Елшілік — бір мемлекеттің екінші мемлекеттегі елшісі басқаратын дипломатиялық өкілдігі. Елшілік құрамына елшіден басқа ресми дипломатиялық қызметкерлер және қызметшілер енеді.
Елшілікті төтенше және толық құқылы елші басқарады. Елші – хаттамалық қатынас бойынша ең жоғарғы дәрежедегі дипломатиялық өкілдіктің басшысы. Елші мемлекеттердің өзара келісімімен тағайындалады. Ол тағайындалмас бұрын мына сатылардан өтеді:
агреман сұрау;
қызметке тағайындалуы;
тағайындалған елге келуі;
сенім граммотасы тапсырылған соң қызметке ресми түрде кірісуі.
Елшінің негізгі міндеттері:
Өзін аккредиттеуші мемлекетпен оның азаматтарының мүддесін қорғау;
Өзі орныққан ел өкіметімен келіссөздер жүргізу;
Аккредиттеуші мемлекет пен өзі орныққан мемлекет арасында өзара достық қарым-қатынасты дамыту;
Елші акккредиттеуші елдің атынан сөйлейді.
Елшілік қызметкерлерінің пайдалана алатын белгілі бір жеңілдіктері бар. Мысалы: жеке басына, тұрғын үйіне қол тигізбеу, кедендік жеңілдік, мемлекет ішінде еркін жүру құқы. Елшілік ұстау шығыны әр мемлекеттің өз мойынында. Бүгінде әлемнің 30-ға жуық елінде Қазақстанның елшілігі бар, 40-тан астам елдің елшіліктері Қазақстанда жұмыс істейді.
Консул (лат. Сonsul) – 1) басқа мемлекетте белгілі бір міндеттерді (өз мемлекеті мен оның азаматтарының заңдық және экономикалық мүдделерін қорғау істерін) орындау үшін тұрақты өкіл ретінде тағайындалған лауазымды адам. Консулды тағайындаған мемлекет оған жеке басын куәландыратын патент береді және ол өзі қызметке келген мемлекеттің рұқсатынан (экзекватура) кейін ғана міндетіне кіріседі. Консул тағайындалған елінде өз мемлекетінің заңды тұлғалары мен жекелеген азаматтарының экономикалық және құқықтық мүдделерін қорғайды, төлқұжаттар мен кіру-шығу рұқсатнамаларын береді, нотариалдық қызметтер, т.б. атқарады. Консулдық мекеме басшылары өздері басқаратын консулдықтың класына қарай Бас Консул, Консул, вице-Консул, консулдық агенті болып 4-ке бөлінеді. Қазақстан Консулдары өз қызметінде Қазақстан Республикасы Конституциясын, Қазақстан Республикасы заңдарын, Үкімет қаулыларын, халықаралық конвенциялар мен келісімдерді, сондай-ақ, халықаралық рәсімдерді басшылыққа алады. Шет ел Консулдарының еліміздегі қызметіне кірісуіне рұқсат беру тәртібі және олардың құқықтары, пайдаланатын жеңілдіктері мен иммунитеті “Қазақстандағы басқа мемлекеттердің дипломатиялық және консулдық өкілдері туралы ереже” бойынша жүзеге асырылады; 2) Ежелгі Римде болған жоғарғы мемлекеттік лауазымдардың бірі. Консул 1 жылға, алғашында тек ақсүйектерден ғана (патриций) сайланған. Кейін ақсүйектер мен кедейлердің күресі нәтижесінде плебейлер де Консулға сайлана алатын болған. Консулдар жоғарғы азаматтық және әскери үкіметті өз қолдарында ұстады. Орта ғасырларда (11 ғ.) Батыс Еуропада Консул институты қайта пайда болып, 19 ғасырда бірте-бірте жойылып кетті. Онда Консулдар, негізінен, ақсүйектер мен бай көпестер арасынан сайланып, әкімшілік, қаржы, сот, ішінара заң шығару билігін өз қолдарында ұстады.