+1 дауыс
61.8k көрілді
Қожа Ахмет Яасауи хикметтерінің мазмұны керек болып тұр, қалай жазуға болады?

1 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап

Диуани хикмет, «Ақыл кітабы» – Қожа Ахмет Йасауидің сопылық идеясын жыр еткен, этикалық-дидактикалық мазмұндағы әдеби шығармасы.

Ақын өз кітабын қыпшақ даласы мен Орталық Азия түркілеріне кезінде түсінікті болған шағатай тілінде жазған. Мұның өзі араб тілінде жазылған Құран Кәрім мен түрлі хадис, тәфсирлердің күрделі қағидаларын жергілікті түркі халықтарының түсініп оқуына мүмкіндік берді. «Диуани хикмет» – көшпелі елдің ауыз әдебиеті үлгілеріне негізделіп, түркі халықтары фольклорының тілдік-стильдік, модельдік тәсілдерін зор шеберлікпен пайдалана отырып жазылған көркем туынды. «Диуани хикметтің» түпнұсқасы сақталмаған. Ең ескі нұсқасы XV ғ-дың орта кезінде араб әрпімен көшірілген. Бертін келе «Диуани хикмет» Қазан (1887–1901), Стамбұл (1901), Ташкент (1902–11) баспаларынан жарық көрген.

Қожа Ахмет Йасауи хикметтерінің жазылу тарихын, поэтикасын, сопылық-философиялық идеясын, қоғамдық-әлеуметтік мән-мағынасын, ислам дінін таратудағы рөлін М.Ф.Көпрүлузаде, Н.С.Банарлы, Е.Э.Бертельс, А.К.Боровков, Э.Р.Рустамов, В.И.Зохидов, т.б. ғалымдар жан-жақты зерттеді. Қожа Ахмет Йасауи «Диуани хикметте» «Аллаға жақындай түсу үшін» әрбір адам өзінің өмір жолында төрт басқыштан өтуі керектігін айтады. Біріншісі – шариғат. «Шариғат» – ислам діні қағидалары мен шарттарын тақуалықпен мүлтіксіз орындауды әрі құдайға құлшылық жасауды талап етеді. Екіншісі, «тариқат» – дін ғұламаларына шәкірт болып, жалған дүниенің түрлі ләззаттарынан бас тарту, Аллаға деген сүйіспеншілікті арттыра түсу болып табылады. Бұл басқыш сопылықтың негізгі идеясын, мұрат-мақсатын аңғартып тұр. Үшіншісі, «мағрифат» негізінен дін жолын танып-білу сатысы деуге болады. Бұл басқыштың негізгі талабы – күллі дүниедегі болмыс-тіршіліктің негізі «бір Алла» екенін танып-білу, түсіну. Төртіншісі, «хақиқат» («фано») – Аллаға жақындап, оны танып-білудің ең жоғары басқышы. Сопылық түсінік бойынша, «шариғатсыз» «тариқат», «тариқатсыз» «мағрифат», «мағрифатсыз» «хақиқат» болуы мүмкін емес. Бұлардың бірі екіншісіне өту үшін қажетті басқыш болып табылады. Қожа Ахмет Йасауи Аллаға (яғни Хаққа) жету жолында міндетті түрде төрт асудан мүдірмей өтуі керек деген пікір айтады. Ақынның айтуы бойынша, Хаққа жету жолындағы әрбір асудың он-оннан мақамы (тоқтамы) бар. Демек, осы төрт асудың қырық мақамын игерген пенде ғана «жабарут» (адам мен табиғат арасындағы үйлесімділік), «мәләкут» (өмірдің мәнмағынасына қанық болу), «лахут» (бұл жалғаннан безіп, о дүниенің рухани әлемін меңгеру), «насут» (жоғарыда аталған үш өлшемнің басын қосып тұрған күш) деп аталатын рухани дүниенің сырын пайымдауға мүмкіндік алады.

«Диуани хикмет» әрбір адамды имандылыққа, ізгілікке, жоғары адамгершілік қасиеттерге жетелейтін құдіретті күш, айқын бағдарлама деуге болады. Қожа Ахмет Йасауи әрбір адамның қадір-қасиетін, өмірде алатын орнын оның ішкі жан дүниесінің тазалығымен өлшейді. Адамның өз бойындағы ізгі адамгершілік қасиеттерді ұдайы жетілдіріп отыруы немесе бүкіл адамгершілік қасиетінен жұрдай болуы сол кісінің имандылығына байланысты деген түйін жасайды. Ал имандылық дегеніміздің өзі Алланың құлына ғана тән, адамгершілік қасиеттерді тәрбиелеп, оны құдай жолына салып отыратын киелі күш деп түсіндіреді. Ақынның айтуы бойынша, имандылықтың ең басты көрінісі – мейірімді, кешірімді, өзгелерге жанашырлықпен қарау болып табылады. «Диуани хикметте» әрбір адамға қажетті қанағат-ынсап сезіміне ерекше мән беріліп, нәпсіні тыя білу мұсылмандықтың басты шарттарының бірі екенін ақын оқырманға қайта-қайта ескертіп отырады. «Ақыл кітабы» адамның ішкі жан-дүниесінің түрлі теріс ой-пиғылдардан, жаман ниеттерден таза болуын талдап, Алла алдында пәк, кіршіксіз болуға шақырады.

Бүкіл әлемдегі түркі халқы «Диуани хикмет» арқылы исламның рухани әлемімен, сол дәуір үшін ілгерішіл саналған сопылық ағымның философиялық ой-пікірлерімен танысты. «Диуани хикметте» жырланған адамгершілік, имандылық, қанағат, кішіпейілділік, жомарттық жайындағы этикалық-дидактикалық тұжырымдар бертін келе, қазақ ақын-жыраулары поэзиясынан өзінің көркемдік жалғасын тапты.

Мұсылман әлемінде аты әйгілі, орта ғасырлық сопылық әдебиеттің ірі өкілі, Қожа Ахмет Ясауи артына мәні өшпестей аса елеулі мұра қалдырды. Оның «Диуани Хикмет» атты екі әлемнің де мән-жайын сипаттайтын туындысы адамгершілік, имандылық, әділдік, инабаттылық тәрізді күрделі мәселелерді сипатттап ашып көрсетуге арналған. Бұл дүниедегі адамдар арасындағы әр алуан қарым-қатынас: мансап пен байлық, билік, кедейлік пен қанағатшылдық, нәпсі мен тәубашылдық, Хаққа сыйыну секілді түйінді жәйттер дін талабы тұрғысынан сарапталады. Бұл дүниенің баянсыздығы мен мен ол дүниенің бақилығын салыстыра отырып, қанағат, адамгершілк, мейірім-шапағат, адалдық, ізеттілік жайында сөз қозғайды. Осыған орай, ол Мұхаммед пайғамбардан үрдіс болып келе жатқан жол: жиған малдың қызығын тек өзі көрмей, өзге жетім-жесір, мүсәпірлерге де қайырымды болу, жасаған күнәңді дер кезінде түсініп, тәубаға келу, Аллаға сол туралы шын көңілден жалынып-жалбарынудың қажеттігін ұтымды түрде сипаттайды.

Қожа Ахмет Ясауидің өз хикметтеріне алтын арқау еткен басты мәселесі: Алла Тағаланың пенделеріне деген кеңшілігі мен олардың жасаған күнәларын кешудегі қайырымдылығы, нұр шапағатын талмай сипаттап бергендігі дер едік. Ол бұл мақсатта Құдай дидарына ғашық болған пенделерінің өзге қызықтың бәрінен баз кешіп, күндіз-түні тек Аллаға құлшылық етуі қажет, бұл жолда жан мен тәнін де аямауы керек. Сонда ғана хақ дидарын көруге болады деген пікір ұсынады:

- Сүннатларын махкам тутиб уммат булгил,

Кеча, кундуз айтыб улфат булгил.

Нафсидан кечиб, жафасини рахат билгил,

Андаг ғашық еки кузи қирян иурур…

Лала дегил, ғалам сені кафир десун,

Кафир тию Мансур сифат дарға ассун.

Башиң берил хақ курсатсин,

Башиң берган хақ дидарын курар ирмиш.

Бұдан байқалғандай, әулиенің Құдай салған қиыншылық пен азапты да шыдамдылық, сабырмен жеңе білу, төзімділік таныту жөн, тынбай жылап дертін тарт, Құдай көзді тек көру үшін ғана емес, жас ағызып жылау үшін де берген дейді. Бұлай болмаған күнде Хақ Тағаланың кісі күнәсін кешу-кешпеуі екіталай, өйткені бәріне де оның әмірі ғана жүреді дегенді ескертеді:

- Таубе қылсам кечармикун қадир Алла,

Иуқ ирса ниткум анда мен ру сияһ,

Таңла барсам имек аяғ барча куә,

Хақ алдида һар не шилар асан иурур.

Өмірдің қызығы мен қиыншылығын пенде бастан қанша кешірсе де, қиыншылыққа төзіп, қуанышқа сабыр, шүкірлік етуі шарт. Бұл үшін ол үнемі бір Құдайға жалбарынып, соның кешірімін алуы қажет. Біздің халықта: «Аруақ ұрған оңалмайды, Құдай ұрған оңалады» деген мәтел бар. Немесе кейде: «Күнәсін мойындағанды Құдай да кешеді» – дейді. Сондықтан адам, алдымен, өзінің Аллаға деген көңілін, сенім-нанымын, пиғылын жөндеп алуы керек. Өмірдің қуанышынан қайғы-қасіреті көбірек, сол себепті ол Құдайға деген сенімін кемітпей, қайта оның шарапатына, кешірімділігіне нық сенгені дұрыс.

Қожа Ахмет Ясауи бір Аллаға деген қалтқысыз сенім-нанымның ақыры оған жан-тәнімен берілген шын сүйіспендікке, ғашықтыққа ұласуын қалайды. Егер адам тек сырттан ғана құдайшыл болып, іштен басқа пейілде болса, ол екіжүзділікке, опасыздыққа ұрынады деп баяндайды. Мұндай алдамшы, аяр жандар сабырсыз, төзімсіз келеді, оның соңы надандыққа (жәһілдікке) ұрындырады деген ой ұсынады.

Ол надандықтың адам баласына келтірер зияны мен бүлігін жеріне жеткізе, өлтіре сынап, бұған жаңалықты ғана қарама-қарсы қояды, үміт-тілегін де даналарға арнайды:

Наданмен өткен өмірің тозақ болар,

Надан барса тозақ одан қашар.

Наданмен тозаққа қарай қылма сапар,

Надандардың ортасында суық шалғандай болдым мен-ә.

Надан хәлін менен сұрама, көңілім қапа,

Хақтан қорқып, қайғы тұтсам, күлер «қақа».

Араны ашық, нәпсі ұлық, мысалы лақа,

Надандардан қорқып саған келдім мен-ә.

 

Жер астына қашып кірдім надандардан,

Қолым жайып дұға тілеймін жомарттардан.

Ғаріп жаным мың садаға даналардан,

Дана таппай жер астына кірдім мен-ә!

Қожа Ахмет Ясауи Құдайға беріліп құлшылық етушілердің өзін жалған ғашықтар, шын ғашықтар деп жүйелейді. Жалған ғашықтары, жоғарыда айтылғандай,

...