Сәрсен Құлманов ф.ғ.к.
Сіздің айтып отырғаныңыз бір ғана нәрсе: еріндік үндестігі заңы. Бірақ сіз «кері ереже» деп орфография (сөздің дұрыс жазылуы) мен орфоэпия (сөздің дұрыс айтылуы) құбылыстарын шатастырып отырсыз. Рас, бастауыш сыныптарға арналған оқулықтарда бұл тілдік құбылыстарға аса назар аударылмаған. (Біз сіздің қызыңыздың қай тілде (қазақ, орыс және т.б.) және қай баспаның кітабымен оқитындығын білмегендіктен, түбегейлі талдау жасауға бармадық). Дегенмен, сіз айтып отырған құбылыстар 5-сыныпқа арналған оқулықта барынша түсіндірілген. Мысалы, «Сөздің алдыңғы буынындағы еріндік дауыстылар кейінгі буындағы езулік дауыстылардың айтылуына әсер етеді, оны өзіне қарай бейімдеп еріндік дауыстыға айналдырады. Мысалы, құлын сөзі – құлұн болып, ал өнер сөзі өнөр болып айтылады. Жазудағы нормасы құлын, өнер болғанымен, оларды дұрыс айту нормасын сақтап айту қажет. Себебі сөздерді дұрыс айта білу де – тіл мәдениетінің бір шарты» (Қосымова Г., Дәулетбекова Ж. Қазақ тілі: Жалпы білім беретін мектептің 5-сыныбына арналған оқулық. 3-басылымы, өңделген. –Алматы: Атамұра, 2010. 108-бет). Ал аталған ережені бастауыш мектеп оқулықтарына енгізу немесе енгізбеу мәселесін мектеп бағдарламаларын қадағалайтын ҚР Білім және ғылым министрлігінен және бастауыш мектептерге оқулық жазатын әдіскер мамандардан нақтылағаныңыз жөн. Сонымен қатар, қызыңыздың диктантты дұрыс жазуын қадағалау үшін қазақ тілінің орфографиялық және орфоэпиялық сөздігін пайдалануға кеңес берер едік.
http://www.mtdi.kz/audarmashyga-komek/suraq-jawap?start=15