Лавлейс Ада - тұңғыш бағдарламалаушы. 10 желтоқсан Бағдарламалаушылар күні.

+1 дауыс
6.5k қаралым

Лавлейс Ада - тұңғыш бағдарламалаушы. 10 желтоқсан Бағдарламалаушылар күні ақпарат керек?

Информатика

1 жауап

+1 дауыс

Лавлейс Ада

Лавлейс Ада - тұңғыш бағдарламалаушы

ЛАВЛЕЙС Августа Ада Кинг (Lovelace Augusta Ada King), леди Байрон, графиня (10.12.1815, Мидлсекс (қазіргі Лондонның шекарасында) – 29.11.1852, сол жерде), ағылшын математигі.

Августа Лавлейсті №1 бағдарламалаушы деп атайды, өйткені ол өз әріптесі Чарльз Бэббидждің есептеу машинасына арнап алғаш бағдарлама жазған.

Августа Ада Лавлейс 1815 жылы 10 желтоқсанда дүниеге келген. Ол ағылшынның ұлы ақыны Джордж Гордон Байрон (1788 - 1824) мен Аннабелла Байронның  (өз тегі Милбэнк, 1792-1860) жалғыз қызы болатын. Байрон 1813 жылы өзінің болашақ әйелі Аннабелла туралы: «ол ерекше дарынды, ақын, математик, философ әйел еді»,-дейді.

Аданың ата-анасы бұл екі айға толмай жатып ажырасып кетеді, сөйтіп ол содан кейін әкесін көрген емес.

Адаға анасының математикаға деген қызығушылығы, ал әке мінезінің көп тұстары, әсіресе тез әсерленгіш сәттері жұққан сияқты.

Ол тамаша тәрбиелі боп өсті. Өз өмірінің  көп бөлігін анасының ықпалымен математикаға арнады. Бұл жолдағы оның ұстазы ағылшынның атақты математигі әрі ойшылы Август де Морган болды.

Ада 1834 жылы алғашқы бағдарлама арқылы басқарылатын, өздері «аналитикалық» деп атаған сандық есептеу машинасын жасаушы көрнекті математик әрі өнертапқыш Чарльз Бэббиджбен танысады. Бэббидж леди Байронды білуші еді және жас Аданың математикамен шұғылданғанын қолдайтын. Бэббидж Аданың ғылыммен айналысуын үнемі қадағалап, соған орай оған қажетті мақалалар мен кітаптарды, соның ішінде бірінші кезекте математика бағытындағыларды таңдап алып, соларды Адаға жіберіп тұрған. Аданың бұл әрекетін оның отбасылық достары – Август де Морган мен оның жұбайы, ерлі-зайыпты Соммервилдер және басқалары да қолдап отырған. Ада Д.Ларднердің машина жайлы лекциясына қатысады. Ол Соммервил және басқалармен бірге Бэббиджге барып, оның шеберханасымен танысады. Ада осы алғашқы танысудан кейін бір өзі немесе Морганның әйелімен бірге Бэббиджге жиі баратын болды. Де Морган осы алғашқы баруы жайлы өз естелігінде: «барған қонақтардың бір бөлігі осы қызықты машинаға жабайылардың айнаны немесе мылтықтың атылуын алғаш көріп-естігеніндей болып қарап жатса, ал әлі тіптен жас мисс Байрон машина жұмысын түсініп, осы өнертабыстың ірі жетістік екенін түсіне білді»,-деп жазады.

Август Аданың отбасылық өмірі сәтті болды. Ада Байрон он тоғыз жасында кейіннен граф Лавлейс атанған, 29 жастағы лорд Кингке тұрмысқа шықты. Күйеуі жұбайының ғылыммен айналысуына еш қарсы болмады, тіпті онысын барынша қолдап отырды. Ол әйелінің ойлау қабілетін жоғары бағалайтын, содан да: «сенен мынау деген генерал шығатын еді-ау», -деп айтып отырады екен. Ерлі-зайыпты Лавлейстер зайырлы тұрмыс кешіп, өздерінің Лондондағы үйі мен қаладан сыртқары орналасқан Окхат-Парктегі иелігінде көптеген қабылдаулар мен кештер ұйымдастыратын.

Аданың тұрмыс құруы оны Бэббиджден алыстатқан жоқ, тіпті араласулары сенімді сипат алды. Бэббиджді алғашқыда қыздың математикалық қабілеті қызықтырған еді. Кейіннен оның барлық батыл бастамаларын құптаған жақтас адам ретінде таныды. Ада оның ерте қайтыс болған қызымен қатар болатын. Міне осының барлығы оның Адаға деген көп жылдарға созылған жылы әрі шынайы қатынасына алып келді.

Аданың бойы аласа болатын, міне содан ба ол Аданы көбінесе періштем деп есіне алатын. Бірде «Examinator» журналының редакторы оны былай сипаттайды: «Ол өте көркем және оның ғұламалығы ақындық емес, қайта математикалық әрі метафизикалық тұрғыда болатын, оның ақыл-ойы үлкен талап қоюшылықпен жалғасып, тыным таппайтын. Леди Лавлейстің бойында осындай ерлерге тән қаталдық пен батылдықпен қоса, оған іскерлік пен барынша нәзік сезім де тән еді. Оның өзін-өзі ұстау мәнері, білімі ... барынша әйелдік сипатта екені сондай, сырттан бақылаған адам оның осы нәзік тартымдылығының аржағында жасырынып жатқан күш-қайраты мен білімінің барлығын еш байқай алмас еді. Ол жеңіл ойлылық пен түрлі ойсыздықтарды барынша жек көрсе, ал нағыз зиялы қоғамға ерекше сүйсіне көңіл қоятын».

Лавлейстер отбасында 1836 жылы ұл, 1838 жылы қыз және 1839 жылы тағы да ұл дүниеге келеді. Осы жағдайлар Аданы уақытша болса да математикадан қол үздіреді. Ада үшінші баласын босанғаннан көп өтпей-ақ Бэббиджге математика мұғалімін тауып беруге өтініш жасайды. Осы өтінішінде Ада өз ойлаған түпкі мақсатына жетуіне күш-қайратының жететіндігін де жазады. Бэббидж өзінің Лавлейске 1839 жылы 29 қарашада жазған жауап хатында: «Мен Сіздің математикалық қабілетіңіздің ерекше екені соншалық, ол еш тексеруді қажет етпейді деп ойлаймын. Мен Сіздің талабыңызға орай сұрастырып көргенмен, осы уақытқа Сізге ұсынарлық оқытушы табу мүмкін болмады. Іздеуді жалғастырып жатырмын»,-дейді.

Лавлейс 1841 жылдан бастап Бэббидж машинасын зерттеумен шындап айналыса бастайды. Бэббиджге жазған бір хатында Ада: «Сіз өз машинаңызға қатысты негізгі ұғымдарды маған хбарлауыңыз қажет. Менің осыны тілейтіндей басты себебім бар»,-деп жазады.

Өзінің 1841 жылғы 12 қаңтардағы хатында: «... Алдағы біраз жыл (3 не 4 жыл, мүмкін одан да көп жылдар) бойы менің басым Сізге Сіздің мақсаттарыңыз бен жоспарларыңызға қызмет етуі мүмкін. Міне сол себептен де мен Сізбен шындап сөйлескім келеді»,-деген жоспарын баяндайды. Бұл ұсынысты Бэббидж түсіністікпен қабыл алады. Міне осы кезден бастап олардың бірлесіп жұмыс істеуі үзілген жоқ және ол өзінің игі жемісін берді де.

Олар жоспарлар мен ескертпелер құрылымын бірігіп дайындады. Келесі ескертпені аяқтаған соң, оны Бэббиджге жіберіп отырды, ал ол оны қайтадан өңдеп, Адаға қайтарып жатты. Осы жұмыс баспаханаға 1843 жылы 6 шілдеде тапсырылды.

Лавлейстің мұндағы ең басты жұмысы Бернулли сандарын есептеуге арналған бағдарлама құруы болды.

Лавлейс түсіндірмесінде оның әлемде алғашқы болып Бэббидж машинасына арнап құрастырған үш есептеу бағдарламасы келтірілген.

Солардың ішінен ең қарапайымы әрі барынша толық сипатталғаны – екі белгісізі бар екі сызықтық теңдеулер жүйесін шешу бағдарламасы еді. Осы бағдарламаны талдау барысында бірінші рет жұмысшы ұяшықтар (жұмысшы айнымалылар) ұғымы енгізіліп және олардың ішіндегіні біртіндеп өзгертіп отыру жайлы идея қолданылған. Міне бұл идеядан қазіргі барлық бағдарламалау тілінің ең негізгі амалы – меншіктеу амалы бір ғана қадам жерде тұр десе болады.

Екінші бағдарлама тригонометриялық функциялардың мәндерін есептеу амалдарын берілген ретпен бірнеше мәрте қайталау арқылы есептеуге арналып дайындалды; Лавлейс бұл процедура үшін құрылымдық бағдарламалаудың іргелі ұғымы – циклді енгізді.

Бернулли сандарын есептеуге арналған үшінші бағдарламада рекуренттік қабаттасқан циклдер қолданылды. Лавлейс осы түсіндірмелерінде есептеу амалдары тек сандармен ғана емес, басқа обьектілермен де орындалуы мүмкін, әйтпесе бұл есептеу машиналары тез жұмыс істейтін қуатты калькулятор есебінде қалып қояды деген керемет жорамалын да білдіріпті.

Ада Лавлейс 1844 жылдан бастап атқа үйірсектеп, онымен шабуды ұнатыпты. Атпен шабу жарысы ойынына Бэббидж және Вильям Лавлейс те қатысыпты және ықтималдылық теориясының қолданбалы жағына қызығушылықпен қарайтын Бэббидж, ойынға осы позициядан қарап, ойын жүйесінің ұтымды тұсын іздейді. Шамасы  ол табылмаған болу керек, Бэббидж де, Аданың күйеуі де тезарада бұл ойынға қатысудан бас тартады. Бірақ Ада бұрынғыдан да құмарта ойынды жалғастыра береді. Ол тіпті Джон Кросс деген біреудің өзін әдейі алдап ойынға тартқанын біле тұра, сонымен тым жақындасып кетеді. Ол осылай өзіне тиесілі қаражатын жұмсап бітіп, 1848 жылға қарай көп қарызға батады. Ақыр соңында оның анасы қызының қарызын да өтейді және оны ұятқа қалдыратын хатты да Джон Кростан сатып алуға мәжбүр болады. 

50-жылдардың басында Ада Лавлейсті алып тынған дерттің бастапқы нышандары белгі бере бастайды. Ол өзінің Бэббиджге 1850 жылы қараша айындағы хатында: «Денсаулығымның нашарлағаны соншалық, мен Сіздің Лондонға келген кезде өзіңіздің дәрігер достарыңызға көріну жайлы ұсынысыңызды қабылдағым келеді»,- депті. Алайда түрлі алған емдеріне қарамастан ауру одан әрі асқынып, өте ауыр жан қиналысына ұласады.

Ада Лавлейс 37 жасқа жетпеген шағында, 1852 жылы 29 қарашада өмірден озды.

Оның әкесі де осы жаста, ерте қайтыс болған еді, қызына да сол қыршын өлім мұра болды. Ол Байрондар кесенесіндегі әкесінің қасына жерленді.

Ғылымдағы жетістіктері Адаға көп күш-қайрат пен ақыл-ой жұмсау арқылы келгені белгілі, соның кесірі денсаулығына да тигені анық. Өзінің қысқа ғұмырында ол көп нәрсе істеуге үлгірмеді. Дегенмен осы аз уақыттың өзінде оның қаламынан шыққан дүниенің өзі-ақ оның есімін есептеу техникасы мен есептеу математикасы тарихында тұңғыш бағдарламалаушы ретінде жазып қалдырды.

Ада Лавлейсті есте сақтау мақсатында 1980 жылы ойлап табылған әмбебап бағдарламалау тілі – АДА деп аталды. Бұл тіл АҚШ-та кеңінен таралды, АҚШ-тың Қорғаныс Министрлігі осы «Ада» тілін бүкіл американдық қарулы күштердің бірыңғай бағдарламалау тілі ретінде, кейін оны бүкіл НАТО үшін де бекітті. 

Сол сияқты Ада Лавлейс құрметіне Американың Алабама және Оклахома штаттарындағы кішігірім екі қала оның есімімен аталды. Оклахомадағы бір колледж де соның атында.

Қазіргі кезде желтоқсанның 10-ы – бағдарламалаушылар күні болып, осы күні өмірге келген әлемдегі алғашқы бағдарламалаушының құрметіне орай, аталып өтуде.

Ұқсас сұрақтар

127,729 сұрақ
322,324 жауап
153,203 пікір
72,719 қолданушы