0 дауыс
8.2k көрілді
17-18 ғасырдағы германия туралы хабарлама керек

1 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап
ХІ-ХV ғасырлардағы Германия

1 Германия жерлерінің мемлекеттік-саяси даму ерекшеліктері.
2 Герман рыцарьлары.
3 Еркін қалалар.
4 Германиядағы шіркеу орталықтарының жағдайы.
5 Дереккөздер

Германия жерлерінің мемлекеттік-саяси даму ерекшеліктері.

962 жылы Германия королі І Оттон Римді басып алды. Рим папасы оған тәж кигізіп, император деп жариялады. Германия империясының құрамына Солтүстік Италия да кірді. Аумағы кеңейген Германия корольдігі енді «Қасиетті Рим империясы» деп аталды. XI ғасырда Бургундия корольдігі мен Чехияның біраз жерін қосып алды.

XI ғасырдың ортасына қарай Германияда орын алған саяси бытыраңқылық біртіндеп күшейе түседі. Германиядағы ұсақ және орташа ауқатты жер иелері тікелей корольге емес, кінәздерге, герцогтерге бағынды. Ал кінәздер өз биліктерін нығайтып, бейбітшілік кезінде корольге тәуелді болмады.

1356 жылы император IV Карл «Алтынбулла» деген жарлығын жариялады. Ол бойынша императорлар жеті курфюрстердің (үш діни, төрт ақсүйек кінәздер) жиналысында сайланатын болды. Курфюрстер өздері сайлаған императорлардан кінәздердің дербестіктеріне араласпауын талап етті. «Алтын булла» Германияның саяси бытыраңқылығына заң жүзінде жағдай жасап берді.

Императорлардың қолында атқарушы аппарат болмады. Елдің жалпыға бірдей заң шығаратын, империялық қаржы мәселесімен айналысатын мекемелері қалыптаспады. Жергілікті кінәздердің дербестігі, орталық өкіметке тәуелсіз болуы Германияның саяси өмірінің басты ерекшелігіне айналды.

Германияның ірі қалалары экономикалық жағынан өзара бір-бірімен емес, қайта шетел орталықтарымен анағұрлым көбірек байланыста болды. Оңтүстік-шығыстағы қалалар Венециямен сауда-саттық жұмыстарын қызу жүргізді. Батыстағы қалалар сауда-саттық қарым-қатынастары жағынан Францияға және Фландрияға қарай бейімдеу тұрды. Солтүстіктегі қалалар Англиямен, Скандинавия және Балтық жағалауы елдерімен сауда-саттық жасады. Германия қалалары бірігуге ұмтыла қоймады. Неміс қалаларының шет елдермен экономикалық байланыстары өскен сайын олардың өзара ішкі қарым-катынастары нашарлай түсті.

Елдегі саяси бытыраңқылық Германияның экономикалық дамуына кедергі келтіре бастады. Ортағасырлық Германияда елдің саяси бытыраңқылығын жоюды көздейтін король өкіметі мен қалалардың арасындағы одақ қалыптаспады.

Герман рыцарьлары.

Германияның жергілікті кінәздерінің күшеюіне олардың Балтық жағалауындағы елдердің және славян халықтарының жерлерін басып алулары да себеп болды.

Ол халықтарға қарсы жасалған жорықтардың ең негізгі соғыс күші феодалдар - рыцарьлардан тұрды. Олар славян, Балтық жағалауы халықтарының жерлерін басып алып, оңай олжа таппақ болды.

Славяндардың лютич тайпасының жерін басып алу жорығын кінәз Альбрехт Медведь басқарды. Оның басып алған жерінде Бранденбург маркграфтығы құрылды. Берлин қаласы оның орталығы болды.

XIII ғасырда неміс рыцарьлары Латвияны, Эстонияның оңтүстік бөлігін, литвандық прус тайпасының жерлерін басып алды. 1237 жылы рыцарьлар Тевтон ордені деп аталған одақ құрды. Оның иеліктері Балтық теңізінің оңтүстік-шығыс жағалауын түгелге жуық камтыды. Бұл одақ өзінің жерін Орыс елінің есебінен ұлғайтуға әрекет жасады. Бірақ ол әрекеттері сәтсіздікке ұшырады.

Жаулап алынған Эльба сыртындағы жерлерде өзінің үстемдігін нығайту үшін неміс рыцарьлары неміс шаруаларын пайдаланды. Оларды басып алынған жерлерге жеңілдік шарттарымен қоныстандырды. Бұл шаруалардың бастарына азаттық берілді, олар алғашқы кезде салықтардан босатылды.

Германдық отарлау Эльба сыртындағы жерлер үшін пайдалы болды. Енді бұл жерде экономикалық өрлеу басталды. Егістік жердің көлемі артты. Жаңа қалалар пайда болды.

Еркін қалалар.

Х-ХІ ғасырларда қолөнер кәсібінің ауыл шаруашылығынан бөлінуі нәтижесінде Германияда қалалар пайда болып, өсе бастады. Қалалар қолөнер мен сауда орталығына айналды. Қаланың орталығы әдетте сауда-саттық алаңы саналатын. Алаң маңында қала әкімшілігінің үйі - ратуша салынатын. Алаңның бір шетінде орталық шіркеу орналасты.

Ортағасырлық қалалар феодалдар жеріне салынатын, сол себепті ол лажсыздан феодал-мырзаларға бағынуға мәжбүр болатын. Қаладағы қолөнер кәсібі мен саудадан феодалға көп пайда түсетін. Қолөнершілер мен саудагерлерге феодалдың салығы көрер көзге зорлық еді. Сондықтан да қала тұрғындары феодалдарға қарсы күрес жүргізіп отырды. Ол күрестің нәтижесінде кейбір қалалар өзін-өзі басқару құқына қол жеткізді.

Германиядағы ХІІ-ХІІІ ғасырларда тәуелсіздікке қол жеткізген қалалар Любек, Гамбург, Бремен, Нюрнберг, Аусбург, Майндағы Франкфурт және басқалар болды. Өзін-өзі баскаратын қала-коммуналар да калыптасты. Ондай қалалардың өзіндік қалалық соты мен қалалық әскери жасақтары болды. Өзіндік қаржы жинау және өзара салық салу құқына иелік етті. Олар феодалға төлейтін салықтардан босатылды. Қалалық кеңес жинаған салық қала мүктаждығына, әкімшіліктің айлық ақысына жұмсалды.

Кейбір бай қалалар мырзадан өз тәуелсіздігін көп ақшаға сатып алатын. Қала тұрғындарының жеке басы тәуелсіз болатын. Ауылдарда күнін көре алмағандар және өз мырзаларынан қашқандар қалаға ағылатын. Олар «қаладағы ахуал бостандыққа жеткізеді» деп есептеді.

Ортағасырлық қалаларға қашып барған басыбайлы шаруаны иесі бір жылдан 1 - 2 күн асқанша таба алмаса, онан әрі қарай әлгі шаруа тәуелсіз болып саналатын. Енді ол шаруаны қожайынның өзіне қайтарып алуға құқығы болмайтын.

Қала құқығына қол салғысы келген кінәздермен, рыцарьлармен күрес тоқталмады. Билігі шектеулі император қалаларды кінәздердің зорлық-зомбылығынан, рыцарьлардың талан-таражға салуынан қорғай алмады. Император қалалардың сыртқы саудасына да көмектесе алмады. Сол себепті Германия калалары өз мүдделерін өздері қорғауға мәжбүр болды. Осы мақсатпен олар өзара одақтар құрды.

Мұндай қала одақтарының бірі Солтүстік Германиядағы Ганза одағы болды. Ганза одағы сыртқы сауданы ұйымдастырды, шет елдермен соғысу немесе бітім жасау мәселелерін шешті. XIV ғасырдың 70-жылдарында құрылған неміс қалаларының Швабия,Рейн одақтары да өз мүдделерін табысты қорғап отырды.

Германиядағы шіркеу орталықтарының жағдайы.

XV ғасырдың аяғы - XVI ғасырдың бас кезінде Германияда католик шіркеуінің ықпалы күшейді. Оның ұлан-байтақ жер иеліктері болды. Ол жерлерден түсіп жатқан табыстар Рим папасының қазынасына жөнелтілетін. Католик шіркеуі индульгенциялар сату арқылы көп табыс тауып тұрды. Индульгенция деген Рим папасының атынан сатылатын немесе ерекше қызметі үшін сыйға берілетін грамота еді. Сол грамотаны алған адамның бұл дүниедегі күнәсі кешіріледі, о дүниеге барғанда жаны жұмақтан орын алады деп есептелді.

Сонымен қатар шіркеу құдайға табынуға келгендерден де көп табыс табатын. Қоғамдағы тәртіп мәселесінің қатаң сақталуына үлес қосып отырған болып, кінәздерден де жер, мал-мүлік, ақшалай сыйлықтар алып отырды. Католик шіркеуі өзіне қарсы пікір айтушыларды құдайдан безген деп жариялап, қатаң жазалады. Балама пікірге жол берілмеді. Бұл әрекет ғылым-білімнің, ақыл-ойдың дамуына едәуір кедергі келтірді.

Германиядағы феодалдық бытыраңқылықты, өкімет билігінің әлсіздігін пайдаланып, католик шіркеуінің басшылары қоғамдық қатынастарда да өз үстемдігін орнатты. Дінбасылары кінәздерді бағыныштылықта ұстауға тырысты. Орталықтандырылған өкімет билігі күшті Англия мен Францияда олардың мұндай әрекеттеріне шек қойылған болатын. Тек бытыраңқы Германияда ғана Рим папасы барлық билікті өз қолына шоғырландыруға тырысты. Католик шіркеуі орталықтарының қыруар жерді иемденуі жері жоқ неміс рыцарьларының да наразылығын туғызған болатын.

Жері құнарлы, ауа райы шаруашылыққа өте қолайлы Германияда католик шіркеуі табысқа белшесінен батты. Ол табысынан мемлекетке салық төлемеді. Сол табыстарының арқасында шіркеу үлде мен бүлдеге бөленді, өте қымбатқа түсетін діни мейрамдарды жиі өткізіп тұрды.

Шіркеу табыстарының ауыртпалығы карапайым еңбекші халыққа, яғни шаруаларға, колөнершілер мен саудагерлерге түсетін. Сол себепті олардың католик шіркеуінің озбырлығына деген наразылығы күннен-күнге күшейе түсті. Католик шіркеуінің балама пікірге жол бермейтін қатыгездігіне оқымыстылар, зиялы кауым наразылығы да күн санап арта берді. Ақыры, католик шіркеуінің өкімет билігіне ұмтылуы неміс кінәздерінің наразылығын туғызды.

Сөйтіп XVI ғасырдың басында Германиядағы барлық әлеуметтік топтардың Рим папасына, шіркеу орталықтарына қарсы наразылықтары шегіне жетті.
...