мына жерден көрші сілтеме
мына жерден көрші сілтеме
Таразда тағы бір фильм түсірілді. Шымқаладағы «Ақ отау» газетінің бас редакторы Нұрсұлу Өтемісованың сценарийі желісімен «Азапқа толы қыз ғұмыры» атты екі сериялы көркем фильм көрермендерге жол тартты. Режиссері - М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университеті көпсалалы колледжінің актерлік шеберлік және сахна қозғалысы факультетінің аға оқытушысы Дүйсебай Еркебаев.
Облыс орталығындағы «Жастар сарайында» фильмнің тұсауы кесіліп, киноны тамашалаған көпшілік бүгінгі заманда келешек ұрпақты келеңсіз әдеттерден бойын аулақ сала отырып, әлеуметтік теңсіздіктерді рухани байлықпен жеңуге болатындығын жүрегімен сезді. Кинода Айша есімді жас қыздың тағдыры, пешенесіне жазылған сыйы баяндалады. Оның бала кезін ТарМУ көпсалалы колледжінің студенті Ботагөз Қасымбекова, бойжеткен кезін «Болашақ» колледжінің білімгері Зәуре Айдарбекова сомдады. Режиссер жас, мылқау қыздың өмірін баяндай отырып, қоғамдағы ащы шындықты жеткізуге тырысқан. Айшаның өгей әкесі Нұржан (Мәдениет қайраткері, Жамбыл облыстық театрының актері Жүніс Әлімбеков) арқылы қоғамдық трагедия көрсетіледі. Кезінде қалталы болған азамат кейін құмар ойынға әуестеніп, соңында ішкілікке салынады. Бұл бүгінгі күні қоғамның айықпас дертіне айналған құбылыс. Жүніс Әлімбековтің актерлік шеберлігінің арқасында Нұржан есімді кесапат кейіпкерді сан қырынан көресіз.
Ал Айшаның анасы Баян (ТарМУ-дің оқытушысы Фаиза Көненова) ерінен ерте айырылып, қарызға белшесінен батып, ақыры алған ақшасын қайтара алмағаны үшін тағдырын Нұржанға қосады. Соңында жоқшылықтан көз ашпай, ауыр соққыдан есін жимай өмірден баз көшеді. Тағдырдың мұндай қатігез сыйы ақырында жас Айшаның тілін байлайды. Қызғалдақ ғұмырдың болашағы бұлыңғырланып, армандарының қанаты қиылады. Кино барысында көңілге мұң ұялататын сәттер көп болғанымен, сәтті эпизодтар шебер үйлесім тауып жатады. Нағашысының ауылына қонаққа келген жас жігіт Нұрлыбек (Талғат Шайхиев, банк қызметкері) ауыл маңындағы анасының зиратынан пана іздеген Айшаны кездестіріп, танысады. Сезімнің оты тұтанады. Одан кейін үлкен трагедияға тап болып, мүгедек арбаға таңылған жас жігіт, бойына шарана біткен жас қыздың жантүршігерлік тағдыры, құмар ойын мен ішкілікке салынған өгей әке Нұржанның ақырында Айшаны картаға тікпек болған ниеті... Алайда қоғамда қамқор жандардың бар екендігі анық. Оны біз Айшаның мұғалімі Марат Қалауұлының (Дүйсебай Еркебаев) үлкен қамқорлығы мен адамгершілігінен көреміз. Ђгей әкенің ниетін сезіп үйден қашқан Айша көшеде ұстазы Маратқа жолығып, оның қамқорлығын көреді. Ђмірге сәби әкеледі. Бұл аралықта Нұрлыбек те аяғынан тік тұрып, фильмнің соңында екі ғашық қосылады. Киноның қысқаша желісі - осы. Шығарманы сәтті туынды деп бағалауға ерте шығар. Алайда бұған дейін көне шаһарда түсіріліп, көпшілікке әлі ұсыныла қоймаған «Тағдыр» немесе тек алғашқы сериясы ғана ұсынылған көп сериялы «О, махаббат!» фильмдеріне қарағанда, алғашқы таныстырылымнан-ақ бұл фильмнің ғұмыры баянды болатын секілді. Ђйткені фильмде көрші апайды сомдаған Қазақстанның Халық артисі Мәкен Рахымжанқызы, мәдениет қайраткерлері - мектеп директоры Айгүл Қабиева, Нұрлыбектің анасы рөлінде - Майра Әлімбекова, Нұрлыбектің әкесі бейнесінде - Талғат Сұлтангереев, Айшаның әкесі - Ерсін Қалыбаевтарға көрермендер үлкен баға беріп отыр. Ал фильмнің музыкасын белгілі әнші Мейрамбек Беспаевтың әуезді әнімен әрлеген Нұрғали Жазықбаевтың еңбегі де еш кетпегендігі байқалады. Бүкіл кино түсіру және жарықтандыру құралдарын өз қаржысына сатып алған Дүйсебай Еркебаев фильмді өз қаржысына түсірген.
- Фильм Тараз қаласында және қала маңындағы Бектөбе ауылында түсірілді. Жалпы, сценарий желісі бойынша ішімдікке салынып, әлеуметтік ахуалы төмендеген отбасындағы жағдай көрсетілуі тиіс болатын. Алайда біз сценарийге өзгерістер енгізе отырып, бүгінгі уақыттың желісін көрсетуге тырыстық. Халқымыздың әлеуметтік тұрмысының жақсарғандығын тұрмыстық эпизодтарда аша алдық деп ойлаймын. Ал тоқшылыққа секіріп, мастанған адам қай кезде болса да тұрмысын күйзелтіп алары анық. Фильм бір жылдың ішінде түсірілді. Арасында демеушілік жасаған азаматтар да болды. Оның қатарында ТарМУ-дің көпсалалы колледжінің директоры, өнер десе, ішкен асын жерге қоятын азамат Марат Сейдахметовті атап айтқым келеді, - дейді режиссер.
Бір қызығы, фильмде Айша мен Нұрлыбек рөлдерін сомдаған Зәуре Айдарбекова мен Талғат Шайхиев өмірде де бір-бірін сүйіп, жақында тағдырларын қосыпты.
- Мені жастардың өмірге деген көзқарасының төмендігі қорқытады. Бір-біріне деген шынайы сезімнің ертеңіне сенбейтіндігі алаңдатады. Бірде өзім дәріс беретін жас қыздың аяғы ауырлап қалғандығын сездім. Қыз бала ғой. Жайлап сыр алып, сөйлесіп, жігітімен араздасып қалғандығын білдім. Жастардың іштегі шарананы ойламай, балалыққа, шалалыққа салынып, қалт кеткендерін ұқтым. Екеуімен де сөйлесіп, барынша жауапкершіліктен қашпау керектігін түсіндіріп, бастарын қосқан едім. Тіл көзім тасқа, бүгінгі күні олар жаман тұрып жатқан жоқ, - дейді Дүйсебай өмірлік тәжірибесімен бөлісіп. Режиссер алдағы жоспарын да жасырған жоқ. Тарихи-фантастикалық фильм түсіру ойында бар екен.
- Тарихи ескерткіштер көп шоғырланған және әлі де қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан көне шаһардың маңы соған сұранып тұр, - дейді ол.
Ерман ӘБДИЕВ,
Жамбыл облысы
"Айқын" газеті