор ұсынған кез келген музыкаға сүйкеп өлең жаза салмаймын. Ертең титрда өлеңін жазған деген жерде менің атым тұрады. Өз есімімді арзан ұйқастардың иесіне айналдырмауым керек. Еркін Нұржановпен бірігіп орындайтын «Ботам-ай» деген әннің сөзін өзім жазғанмын. Халық жылы қабылдаған сияқты. Қазір ізденісте жүрмін. Ән табу деген өте қиын екен. Әр әншіде стиль деген болады. Мысалы, менің орындауымдағы әндерді ешқашан «МузАрт» тобы айтпайды, бәрібір. «МузАрттың» әндерін «Нұр-Мұқасан» айтпайды деген сияқты. Әр әншінің табиғатына келетін ән болады. Соны табу үлкен ізденісті қажет етеді екен. Қазір «Бол жанымда» әнінің авторы Құрал Молжановпен, «Іздеменің» әнін жазған Шымберген Сүлейменовпен шығармашылық байланыстамын. Бұл екі әннің де сөзін айтыскер ақын бауырым Қайнар Алакөзов жазған.
– «Айтыстың есігін жауып шыққаннан кейін» деп қалдыңыз. Бұдан кейін мүлде айтыспайсыз ба сонда?
– Эстрадаға бет бұрғаннан кейін әншілікті жолға қойып алуым керек. Бірақ болашақтағы шығармашылық кештерімде міндетті түрде қолыма домбырамды алып, айтысамын. Еліміздің облыстарын, аудандарын аралап концерт бергенімде залдағы көрермендердің 50 пайызы үлкендер болады. Олардың көбі мені айтыс арқылы білетін шығар деп ойлаймын.
– Айтыстан мардымды жүлде алып па едіңіз өзі?
– Айтыста төрт жыл жүріп, төрт көлік мінгенмін. Әсілі ақынның ақындық қуаты алған жүлдесімен, мінген көліктерінің санымен өлшенбесе керек. Бірақ көрермен бәрібір сөйтіп қарайды. Сіз де маған бұл сұрақты сол мақсатта қойып отырсыз. Ақшалай да сыйлық алдым. Айтысқа өкпем жоқ. Кішкене күнімде 6-7 сыныптан бастап аудандық, облыстық айтыстарға қатысып, жетістікке жетіп жүрдім. 9-сыныпты бітіріп, Өнер академиясының колледжіне түскенімде, студенттердің айтысына шығатынмын. Талдықорғандағы кезекті бір айтыста Жандарбек Бұлғақовпен сөз жарыстырдым. Содан кейін Жандарбекпен жақсы дос болып кеттік. Жандарбек мені үлкен айтысқа шығуға үгіттеп жүрді. Өзім де үлкен айтысқа шығуды бұрыннан армандайтынмын. Астанадағы алғашқы айтысымда бас жүлде алдым. Содан Жүрсін Ерман ағам республикалық айтысқа қосып, аламанға салып жіберді. Үш айдан кейін Халықаралық айтысқа қатыстым. Аллаға шүкір, айтыста да тыңдармандарым болды ғой. Шама-шарқымша халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтадым. Жандарбекпен 12-13 рет айтыстым. Бір-бірімізді алма кезек жеңіп жүрдік. Бекарыс Шойбековпен екі рет айтысып, біреуінде тепе-тең түстік, біреуінде сәл басымдық таныттым. Айтыстағы алғашқы қарсыласым Ринат Зайытов болды. Ринат шайнап тастайтын шығар деп қорыққаным есімде. Көп айтыста қазылар «жас қой, бетінен қақпайық» деген шығар, кім біледі.
– Айтыста әнші бала атанғаныңызды білеміз…
– Иә, хит әндердің әуеніне салып айтысып, халықты серпілтіп тастайтынмын. «Қызыл өріктің», «Ауырмайды жүректің» әуенімен талай айтыстым. Әкем Төлеп Төрәлі айтыста біраз жерге құлашын сермеген ақын болды. Содан да болар, ойын қуғаннан гөрі теледидардан айтыстарды көріп, жаттап жүру маған қызық болатын. Әкемнен домбыра тартуды үйрендім. Ол кісі солақай болғандықтан, мен де домбыраны сол қолыммен тартып үйренгенмін. Байқасаңыз, домбыра тартқанда солақаймын. Әкемнің аздап әншілігі де бар. 90-жылдары «Бауыржан-шоу» театрының дүрілдеп тұрған кезінде сол театрда ойнаған. Кейіннен анасы жаман ауруға шалдығып, Байқоңырға қайтыпты. Әйтпесе өнерде біраз биікті бағындырар еді. Мен жетпеген жетістікке жетсін деді ме екен, әкем мені жастайымнан өнерге баулыды. Қазір өзімнің өнердегі жол бастаушым, продюсерім болып жүр. Қаржылық мәселелердің бәрін әкем шешеді. Тойға шығар кезде де әкем келіседі.
– Репертуарыңызда неше ән бар?
– «Іздеме» деген атпен 14-15 шақты әннің басын құрап, алғашқы альбомым жарыққа шыққан. Қазір екінші альбомымды жарыққа шығаруға дайындық үстіндемін. Орындауымдағы әндерді санамаппын шынымды айтсам.
– Айтыста жүргеніңізде бір топ ақынмен қажылыққа барғаныңызды білемін. Қажылықтың мән-мағынасын түсініп бардыңыз ба Меккеге? Мұсылмандықтың шарттарын қаншалықты орындап жүрсіз?
– Қайрат Сатыбалды ағамыз біраз ақынды қажылыққа апарған, арасында мен де бармын. Кіші қажылыққа барғанмын. Қай жаста барсаң да мұсылмандық парызыңды өтеудің ерте-кеші жоқ. Қажылықты түсініп бардым дей аламын. Аллаға құлшылықты әркім өзі үшін жасайды ғой. Құлшылығыңды жария қылмау керек сияқты.
– Отбасыңыз, жеке өміріңіз туралы айтсаңыз…
– Фариза, Дина есімді екі қарындасым бар. Анам орыс тілі пәнінің мұғалімі. Қазір үй шаруасында. Қарапайым қазақы отбасында тәрбиелендім. Халықты алдымен әншінің жеке өмірі емес, өнері қызықтырса екен деймін.
– Қолыңыз босай қалса, айналысар сүйікті ісіңіз бар ма?
– Бос уақытымның бәрін студияда өткіземін. Әндерімнің бәрін Баян Есентаеваның «Shine Prodakshin» орталығында жаздырып жүрмін. Қолым қалт етсе, кітап оқимын. Қазір Есенқұл Жақыпбек ағамыздың «Тазқара құстың тағдырын» оқып жатырмын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Қарлыға ИБРАГИМОВА
(«Ақ желкен», №1. 2015 жыл)
Өнер белестерін бағындырып жүрген ТӨРЕҒАЛИ Төреәлімен сұхбат
«Отанды сүю-Иманнан» әнімен қалың жұртшылықтың ықыласына бөленіп, елбасымыздың алдына да барып осы әнін тарту еткен әнші, «Мемлекеттік тіліміз-Медведьев, Ресми тіліміз – Путин боп тұр ай» деп ақиқатшылдылығымен ақындар айтысында өзіндік із салып жүрген айтыскер ақын Төреғали Төреәлімен сыр сұхбат.
Өмірде бағындырғыңыз келетін шың қандай? Мақсатыңыз не?
- Өнерде, айтыста бағындырғың келетін шың – барлық ақындарды жеңу, халық ықыласына бөлену шығар, әнші ретінде әнің тыңдармандарға жетіп, хит болса деп ойлауың мүмкін. Өмірде белгілі бір белгілеген мақсатым жоқ, бірақ бағындырғым келетін шың бар. Енді, барлығы өзімнің ойымдағыдай болса, ер жігітке жалпы, үй салу, әке-шешеңді дұрыстап бағу, жақсы жар таңдау, ісіңді адал істеу болса, мен үшін шың сол деп ойлаймын. Мақсатым адам боп келген соң адам боп кету.
2. Өмір заңы мен өнер заңындағы қарама-қайшылықтар тудыратын қиындықтарға қалай қарайсыз?
(Мысалы, өнерде жүргенде адамгершіліктен аттап кету, біреулердің ақысын жеу болады. Өзіңіздің дегеніңізге жету үшін, сондай кезде қандай шешім жасайсыз, дегенмен өнер заңынан көрі өмір заңын биік қоясыз ба?)
- Енді, өнерде көп жасап қойған ештемем жоқ, осы уақытқа дейін, әйтеуір, бірен-саран, бірен-сараннан да көп шығар, өнердегі тосқауылдар, көзіңе көрсетіп тұрып істейтіндер болды. Өзім ешкімнің ала жібін аттамауға тырысамын. Ахрет күнінде, Алланын алдында есебіміз түгел болатын шығар, мен оған басымды қатыра бермеймін.
3. Қашан, қалай айтысқа бет бұрдыңыз, өнер болғандықтан ба, әлде, «айтып қалуым керек» деген ой болғандықтан ба?
- Ақындық деген негізі мамандық емес, Құдайдан берілетін бір ерекше дарын. Кез келген адам «ақын боламын» деп ақын бола алмайды. Жалпы, айтысқа еліктеп келдім. Теледидардан аға буынды көріп. Солай, айтысқа келуіме себеп болған айтыс болатын. Бір кішкентай домбырам бар үйде. ))) Бала күнімнен қызығып, арман қуалап қой. Жүрсін ағаның дауысымен атым айтылып, сахнаға шақырылсам деген ұлкен арманым болатын.
4. Сіздіңше айтыс қандай өнер, мәнісі неде?
- Айтыс деген халық пен билік арасындағы алтын көпір сияқты. Халықты сабырға шақыратын да, бірлікке шақыратын да, жалпы имандылыққа шақыратын да айтыс. Ақындардың аузымен, ойымен көтерілетін не ақындар айтса құнды боп көрінетін сияқты. Айтыс қасиетті төл өнеріміз.
5. Айтыстың бүгіні және ертеңі жайлы не айта аласыз?
- Негізі, айтыстың өткені жақсы еді. Халық мәз-майрам, арқа-жарқа болып теледидардан да көре алатын, ақындардың орыны ерекше болатын сияқтытын, мен үшін. Енді қазір де жаман емес, жуаны жіңішкеріп, жіңішкесі үзілгелі тұрған сәт. Басты проблемасы эфирге шыға алмауы. Қаншама жас ақындар шығып келе жатыр, олардың елге танылуына, халықтың біліп, ақынды таныған соң олардың не айтып жүргенін біледі, соған себепкер телеэфир тұғын. Енді, үмітті үзбейміз ғой. Айтысты сүйетін көрермен, Алматыда емес, Астанада болады десе, шын жанашыры сонда барып тұрып көреді. Қазақ аман болса, айтыс аман болады ғой.
6. Айтыста сындар қатты айтылады, сол сындарға көзқарасыңыз?
- Сын түзелмей мін түзелмейді.
7. Ал, өзіңіз сын қабылдай аласыз ба? Осыған дейін сізге қатысты қандай сын қуантты немесе көңіліңізге тиді?
- Қазіргі заман қиын ғой. Сындардың өзі тікелей өзіңе жетпейді. Бір ортада айтылады да сол жерде өсек болып қалуы мүмкін. Өзіме жеткен сындар, мақтау ма даттау ма білмеймін, «Төреғалидің айтыста дауысы жақсы, әні мен мақамы жақсы» дейді. Ауыр сындар да айтылған шығар, мен кекшіл болмаған соң есімде қалмайтын да шығар. Сынды жақсы қабылдаймын. Біреу мен туралы бірдеңе айтып жатса, жаныма жағады, (күлді). Кемшілігімді түзеуге тырысамын.
8. Қазір эстрадада да біраз биікке шыға бастадыңыз, жүрегіңізге әншілік жақын ба, әлде, ақындық жақын ба? Екі салада да белгілі бір мақсат, жоспарыңыз бар шығар, айта аласыз ба?
- Екеуі бір бірінен өте алыс өнер емес қой. Біте қайнасып, қабысып-қарысып жатқан өнер. Айтысқа әншілік керек, ән айту үшін ақындық керек деген сияқты. Мысалы, маған өзіме, әннен тақырып қозғайтын болсам, оны ақындығым қолдап, айтыскерлігім көмектеседі. Айтыста да айтайын деп тұрған шуағыңды халыққа жеткізу үшін әншілік міндетті түрде керек. Айтыс фольклорлық өнер болғандықтан ол жерге шынымен де бәрі керек. Сауат та, әншілік те, білім де, әртістік, ақындық, тапқырлық, сондықтан жігітке жеті өнер де аз деген әңгімемен өзімізді ақтап шығамыз ғой ондай кезде. Екеуі де жаныма қатты жақын, қайсысын қуып кетеміз, оны Алла біледі.
9. Ақындардың саяси көзқарасы жайлы не айта аласыз? Мәселелер қозғап елді дүрліктіретіндер мен шынымен ашынатын, немесе «айтыс заңы болған соң айту керек» дейтін ақындар болып бөлінеді ме, солай болса, сіз қай топтасыз?
(Мысалы, кейде бостан бос халықты шулатып, дүрліктіретін ақындар болады)
- Иә, не болып жатқанын айтып, не істеу керек екенін айтпай, шулатып қана кететіндер бар. Енді, топқа өзімді өзім жатқыза алмаймын. Қолдан келгенше шындықтың айтылып қалғаны жақсы. Кейде, шындықты айтамыз деп өзіміздің таяқ жеп қалатынымыз да болады. Билікке жақса, халыққа ұнаса, бәрін орынымен айту керек, оған қарсылығым жоқ. Шындықты шырқыратып ақындардың қатарында болғым келеді. Шындық айтыстан өзге жерде айтылмайды ғой.
10. Қай саланың білімгерісіз?
- Ол да менің өнерім, ол да менің бала кезімгі арманым. Негізі актермін мен. Муз-драманы бітіргенмін. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегімін. Есім Жүкеұлы Сегізбаев деген атақты ұстаздың шәкіртімін.
11. Қазақ жасы ретінде қоғамда,саясатта не мазалайды, ойландыратын жағлайлар бар ма?
- Жастардың арасына белең алып тұрған нәрсе, былай қарасаң тіл, айналып келсең дін. Біздің жастардың клубтарда жүретіндігі, рухани байлықтары – өз әні мен термесін тындамайтындары, ол айналып келіп тілге тіреледі. Түнгі клубтарында жүруіне тыйым тек дінмен ғана келуі мүмкін. Менің да жанымды қынжылтатын сол мәселелер. Бізге енді көбіне ауызбіршілік жетпейтін сияқты.
12. Жастарды ұлтжанды ету үшін қандай шара жасау керек деп ойлайсыз, әр жерде «елім» деп еңірейтіндер бар, бірақ бірігіп амал жасауға еш талпыныс жоқ. Жалғыздың үшін шықпас демекші, енді қандай амал қажет?
- Жастарға өнер адамы ретінде, айтыскер ақын ретінде, жастардың айтысын көп қолға алу керек деп ойлаймын. Айтыс көп болса, тек қана жас ақындар қатысатын. Жастарды айтысқа тарту үшін шоу жетіспейді. Айтысқа қызылды-жасылды бояулар енгізіп, жас аудиторияны тарту қажет. Бір сарында емес, жастарды қызықтыратын нәрселер жасауға болады, енді ол біздің міндетіміз. Дәстүрлілігін жоғалтпаған заманауи әдіс керек.
13. Сіздер айтысты теледидардан көріп соған ынтығып өстіңіздер. Қазір ол жоқ, ол түгілі дәстүрді дәріптейтін, жастарды қызықтыратын бағдарламалар өте аз, жоқтың қасы, бұның себебі неде? Аудитория жоқ па, саясат па?
- Бұл қып-қызыл саясат қой. Біз демократиялық елміз дегенмен, шындық қаншалықты жағатын... Негізі, мен ойлаймын, біздің Қазақстанда бәрі шүкір, жақсы. Кемшіліксіз ештеме болмайды, заманның кем тұстарын жырлайтын ақындармыз, жарайды, бірақ сүрініп жатқанда шалындырудың да қажеті жоқ. Эфирдің жабық болып тұруы да сол ғой.
14. Билікке ұмтыласыз ба? Ел мүддесі үшін тұтқалы болып жатсаңыз не істер едіңіз?
- Қатты құмар емеспін. Бірақ қолға билік берсе, ойлап, армандап жүрген жұмыстар көп. Айналып келгенде жастарды қолдау. Біріксек, көп жобаларым бар, ойлап жүрген. Арманым арман болып қалмаса екен деймін. Жиындар жасасақ, айтыс жасайтын болсақ, жастар рухани байып қалатын еді. Билігіміз болмаса да пайдамызды тигізетін іс жасауға барынша тырысамыз ғой.
15. «Сөз мергені» болашақта сөз мергендерін іздегісі келмейді ме, бағдарлама жалғасын табады ма?
- Негізі, бағдарламалардың ішіндегі жүргізушілері әр түрлі болса да ғұмыры ұзақ болған бағдарламалардың бірі. Жоба сол күйінше аяқталған болуы керек. Жаңа түрі шығатын шығар, қазаққа керек бағдарламалардың бірі еді. Биліктен рұқсат болса, ашылып, жалғасын табар, бірақ «Сөз мергені» деген атаумен ол жабылды.
18. Қазіргі қазақ қыз-жігіттеріне бағаңыз, қандай болса дейсіз? Білімі, тәрбиесі, өмірлік ұстанымын қалай сипаттайсыз? (Меніңше жақсы буын бар)
- Тырнақтың астынан кір іздей берсен көп. Кемшілік өзімізде де жетіп артылады. Менімше, қазір жақсы сияқты, жастардың көбі дінде, ұл-қыздарымыз да құдайға шүкір. Арасында бір қарын майды шірітетін құмалақ сындылар бар. Соның бәрі имансыздықтан туатын нәрселер ғой. Мен жалпы ризамын.
Қыздары бар дәстүрден жаңылмайтын,
Көлде жүзген аққудай мамырлайтын.
Бірімізді біріміз батырым дейік,
Біз біріксек қамал жоқ алынбайтын.
Қазақ жастары, қия баспады,
Алға бастады, көзімді ашқалы.
Көзді жұмбағын, биік тұр бағы,
Қазақ халқының қыздары, ұлдары.
Сұхбатты дайындаған: "Қазақстан-ZAMAN" халықаралық газетінің, Қазақстан Респулбикасы, Алматы қаласының редакциясының тілшісі - Адамқұл Айдай Айтуғанқызы "Өнерде де өмірде де ағамдай қатты сыйлаймын. Алла ісінің берекесін берсе екен..."