0 дауыс
922 көрілді

Армысыз ба, Мемлекеттік тілді дамыту институтының мамандары! Сіздердің назарыңыз бен талқылауыңызға ұсынғалы тұрған бірнеше терминдерім бар. Көп уақыт бойы талдап, жетілдіріп едім. Ол сөздер, көбінесе кірме сөздердің орнын алмастыру үшін әзірленіп отыр: зеркало - көзергі (көне түрік сөзінен алынған) ответ - жаңғыт ("жаңғырық" сөзінен түбір ретінде алынған. Мәселен, түрік тілінде "ответ" сөзі "йаныт" болып бірте-бірте қолданылып жатыр) йогурт - жуырат (қырғыз тілінде "жуурат". Көне түрікше "йоғурмақ", ал қырғызша "жууруу" - "замесить", яғни "былғау" деген сөзді білдіреді. "Жууруу" сөзін қазақшаға бейімдесек, онда "жуыру" болар еді. Мысал үшін: қырғызша "кууруу", ал қазақша "қуыру", яғни - жарить). Айтар ойларыңыз қандай болмақ?

1 жауап

–1 дауыс

Исхан Бейбіт Жәлелұлы, ф.ғ.к., доцент, Абай атындағы ҚазҰПУ «Әдебиеттану және тіл білімі ҒЗИ» ғалым хатшысы

Сіздің ниетіңізге дән ризамыз. Осы бағыттағы жұмысыңыздың жемісті болуын тілей отырып, бір мәселеге көңіл аударғаныңызды қалар едік. Біз осы қандай сөздерге қазақша балама іздеуіміз керек? Оларды не себептен қазақшалауымыз қажет? – деген сияқты мәселені анықтап алып, сосын қазақ дүниетанымында болмаған, соған орай, өз тілімізде атауы жоқ заттарға, құбылыстарға, ұғымдарға қазақша атау іздеуіміз қажет шығар! Оның өзінде де сан салалы қоғамдық-әлеуметтік түрлі қарым-қатынас арқылы тұрмыс-тіршілігімізге, сөйтіп тілімізге еш өзгеріссіз енген өзгетілдік сөздерге ғана назар аударып, соларға ғана қазақша атау іздеп, айтылымы мен жазылымын қазақшалауға мән беру керек-ау!. Ал егер өзгетілдік сөз біздің тіліміздің табиғи бітім-болмысына нұқсан келтірмей, біздің тіліміздің дыбыстық-құрылымдық жүйемізге сәйкес келіп тұрса, оған жаңадан атау іздеп қиналудың еш жөні жоқ. Дүниежүзінің барша тілдері өзге тілдерден сөз алады, бірақ өзінікі етіп өзгертіп қабылдайды. Бұл – күллі тілдерге тән заңдылық. Әзірше бұл заңдылық бізде ғана орындалмай келеді. Егер өзгетілдік сөздер тіліміздің заңдылығына бағынып енсе, олардың бөтендігін ешкім аңғармайды. Олар күнделікті сөйлеу тіліміздің сөздері секілді болып кетеді. Арнайы мән беріп қарамасақ, жалпыхалықтық сөздерден айырмашылығын ажырату қиын. Ондай сөздердің кірме сөздер екенін кейде арнайы үңіліп зерттеген адамның да аңғармай қалуы мүмкін. Мысалы, біраз уақыттан бері «Белгілі есімнің белгісіз сыры» деген айдармен кейбір кісі есімдеріне түсініктеме беріп жүрген «Алаш айнасы» газеті 2013 жылғы 23 қыркүйектегі №185(1096) санында «жомарт» деген сөзге: «Жомарт – таза қазақы есім. Қазақ тілінде оған «қолы ашық», «мәрт», «жүрегі кең» деген сөз балама бола алады. Қазақта бұл сөз ерекше бағаланады. Себеп – «жомарт» сөзі не байды, не кедейді талғамайды. «Кедей – жомарт» деген осыдан қалса керек. Қазақ бұл есімді жаңа туған нәрестеге өзі жомарт, өзі мәрт, көптің алғысын алсын деген ниетпен ырымдап қоятын болған»,– деп анықтама берген. Бір қарағанда шынында да өз сөзіміз сияқты. Алайда бұл сөз бізге парсы тілінен ауысып келген екен. Парсы тілі маманы Н.Оңдасыновтың зерттеу еңбегіне сүйенсек, парсының «джәван» (молодой) және «мәрд» (смелый, храбрый) сөздерінің бірігуінен жасалыпты. (Оңдасынов Н. Араб-иран кірме сөздерінің қазақша-орысша түсіндірме сөздігі. – Ал.: Мектеп, 1989 жыл, 113, 190-191 беттер). Дүниежүзіндегі кез келген тіл белгілі бір заңдылыққа негізделетіні және бұл заңдылықтардың бір-ақ тілге ғана емес, сол тілмен туыстас тілдердің бәріне бірдей ортақ болатыны белгілі. Осыны дөп басып аңғарған алаш зиялылары өзгетілдік сөздердің табиғаты және олардың тіліміздегі оры мен рөлі туралы дұрыс тоқтамға келген. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлы: «Тобы бөтен болса да, қазақ тіліне сіңген, қазақтың өз сөзі болып кеткен араб иә парсы сөздері бар. Мысал: арабтан алған адал – халал, арам – харам, әл – хал. Парсыдан алған ән –аһн, қожа – қоджа сықылды сөздер. Бұлар бұрынғы қалбында емес, өзгерілген. Міне, бұл сықылды сөздерді қазақ тілінен қуып шығар ма? Иа болмаса сақтау ма? Мұны көп білсін. Мен өзім сақтау жағындамын. Өзге жұрттарда бұзып алған сөздер сақталады» (Байтұрсынұлы А. Бес томдық шығармалар жинағы. – ІV т. – Алматы: «Алаш», 2006 жыл. 244-бет),– деп кірме сөздерді өз тілдерінің заңдылығына сай етіп алу басқа тілдердің тәжірибесінде бар екенін көрсетсе, Х.Досмұхамедұлы: «Аурупа жұрты латын сөздерін термин қылып қолданғанда бұлжытпай алып отырған жоқ, әр сөзді әркім өз тіліне бейімдеп өзгертіп қолданып жүр, сөзді өзгерткенде әрқайсысы өз тілдерінің заңымен өзгертеді» (Досмұхамедұлы Х. Аламан. Алматы, 1991 ж, 95-бет),– деп жазды. Е.Омарұлы: «Пән сөзді өз тілімізден таба алмаған күнде, иаурыпа қолданған латынша пән сөздерді алуға болады. Бірақ ондай жат сөздерді алғанда, – оны тіліміздің заңына келтіріп өзгертіп алу керек»,– деп бөтен тілден сөз қабылдаудың дұрыс жолын көрсетеді (Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі. – Орынбор, 1925 ж., 97-бет). Демек, өзгетілдік сөздерге жаңадан атау қоямыз десек, олардың түр-тұрпатына назар аударуымыз керек. Құрметті Ақылбек мырза! Сіздің жаңадан атау қойдым деп отырған сөздеріңіздің екеуінің, яғни «зеркало» мен «ответ» сөздерінің атауы («айна», «жауап») тілімізде бұрыннан бар және олардың түр-тұрпатында еш сөлекеттік жоқ. Жалпыхалықтық тілде кең қолданылады. Ал олардың ежелгі тілімізде «көзергі», «жаңғыт» болып аталғанын анықтағаныңыз дұрыс болған. Тіл тарихы, сөз тарихы үшін аса қажет. Ал «йогурт - жуырат (қырғыз тілінде "жуурат". Көне түрікше "йоғурмақ", ал қырғызша "жууруу" - "замесить", яғни "былғау" деген сөзді білдіреді. "Жууруу" сөзін қазақшаға бейімдесек, онда "жуыру" болар еді. Мысал үшін: қырғызша "кууруу", ал қазақша "қуыру", яғни – жарить»,– деген ой-тұжырымыңызды қолдаймыз. Тек бұл ұсынысыңызды жүзеге асырып, «йогурт» сөзін «жуыру» атауымен алмастыра алсақ, «тілбұзар» бір сөзден болсын құтылар едік-ау! Себебі «йогурт» сөзінің дыбыстық құрылымы тіліміздің табиғатына сәйкес келмейді. Тілімізде «й» мен «о» дыбыстары тіркеспейді. Екеуі еш уақытта қатар тұра алмайды.
http://www.mtdi.kz/audarmashyga-komek/suraq-jawap

Ұқсас сұрақтар

0 дауыс
4 жауап
0 дауыс
1 жауап
0 дауыс
1 жауап
Белгісіз 18.09.2020 Химия сұрақ қойды
...