Филология ғылымдарының докторы Қ.Күдеринова
Күрделі атау сыңарларының бірге, бөлек және дефиспен жазылуы – сыңар мағыналарының өзара динамикалық процесін – жылжуын, кірігуін, қосарлануын, бірігуін жалпылануын көрсететін формалды, графикалық белгі. Сондықтан Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің соңғы, 2007 жылғы басылымында біріккен сөздердің қатары көк сөзімен ғана емес, ақ, сары, қара, қызыл, қоңыр, боз сыңарларымен де көбейе түскен. Оның бірінші және басты себебі – тіркес сөздердің дефразеологиялану процесіне байланысты. Қазақ тіліндегі екі сыңарлы есім тіркестердің көбі поэтикалық, эмоционалды мағынасы бар идиомалар, фразеологиялық сөздер болып келеді. Олар өз кезегінде тіл динамикасында коннотаттық мағыналарымен әсер ету қызметінде болды. Енді жиі қайталау және эмотативті мағынасының әлсіреуіне орай бірте-бірте лексикаланып бара жатыр. Сондықтан Орфографиялық сөздік 60 жылдардан бермен қарай тұрақты тіркестерді бөлек жазуды заңдастырғанмен, тілтұтынушы, күнделікті баспасөз бен баспа өнімдері бірге жазуды дағдыға айналдырып, нормалауға әкелді. Ақ, қара, сары, көк, қоңыр сөздерінің тура сындық мағынасынан басқа коннотаттық мағынасы сөзжасамда белсенді болды. Көк сөзінің «өте» деген үстеулік мағынасы бар. Осы екінші мағыналы сыңарлар жиі қайталана берсе, өзінің нақты немесе эмотатив мағынасынан, өзін анықтап, яғни бөлек жазуды талап ететін сипатынан айырылады. Сөйтіп жалпы, дерексіз реңкке көшеді. Немесе коннотация бүгінгі тілтұтынушыға түсініксіз мәнде қалады. Сондықтан 1988 жылы профессор Н.Уәли бірге жазылатын сөздердің бір белгісі ретінде сыңар мағынасының көмескіленуін және коннотаттануын анықтаған еді (Н.Уәлиев, А.Алдашева Қазақ орфографиясындағы қиындықтар. – Алматы: «Ғылым», 1988. және Н.Уәлиев Қазақ графикасы мен орфографиясының фонологиялық негіздері. //канд. Дисс. Қолжазбасы.– Алматы, 1993). Осыған орай 1988 жылғы емле сөздігінен бастап қазақ тіліндегі біріккен сөздердің қатары молая берді. 2001, 2005, 2007 жылғы басылымдардағы өзгерістер тек бірге, бөлек жазылатын сөздердің айналaсында еді. 2007 жылғы сөздікте көк сыңарымен келетін сөздердің ішінде тек көк ми, көк долы сөздерінің бөлек жазылған себебі – бұл сөздердің әлі лексикалану процесінің аяғына шықпағанынан, адам сипатына қатысты атаулардың эмоционалды мағынаны беруде айқындап, бөлек, дербес таңбалауды қажет етіп тұрғанынан. Ал көкайыл, көктайғақ, көкбет, көкмұздақ сөздері фразеологиялық мағынадан гөрі лексикалық мағынаға көшіп, сөзжасам жұрнақтарымен түрлене алатын қатарға енеді (көкайылдану, көкбеттік, көкбеттену, көктайғақтану). Сондықтан емле сөздігінде бірге жазылады. Бұл орайда жалпы келешектегі латын графикасымен заңдастырылатын емле сөздігі бірге жазылатын сөздердің көптігімен ерекшеленетінін ескерткіміз келеді.