Шешеміз тері илейді тон болсын деп,
Кереді пұшпақтарын мол болсын деп.
Өлеңді ақындықпен біз айтамыз,
Айтамыз кейінгіге жол болсын деп.
(Қазақтың қара өлеңі)
Ата – бабаларымыз көшпелі мал шаруашылығымен өте ерте заманнан бері айналысып келген . Сол бағзы замандардан бері халық шеберлері мал мен аңның терісін, жүнін, мүйізін, сүйегін, тұяғын, құйрық – жалын үлкен шеберлікпен ұсатып, олардан киім-кешек, қару-жарақ, ат әбзелдерін, ыдыс- аяқ, тағы басқа толып жатқан тұрмысқа қажетті бұйымдар жасаған. Әрбір іске әр түрлі терілер пайдаланылған. Шеберлер оның әрқайсысына өзінше атау берген. Мысалы, ірі қараның терісі әрбір іске арнайы пайдаланылғандықтан, соған қарай : сиыр терісі, өгіз терісі, тайынша терісі, бұзау терісі деп төртке бөліп атайды да, әр терінің өн бойы - жондық, қабырғалық, үйектік, пұшпақ, мойын деген бөліктерге бөлінеді. Жылқы терісін : бие терісі, жабағы және құлын терісі деп үшке бөледі. Түйе терілерін: атан терісі, бота терісі деп екіге бөледі. Атан терісі, өгіз терісі және олардың жондықтары қол істеріне ең қолайлысы. Қой терілері : жабағы тері, қырықпа тері, күздік тері, соғым терісі, тақыр тері, тоқтышақ терісі, сеңсең тері, елтірі, мари, жылбасқа деп бөлінеді. Осы терілер киім түрлерінің барлығына жарай береді. Ешкі терісін: жүндес тері, тақыр тері, түбітті тері, серке терісі, лақ терісі, мари терісі деп бөледі. Ешкі терілері өте төзімді, берік келеді. Сондықтан одан алуан түрлі киімдер тігеді, бөстек, тулақ, торсық, саба, қапшық жасайды.
Теріні өңдеу. Тері өңдеу кәсіпшілігі қолөнерлердің арасында жетекші орын алған. Қазақтар баяғыдан-ақ тері илеуді және оны әр түрлі түске бояуды білген, теріге батырма салу, өрнек тігу техникаларын меңгерген. Қазақ халқының тұрмыс – тіршілігінде, шаруашылық жайында, қолөнер саласында тері өңдеу өнері маңызды орын алады. Себебі, негізгі тіршілік көзі мал шаруашылығы болғандықтан қазақ халқы малдың етін, сүтін азық етсе, терісі мен жүнін киім – кешек тігуге , тұяғы мен мүйізінен, сүйегінен әр түрлі қолөнер бұйымдарын әзірлеген, тіпті, малдың тезегін де тастамай отын ретінде қолданған.
Теріні илеу. Қазақ халқы теріні көбіне илеп пайдаланған. Иленбеген ірі қара малдың терісін шылғи тері, шылғи қайыс деп атаған. Шылғи қайысты ұқсатудың екі түрлі жолы бар. Бірі – оның жүнін сылып тастап пайдалану, екіншісі –теріні жүнін сылымай-ақ пайдалану. Иленбеген жүнді терілерден тулақ, тайтері, бөстек, тұлып, қауға, мес, дорба, шарқай, т.б. заттар жасаған. Жүнін алып тастаған терілерден көк, өкше сірі, көн, дабыл жасалады. Құрымға салынып, ысқа ұсталып, құмға қатырылған теріден саба, торсық, көнек, шанақ жасалады. Мал терісін малма әдісімен илеген. Малма дегеніміз — үлкен ыдысқа ашытқы ашытып, теріні соған салып илеу. Боялған терілерден әсем киім, тұрмыста тұтынатын әдемі заттар жасалады. Ал, аң терілерінің (түлкі, қарсақ, қоян ,т.б.) төрт түлік малдың терілерінен айырмашылығы олардың терісі жұқа. Терінің ішкі жағына айран немесе сарысуға ұн қосып (қарабидайдың ұны ) арнаулы и жағып, бір – екі тәулік жылы жерде ұстайды. Қоян, түлкі, қарсақ, бұлғын, т.б аң терілері өте жұқа болғандықтан иді жылдам қабады. Әбден иі қанған теріні тазартып, уқалап, созғылап жұмсартқан жөн. Иі қанып жұмсарған тері ақ түсті әрі жұмсақ болады. Олардан бас киім, жаға т.б тігуге болады.
Теріні бояу тәсілдері. Иі қанып, керіліп, созылған, талқымен созғыдан өтіп, сүргіленген тері аппақ әрі жұмсақ болады. Бірақ ақ тері кіршең келеді. Сондықтан, теріні табиғи бояулармен бояуды халық шеберлері өте ерте замандарда-ақ меңгерген.
Семіз малдың терісі майлы болады. Майлы теріні бояу қиынға түседі. Сондықтан терінің майын сорғыту үшін бор, сор, күл, т. б. сеуіп бірнеше тәулік ұстаған жөн.
Тері бояу үшін көп қолданылатын шикізат –ағаштардың қабығы болып табылады. Ол үшін тал, емен, сарыағаш т. б. қабығы қолайлы.
Әлдебір қажеттілік үшін жығылған ағаш болмаса, тері бояу үшін өсіп тұрған ағаштың қабығын ешқашан сыдыруға болмайды.
Ағаш қабығын жуып, көлеңкеде кептіреді. Кепкен соң темір келіге түйіп, немесе қол диірменге тартып, ұнтақтап алған жөн.
Сол сияқты тері бояу үшін рауғаштың тамыры, томар бояу, қына т. б. көптеген өсімдіктердің тамыры мен бүрлері жарамды. Өсімдік тамыры мен жапырағын күз айларында жинап, жуып, тазалап кептіреді де ұнтақтап алған соң әрқайсысын жеке-жеке ыдысқа салып қояды. Ұнтақ қандай өсімдіктен алынғанын жазып қойған жөн. Өйткені әр өсімдік әртүрлі реңді береді. Қына – қызыл болса, еменнің қабығы қоңыр, сарыағаштың тамыры – сары болса, ермен жусанның бүрінен жасыл түс шығады.
Боялатын терінің түсін бояу ұнтақтарын бір-біріне қосып, қажетті реңді алуға болады. Аталған табиғи бояулардан ашық сары түстен бастап қызыл қоңыр, қызыл күрең, шымқай қызыл, қою қоңыр түске шейін алуға болады.
Ұнтақталған бояудың бір өлшеміне екі өлшем су қосып қайнатады. Суға тұзды тататындай мөлшерде қосып, басытқы ретінде бір қасық сірке суын, мүсәтір немесе ашудас қосуға болады.
Су әбден қайнап ұнтақтың бояуы шыққан соң ұнтақ қалдығын екі-үш қабат дәкеден өткізіп сүзіп алады. Тері күймейтіндей қанжылым кезінде бояуды таза киізбен немесе қылқаламмен жағып бояй беруге болады.
Бояудың қоюлығын су қосу арқылы, түсін басқа түсті ұнтақ қосу арқылы реттеуге болады.
Боялған теріні көлеңкеде кептіріп, әбден кепкен кезде уқалап, керіп созып пайдалана, қажет бұйым тігеді.
Терінің бітімі мен болмысы. Терінің өзі негізгі үш қабаттан түзіледі.
1. Эпидермис – терінің сыртқы берік, жылтыр қабаты. Ол ылғалды клеткалардан түзіледі де ұсақ қан тамырлары мен тері тесіктері арқылы қорек алады. Терінің түгі (жүні ) эпидермис қабатын тесіп өтіп негізгі қабатынан басталады.
2. Терінің негізі - өте серпімді коллагенді талшықтардан түзіледі. Коллаген талшықтары әртүрлі бағытта тұтаса орналасқандықтан терінің серпімді әрі өте берік болуын қамтамасыз етеді.
3. Терінің үшінші шел деп аталатын қабаты көкетпен астасып жатады. Терінің астындағы клетчаткалардан түзіледі. Иленген терінің шелі түгел алынады. Терінің сапасы көптеген факторларға байланысты болады. Ең сапалы тері жас малдікі. Малдың жасы асқан сайын терісі қалыңдап, сапасы төмендей түседі. Еркек малға қарағанда ұрғашы малдың терісі биязы әрі сапалы болады.
Терінің ең сапалы тұсы малдың жоны мен сауырында, қабырғалық деп аталатын қос қапталында болады. Мойын терісі олардан сәл жұқалау келеді. Ал бауыр терісі мен пұшпақтары өте жұқа болады. Терісі ең қалың мал – сиыр, содан соң түйе терісі, ал ең жұқа тері жылқынікі.
Байырғы шеберлер жылқы терісін сыпырған кезде бауыр терісінен жалпақтығы бір қарыстай ұзын жолақты бөлек сыпырып алып таспа тілу үшін қолданатын. Міне, осыны үйек деп атайды.
Ұқыпты шеберлер үйектен таспа тіліп, одан қамшы өріп, теріден жасалған бұйымдарды тігу үшін қолданады. Ондай таспамен іс тігерде таспаны сәл ылғалдап алады. Кепкен кезде таспа тартылып, тігісті қатты қысып, берік ұстайды.
Тарамыс әзірлеу үшін соғымға сойылған ірі қараның жіліншік сіңірлерін ет ілестірмей сылып алған жөн. Сылынған сіңірлерді көлеңкеге іліп, бабымен кептіреді. Сіңір әбден кепкен кезде ағаш дөңбекке (жаңғырық) салып, ағаш балғамен жаныштап соқса, ол түте-түтесі шығып, бөлшектеніп, талшықтанады. Әбден иін қандыра уқалап салалап жұмсартып алған соң, ірі еркек жүзді тарақпен тарасаң ол біркелкі жіңішке талшықтарға айналады. Қажет болса талшықтарды есіп, ширатса тарамыс әзір болады. Тарамыс қатты кеуіп құрғап кетсе үзіле береді, сондықтан оны өсімдік майымен майлап, бүктеп, былғарыдан тігілген қапшықта сақтайды.
Тарамысты торсық, мес, саба т.б. теріден жасалған ыдыстарды тігу үшін пайдаланады. Тарамыспен іс тігерде оны сілемдеп, сәл ылғалдап алып қолданған жөн.
Теріден жасалған мүліктер: Бөстек – адамдардың астына төсеуге арналған жұмсақ төсеніш. Мес – қымыз, шұбат, айран, іркіт сияқты сүт тағамдарын құюға арналған ыдыс. Көшпелі қазақ халқының қоламен байланысы аз болғандықтан, тері ыдыс бұйымдарынан жасады. Мысалы, торсық, көнек, мойнақ, саба, т.б.
Көнек – шикі теріден тігілген, бие саууға арналған шүмекті ыдыс.Онымен бие сауғанда бауын білекке іліп алып, түбін тізеге тіреп,биенің мінер жақ санын қос қолмен қаусыра құшақтап сауады.
Көнек жеңіл болады және қаңылтырдан жасалған ыдыстардай даңғырламайды. «Көнектен шошыған бие оңбас,
Көптен бөлінген үй оңбас» , - дейді халқымыз.
Көнекпен сауғанда мал мазасызданбай жақсы иіп, сүтті мол береді.
Көнекті көбінесе жылқының жон, сауыр терісінен, түйенің мойнағынан жасайды.
Мойнақ – түйенің алқымы мен бауыздауына дейінгі жармай, бітеу сыпырып алған мойын терісі.
Көнек жасау үшін жас теріні түгінен арылтып, мойнақтың кең жағын түптеп, тарамыспен тігіп, бір бүйірін арнаулы үлгімен тігілген шүмекті бекітеді.Көнектің аузына жас тобылғыдан иіп, шеңбер салып,оны сыртына қарай терімен көмкере тігіп шегендейді.
Содан соң көнектің ішіне еленген кебу құм толтырып, тері әбден кепкенше көлеңкеде ұстайды. Тері кеуіп көнге айналған соң ішіндегі құмды төгіп тастайды.
Тері кеппей сәл тобарсыған қоңыр-құрғақ кезінде қажет болса арнаулы мүйіз батырғымен сызып өрнек салуға да болады. Содан соң тобылғы, аршаның бүрімен ыстап алу керек. Ыдысты ыстаған кезде аузын төмен қаратып, ішіне түтін кіретіндей етіп ыстаған жөн. Ыс сіңген тері қоңырқай түске еніп, әрлене түседі, әрі оған құйылған тағамның исі де дәмі де жағымды болады.
Көнектің ауыз жағына металл шығыршықтар бекітіліп,оларға өрілген қайыс бау тағылады. Жақсы ысталған көнекке бір-екі тәулік қатты ашыған айран құйып, шикі дәмін алады. Содан соң қайнаған тұзды сумен жуып, кептіріп, жылқының майын жағып пайдалануға болады.
Торсық–қымыз, шұбат айран т.б сүттен әзірлейтін сусындарды сақтап , тасымалдайтын шылғи ( шикі, қам) теріден жасалған. Оны түйенің, сиырдың, жылқының жон, сауыр терісінен тігеді. Ол үшін терінің түгін жидітіп, шелін тазалап, көлеңкеге керіп кептіреді. Сәл тобарсыған кезде арнаулы үлгімен пішіп, екі жағын беттестіріп, тарамыспен итіс-тартыс әдісімен тігеді. Содан соң торсықтың ішіне жуып, кептірген таза қиыршық құмды кептеп, аузына ағаш тығын тығып көлеңкеге қойып кептіреді. Бір-екі тәулік кептіріп, батырғының ұшымен сызып, торсық бетін өрнектейді. Осы тұста өте мұқият болған жөн, тері дымқыл болса, немесе қаудырлап қатты кеуіп кетсе, өрнек түспейді.
Сондықтан, теріні бабына келтіріп, «қоңыр-құрғақ» кезінде өрнек салса, өрнектің бедері айқын әрі терең түседі. Теріге бедерлеп өрнек салу әдісін халық шеберлері «батырма», «бедерлеме», «таптаурын» деп атайды. Өрнек терең әрі бедерлі болу үшін оның өн бойын қуалай батырғышты бірте-бірте тереңірек батырып, бірнеше мәрте қайталау керек. Батырғының ұшы тері бетінде жеңіл сырғу үшін әлсін-әлсін майға батырып алған жөн. Тері ыдысқа өрнек салғанда ыдыстың қарсы қапталындағы бедерлі өрнекке нұқсан келтірмей, астына жұмсақ көпшік қояды. Өрнек бедерлеп болған соң 2-3 тәулік көлеңкеде кептірсе ыдыс қатайып, көнге айналады. Содан соң ішіндегі құмын төгіп, ыстап, жуып, майлап пайдалануға болады. Қазақ шеберлері жасаған торсықтар негізгі екі түрге бөлінеді. Біріншісі мүйізді торсық, екіншісі жанторсық. Мүйізді торсықтар әдемі әшекейленіп, үйде керегенің басында ілулі тұрады.
Ал торсықты мүйіздеп жасайтын себебі – ішіндегі қымызын сарқып құйғанның өзінде торсықтың қос мүйізінің қусында бір-екі қасық қымыз қалып қояды. Қымызы түгесілген торсыққа жаңартып саумал қымыз құйылады. Мүйізде қалған қымыз қалдығы келесі құйылған саумалға ашытқы болады.
Жанторсық - көбінесе малшылар мал баққанда, жауынгерлер жорыққа шыққанда ішіне сусын құйып, ердің қолқанжығасына байлап жүретін ыдыс. Жанторсық мүйізді торсыққа қарағанда қарапайымдау болады, мүйіз болмайды, тек мойынында бау тағатын шығыршығы, ағаш тығыны болады. Жолаушылар жол жүргенде, сапар шеккенде жанторсыққа бірнеше құрт салып, ішіне су толтырып қояды. Қанжығада шайқалған торсықтың ішіндегі құрт езіліп, шалап сияқты сусын пайда болады. Оны қазақ томыртқа деп атайды. Ол туралы Ілияс Жансүгіровтің мынандай өлеңі еске түседі.
«Томыртқы қылып торсыққа
Шөлдермін сусын су байла »
Ұзақ сапарда жүрген жолаушы торсықтағы томыртқыны сусын ретінде ішсе, езіліп-езіліп малта болған құртты ұртына салып сорып, азық еткен. Бұл да бабаларымыздың көшпелі өмірге лайықтап ойлап тапқан бір кемеңгерлігі деп ұққанымыз жөн.
Саба – қымыз, қымыран, шұбат ашытуға арналған, қам теріден бес қиық етіп пішіліп, тігілген ыдыс. Сабаны көбінесе жылқының жон терісінен тігеді.
Саба жасау үшін жылқы терісінің жүнін жидітіп, тазалап алған соң, арнайы үлгіге салып пішеді. Содан кейін бірнеше тәулік малмаға салып қояды.
Сөзімді түйіндер болсақ, көшпелі ата – бабаларымыз төрт түлік малдың терісін тіршілік көзі деп есептеп, одан тұрмысқа қажетті толып жатқан бұйымдар жасаған. Айтылған мүліктердің барлығын күнделікті тұрмыста қолданбасақ та, мұражай қорларынан табуға болады. Өткенімізді саралай келе, салтымызды, дәстүрімізді ұмытпай, жас ұрпақтың бойына сіңіру керек деп есептеймін...
Ағила ӘЗИЕВА, «Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің» қолөнер ісі бойынша ғылыми қызметкері