0 дауыс
8.8k көрілді
Сүйінбай -айтыс өнерінің шебері атты тақырыпқа шығарма керек

2 жауап

0 дауыс
Маганда керек еди
0 дауыс

Сүйінбай – айтыс өнерінің алтын діңгегі.

(М. Әуезов.)

Сүйінбай Аронұлы Алатаудың аса сұлу бетбауыр бөктеріндегі Алматыға тиіп тұрған Қарақыстақ ауылының Бұлақ деген жерінде 1815 жылы туып, 1898 жылы 83 жасында дүние салған. Болашақ даңқты жырау жасында жоқшылық тауқыметін көп тартқан. Жастай жетім қалып, байдың малын бағып, тамағын асыраған. Ол туралы өлеңдерінде ақынның өзі де айтады. Ал ақын Кожахмет Тұрлыбайұлы бір өлеңінде:

Сүйінбай он жасында қалды жетім,

Жылаумен секпіл басқан екі бетін.

Жетімді жетілдіріп, жүйрік еткен

Алланың көрмеймісің құдіретін, –

деп, Сүйінбайдың бала кезі туралы нақты дерек келтіре отырып, жетім баланың ақындық өнердің шыңына шырқағандығына таңданады. Белгілі бір адамның бойындағы басқаларда жоқ ерекше қасиеттері, соның ішінде ақындық өнері туралы да, халық: «тұқымында бар», «өлең (ақындық) қонған» дейді. Мұның мәнісі: тегінде – аталары немесе нағашыларында бар ақындық түптің-түбінде ұл-қыздарының біріне көшеді дегенді білдіреді. Сүйінбайдың 13-14 жасында шығарған «Түс» деген өлеңінде осындай ойға бастайтын құбылыс жайында сөз болады. Шүйбек деген байдың қойын бағып жүргенде, бір күні түс көріп, ұйқысынан өлеңдетіп оянғанын ол қожайынына былайша баяндайды:

Атыңнан айналайын Қызыр бабам,

Түсімде таңға жуық келді маған.

Білмеймін «өлең» – деді,»көген» –деді,

Сайрауық құстар келіп төнді маған.

Менің тұр қолды-аяққа тұрғым келмей,

Қойды ғой қойыңа да қырғын келмей!

Аузымнан түйдек-түйдек шыққан сөзді

Не дейін сөз кестесі – өлең демей?!

Сен маған ұлықсат бер, Шүйбек байым,

Әйтеуір, тегін емес Сүйінбайың.

Жын соқты ма, білмеймін, таңертеңнен

Көңілім ұйқы-тұйқы құйындайын…

Түс көріп, ақын немесе сазгер, т.б. болып ояну секілді жағдайлар болашақ өнер иелерінің өмірінде кездесе береді. Сүйінбайдың рухына табынумен өткен ұлы шәкірті – Жамбыл да:

Өлең кірген түсіне

Жөргегінде мен болам.

Қинама, әке, қинама,

Болмас енді зорлаған, –

демей ме?! Тұла бойын өлең кернеп тұрған соң осылай деген де.

Ал шыққан тегі жағынан келгенде, жыраудың арғы атасы Күсеп әрі ақын, әрі қобызшы болса, нағашысы Қабан Жетісудағы ақындық, жыраулық өнердің ірі өкілі болған. Сүйінбай бозбала кезінде жеті тәулік бойы сол нағашы атасының кешінен қалмай, ілесіп жүріп, батасын алыпты.

Сөйтіп, Сүйінбай 13-15 жасынан ақындық жолын қуады. Баяғының неше алуан жыр-дастандарын, аңыз-қиссаларын жиын-тойларда жатқа айтып, өз жанынан да шығарады.

Қаршадайынан қолына домбыра алып, өлеңді өмір серік еткен жыраудың 60 жылдан астам уақыт бойы тоқтаусыз шығарған жыр мұрасы ұшан-теңіз болған. «Соққан желдей, аққан селдей» өрен жүйріктің ақындармен айтыстары, ел қорғаған ерлерге арнаған ұзақ жырлары, арнау, сықақ-сын, мінездеме, қағытпа өлеңдері, өмір туралы толғаныстары өте көп болған. Өкініштісі, соның бәрі біздің дәуірімізге түгел жетпеген. Ал бізге жеткен туындылары Сүйінбайдың табан астында тауып айтатын ғажайып тапқыр, сөздің реті келгенде «ешкімнің атағына бас ұрмайтын, басынан құс асырмайтын» әділ де турашыл, даңғыл да дана ақын болғанын көрсетеді. Сүйекеңді қазақ өлеңінің ғана емес, қырғыз елінің де атақты ақындары дара талант ретінде бағалаған. XIX ғасырдың екінші жартысында Жетісу жерінің өлең туын аспандатқан Жамбыл бастаған саңлақ таланттары Сүйекеңнің шәкіртіміз деп, ұлы ақынды пір тұтқан. Жамбылдың:

Бата берген Сүйінбай, –

Жырдың тіккен туындай…

Ақындардың ақыны,

Айдын көлдей ақылы, –

деп ардақтауы сондықтан.

Елдігіміздің аса маңызды нышаны – тұңғыш теңгемізде Сүйекең бейнесінің болғаны халықтың қадірменді ақынына деген зор сүйіспеншілігін танытса керек.

Сүйінбай Аронұлы

Жасынан жыраулығымен елге танылған. Жамбыл aқын "Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай” деп оны ұстаз тұтқан. Aрғы атасыКүсеп Жиенқұлұлы (1701 – 1791) жауынгер ақын, жыршы, күйші, қобызшы болған. "Өтеген батыр” жырын шығарып, "Мың бір түн”, "Шаһнама”, "Көроғлы”, "Тотының тоқсан тарауы” дастандарын жырлаған. Күсептің үлкен ұлдары Жаңбыршы мен Жаманақ қазақ арасына жыршы, қобызшы, күйшілігімен белгілі болса, кенже баласы Арон (1750 – 1835) жастайынан өткірлігімен, мәмілегер шешендігімен ел аузына іліккен. Атадан балаға жалғасқан ақындық, шешендік өнер Сүйінбайға дарыған. Сүйінбайдың өзінен үлкен Жаманшал, Жұмық деген ағалары, Оспан атты інісі сыншыл, бірқақпай өлеңдерімен ауыл арасына танылған. Бұл жөнінде Жаманшал Сүйінбайға: "Отбасында мен жүйрікпін, шаршы топта сен жүйріксің” дейді екен.

Тарихи деректерде Қоқан хандығы шапқыншылығының әсерінен жан-жаққа бытырай көшіп, қиын-қыстау кезеңде (1840 – 1860) іргесі ыдыраған қазақ руларының басын біріктіруде Сүйінбай мен Сарыбай бидің ықпалы зор болғандығы айтылады. Осы тұста ақын халықты қоқандықтарға қарсы тұрып, тәуелсіздік үшін күресуге шақырды. "Өтеген батыр”, "Саурық батыр”, "Сұраншы батыр”, "Жабай батыр”, "Қарасай батыр” сияқты толғаулар шығарды. Аумалы-төкпелі қоғамда өмір сүргендіктен, Сүйінбай сал-серіліктен гөрі қоғамдық-әлеуметтік істерге белсене араласқан. Өлеңдерінде Қоқан билеушілері мен жергілікті әділетсіз сұлтан, төрелерден, бай-болыстардан жасқанбай, турасын айтып отырған. Әсіресе, ақын Тезек төремен, қырғыз ақыны Қатағанмен айтыстарында, сондай-ақ <>i"Датқаларға”, "Үмбетәліге”, "Төрт биге”, "Момын малын зұлымға алып беріп”, т.б. өлеңдерінде қиянатшылдықты, озбырлықты аяусыз сынға алған. Оның шешендік нақылдары, болыс-билерге арналған сықақ өлеңдері ("Мақсұтқа”, "Қасымға”, "Болыстарға баға”, т.б.) сaқталған.

Қазақ халқының тарихи-қоғамдық даму сатылары мен өткен ғасырлардағы өмір шындығы ақын шығармаларында жан-жақты көркем суреттелген.[1] Сүйінбай поэзиясы терең философиясымен, ой сұлулығымен, ақын тіліндегі соны поэтикалық өрнек-айшықтарымен ерекшеленді. М.Әуезов Сүйінбайды "айтыс өнерінің алтын діңгегі” атаған. Қазақ халқы әділет үшін күресте қорғаушысы, жақтасы болған ақиық ақынның өлең, толғау, айтыстарын күні бүгінге дейін сақтап, "Сүйінбай осылай деген” деп әрдайым зерделерінде тұтқан. Сүйінбайдың айтыстары мен өлең-толғауларын жинау, жариялау ісі 20 ғасырдың бас кезінде қолға алына бастады. 1920 жылы Түркістан АКСР-і халық ағарту комиссариаты жанынан құрылған қырғыз (қазақ) ғылым комиссиясы ауыз әдебиеті үлгілерін жинау мақсатында Сырдария, Жетісу облыстарына экспедиция ұйымдастырып, этнограф ғалым Ә.Диваев Сүйінбайдың өлең-толғауларын, айтыстарын жазып алған.

1929 жылы алғаш рет "Жаңа әдебиет” журналында (ғ6) ақынның "Апырмау, мынау жатқан Сарыбай ма?” деген өлеңі басылды. Ақын шығармалары әр кезеңде жарық көрген хрестоматия оқулықтарға енгізіліп, ел ішінде насихатталды. С.Сейфуллинқұрастырған "Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары” атты жинаққа (1931) "Шапырашты Сүйінбай ақынның қартайған шағында айтқаны” деген өлеңі енген. 1935 жылы Қ.Жансүгіров пен Ф.Ғабитованың құрастыруымен ақынның бір топ шығармасы "Сүйінбай ақын” деген атпен тұңғыш рет жеке жинақ болып жарық көрді. С.Мұқанов пен Қ.Бекхожин 1939, 1940, 1941 және1944 жылы орта мектептің 8-сыныбына арналған хрестоматиясына Сүйінбайдың бірнеше өлеңін енгізген ("Сүйінбай мен Тезек төре”, "Сүйінбайдың Тезектің өлген баласына көңіл айтқаны”, "Кәрілік туралы”).

Қазақстан ҒА құрылғаннан кейін (1946) Сүйінбай ақын мұрасын жинап, жариялаумен айналысқан ғалымдар Диваев, С.Бегалин,Б.Жақыпбаев, қырғыз фольклористері Ш.Уметәлиев пен Э.Мұқанбетовтардың еңбектерін айрықша атауға болады. Сондай-ақ Сүйінбай мұрасының біршамасы Ж.Жабаевтың мемориалдық мұражайының әдеби қорында сақтаулы. "Ақын жырлары”, "17 – 19 ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары”, "Үш ғасыр жырлайды” атты жинақтарда Сүйінбай шығарм-на кеңінен орын берілген, "Айтыс” жинағының 1-томында "Сүйінбай мен Тезек төренің айтысы” жарияланған.

Сүйінбай ақынның "Ақиық” атты жинағына (1976) таңдаулы шығармаларымен қатар, тыңнан қосылған көптеген өлең-толғаулары, айтыстары енген, шығармалары жүйеге келтіріліп, тақырыптарға бөлінген, кітапқа көлемді ғылыми алғысөз жазылып, соңынан түсіндірме сөздік берілген. Мәскеуде "Әлем әдебиетінің кітапханасы” сериясымен жарыққа шыққан 200 томдық жинақтың 102-томында Сүйінбайдың "Кәрілік” атты өлеңі жарияланған. Бұл ақын шығармаларының дүниежүзілік сөз өнеріне қосылған асыл мұра, аса құнды әдеби ескерткіш екендігін танытады. Сүйінбайдың Малыбай, Жетібай, Әзірбай атты ұлдары, Бағжан, Қойжандеген қыздары болған. Ақынның сүйегі Қарақыстақ өзінің шығыс жағындағы биік жотаға қойылған, қабіріне кесене тұрғызылған. Алматы обласы филармониясы, сондай-ақ Алматы қаласындағы үлкен даңғыл, туған ауылы, ондағы мектеп, көшелер Сүйінбай есімімен аталады. Туған жерінде Сүйінбайдың мемориалдық мұражайы жұмыс істейді.

Злой

жауап берді


...