+5 дауыс
203k көрілді

Ерлік жырын жырлаймыз, Ұлы жеңіс 70 жыл шығарма керек?

9 жауап

+5 дауыс
 
Жақсы жауап

Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмақ емес! 

Соғыс – күйретуші күш! Дәл солай! Барды жоқ ететін, тауды жер ететін. Жер бетіндегі тіршілік атаулының бәрін жалмап жұтатын тажал. Сол қанды кезеңді еске түсіріп, елестететін газет-журнал матералдары немесе радиотелехабарлар, кинолар аталар ерлігін мақтаныш тұта бізге жеткізді.

Иә, содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, ешнәрсе де ұмытылған жоқ.

Ұлы Отан соғысы... Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгі қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды.

Неменеңе жетістің бала батыр,
Қариялар азайып бара жатыр
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр, -

деп тебіренген Мұқағали мұңында жұмырбасты пенде үшін теңдессіз құндылық ұрпақаралық қимастық, сыйластық сезімдері мөлдіреп тұр.

Қариялар азайып бара жатқанын әсіресе олардың ортасында Ұлы Отан соғысынан аман орталған ақсақалдарымыздың қарасы жыл санап азайып барады емес пе?! Солардың жанымен, қанымен, терімен, көз жасымен, күшімен, ісімен, ерлігімен, атаның туын жықпай, ананың намысы үшін туған жердің топырағын жауға таптатпай, еңіреп жүріп жауды жеңіп, тауын шағып, туын жағап, жеңістің таңбасын басқан күн – Жеңіс күні. Бұл күннің толғағы ашшы болса да, туғаны бар халқы үшін қуаныш болған күн. Сондықтан да бұл Ұлы мереке. Оққа ұшқан қарулас жолдастарының аманатын арқалап, аман оралған ардагер аталарымыздың өздері қорғап, қорған қамқор болып оралған арттағы қалың елдің қамығып жеткен Жеңіс күнін, біз ұмытсақ та тарих ұмытпайды. Ол - өмір заңы.

Біз Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске ештеңеге теңеспейтін ғажап күшпен жеттік. Ол күш - әрине, "бірлік”. Қаншама халық бір тудың астына бірігіпкүштерін бір арнаға салды.Ұлы Жеңіс он бес одақтас болған мемлекеттердің ортақ мерейтойы.

Москва, сенің іргеңді
Ел, ер болып сақтаймыз
Сенен аяр жан да жоқ,
Барлығы да сен үшін,
Саған қауіп төнгенде
Жау таянып келгенде,
Қамсыз тыныш жатпаймыз
Алпыс ұлттың адамы,
Қол ұстасып үн қосып,
Қорғауға сені дайынбыз, -

деп жазған Нүрпейіс Байғанидің өлеңінен халқымыздың Мәскеу қаласына деген ерекше құрметі байқалады.

Сол кездегі Кеңес Одағының басқа халқымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне Қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі шайқаста, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда ерен ерліктер көрсетті.

Қазақ ел басына күн туғанда толарсақтан саз кешетін жауынгер халық. Ұлы Отан соғысының қатпарлары парақтарына үңіліп қарасақ, қазақтардың қанды қырғынға қаймықпай соғысқанына ашық көзіміз жетеді. Оған мысал айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған бес жүз қазақтың Кеңес Одағының батыры атағын алғанын айтсақ та жетеді.

Биылғы жыл Кеңес Одағының батыры атағын кеш алған Бауыржан Момышұлы атамыздың жүз жылдық мерейтойы жеңістің алпыс бес жыдығымен қатар келіп тұр. Торқалы тойдың қуанышы өзі сүйген халқы үшін ерекше болмақ. Найзағайдай жарқылдаған отты ой бар қаһарлы сөйлесе де қайырымы мол, өз мүддесін, ұрпақ мүддесін ойлаған, қара қылды қақ жаратын әділдіктен жаралған ойы тұңғиық, қимылы қылыш Бауржан Момышұлы есімі, ерлігі жадымызда мәңгі қалып, өнегесі болашаққа күш, қайрат, рух береді. "Ер есімі – ел есінде”,- демекші, бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған аталар, апалар ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Солардың қасиетті рухы бүгінгі бейбіт тірлігімізге нұрындай мәңгі шуағын шашпақ.

Ұлы жеңіс құтты болсын, ардақты халқым менің!

+5 дауыс

Биыл Ұлы жеңіс мерекесінің 70 жылдығы тойланып жатыр. Осы шараға сәйкес біздің сыныпта «Сен құрметте оны, түсіндің бе қарағым» деген тақырыпта ашық сынып сағаты өтті. Сыныбы мыздың ұл балалары көкіректеріне қызыл қағаздан жасалған қалампыр гүлдерін тағып, ерлік рухын жалғастырушы ұрпақ екендіктерін танытты. Бүгінгі бейбіт күннің оңайлықпен елмегендіктерін оқушылар өздері жаттаған өлең-тақпақтары, еліміздің қаһарман батырларының ерліктері туралы атқан мәтіндері арқылы барынша жеткізуге талпынды. Жеңіс күнін бүкіл халық тойлайды. Ардагерлерді құрметтеу- біздің міндетіміз. Жеңіс үшін аштыққа да, ауыр жұмыстарға да, тіпті өлімге де қарсы тұра білді. Қаншама азапты күндерді басынан кешіріп, бүгінгі көк аспанында ақ көгершіні қалықтаған бейбіт күнді сыйлады. Сол үшін ардагерлерімізге рахмета айтқымыз келеді. Олар әкелген тыныш өмірдің тұнығын лайламауға біз сө береміз.

+2 дауыс

Бүгін - Ұлы Отан соғысының басталғанына 70 жыл: қазақстандықтардың майдан даласындағы ерліктері мен тылдағы табандылықтары ешқашан да ұмытылмайды!

Бүгін - Ұлы Отан соғысының басталғанына 70 жыл. 22 маусым - барлық посткеңестің елдердің тарихындағы ең қайғылыдатаның бірі.

Осыдан 70 жыл бұрын, дәл осы күні таң қылаң бере фашистік Германия Кеңестік Социалистік Республикалар Одағына шабуыл жасады.

Соғысты бірінші болып қарсы алғандардың қатарында Кеңес Одағының батыс шебін күзеткен ондаған мың қазақстандық-шекарашылар болды. Атақты Брест гарнизонының өзінде 1941 жылдың көктемінде біздің 3 мыңдай жерлесіміз қызмет еткен, шілде айында олардың көпшілігі әскерден елге қайтулары керек болған. Бірақ жаудың шабуылы олардың бұл жоспарларын күл-талқан етті. Соғыс өрті ішке қарай тез еніп, Брест қамалының тірі қалған қорғаушылары партизандар қозғалысына қосылды. Олардың қатарында 190 қазақстандық болған және олардың көбісінің сүйегі беларусь жерінде қалған.

Соғыс кенеттен басталғанымен, Қазақстан, бүкіл Кеңес Одағы сияқты, алғашқы күннен бастапжұдырықтай жұмылды. Республиканың түкпір-түкпірінде әскери комиссариаттарға еріктілер ағылды. Кеше ғана мектеп партасында отырған бозбалалар мен бойжеткендер де, қала мен ауыл тұрғындары да соғысқа сұранды.

1939 жылдың дерегі бойынша, біздің республикамызда 6,2 миллион адам тұрып жатқан. Соғыс жылдары Кеңес Армиясының қатарына 1 миллион 200 мың қазақстандық шақырылған, 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да құрылымдар жасақталған. Фашистермен болған шайқастарда 328-ші, 310-шы, 312-ші, 314-ші, 316-шы, 387-ші, 391-ші, 8-ші, 29-шы, 102-ші, 405-ші атқыштар дивиясы, 100-ші және 101-ші ұлттық, 81-ші, 105-ші, 106-шы кавалериялық дивизиялар, 74-ші және 75-ші теңіз атқыштар бригадасы, 209-шы Зайсан, 219-шы минометтік, 85-ші зениттік, 662-ші, 991-ші және 992-ші авиациялық полктер ерекше көзге түсті. Майданға 14100 жүк және жеңіл автокөлік, 1 500 шынжыр табанды трактор, 110400 жылқы, 16200 арба жөнелтілді.

Қазақстан армия мен флот үшін офицерлік кадрлар және резервтік күштер дайындауға да лайықты үлес қосты. 1941-1945 жылдары әскери оқу орындарына 42 мыңнан астам жас қазақстандық жолданды, ал Қазақстанның аумағында сол жылдары жұмыс істеген 27 әскери оқу орны толық емес мәлімет бойынша 16 мыңдай офицер дайындап шығарған.

Біздің жерлестеріміз майдан даласында ерлікпен шайқасқан. Жауынгерлік ерліктері үшін жүздеген мың қазақстандық медаль-ордендермен марапатталса, 500-дей адам Кеңес Одағының Батыры, 100-ден астам адам - Даңқ орденінің толық иегері атанған. Төрт қазақстандық екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанды, олар - Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Иван Павлов және Леонид Беда.

Кеңес Одағы Батырларының қатарында қазақтың екі қызы - мерген Әлия Молдағұлова мен пулеметші Мәншүк Мәметова бар. Рейхстагқа Жеңіс туын тіккендердің бірі - қазақ жігіті Рахымжан Қошқарбаев. Жаудың тылында партизандардың қатарында да қазақстандықтар шайқасқан. Солардың бірі - Қасым Қайсенов. Ал танымал қолбасшы, әскери жазушы Бауыржан Момышұлын, 28 панфиловшылардың ерлігін білмейтін қазақ жоқ шығар.

Соғыстың тек майдан даласында ғана емес, тылда жүргені мәлім. Гитлерліктер КСРО-ның батыс аудандарын басып алғаннан кейін, Сібір мен Қазақстанның ел экономикасындағы маңызы күрт артқан. Жаудың қолына бермеу үшін соғыстың алғашқы айларында өнеркәсіптік кәсіпорындардың барлығы тылға көшіріле бастады. Қысқа мерзімнің ішінде Қазақстанның аумағына 142 кәсіпорын жайғастырылды, 532506 адам көшірілді. Оған қоса, жаңа өнеркәсіптік нысандардың құрылыстары жеделдетілді. Соғыстың алғашқы 1,5 жылында Қазақстанда 25 кен орны пен шахта, 11 кен байыту фабрикалары, 19 жаңа көмір шахтасы, 3 разрез, 4 жаңа мұнай кеніші мен Гурьевтегі мұнай өңдеу зауыты іске қосылды.

Темір жол құрылысы жалғасты. 1942-1943 жылдары Мақат-Орск, Ақмола -Магнитогорск желілерінің құрылысы аяқталды. Соғыс жылдары Қазақстан жалпыодақтың мыс құймасының 30 пайызын, марганец кенінің 60 пайызын, мыс кенінің 50 пайызын, металл висмуттың 65 пайызын, полиметалл кендерінің 70 пайызын, мырыш өнімінің 85 пайызын берді. Қорғаныс өнеркәсібіне қажетті мыстың үштен бірі Қазақстанда өндірілді, сондықтан да соғыс жылдары әрбір 10 оқтың тоғызы Қазақстанда құйылды.

Республикада танк және ұшақ жасауға ақша жинау қозғалысы жүрді. 1941 жылдың күзіндеБүкілодақтық лениндік коммунистік жастар одағы(ВЛКСМ)атындағы танк дивизиясын құруға қаржы жинала бастады да, бір жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде армия қазақстандық комсомолдардан 45 жаңа танк алды. Кейінірек халық қаражатына тағы 10 танк колоннасы, бірнеше авиациялық эскадрилия, торпедо катерлер мен атаулы ұшақтар жасалды. Соғыс жылдары Қазақстан халқы жауынгерлік техникалар жасауға 480,3 миллион рубль жинап берді.

Жеңіске Қазақстанның ауыл шаруашылығы да өз үлесін қосты. Атап айтқанда, еліміз 30,8 миллион пұт астық, 14,4 миллион пұт картоп және көкөніс, 15,8 миллион пұт ет, 3194 мың центнер сүт, 17,6 мың центнер жүн берді. Бұл соғысқа дейінгі бес жылдағы көрсеткіштен бірнеше есе көп. Республиканың барлық экономикасы әскери «рельске» қойылды: бейбіт мақсаттағы шығыстар барынша қысқартылды, көптеген кәсіпорындар қорғаныс өнімдерін шығаруға кірісті. Ер азаматтардың бәрі армия қатарында болғандықтан, зауыттарда әйелдер, қариялар, жасөспірімдер еңбек етті. Еңбек тәртібі қатайтылды, жұмыс уақыты ұзартылды. Алты апталық, 23 сағаттық жұмыс күні бекітілді, демалыстар тоқтатылды. Бірақ ешкім қынжылған жоқ. Бүкіл ел «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұранмен еңбек етті.

КСРО-ның батыс өңірлерінен көшірілген халықпен қоса, 1941 жылдың күзінде Қазақстанға Полвольжеден жүздеген мың немістер мен поляктар жер аударылды. 1942-1944 жылдары 507 мың балқар, қарашай, ингуш, шешен халқы, 110 мың түрік-месхетиндер, 180 мың қырым татарлары күшпен жер аударылды. Оған қоса, күн сайын Қазақстанға жаралы жауынгерлер мен офицерлер тиелген пойыздар ағылып жатты. Әскери госпитальдердің көбісі Алматыда құрылды.

Ұлы Отан соғысы 4 жылға созылды. Майдан даласында 600 мыңнан астам қазақстандық қаза тапты. Соғыста қаза тапқандардың саны туралы мәлімет бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Жекелеген мәліметтер бойынша, адамзат тарихындағы бұл ең зұлмат соғыс 20 миллионнан астам кеңес азаматтарының өмірін қиды. 1710 қала және 70 мыңнан астам село-деревнялар, 31850 өнеркәсіптік кәсіпорын, 65 мың шақырым темір жол, 4100 теміржол стансасы, 36 мың пошта-телеграф мекемесі, телефон стансасы және басқа да байланыс бекеттері жермен-жексен болған немесе жартылай қираған. 40 мыңдай аурухана немесе басқа да емдеу мекемелері, 74 мың мектеп, техникум, жоғары оқу орны, ғылыми-зерттеу институттары, 42 мың кітапхана және басқа да көптеген нысандар жойып жіберілген, тоналған.

Бүгін Қазақстанның барлық қалалары мен ауылдарында Даңқ монументтеріне, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімдері өтуде. Бұл соғысты ешкім де ұмытпауы, ешнәрсе де ұмытылмауы керек.

0 дауыс

Жеңіс туын желбіреткендер

Ашық аспан, бейбіт өмір. Бүгінгі ұрпақ қазіргі тәуелсіз  Қазақстан елінде алаңсыз өмір кешуде. Мұндай еркіндік бақытын адамзат тарихындағы ең жойқын күресте бесіктен белі шықпай еңбекке араласып, бұғанасы бекімей қолына қару алып, қасық қаны қалғанша күрескен аға ұрпақ сыйлады. Биыл Ұлы Жеңіске – 70 жыл.  Осынау датаға орай, ақпан айы Кеңес Одағының Батыры Мұқат Мұсаев пен «Даңқ» орденінің толық иегері Гавриил Петрович Шаминнің  өмірі мен ерлігін насихаттауға арналып отыр.

Сонау Жер-ананы өрт шарпыған соғыс жылдарында елі мен жерін, ұрпағының болашағын қорғаған, Отанға бейбіт өмірді тарту еткен, қан майданда от кешкен ержүрек жауынгерлер - бүгінгі ақ сақалды ардагерлер мен ақ жаулықты аналар әрқашан жоғары құрметке лайық екені даусыз. Сондықтан да, оларға деген ыстық ықылас пен құрмет, алғыс ешқашан толастамайды, керісінше «тау алыстаған сайын биіктей түседі» демекші, уақыт өткен сайын еселене бермек.

Ерлік өшпейді, ер ұмытылмайды

Кеңес Одағының Батыры Мұқат Мұсаев 1919 жылы Теңіз ауданы Қошалақ ауылында дүниеге келген.

Кеңес әскері қатарына 1941 жылы шақырылған Мұқат Мұсаев 1944 жылдың мамыр айынан бастап 2-Украина майданы 53-армия 228-атқыштар дивизиясы 795-атқыштар полкі құрамында Ұлы Отан соғысына қатысты. Кескілескен ұрыс даласы жас жауынгерді ұршықша иіріп, шыңдады. Әсіресе, Венгрияны азат етуде аянып қалмады. 1944 жылдың 25 қазанында қатардағы жауынгер М.Мұсаев Тисафюред қаласындағы Тисса өзенінен алғашқылардың бірі болып тез жүзіп өтіп, пулеметтен оқ жаудыру арқылы ротаның оң жағалауға өтуіне ықпал жасады. Өзеннен өткен соң фашистердің 18 қарсы шабуылына тойтарыс берген пулеметші қазақ жігіті жаудың 60 солдаты мен офицерін, үш пулемет ұясын жойған. Соғыс кезінде алған ауыр жарақатына қарамастан ұрыс даласын тастамай, ақырғы оғы қалғанша шайқасты.

КСРО Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен 1945 жылдың 24 наурызында ерлігі және соғыс тапсырмаларын бұлжытпай орындағаны үшін Мұқат Мұсаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин орденімен және «Алтын Жұлдыз» медалімен марапатталды.

Оқ пен от ортасынан оралған Мұқат Мұсаев Астрахан облысы Наримановск ауданы Буруны ауылында жұмыс жасап, түйе шаруашылығын меңгерді. 1954 жыл 3 мамырда өмірден өтті. Қазір Астрахан облысында ол тұрған ауылда батыр есімі көшеге берілген.

Көзсіз ерлік жасаған

Гавриил Шамин де  - ер етігімен су кешіп, жеңісті жақындатқан жандардың бірі,  «Даңқ» орденінің толық иегері. 

Ол 1923 жылы Индер ауданының Ынтымақ ауылында дүниеге келген. Кен ошағында ағаш шебері болып еңбек еткен. 1941 жылы әскер қатарына алынып, полк мектебін бітірген соң майдан шебіне жіберілді. Барлаушылар ротасының 433 бөлімінің барлаушысы, сержант  Г.Шамин 1944 жылы Псков облысы, Пустошкинский ауданына қарасты Островок ауылында бірнеше фашистің көзін құртып, бесеуін тұтқынға алған. Бұл ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ»   орденімен марапатталды.

Ол барлаушы ретінде ірі шайқастарда ерен ерлік көрсетеді. 1944 жылдың 18 қарашасы болатын. Латвияның Салдус қаласының оңтүстік-шығысында маңызды мағлұмат алып келе жатқан «тілді» ұстау тапсырылады. Барлаушылар тапсырманы орындауға қараңғы түсе аттанады. Қажетті аймақты тып-тыныш миналаған сержант Шамин, қатардағы жауынгерлер Русаков пен Тукаевтармен бірге жаудың пулеметшілер окопын басып алады. Шайқас басталып кетеді. Үш неміс солдаты өліп, жау тұтқынға алынды. Осылайша бұйрықты орындап, «тілді» ұстағаны үшін ІІ дәрежелі «Даңқ» ордені иегері атанады.

Жалпы, Гавриил Петровичтің ерлік жолы Сталинградтан Прагаға дейінгі аралықты қамтиды. Берлин түбіндегі ұрыста Шамин барлаушылар тобымен бірге «тіл» әкелуге бұйрық алады. Батыл барлаушы жау ортасына граната тастап, фашист жауынгерін тұтқындап, өз бөлімшесіне алып келеді. Бұл  1945 жылы   4 мамыры еді.  Осынау батылдығы мен батырлығы ескеріліп,  Гавриил Петровичке І дәрежелі «Даңқ» ордені табысталды.  Соғыс жылдары «Даңқ» орденінің толық иегері атанды.

Соғыстан елге оралған соң бейбіт еңбекке белсене араласты. «Индер борат» руднигінде жүргізуші, автомеханик болып қызмет етті. 1969 жылы отбасымен облыс орталығына көшіп келіп, жиырма жылдай әскерилендірілген транспорт бөлі-мінде командирдің көмекшісі де болып жұмыс жасады. 1995 жылы 17 шілдеде 72 жасында дүниеден өтті. Атырау қаласында Г.Шамин есімі көше атауына берілді.

Ұлы Отан соғысы жылдарында кеңес әскерлері 1418 күн мен түн бойына шайқасып, жеңіске қол жеткізіпті. Үлкен қиындықпен, қанмен келген ұлы күннің қаһармандарын қанша дәріптесек те артық емес.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

+1 дауыс

Жоспар
I Арды биік ұстап өткен азамат
II Отты жылдар елесі

1.«Бәрі де майдан үшін, Жеңіс үшін!»
2. Ел үшін туған ерлер
3. Майдандағы Қазақ қыздары
4. Соғыс елесі ақындар шығармаларында
III Біз - бейбіт елдің ұланымыз<!--QuoteEnd--><!--QuoteEEnd-->
Жер бетін тып-типыл етуге ұмтылған, аранын ашып, әлемге алақұйын жалын шашып, жан біткенді жалмауға жанталасқан заһарлы зұлмат - екінші дүниежүзілік соғыс туралы шығарма жазуды бастағанымда, бұл тақырыпты он бетке болсын, жүз бетке болсын сыйғызудың мүмкін еместігіне көзім жетті. Себебі, соғыс-уақытқа тәуелсіз, ешқашан өзгермейтін, ешқандай сынға берілмейтін азап.

Бұл тақырыпты шын мәнінде ашу үшін сол сұрапыл соғысты өз көзімен көрген адаммен сұхбаттасқанды жөн көрдім. Жеңіс үшін өмірін, жастық шағын қиған, тағдырдың ауыр да азапты тауқыметінен өтіп, Отанға деген махаббатын от басып, су кешіп жүріп дәлелдеген ардагерлеріміз жылдан-жылға, күннен-күнге азаюда, олардың тірі қалғандары, арамызда жүріп Жеңістің тәтті дәмін татып жүргендері саусақпен санарлықтай. Сондай ержүрек батырлардың бірі менің жерлесім, Тараз қаласының тұрғыны - Тұрмағанбет ата.

- Сәлеметсіз бе, ата! Маған сіздей ұлы адаммен кездескен, сіздей батырды көзбен көрген үлкен қуаныш! Менің сіз туралы, соғыс туралы барлығын білгім келсе де, сіздің мазаңызды ала бермей, сұрақтарымды нақты, қысқа қоюға тырысамын. Ата, сіз қашан, қайда туылғансыз, соғысқа қалай шақырылдыңыз?

- Сәлеметсің бе, айналайын, ниетіңе рахмет! Мен өзім жас та болмасам, сол кездер есімде жақсы сақталған. Мен 1923 жылы Қосбөлтек ауылында туылғанмын.1942 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, 412-атқыштар полкінде екі айлық әскери дайындықтан өттім. Осы жылдың наурызында сержант даңқын иеленіп, екінші Украиндық фронтқа жіберілдім.

- Фронтқа алғаш жіберілгеніңізде қандай сезімде болдыңыз, қорықтыңыз ба?

- Шайқасқа алғаш кіргенімде, мен өте қатты қорқып кеттім: жау ұшақтары аяусыз атып жатты, танктер үздіксіз ағылып жатты. Біздің әскеріміз минут сайын сирей берді, аяусыз қырыла берді.

- Тұрмағанбет ата, ал соғыс аяқталғанда сіз қайда едіңіз?

- Мен кіші лейтенантқа дейін көтеріліп, Румыния мен Венгрияны қорғауға қатыстым. Кейін Будапештке жөнелтілдім. Сондағы ұрыстардың бірінде ауыр жарақаттанып, 1944 жылдың желтоқсанында әскери ауруханаға түстім. 1945 жылы, соғыс бітісімен, Ұлы Отан соғысының бес әскери шендерімен Отаныма оралдым. Сондағы қуаныштан жаным шығып кетер ме екен деп ойладым.

- Ал қазір кімдермен тұрып жатырсыз?

- Мен жұбайым Бибиажармен 60 жыл өмір сүріп, төрт қыз, бес баланы өсірдім. Қазір жұбайым қасымда болмаса да, Құдайға шүкір, немерелерім мен шөберелерімнің қызығына бөленіп отырмын және өзімді ең бақытты жан санаймын!

- Ата, сұхбатыңызға көп рахмет! Жеңісіңіз құтты болсын, аман болыңыз!

Осы сұхбаттан кейін мен адамзат жүрегіне айықпас жара салған Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, отты жылдардың елесі әлі күнге халық жүрегінен өшпегенін түсіндім. Өйткені, адамзаттың бүгінге дейінгі сапарындағы ең сұрапыл қырғын да Ұлы Отан соғысы екені әлемге аян.

Қанша үйдің ұрлап адамын,

Қанша үйде сөніп қалды оттар, - деп ақындар жырлағандай, әр шаңыраққа, әр жұрекке салған жара алпыс бес жыл өтсе де әлі жазылып қойған жоқ.

Елдің елдігін, ердің ерлігін сынайтын нағыз тарихи аласапыран кезеңде:

Қасиетім менің,
Адалдығым менен ақтығым.
Жаныма қуат
Жүрегімнің таза пәктігі.
Тәңірімнен күнде
Көз жасыммен тілеймін
Өтсем екен деп

Тірі жанға болмай жаттығым, - деп ақын Әбділдә Тәжібаев жырлағандай, парасаттылық, адалдық, жүрек пәктігі сияқты ізгі қасиеттерді биік ұстап өткен Қазақ халқы ел басына күн туған қасіретті шақта Отанды қорғауға аттанды. «Адал адам Отанын сүйеді. Адал, ақ жүрекке Отан анасындай. Отанның дегенін істеу - қуаныш, мақтаныш. Отанға деген махаббатты бізде өлшеуге болмайды», - деп Баубек Бұлқышев айтқандай, жаратылысынан ақкөңіл, ақжүрек, батыр, намысты халық өз мүддесінен Отан мүддесін артық қойып, өмірін құрбан етуден асқан асыл мұрат жоқ екенін, Отанға деген махаббатын осылай дәлелдей білді.

Қазақ деген-батыр халық. Ол еңкейгенде еңкейеді, шалқайғанда шалқаяды. Шірене қалса, асқар-асқар тауларына сүйенеді, еңкей қалса, азаматтығына, өзінің парасаттылығына сенеді. Сөйлесе Қазыбек данадай шешендігі бар, Төле бидей көсемдігі бар, айтыса қалса, дауласа қалса Бөгенбайдай ерлігі бар, Қабанбайдай ірілігі бар, қолынан қиыстырып жол табар Абылайдай тірілігі бар ел. Қазір өз алдымызға мемлекет, тәуелсіз ел болсақ та, ол кездегі Кеңес Одағы барлық халықтардың ортақ мемлекет болып есептелгендіктен, батыстан жау шапқанда Отанымыздың абыройын, бостандығы мен тәуелсіздігін қорғауда жаппай ерлік пен қайсарлықтың үлгісін көрсетті. Даламыз қандай кең болса, пейілі де сондай кең, жер қойнауы қандай бай болса, жүрегі де сондай бай халқымыз қан майданда елдік мінездері мен ерлік қасиеттері сынға түсті. Осы жолда қанша ардагер әкелеріміз, аталарымыз бен апаларымыз қанын төкті, жанын пида етті десеңші! Осылайша, біздің халқымыз соғыс барысында бүкіл әлем алдында бар ұлылығымен көрінді.

Сол кездегі Кеңес Одағы халықтарының тұтасқан бірлігі мен мызғымас достығы, халық пен әскердің жаппай ерлігі Жеңісіміздің кепілі болды. Басынан аяғына дейін құрыштай қаруланған гитлершілдер соғыстың бас кезінде 190 дивизияны, 5 мыңдай самолетті, 3700-дей танкті, 50 мыңнан астам қару мен минометті шабуылға шығарды. ССРО жеріне басып кірген жау әскерлерінің жалпы саны бес жарым миллион адамға жетті. Оған дейін 12 мемлекетті басып алған және 14 одақтасы болған жау Баренцов теңізінен Қара теңізге дейінгі аралықтағы зор майдан шебінде соғыс ашты. Гитлер және оның төңірегіндегі дүлейлер Кеңес елін «тұтқиыл» шабуылмен талқандап, әлемдегі тұңғыш социалисті мемлекетті құртып жіберуді, совет адамдарын құлға айналдыруды, Кеңес елін герман империализмінің отарына айналдыруды ойлады. Бірақ, совет халқы міз бақпай, анталап келген жауға айбындылықпен қарсы тұрды. Халық Коммунистік Партияның басшылығымен өзінің Отанын қорғауға батыл бел буып шықты, әділетті азаттық соғысқа жұп жазбай тұтаса көтерілді, бұрын болып көрмеген табандылық пен қайсарлық танытты. Осындай сұрапыл соғыс күндерінде халқымыз майдан мен тылда жеңіс үшін керекті жағдай жасаудың ауыр жүгін көтерді.

Майданға кеткен талай мыңдаған жұмысшылар мен шаруалардың орнына шексіз қиын, ұйқысыз, ас-сусыз еңбек вахтасында әйелдер мен балалар, мүгедектер мен зейнеткерлер тұрды. Әр отбасының басшысы майданда болды. Сондықтан, сол кездегі адамдарға тәулік бойы жұмыс істеуге тура келді.. «Бір минут ішінде сен соғысқа дейін бір сағатта істегеніңді істеуге тиістісің!» деген ұранды ұстанған адамдар қатал тәртіп пен еріксіз жұмыс істетулерге қарамастан, асқан шыдамдылық танытып, ешқандай қысым көрсетусіз-ақ ұйымшылдықтың асқақ үлгісін көрсетті.

Осынау қиын күндерді қазір 89 жасқа келген әжемнің айтқан әңгімелерінен де естіп, заманның сыры мен үнін көз алдыма елестетемін. Соғыс басталған кезде 24 жастағы менің әжем шахтада жұмыс істеген. Жалғыз қызы Нұрғайшаны үйге қамап, таңның атысы мен күннің батысына дейін дамылсыз еңбек еткен. Осы күндерді еске алғанда әжем өздері айтатын мына әнді үнемі айтып отырады:

Басталды ойсыз жерден мына соғыс,
Отырмыз Сталинде болып қоныс.
Ештеңе көрмеген әйел сорлы
Шахтада ұйымдасып болдық таныс.
Бастаушы бұл шахтаны басшымыз бар,
Қалижан екіншіміз тағы да бар.
Норманы толтыруға жан ұшырып,
Қостайтын жетпіс адам жұмысшы бар.
Лампшкем стеклосы жанар ма екен,
Бұл бейнет біздің бастан қалар ма екен
Жақсылық болды деген хабар келсе
Жан шықпай кеудемізде қалар ма екен.
Налымаймын қиындықты осынау іске,
Жүретін еркек ісі түсті бізге.
Отанды қорғаушыдан артық па жан

Тек қана сыймай кетеді жалын ішке, - деп ыңылдап ән салған әжем «құлыным-ау, Құдай сендердің бастарыңа бұл күндерді бермесін!» деп сол кезді тебірене еске алады.

Ер елім, көрсет тағы еңбек күшін,
Еңбекпен қас дұшпанның өрте ішін.
Түр білек, түс еңбекке ту астында

Бәрі де майдан үшін, жеңіс үшін, - деп халық ақыны Нұрпейіс Байғанин елді майдан үшін еңбек етуге үндегендей, тылдағы жұмысшылар Республикамыздың ауыр өнеркәсіп саласында да адам айтқысыз жетістіктерге қол жеткізді. Мәселен, осындай қысқа мерзім ішінде Қазақстанның түсті металлургия саласында ондаған рудниктер, шахталар мен байыту фабрикалары ашылды. Содан кейін Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, Теміртаудағы металлургия зауыты, Гурьев мұнай айдау зауыты іске қосылды. Кенді Алтай өнімдері, Шымкент қорғасыны, Балқаш мысы, Ақтөбе ферроқорытпалары, Қарағанды көмірі, Ембі мұнайы - осылардың бәрі майдан қажеті үшін жөнелтіліп жатты.

Осындай сұрапыл жылдарда да қонақжай, адал ниетті, ақкөңіл, меймандос халқымыз ізгілік сипатын, адами қасиеттерін жоғалтып қоймады. Ресейден, Украинадан, Белоруссиядан, басқа да республикалардан келген баспанасыз миллиондаған адамдар мен жетім-жесірлерді халқымыз құшақ жая қарсы алып, шын жүректен бауырына басты. Босқындармен өз баспанасын да, қолындағы соңғы тілім нанын да бөлісіп жеді. Әрине, мұның бәрі де мақтан тұтарлық әрекеттер, Жеңіске жетуіміздің бірден-бір себепшісі.

Балам, сенің бұл халқың-батыр халық,

Батырлығын жауына татырды анық, - деп ақындар жырына арқау болған халқымыздың батырлығы, ерлігі қан майданда талай рет дәлелденді. Дүниені дүр сілкіндірген осы алапат соғыста қазақтың 497 азаматы Кеңес Одағының Батыры атағын алды, тарихта өшпестей із қалдырды. «Ел шетіне жау тиді» дегенді естігенде Қабанбай, Бөгенбай, Амангелді батырлардың ұрпақтары қолдарына қару алып, бір кісідей кеуделерін оққа тосуға әзір екендіктерін білдірді, елі үшін өлуге, елін қорғауға ант берді. Қазақ халқынаң ой-сезімін Шығыс Қазақстан облысындағы «Еңбек» ауыл шаруашылық артелінің колхозшысы Рақым Қондыбаевтың: «Фашистік құзғындар еркіндік сүйгіш халықты құлдыққа түсіруге, жерімізді, малымызды тартып алып, мойнымызға арқан салуға тырысады. Бұлай болмақ емес! Қазақ халқы бойындағы Амангелдінің айбынды рухы өлген жоқ. Біздің даламызда ержүрек жігіттер мен сәйгүлік аттар қашан да бар. Отан соғысында қазақтар құлдыққа түсірушілерге қарсы қасық қаны қалғанша шайқасады деп ант етеміз!» деп қасиетті жерімізге шабуыл жасаған фашистік хайуандардың сұмдық арсыздығынан сырт қала алмайтындығын, басқыншы жауға туған жер топырағын таптатпайтындығын айтқан жалынды сөздерінен көре аламыз.

Жау жағадан алғанда елін қорғау өмірлік парызы деп білген, елін ерлерше қорғап, Отан соғысының лаапылдаған отының ішінде қаза тапқан жалынды публицист, ер жүрек жауынгер Баубек Бұлқышев Отанды қорғауды азаматтық борышы деп түсінді. «Өмір сүргім келеді» деп шырылдаған небәрі жиырма сегіз жастағы жауынгер өзінің ерен еңбегі мен керемет батырлығының арқасында дүние жүзіне танылып, үлкен құрметке бөленді. Жауынгер қаламынан шыққан жалынды үн жерлестерінің жанын тебірентіп, отты жылдарда өз рөлін атқарды, болашақ ұрпаққа айнымас ұран болып қалды.

«Біз-кеңес адамдарымыз, біздің жүрегіміз темір емес. Бірақ біздің кек отымыз қандай темірді болса да ерітіп, күйдіріп жібере алады... біздің үрейді жеңетін ең күшті қаруымыз бар, ол - Отанға деген сүйіспеншілік», - деп еліне, жеріне деген шексіз махаббатын, құрметін майданда дәлелдеген, бүкіл әлемді шошытқан халқымыздың біртуар азаматы, қайталанбас тұлға Бауыржан Момышұлының ел үшін еткен еңбегін айтпай кеткен мүмкін емес.

Даңқы генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316-атқыштар дивизиясының құрамында Мәскеу түбіндегі ұрыстарға қатысудан басталған Б.Момышұлы тарих сахнасына шықты. Атақты әскер қолбасшысы Б.Момышұлы жарық жолын Жетісудан бастап, Европаның төріне - Берлинге барып ат басын тіреді. Полк командирінен дивизия командиріне дейінгі даңқты жолды басып өтті. От-жалын кешіп жүріп:

Болса егер менің саған керегім,
Күндерімді, түндерімді,
Ой толқынын, сыр толқынын
Саған ғана беремін! - деп ерлікті, елдікті, отансүйгіштікті насихаттады.

Баукең - соғыс өнерін жетік меңгерген, әскери қимылдарға әзірліктің және оны жүргізудің теориясы мен практикасын, әскери стратегияны, оперативтік өнер мен тактиканы ұтымды қолдана білген қолбасшы. Ол - 207 рет соғысқа қатысқан қаһарман батыр. «Халқымның қарапайым бір ұлымын, жанымды арым үшін құрбан еткен» дейтін өмірлік ұстанымынан бір мысқал да ауытқымаған, бойында иненің жазуындай жалғандығы жоқ, бір өзіне ғана жарасар ерлік пен өрлік бар, төрт жыл сыз жастанып, жер кепе мен окопта ұйқысыз, мазасыз түндерді, кескілескен шайқастарды басынан өткізген қайсар да қайтпас ер есімі қазірде батырлықтың символына айналды. Қан майданда от көсеп, қан күреген батыр Мұхтар Шаханов тілімен айтсақ:

Көз жұмғанша ел мүддесін ту ғып ұстап қасарған,
Ар мен намыс сөз болғанда өзіңнен кім аса алған?
Бір ғажабы: қан майданда көзсіз батыр атанып,
Куәлігін жарты ғасыр кеш алған.

Бұл баршамызға белгілі 1991 жылдың 11 желтоқсаны еді.

Баукеңнің ел алдындағы биік бағасы, сіңірген еңбегі, өнегелі өмірі, қатал да суық мінезі, алмас қылыштай қиып түсер өткірлігі, айта берсек таусылмайтын, қайта жыл өткен сайын жаңарып отыратын жақсы қасиеттерді Табиғат-Ана біртуар жанның басына үйе салғаны қандай ғанибет!

«Есімі ер жүрегінде сақталған ер ғана бақытты» деп Баукеңнің өзі айтқандай, оның есімі ел жүрегінде мәңгіге сақталды. Ендеше, Бауыржан батыр шын мәнінде бақытты ер!

Майданда шайқасып, жеңілістің ащы дәмін де, жеңіс қуанышын да татқан жерлестеріміздің бірі, ротаның саяси жетекшісі - Василий Клочков. Оның «Россия кең-байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ, артымызда Москва!» деген жалынды сөздері бүкіл әлем жұртшылығына тарап кетті. Ол жетекшілік еткен 1075-атқыштар полкінің танк жоюшылар тобының 1941 жылғы 16 қарашада Дубосеково разъезі түбінде жаудың он сегіз жауынгерлік машинасын жойып, оны шығысқа жібермеген өшпес ерлігі бүкіл дүние жүзіне мәлім. Сондықтан да, 28 батырдың бейнелері әндерде, дастандарда, аңыздарда айтылып, мәрмәр тастарда қашалып, бояулармен бейнеленіп мәңгілікке қалдырылды.

Рейхстаг баспалдақтарының кіре беріс бағанына бірінші болып шабуыл туын қадаған Ақмола қаласының Қырыққұдық деген жерінде туып өскен Қазақ лейтенанты Рахымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер, вяткалық орыс Григорий Булатов еді. Бұл туралы 1945 жылдың 3 мамырында Берлинде шыққан «Воин Родины» газетінде: «Они отличались в бою! Родина с глубоким уважением произносит имена героев.. Над цитаделью гитлеризма они водрузили знамя Победы. Запомним имена храбрецов: Рахымжан Кошкарбаев, красноармеец Григорий Булатов» деп жазылған еді.

«Қолын кессең бір сөз айтпас,
Шын қаһарман ер жігіттер

Аз болмады қазақта» дегендей, төсін оққа төсеген батыр аталарымыз Т.Тоқтаров, М.Ғабдуллин, Н.Әбдіров, Р.Амангелдиев, С.Баймағамбетов, Д.Шыныбеков, С.Жылқышев, Т.Мырзаевтың есімдері алтын жұлдыздың сәулесімен шағылысып, өткен ғасырдағы сұрапыл күндерді еске салады.

Сол майданда біздің аруларымыз да талай қиындықтарды бастан кешті. Қолдан келместей көрінгенімен, сол кездері нәзік жанды әйелдер кез келген батырдың өзін қайыстыратын жүк көтерді. Олар өздеріне ешқандай жеңілдікті талап етпестен, қашан да жауынгерлермен бір сапта тұрды. Тіптен, дәл осы қыздардың бар болуы жауынгерлерді рухтандырып, оларға күш-қуат берді.

Ерліктің қос қанаты деп білемін

Аяулы Әлия мен Мәншүгімді, - деп есімдерін ән-жырға арқау еткен шығыстың қос жұлдызы Әлия мен Мәншүк есімі бүгінгі ұрпаққа ерліктің ғажайып үлгісі деп айтар едім. «Майданға жіберетін ешкімім жоқ, ағам да, апам да жоқ, сондықтан менің өзімді жіберуді өтінемін» деп Алматыдағы медицина интитутының жас түлегі Мәншүк Мәметова Отан қорғаушылар қатарына өз еркімен қосылғысы келетінін білдірген болатын. Жас қыздың қайтпас қасарлығы таң қалдырмай қоймайды. Сол секілді мергендігімен талай жаудың көзін құртқан Әлия есімі тарих парақтарында алтын әріппен жазылып қалды. Мәншүк пен Әлиядан басқа халқының абыройын асырып, елінің даңқын шығарған, от пен оқтың арасында жүріп, жаралыларды өлімнен құтқарған көптеген Қазақ қыздары майдандағы ерліктеріне лайық орден, медальдармен, бас қолбасшының алғыс хаттарымен марапатталған. Алайда, осы сұрапыл қанды қырғында өмір мен өлімнің арасында жас өмірін сарп еткен Қазақ қыздары жөніндегі деректер өте аз, олардың көбісінің есімдері де белгісіз. Мұны майдангер Қазақ қыздары кешіре қоймас!

Әлеуметтік-тарихи өзгерістер мен құбылыстарға қашанда алдымен үн қатуға, өз үнін білдіруге әзір елгезек халық ақындары мен жазушыларының шығармалары бұл жылдары ерекше шабытқа толы болды. Олар жазушылар мен ақындардың туған халқына қалтықсыз қызмет етіп, соның мұңын мұңдап, жырын жырлауының айқын айғағы еді. Бұл шығармаларда неміс фашистеріне деген кек пен өшпенділік, халықты ізгі күреске шақыру, үндеу сарыны көрінді. Әсіресе, Отанға төнген қауіп 96 жастағы қарт ақын Жамбылды тыныш жатқызып қоймады.Соғыстың алғашқы төрт жылында ол үш мың жолдай жыр төкті. Олардың ішіндегі ең көркемі әрі құндысы «Ленинградтық өренім» толғауы еді. Бұл өлең 1941 жылы 900 күн, 900 түн қоршауда қалып, елден бөлініп, қиын шақты басынан өткізген қаһарман ленинградтықтарға арналған болатын.

Ленинградтық өренім,
Мақтанышым сен едің.
Нева өзені сүйкімді

Бұлағындай көремін, - деп басталатын толғау қалада радиолардан беріліп, әр көшеде, алаңда плакат ретінде жазылап, қала халқына, Ленинградты қорғаушыларға зор қуат берді, орталық газеттерде және майдан газеттерінде басылып жатты. Майдандағы әскерлер де, тылдағы жұмысшылар да, аналар мен қарт әжелер де, тіпті жас балалар да Жамбыл өлеңін сүйсініп оқыды. Жауынгерлер ақынның жалынды сөздерінен керемет рухтанып, арыстандай арпалысты, мыңдаған адамдар көздеріне жас алып, жігерленді. Себебі, Жамбыл бұл өлеңінде әскердің қаһармандығын, жауға деген өшпенділігін айтады. Ақын: «Жата алмаймын төсекте жаным қалай жайланат» деп, өзін олармен бірге санайтынын білдіреді.

Халық ақыны Н.Байғанин шығармаларының басты тақырыбы майданға көмекті күшейту, жауынгерлердің рухын көтеріп, олардың бойында ел алдындағы борышты өтеу сезімін тәрбиелеу болды. Ақын жауға деген ыза-кегін:

Өлер күнің таянды:
Халық түгел ашынған,
Алар сенен қанға-қан
Алар сенен жанға-жан
Жоқ боларсың, бітесің,
Адам жауы-сұр жылан,- деп білдіреді.

Осындай сұрапыл жылдары бір қолына қару, бір қолына қалам ұстаған өршіл рухты, сыршыл батырымыз, жан дүниесі шымырлатқан шерге толы ақынымыз Қасым Аманжолов болды. Буырқанған була күшке, екпінді еркелікке толы, шиыршық атып, бұлқына ойнап тұрған айбынды, қайраты, тепсініп темір үзердей ішкі қуаты сапырылыса, шайқала шапшыған ақын өлеңдерінде Отанға деген шексіз махаббатын керемет суреттейді. Ақынның осындай отты, өршіл шығармаларының бірі - «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы. Басқыншы зұлым жауға ең соңғы оғы қалғанша берілмей соғысып, ажалмен бетпе-бет тұрған, ерлікпен қаза тапқан жауынгер ақын Абдолланың ерлігін, батырлығын суреттейтін бұл шығарма керемет ұлтжандылықпен, ерекше айбындылықпен жазылған.

Қасиет-күші ұлы Отанның,
Қанатын бер қыран құстың!
Ашуын бер арыстанның,

Жүрегін бер жолбарыстың! - деген поэма үзіндісі «ата жаумен арпалысқан ұланды ұлы ететін, жаужүрек батыр ететін - оның Отанына деген махаббаты» дегенді дәлелдейді. Шынымен де, елін, жерін тебірене сүйген адам ғана батырға айналады!

Махаббат пен ашынудан серпіліп тұрған сұрапыл жігер-қайратты өр кеудесіне сыйғызған жас батырға арналған поэма - ақынның қасқырдай анталаған жауға қарсы ашынуы, айбары, дос туралы жан азасы еді...

Көңілге көп тоқыған
Кәрі-құртан ашынды.
Қара қағаз оқудан

Сауатымыз ашылды, - деп Қадыр Мырзалиев жырлағандай, Ұлы Отан соғысы, ондағы Жеңіс талай адамдардың тағдырын күрт өзгертті, талай жанның өмірін үзді. Ал енді бүгін, 9 мамыр күні, бұл мейрамды бүгінгі майдангерлер –соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгілерін көрсеткендер, ал бүгінде бейбіт еңбекке араласып жүрген Ұлы Отан соғысының мүгедектері тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің тылдағы қажырлы еңбектерімен жеңісті шыңдаған шаруалар тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің әкелерін, ерлерін, ұлдарын және сүйіктілерін көзінен жасы сорғалай жүріп төзімділікпен күткен аналар мен қыздар тойлайды. Осынау Ұлы Жеңіс күнінде Отанымыз үшін өзінің жанын пида еткен, туған-туысқандарына, жақын-жарандарына, тамыр-таныстарына қайтып оралмай қалған қаһарман ерлерді ел болып еске түсіреміз.

9 мамыр – фашизмді жеңген қаһарман халқымыздың мереке күні. Осынау қуаныш үшін өмірлерін қиғандарды еске алу күні. Бұл күні аналар мен жесірлердің жүрегі осыдан 65 жыл бұрынғыдай сыздайды. Бүгін жеңімпаздардың, олардың балаларының, немерелерінің жүрегі мақтаныш сезіммен лүпілдей соғады!

Ешқашанда жауынгер ерлігі мен жеңісті еңбегімен соққан еңбекшінің ерен ерліктері ұмытылмайды. Сол сұрапыл соғыста батырларымыздың сақтап қалған байтақ жеріміз бүгінгі күні дүние жүзі таныған, әлем мойындаған мемлекет болып қалуы біз үшін үлкен мақтаныш, жетістік. Бүгінде біздің азаматтық міндетіміз – болашақ ұрпақты Отанын сүюге, елінің, жерінің адал патриоттары, достық пен бірлік туралы түсінік беру арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу. Қазір Республикамыздың дүние жүзінің алдыңғы қатарындағы мемлекеттердің бірі болып, ең бастысы, елімізде бейбітшілік пен ынтымақтың өріс алып, халқымыздың тыныштықта бейбіт өмір сүріп келе жатуы - тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың адал да ұтымды тактикасының, үлкен парасат пен биік талғамының арқасында. Сондықтан біз, ХХІ ғасыр жастары, осындай байтақ елде тұрып жатқанымызға бақыттымыз!

Жауды жеңіп табанға сап,
Жермен-жексен еткен ерім.
Қуан,қуан, күлші сақ-сақ
Шын жеңіске жеткен елім!

+2 дауыс

Ұлы Жеңіске 70 жыл

Абишева Гульзада Алдабергенқызы,

Н.Тілендиев атындағы облыстық 

мектеп-интернатының 

тарих пәнінің ұстазы.

Жамбыл облысы, Тараз қаласы.

Елбасымыздың «Нұрлы жол – болашаққа бастау жол» атты жолдауында «2015 жыл - ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы» деп атап өткен болатын. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын ерекше атап өткен болатын.

Ұлы Жеңіске биыл  70 жыл толып отыр. Жеңіс! 1945 жылдың 9-мамыры күні дәл осы шаттық хабарды естіп тұрып, бүкіл әлем теңселіп кетті. Жер жүзі халықтарының жүректері қуаныштан лүпіл қақты... Кеңес Одағының тұрғындары 5  жыл бойы күндей күркіреген соғыста – 1418 күн мен түндерде, бүкіл жігерімен Жеңіске ұмтылған...

Миллиондаған адамдар мерт болды. Миллиондаған адамдар мүгедек болып қалды. Миллиондаған адамдар бет алдына босып кетті. Бірақ бәрібір Берлингтегі рейхстаг үстінде жеңіс туы желбірей көтерілді. Осы жеңісте Қазақстаннан шыққан  қаһарманмен жауынгерлердің қанымен, жанымен мына жарық өмір үшін аянбай ұмтылған зор үлестері бар еді.

Біз Жеңіс күнін жақындатқан, қаратүнек фашизмге қарсы жан  аямай күрескен әрбір жауынгерге қарыздармыз. Ұлы Отан соғысы және Ұлы Жеңіс. Бұл екі сөз бір-бірінен толықтыра түседі.  Ұлы Жеңіс біздің халқымыздың орасан зор құрбандықтарымен келген қасіретті арифметикасы.      

Соғыс салған зардап әлі күнге дейін толық жойылған жоқ. Олардың Отан үшін қан кешкен әрбір қадамы, жеңісті жақындата түскен әрбір күні ұмытылмайды. Өйткені, ерлік шежіресі ұрпаққа ұлағат, ертеңгі күнге үлгі боларлық сабақ. Биыл ТМД елдері осы соғыстағы ортақ ұлы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуде. Біз соғыстан кейін туған ұрпақ кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарындағы аға ұрпақтың – қазақтар мен қазақстандықтардың жанкешті ерлігі туралы тек оқулықтардан, көркем әдебиеттен және кинотуындылардан ғана білеміз.    

Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтардың рухына бас иіп, олардың ерлігінің саяси – кейінгі буынның азаматтық парызы. Соғыста біздің әкелеріміз ежелден еркіндік аңсаған ер қазақтың өршіл рухын, батырлығын әлемге паш етті. Қазақ ұлты ұландарының антқа адалдығын көрсетті.

Отан соғысы майдандарында, жау тылындағы партизандар мен Еуропа елдеріндегі қарсыласу қозғалысы қатарында шайқасып, фашизм концлагерьлерінде қаза тапқан өжет, қайсар қандастарымыз рухына бас иеміз. Әрине соғысты, оның қорытындыларын бағалауда әр ұрпақтың өз көқарасы болуы мүмкін. Уақыттың тарихи-саяси оқиғаларды бағалауға, саралауға өз таңбасын салуы – табиғи құбылыс. Бірақ олар түбегейлі, принципті мәселеде өзгермеуі керек. Көлемі, қаталдығы, адам және  материалдық шығыны жағынан екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихындағы ең жойқын соғыс болды.

Ол дүние жүзі халықтарының бестен төртінің тағдырына әсер етті. Соғыс қимылдары әлемнің 40  мемлекетінің аумағында жүрді. Ең соңғы деректер бойынша бұл алапатта 60 мил. адам қаза тапты. Кеңес Одағының адам шығыны ресми түрде 27 мил. деп есептеледі. Әлем 1941 жылы соғыста кім бастап, оған адамзат тарихында бұрын-соңды болып көрмеген қандай қатер төніп тұрғанын бірден сезді.

Бүгінгі ұрпаққа Ұлы Отан соғысындағы Кеңес Одағы мен оның халықтарының жеңісінің факторлары туралы айту парыз. Оны жас ұрпақ  білуі керек. Ол соғыстағы жеңістің қайнар көздері, негіздері мен қозғаушы күштері туралы ондаған, тіпті мыңдаған еңбектер жазылған.

Қазақстанның Ұлы Жеңіске үлесі  айрықша болды. Республикамыз халқы қаһарлы  жылдары тас- түйіндей бекілді. Қазақстан халқының соғыс қажеттеріне жұмылдырылуы 24% жеткен. Ал екі майданда бірдей соғысқан Германия халқының соғысқа жұмылдырылуы 12 % болған. Осы деректен-ақ тылдағы еліміз залқына қандай ауыртпалық түскенін айқын көруге болады. Салмақ әйелдер мен жасөспірімдерге түсті. Соғыс жылдары өнеркәсіпте еңбек еткендердің 50% жеңіл, сондай- ақ тамақ өнеркәсібінде 85-90%, ауыл шаруашылығында 80%  астамы әйелдер болды. Жастар жұмыс істейтіндердің 35-40% құрған. Осындай жұмысшылар құрамымен Қазақстан соғыс жылдары КСРО-да өндірілген молибденнің 60%, металдық  висмуттың  65%, полиметалл рудаларының  79%, мыстың  35%, қорғасынның  83%  берді.  Батыс аудандардан көшірілген 220 кәсіпорынды қабылдап, қысқа  мерзімде іске қосты. Өз халқының тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы төмен бола тұрса да республикамыз соғыс жылдары орталыққа 4 829  мың тонна астық, 600 мың тонна ет тапсырды.

Республика малшылары Қызыл Армияға  110 мың ат берді, бұл 10 атты әскер дивизиясын құруға жетті. Соғыс өртіне шалынған аймақтардан эвакуацияланған жүздеген мың адамдарды, кейіннен саяси-сүргінге түсіп, депортацияға ұшыраған 1 миллионға жуық әртүрлі этнос өкілдерін қабылдады. Мұның бәрі республикадағы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды одан әрі күрделендірілгені белгілі.

Халқымыз осының бәріне ерекше төзімділік көрсетіп, тағдыр талқысымен келгендерге қол ұшын берді. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігі үшін 500 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Биылғы жылы Ұлы Отан соғысының  аяқталғанына  70 жыл толып отыр. Соңғы мәліметтер бойынша, бұрынғы Кеңес Одағының  27 миллиондай адамын жалмаған сұрапыл соғыста Қазақстаннан  1 миллон  600 мыңдай жауынгер  жауларға қарсы жан аямай шайқасты. Одақ бойынша  12 мыңнан астам жауынгерлер, командирлер, қолбасшылар, партизандар, қарапайым халық өкілдері  1934 жылы белгіленген ең жоғарғы атақ – Кеңес Одағының Батыр атағын иеленеді. Солардың қатарында осы үлкен атаққа қазақ ұлтының   103 азаматы ие болыпты. Бұрынғы деректерде, тіпті тарих оқулықтарының беттерінде бұл сан  бірде 97, бірде  98  болып беріліп келген болатын.

Қазақсан Ұлы Отан соғысына біртұтас елдің құрамдас елдің құрамдас бөлігі ретінде кірісті. Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің  1941 жылғы қаулысымен Қазақстан және Орта Азия, Кавказ Респуликаларында ұлттық әскери құрамалар жасақтала бастады. Сол жылы қазақ жерінде жеті атқыштар дивизиясы, үш атты әскер дивизиясы, үш атқыштар бригадасы құрылды.

Қазақстанда жасақталған 316 атқыштар дивизиясының (командирі генерал – мойор И.В.Панфилов) бөлімшелері 1941 жылдың 16 қарашасында Мәскеуге өршелене ұмтылған неміс басқыншыларының тегеурінді шабуылын тойтарып, жанқиярлық ерліктің жарқын үлгісін көрсетті. Волоколамск тас жолындағы Дубосеково бекетін қорғаған атақты 28 –ші панфиловшылар сапында Н.Есболатов, Ә. Қосаев, А.Қожабергенов, М.Сеңгірбаев сынды қазақ жауынгерлері қаһармандықпен шайқасты. Осы жылдың 18-21 қарашасында Мәскеуді жаудан қорғау шайқастарында ботальион командирі, аға лейтенант Бауыржан Момышұлының сарбаздары асқан ерлік көрсетіп, даңққа бөленді.

1942 жылы Бородино  селосының маңындағы қиян-кескі ұрыста қазақ жауынгері Т.Тоқтаров ішін оқ тіліп, ішек-қарны ақтарылып түссе де атысты тоқтатпады. Арыстанша алысып жүріп, 49 фашисті жер жастандырған Төлегеннің ерлігін асқақтатқан «Жас қазақ» әні бүкіл майдан даласына жайылды. Тарихқа «Сталинград шайқасы» деген атпен енген алапат ұрыс 6.5 айға (1942 жылдың шілдесінен -1943 жылдың ақпанына дейін) созылып, ақырында, неміс басқыншыларының бетін қайтарып, меселін басқан бетбұрысты  кезеңге айналды.

1943 жылы Невель қаласы үшін  ұрыста пулеметші Мәншүк Мәметова ерлікпен қаза тапты. Оған Кеңес одағының Батыр атағы берілді. 1944 жылы жойқын шабуылға  шыққан Кеңес әскерлері 900 күн жау құрсауында қалып, адамзат тарихы білмеген азапты күндерді бастан өткеріп жатқан Ленинград қаласын азат етті. «Ленинградтық өренім» деген жыр жолдап, аштық пен жалаңаштықтан қиналған қала тұрғындарының жігерін жанып, рухтарын көтере білді.

Ұлы Жеңіс әкелген құндылықтар туралы айтқанда ойға ең алдымен сол бір қантөгіс, жиһангерлік соғыстан аман қайтқан ағаларымыз бен апаларымыздың соғыстан кейінгі қоғамдық өмірдің әр саласында атқарған адамгершілік, тәрбиелік, отансүйгіштік, жас ұрпаққа қамқорлық, әділеттілік пен тазалықтық қорғаушысы болған ерекше миссиясы туралы айту парыз. Иә, майдангерлер қай салада да үлгі  болды.

Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жүйесіне, Қазақстанның индустриялы, аграрлы ел болып қалыптасуындағы басқару мектебін құрудағы рөлін айту парыз. Отан соғысынан қайтқан жеңімпаздар аса құштарлықпен, адалдықпен, іскерлікпен еңбек етті.  Отан соғысы жеңімпаздарының ерекше миссиясы туралы айтқанда ғалымдарымыздың екінші тылдағы ерлігі туралы айту қажет. Белгілі ғалымдар М.Ғабдуллин, С.Аманжолов, С.Бәйішев, А,Нүсіпбеков, С.Зимонов, А.Абдуллин, Ә.Қайдаров және басқалары соғыс кезінде ең қиын сәттерде жауынгерлердің арасына саяси-  тәрбие жұмысын жүргізіп, алдыңғы шепте аянбай  соғысса, соғыстан кейін ғылымның бүкіл бір саласына бағдар, басшылық жасап, Қазақстанда іргелі ғылымның дамуына ерекше үлес қосты.

Ұлттық акдемияның академиктері атанды. Соғыстың от-майданында жүріп «алты малтаны ас етіп», «толарсақтан қан кеше жүріп», елге  жеңімпаз ретінде оралған олар соғыстың ерлік рухын, адам бойындағы бар қасиетке сын болған алапат қиыншылықта өзінің азаматтық арына дақ түсірмей, тіпті дәлірек айтсақ қазақ ұлты ұландарының  ерлігі мен мәрттігі,  жанкештілігі мен төзімділігі туралы  бүгінгі ұрпаққа жеткізген кешегі өткен Бауыржан Момышұлы мен Қасым Аманжолов, Жұбан Молдағалиев бастаған жазушылар мен ақындардың шығармашылық ерлігін, бүгінгі ортамыздағы қайырымдылық пен әділдіктің, патриоттықтың жыршысы мен күзетшісіндей  Әбдіжәміл  Нүрпейісов, Әзілхан  Нұршайықов, Мұзафар Әлімбаев, Қалмұқан Исабаев және басқаларды айту парыз. 

Иә, 1945   жылдан бері көп оқиға болды. Бірнеше ұрпақ ауысты. Елімізде түрлі күрделі оқиғалар болды. Әлемнің саяси картасында Тәуелсіз  Қазақстан мемлекеті берік орын тепті. Кеңес жауынгерлерін өз туының астына топтастырған коммунистік идеология мұрағатқа кетті. Соғыстың қорытындысында қалыптасқан социалистік лагерь, әлем саяси дамуының бағытын анықтаған Ялта бейбітшілік шарты, Варшава шарты ыдырады. Кеңес халқының Ұлы Отан соғысындағы ерлігі әлемді таңқалдырып, мойындатты. Оған қазақстандықтар мен қазақтар қосқан қасиетті де қаһармандық ерлік үлес – ерлікті біз мақтан тұтамыз. Аға ұрпақтың ерлігі мен әскери даңқы жас ұрпақты Отанымыздың болашағы үшін азаматтық жауапкершілікке, елін қорғауға әзір болу рухын сіңіреді. Олардың ерлігі алдында тағзым етіп бас ию тірілерге қажет.

Ер есімі - ел есінде мәңгі сақталады. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмақ емес. Тәуелсіз Қазақстан елі өз боздақтарын қастерлеп, қасиеттейді! Біз өз аталарымызды  мақтан тұтамыз өйткені,  олар біз үшін Отан үшін  қасық қандары қалғанша  күресіп, бізге  жеңіс сыйлады. Бұл жеңістің басты себебі, әрине, халқымыздың Отанға деген сүйіспеншілігі, қайтпас қайсар ерлігі, сын сағаттағы отаншылдық қасиеті. Екіншіден, ортақ жауға  қарсы күрестегі көп ұлтты КСРО халықтарының ынтымағы мен достығы еді.

Бұл соғыста Кеңес Одағын мекендеген барлық халық бір жеңнен қол, бір жеңнен бас шығарып  отанын қорғады.  «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» - дей келе Ұлы Отан соғысының 70  жылдығына орай  ата-бабаларымыздың рухына тағзым ретінде олардың  ерен ерліктерін, жер, Отан, біздердің жарқын болашағымыз үшін жасаған ерліктерін мәңгілікке есте сақтап, жадымызда ұстаймыз. Қанша жылдар өтседе,  бұл соғыста ерлікпен қаза тапқан әрбір батырларымздың тарих төрінен орын алатыны және ұрпақтары  мәңгі жеңіс алауын сөндірмей, Отан үшін от кешкендерді әрқашанда жүрек түпкірімізде ұстаймыз. 

+2 дауыс

Ұлы Отан соғысының басталғанына - 70 жыл

1941 жылғы 22 маусым - тарихта мәңгі қалатын қасіретті күн. Жетпіс жыл бұрын осы күні Ұлы Отан соғысы басталды. Бүгін соғыс және еңбек ардагерлері, облыс орталығындағы кәсіпорындар мен ұйымдардың өкілдері, студенттер - елі мен жері үшін өмірін қиып, туған жерге оралмаған қаһармен ерлерді еске алып, рухтарына тағзым етті.

Қырық бірінші жылдың жиырма екінші маусымында таң қылаң бере фашистік Германия Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасады. Кеше ғана мектеп партасында отырған бозбалалар мен бойжеткендер елін жаудан қорғау үшін қолына қару алып, қан майданға аттанды.

Ақтай Кәкенов, Ұлы Отан соғысының ардагері: 
- Ол күнді енді ешқашан көрсетпесін. Кейінгі ұрпақ жыламасын-сықтамасын. Соғыста қаза тапқандарды бүгін біз қайғыра еске аламыз.

Бұл күні елі мен жері үшін өмірін қиып, туған жерге оралмаған қаһармен ерлерді бүкіл ел болып еске түсіреді. Қалың жұртшылық соғыста қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етіп, "Мәңгілік алау" мемориалына гүл шоқтарын қойды. Ескерткіш басына соғыс куәгерлерімен қатар, Отан үшін отқа түскен ерлердің ұрпағы да келді. Олар бейбіт күннің астында, егеменді елде тұру бақыты үшін аға ұрпақ алдында бас иеді.

Жанар Қалиева, Ақжарқын орта мектебі шағын орталығының тәрбиешісі, Ақжар ауданы: 
- Бүгін мәңгілік алау басына келіп, соғыста біздің жарқын болашағымыз үшін қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, гүл шоқтарын қойдық. Оларды ешқашан ұмытпаймыз. Әрқашан аталарымызға басымызды иеміз, құрмет тұтамыз.

Бұл күні жұртшылық 314-ші  атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің ескерткішіне, Жеңіс және қалалық саябақтардағы ескерткіштерге де гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ соғыс ардагерлері госпитальдарда көз жұмған жауынгерлердің рухына тағзым етіп, ескі қалалық молада жерленген ерлерді де еске алды.  
Бүгінгі ұрпақ тәуелсіз елде, бейбіт аспан астында өмір сүріп жатыр. Осы күндерді сыйлаған, ел ертеңі үшін кеудесін от пен оққа тосып, зұлмат соғыста қаза тапқан батыр жауынгерлер ешқашан ұмытылмақ емес.

Айымгүл Әбілева

0 дауыс

Жеңіс… Арман болған, Жеңіс!

Иә, оны сан миллиондаған адамдар төрт жыл бойы минуттап, сағаттап сарыла күтті. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ Кеңес халқы жан –тәнімен Отанын қорғады. Әрбір село, әрбір қала үшін кескілескен ұрыс болды. Қанішер неміс басқыншыларымен Кеңес азаматтары  аянбай шайқасты. Ақыры олардың  үміті мен  сенімі ақталып армандары орындалды. Бірақ ол Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Жеңіс жолында да Отан үшін от кешіп миллиондаған асыл  азаматтар мерт болды. Жауымен жан аямай шайқасып, ерліктің ерен үлгілерін көрсетті. Ана жарын жоғалтып жесір,бала ата-анасын жоғалтып жетім атанды. Фашистердің тұтқын лагерінде қаншама  ана мен бала айуандықпен азаптап өлтірілді.  Ал, тылда қалған қарт аналар бесіктен белі шықпаған  балалар соғыстың қайғы қасіретін арқалай жүріп тынбай еңбек етті.

Бірақ ешкімнің сағы сынбады, жігері жасымады. Олардың бойындағы отаншылдық сезімі, қолына қару алып сапта тұрған көптеген ұлт өкілдерінің тізе қосқан бірлігі мен ерлігі жеңісті жақындата түсті. Сұрқия соғыс біздің Қазақстаннан да аттап өтпеді. Жүз мыңдаған отандастарымыз соғыстың алғашқы  сәтінде –ақ майданға аттанды. Жауға атылған он оқтың тоғызы Қазақстанда жасалды.

Осы қан майданда мерт болған ерлердің  рухына, бүгін арамызда биік шыңдай болып жүрген аталарымызға басымызды иіп тағзым етуіміз керек. Олардың саны күннен –күнге азаюда . Сұрапыл соғыста «ел басына күн туғанда, етегімен су кешкен»  ерлер мен бірге қолдарына қару алып, Әлия мен  Мәншүк  апамыз да асқан ерлікпен қаза тапты. Қасиетті жеріміз, бейбіт жатқан еліміз, құлақ естіп, көз көрмеген апатқа ұшырады. Еліміздің жауынгерлері қасық қаны қалғанша шайқасты. Жеңіс жеңілдікпен келген жоқ. 27 млн адамның өмірін жалмады. Міне осынау елімізге лаң салған алапаттың жеңіспен аяқталғанына биыл 70 жыл толып отыр. Ешкім де, ешқашан да ұмытылмақ емес. Осы намысқой қазақтың көксегені бүгін де орындалды деп ойлаймын. Ендеше, бүгінгі ұрпақ бақытты ұрпақ. Қазақ болып туғандарыңды мақтан етумен қатар, ұлты үшін  намыс пен күш- жігерін арнайтын, арлы жас болып өсу бақытын тілеймін.
Сонымен, ардагерлер, ұстаздар, ата-аналар, оқушылар, Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі құтты болсын!
 
Нық басайық анағырақ табанды,
Тең ұстайық ,ширақ аттап қадамды.
Кетер есе, құрыш білек жауынгер,
Рухты бол жеңілмейтін табанды!
 
Алматы қаласы,М.Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі

Мыңбаева Назгүл

0 дауыс

Мен Атамды мақтан етемін!

Ғаламтордағы мәліметтер мен үлкен кісілердің айтуынша, соғысты бірінші болып қарсы алғандардың қатарында Кеңес Одағының батыс шебін күзеткен ондаған мың қазақстандық шекарашылар болды. Олардың біразы 1941 жылы Брест гарнизонында қызмет етіп, кейін тірі қалған қорғаушылары партизандар қозғалысына қосылды. Соғыс Қазақстан үшін кенеттен басталса да, бүкіл Кеңес Одағындағы өзге елдердегідей қазақтар да бірінші күннен соғысқа қатысты.

Бұл – біздің елімізге төнген үлкен қауіп, әрі сын еді. Отанымызды қорғауға еңбектеген жас та, еңкейген кәрі де аттанды. Осы соғысқа анамның атасы, менің атам да қатысқан екен. Ол кісі 1943 жылы шақырылыпты. Оларды Петропавл қаласынан таң ата батысқа қарай алып жөнеліпті. Эшелон тоқтаған әрбір станция бұларға жергілікті халық қолдарында бар тамақтарын беріп, ақ ниеттерін көрсетіп отырған. Межелі жерге жеткен кезде атамдар бірден ұрысқа кіріскен. Ұлы атам қан майданда отыз жеті ай болыпты. Өйткені, атам елге соғыс біте сала оралмапты. Біз мұны атамның соғыс кезінде жазған күнделігінен оқыдық. Күнделік атамның қызында сақталған екен. Мен атаммен мақтанамын!

Таменова Ардақ
4 «Б» сынып оқушысы
Б.Атыханұлы атындағы № 36 гимназия,
Алматы қаласы, Алмалы ауданы
Жетекшісі: Куранбекова Гулназ

Жеңіс туы желбіре

Жеңіс туы,
Жеңіс туы,
Желбіресін мәңгілік!
Жеңіс жыры,
Жеңіс жыры,
Асқақтасын жаңғырып!
Жеңісім – салтанат, сән, сәулет,
Жеңісім – береке, бақ, дәулет!

Ұлы Отан соғысы аяқталып, Жеңістің туы желбірегеніне биыл - 70 жыл! Жеңіс күні – бұл сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Бұл мереке – біз үшін де ұлы мереке! Ұлы Отан соғысы біздің әрбірім үшін ұмытылмастай ізін қалдырды.

Осы соғыста қаншама адам қаза тауып, қаншамасы мүгедек атанды. Қаншама ана жесір, балалар жетім қалды. Оңай келмеген жеңісте ерен ерлігімен көзге түсіп, ерекше сый-құрметке ие болған сан мыңдаған жауынгерлердің ішінде қазақ аталарымыз бен апаларымыз да көп. Ерлігін жыр қылып айтатын әрбір қазақ батырымызды ешбіріміз ешқашан ұмытпаймыз. Қазір қазақ елдімекендерінде көптеген көшелер, ғимараттар, оқу орындарына Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен қазақтардың есімдері де берілді. Ол деген біз, яғни, кішкентай қазақстандықтар өз ата-апаларының ерліктерін ұмытпасын, біліп жүрсін, мақтан етсін деген мақсат. Қазіргі кезде сол батырларымыздың қатары сиреп, азайып қалды. Олар - біздің мақтанышымыз!

9 мамыр – бұл мереке ғана емес, бұл халықтың батырлығы. Біздің парызымыз – бұл күнді ешқашан ұмытпай есте сақтау!

Биыл Ұлы Отан соғысының жеңісіне 70 жыл толуына орай еліміздің әрбір жерінде әртүрлі іс-шаралар, мерекелік кештер өткізілуде. Соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, қошемет жасалуда. Әрине, олардың орасан зор еңбегін еш уақытта өтеу мүмкін емес. Соғыс ардагерлеріне тағзым ете отырып, келешек еліміздің ертеңі жақсы болса екен деп тілеймін. Әрбір қазақ баласы өз Отанын анасындай сүюі қажет. Тәуелсіз еліміз өркендеп, өсе берсін. Еліміздің көк аспанында бейбітшіліктің, тәуелсіздіктің, азаттықтың туы әрқашан желбірей берсін! 

Маратова Жанель
3 «Ә» сынып оқушысы
Б.Атыханұлы атындағы № 36 гимназия,
Алматы қаласы, Алмалы ауданы
Жетекшісі: Мақпал Сембай

 Әрқашан күн сөнбесін!

Ұлы Отан соғысының аяқталғанына, мінеки, 70 жыл толды! Яғни, біз 70 жыл бойы бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Ұлы Отан соғысына қатысқан ержүрек те, батыл аталарымыз бен апаларымыз: Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Талғат Бигелдинов, Төлеген Тоқтаров біздің жерімізді, елімізді басқыншы жаудан қорғап қалған. Осы Алматының көптеген саябақтарында, көшелерінде олардың ескерткіштері қойылған. 1941-1945 жылдар аралығында болған соғыс қаншама жанның өмірін қиды, қаншама отбасы ер жігіттерінен айырылып, қара жамылды. Сол соғыс қаншама бүлдіршінді жетім қалдырды. Елді жоқшылық, аштық жайлады. Тылда еңбектеген баладан бастап, еңкейген қартқа дейін тынбай еңбектенді. Олар майдандағы солдаттарды өз қамқорлығына алды. Соғыс адамзат баласын біріктірді. Олар бейбіт өмір үшін қасық қаны қалғанша күресті.

Менің үлкен атам – Құрмансейіт соғыс басталғанда ер азаматтармен бірге соғысқа аттанған екен. Соғыс біткен жылы жапондарға қарсы соғысқа кетіп бара жатқанын ауылдас досы көрген. Сол соғыстан менің ержүрек атам қайтпады. Ол кісінің соғыстан кейін тірі қалғаны, қалмағаны белгісіз. Ол туралы хабарсызбыз.

Менің дәл бүгінгі күндей бақытты өмір сүруіме өз үлесін қосқан атамды мақтан етемін! Ол да батыр! Өйткені, 70 жыл бойына тыныш, бейбіт заманда өмір сүрудеміз.

Бүгінде соғысқа қатысқан ардагерлер азайып бара жатыр. Соғыс туралы әңгімелер ертегі сияқты. Көп қасірет әкелген соғыс енді қайталанбаса екен деп тілейміз.

9 мамыр – жеңіс күні ерлердің ерлігіне тағзым етеміз, ортамыздағы ардагерлерге құрмет көрсетеміз.

Әр баланың жүрегі
«Әрқашан күн сөнбесін!
Аспаннан бұлт төнбесін!
Қасымда болсын Анам!
Болайын мен де аман!» - деп әндетеді.

Еркінқызы Назерке
4 «Б» сынып оқушысы
Б.Атыханұлы атындағы № 36 гимназия,
Алматы қаласы, Алмалы ауданы
Жетекшісі: Мақпал Сембай

...