0 дауыс
103k көрілді

Киік – қандай аң, Киік туралы ақпарат, Киіктер саны Қазақстанда?

4 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап

Ақбөкен, киік (лат. Saiga tatarica) – жұптұяқтылар отрядының бөкендер туысына жататын, тұлғасы ірі, қойға ұқсас, дөңес тұмсықты, күйіс қайыратын түз жануары.Моңғолияда, Қалмақ даласы мен Қазақстанда ғана сақталған. Республикамызда Ақбөкендердің бір-бірінен жеке дара бөлінген Бетпақдала – Арыс, Үстірт және Еділ – Жайық деген топтары мекендейді. Текелерінің дене тұрқы 126 – 150 см, салм. 37 – 49 кг, ал ешкілері кішірек, дене тұрқы 109 – 127 см, салм. 22 – 37 кг-дай болады. Үстіңгі ерні салбырап, етті тұмсыққа айналған. Текесінің мүйізі қайқылау келеді, ешкісінде мүйіз болмайды. Жаз айларында арқа түсі сарғыш тартады, қыста түсі ақшылданады. Ақбөкендер шөл, шөлейтті және далалық аймақтарда тіршілік етуге бейімделген. Олардың қоныс өзгертуі ауа райына, Ақбөкен жұп тұяқты жануарлардың ішіндегі ең өсімталы, жылына бір рет төлдейді. Жаппай төлдеуі мамырдың 1-жартысында өтеді.

Олардың басты жауы – қасқыр, ал жас төлдеріне бүркіт, дала қыраны мен қарақұстар да шабуыл жасайды. Ақбөкен аусыл, пастереллез ауруларымен ауырады. Ақбөкен – дәмді еті, құнды мүйізі мен тұяғы, әдемі терісі үшін ауланатын кәсіптік маңызы бар жануар. Қазақстанда 1921 ж. Ақбөкенді аулауға тыйым салынған. 1957 – 58 ж. олардың жалпы саны 2 млн-нан асқаннан кейін, кәсіптік жолмен аулауға рұқсат берілді. Оның мүйізінен пантокрин дәрісі алынады, тұяғын күйдіріп, одан алынған күлді денедегі теміреткіге жағады, сусамыр ауруына шалдыққандарды емдеу үшін пайдаланады.

1978 жылы Шаргиин-Гоби мен Хойсыл-Гоби шөлдерінде 300 ғана бас киік қалған. 

XІX ғасырдың аяғында XX ғасырдың басында Қырым, Таврия, Казказ өңіріндегі киіктердің өрісі тарылып, жойыла бастаған. «Қазақстанда 20-жылдардың басында ақбөкендердің саны күрт түсіп кетті. 1917-18-жылғы қыстың жұты түз тағысының жүздеген мың басын шығынға ұшыратты. Сол кездегі жергілікті үкіметтің шешімімен, 1919 жылдан бастап Сарыарқада киік аулауға қатаң тыйым салынды. Бірақ одан көп өзгеріс бола қоймады, 1927-28-жылы болған жұттан кейін ақбөкендерге жер бетінен мүлде жойылып кету қаупі төнді», – деп жазады 1955 жылы зоолог Слудский.

Сарыарқада қазіргі жүрген ақбөкендер саны – 47-48 мың ғана. Ал осыдан жиырма жыл бұрын түзде жосыған киіктердің саны 1 миллион 400 мың болған екен.

Үкiмет ақбөкендердi 2006 жылы «Қызыл кiтапқа» ендiрдi. Және сол жылы жан-жануарларды қорғау мақсатында бюджеттен 200 миллион қаржы бөлдi. Ал үстiмiздегi жылы бұл қаржыны 270 миллионға жеткiзiп отыр. Әрине бұл игi шаралар қолға кеш алынып отыр.Өсiмтал жануар күтiмi көп, қорғауы жақсы болса, санаулы жылдардан соң саны қайта көбейiп, әлi-ақ даламыздың сәнiн келтiрер.

+2 дауыс

Қазақтар киік деп атайтын, ақбөкен деп жазатын түз тағысы – шөл, шөлейтті және далалық аймақтарда тіршілік етуге бейімделген. Ауа – райына, жайылымының жағдайына байланысты қоныстарын кейде ауыстырып отырады. Әйтпесе, қай аймақта да киіктердің арнайы түрде лақтайтын, өрістейтін тұрақты жері, сол өңірге жыл сайын жылы жақтан келіп, кері қайтатын арнайы жолы болады. Олар көктемнің кеш туатынын, қыстың қарлы боранды, суық болатынын алдын-ала болжап біледі, соған сәйкес тіршілік етеді. Киіктер жұп тұяқтылардың ең өсімталы, жылына бір рет лақтап, өсіп – өнеді. Лақтарын – құралай деп атайды. Жыл сайын мамыр айының 19-21 жұлдызы аралығында «Құралайдың салқыны» деп аталатын ауа райының құбылмалы кезеңі өтіп тұрады. Бұл күндері жаңбыр, кейде қар аралас жаңбыр жауып, температура суытады, салқын жел соғады. Өйткені, мамыр айының алғашқы жартысында киіктер 2-3 күнде лақтап болып, балалары жерде жатады. Күн суытысымен-ақ олар ызғарлы жерден тұрып, тәлтіректеп аяқ басып, енелерінің соңынан ерген күйі жүруді үйренеді. «Құралайдың салқыны» - табиғат – ананың киіктердің лағын ширатып, тіршілік етуге қадам бастырып, тәрбиелейтін қатал да ізгі мінезі. Киіктер көбінесе егізден, кейде 3 лақтан туады. Түз тағысы өсімдіктердің сексеннен астам түрлерімен қоректеніп, кейде аусыл, пастерелез дертіне де шалдығады. Ең бастысы, енесі өлген лақты киіктердің кез – келген ұрғашысы емізіп, аштан өлуіне жол бермейді. Олардың басты жауы – қасқырлар мен қарақшы аңшылар, лақтарының жауы – қарақұстар мен дала бүркіттері. Дәмді еті, құнды мүйізі мен тұяғы, әдемі терісі үшін бұрын кәсіптік маңызы бар жұп тұяқты жануар саналатын- ды. Қазақстанда 1921 жылы киіктерді аулауға тиым салынды да, 1957-58 жылдары олардың саны 2 миллионнан асқандықтан қайта аулауға рұқсат етілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 267 арнайы қаулысымен 2005 жылғы 25 наурыздан бастап елімізде ақбөкендерді (киіктерді, М.С.) аулауға тағы да қайта тыйым салынды, олардың санын көбейту және қорғау шаралары қолға алынды.

Киік (ақбөкен) текелерінің дене тұрқы 126-150 сантиметр, салмағы 37-49 келі, ешкілері кішірек, дене тұрқы 109-127 сантиметр, салмағы – 22-37 келідей. Үстіңгі еріні салбырап етті тұмсыққа айналған, текесінің мүйізі қайқылау келетін, ешкісінде мүйіз болмайтын киіктердің мүйізінен пантокрин дәрісі алынады. Тұяғын күйдіріп, одан алынған күлді денедегі теміреткіге жағады, сусамыр ауруына шалдыққанды емдеуге пайдаланады.

Осы қасиеттері үшін қазақ киікті дәріптеп: «киелі жануар , «қасиетті аң» деп бағалайды, ыңғайлы, әдемі заттарды «киіктің асығындай екен» деп, сұлу жанды «киіктің құралайындай әсем екен» деп суреттейді. Және де көпке араласпай, жеке жүретін, саяқ өмір сүретін жандарды «кісі киік» деп атайды. Біздің ана тілімізде «киіктің ойнағы, киіктің жатағы, киіктің суаты» деген бірқатар сөз тіркестері бар. «Құралайдың салқыны деп аталатыны тәрізді ауа – райында «Текенің бұрқағы» дейтін де кезең бар. Оны «киіктің маталуы» деп те атайды. Бұл кезде киіктің ұрғашысы мен еркегі «махаббат ойынын» жасап маталады, болашақ төлдің негізін салады. Сонда күн бұзылып, алай – дүлей боран да соғады. Ол желтоқсан айының соңғы онкүндігінде болады. Мұнда ұрғашы киіктерді қашыру 2-3 күннің ішінде толық аяқталады. Содан, көптеген аталықтар әлсірейді де біразы жыртқыштарға жем болып, саны азаяды.

Сүтқоректілердің жұптұяқтылар отряды, қуыс мүйізділер тұқымдасының өкілі – киіктер (ақбөкендер) жүздеген жыл бұрын Қазақстан жерінен Қара теңізге дейінгі қуаң далаларды мекендеді. Қазір киіктердің төлдеу орыны – Орталық Қазақстанда, Торғай, Қостанай өңірінде. Олар қыстау үшін Бетпақдала шөлінен Арысқұм, Қарақұм, Үстірт және Еділ – Жайық өзенаралық оңтүстік аймақтарына барады. Үйір болып өмір сүріп, әр аталықта бірнеше аналық болады, 10-12 жыл өмір сүреді, аталығы бір жарым, аналығы жарты жылда жыныстық жағынан жетіледі. Аналығы бес айлық буаздықтан кейін төлдейді.

Киіктердің саны қанша?

Ресми деректер бойынша 1960 жылдары елімізде киіктердің (ақбөкендердің) саны 1 миллион 300 мыңнан асыпты. Алайда мүйізі мен тұяғы үшін қырып – жоюдың, 1988 жылы Торғай өңірінде 500 мың киіктің қырылып қалуының салдарынан 2003 жылы еліміздегі киіктердің саны күрт азайып, олардың 21 мыңдайы ғана сақталып қалды. Біз Торғайда болған киіктер қырғынын өз көзімізбен көрген адамбыз. Сонда үкімет оларды топалаңнан қырылды деп жалған диагноз қойды. Оған халық сенбеді. Торғай өңірінен КСРО халық депутаттығына сайланған асыл ағамыз Еркеғали Рахмадиев те: «Мен де киіктердің топалаңнан қырылғанына сенбеймін!», - деп, үкімет алдына Амангелді, Жангельдин аудандарындағы киіктер қырғынына мұқият тексеру жүргізу туралы талап қойды.

Рас, 1999 жылы елімізде киіктерді (ақбөкенді) аулауға, 2004 жылдан бастап олардың мүйіздерін экспортқа шығаруға тиым салынған-ды. Тіпті, киіктерді құтқару үшін Республикалық мемлекеттік «Охотзоопром» атты да мекеме құрылған болатын. Амал не, қырдағы киіктер қырғыны одан кейін де тоқтаған жоқ. Сөйтіп, 1981 жылы Торғай өңірінде 180 мың бас, 1988 жылы 500 мың бас, 1984 жылы Батыс Қазақстан облысында 250 мың бас, 2010 жылы осы облыстың бір ғана Жәнібек ауданында 12 мың басқа жуық, 2011 жылы осы өңірде 400 бас киік қырылып қалды. 2012 жылдың мамыр айында Қостанай облысының Жангелдин ауданының аймағынан қаскөйлердің 85 бас киікті (79 басы теке) атып, өлтіріп кеткені анықталды.

2012 жылғы көкек айында киіктердің жеке топтарының санын анықтау жұмыстары жүргізілді. Мұның ішінде Бетпақдала тобындағы ақбөкендердің (киіктердің, М.С.) санын анықтау 8-26 сәуір аралығында, Үстірт тобында - 11-17 сәуір аралығында, Жайық тобында – 19-23 сәуір аралығында жүргізілді. Осындай санақ нәтижелері бойынша бір қуанарлық жағдай, қазір елімізде 2008 жылдан бастап киіктердің саны жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Яғни, 2008 жылы Бетпақдала тобында 32,3 мың бас, Үстірт тобында 10,4 мың бас, Жайық тобында 18,3 мың бас, барлығы 61,0 мың бас киік бар болса, Бетпақдала тобында 2009 жылы 45,2 мың бас, 2010 жылы 53,4 мың бас, 2011 жылы 78,0 мың бас, 2012 жылы 110,1 мың бас киік болыпты. Тек Үстірт тобында 2009-2010 жылдары киіктер азайып, 2011-2012 жылдары ғана қайта өсе бастаған. Жайық тобында 2011 жылы ғана өсім азайып, 2012 жылы өсім қайта көбейген. Соған қарамастан, 2012 жылы Бетпақдала тобында 110,1 мың бас, Үстірт тобында 6,5 мың бас, Жайық тобында 20,9 мың бас киік болып, барлығы 137,5 мың басқа жеткен. Яғни, осы үш топта киіктердің өсімі мынандай: 2008 жылы – 61,0 мың бас, 2009 жылы – 81,0 мың бас, 2010 жылы -85,5 мың бас, 2011 жылы – 102,0 мың бас, 2012 жылы – 137,5 мың бас.

0 дауыс

Кербез киік (лат. Antilope cervicapra) - қуысмүйізділер сүтқоректілер тұқымдасы. Бір ғана түрі бар.

Сипаттама

Денесінің ұзындығы 100-150 см - шоқтығының ұзындығы 60-85 см. Еркегі ұрғашысынан едәуір ірі. Еркектерінің ғана мүйізі шиыршықты дөңгеленген.

Таралуы

Үндістан эндемигі - (оңтүстіктен Гималайға дейін). АҚШ - (Техас) жерсіндірілген. Шөптің төмен өсімділігі бар жерлерде мекендейді. Бала 1-2. Саны және таралу аймағы қысқартылған.

0 дауыс
  1. КИІК КИЕЛІ АҢ .ОНЫ АУЛАУҒА БОЛМАЙДЫ .ӨТЕ ЖЫЛДАМ АҢ .КИІКТІҢ ЖАУЛАРЫ ҚАСҚЫР Т.Б. БОЛЫП САНАЛАДЫ .
...