«Ер тоңға»
«Ер тоңға» - түркі халықтарының арғы ататегі тарихынан сыр шертетін қаһармандық жыр. Біздің заманымызға «Ер тоңға» жырының жалпы сюжеттік желісі мен жекелеген үзінділері ғана жеткен. Әйтсе де, сол үзінділерінің өзінен-ақ бұл жырдың мазмұнын, негізгі идеясын, көркемдік дәрежесін аңғару қиын емес.Жырдың басты қаһарманы - Алып Ер Тоңға.Алып Ер Тоңға - аты аңызға айналған тарихи тұлға. Алып Ер Тоңғаның тарихи тұлғасы мен дастандағы әдеби бейнесі жайында кезінде Әбу Райхан әл-Бируни, Махмұт Қашқари, Мухаммед Хайдар Дулати, Хамза Исфахани, Рашид әд-Дин, т.б. аса құнды пікірлер айтқан. Бұлардың бәрі де жырдың басты қаһарманы Алып Ер Тоңғаны мемлекет қайраткері ретінде сөз етеді. Олар, әсіресе Тұран мен Иран арасындағы соғыста Алып Ер Тоңға өзін аса дарынды әскери қолбасшы ретінде танытқанын ерекше атап көрсетіп отырады. Бір қызығы — парсы елінің ұлы шайыры Фирдоуси (940-1030) осы «Ер тоңға» жырын түпнұсқадан толық күйінде оқыған сияқты. Ол өзінің әлемге мәшһүр «Шаһнамасында» Тұран елінің патшасы, әскери қолбасшысы, даңқты батыры Алып Ер Тоңға жайындағы әфсана-аңыздарды, тарихи деректерді, мактау өлеңдері мен жоқтау жырларын аса дарынды сөз зергерлеріне тән шеберлікпен пайдалана білген. Алайда бұл арада мықтап ескеретін бір жайт бар. Алып Ер Тоңға - Тұран елі үшін жағымды қаһарман, ал Иран жағы үшін ол нағыз жау, басқыншы патша болып саналады. Сол себепті ұлы шайыр «Шаһнамада» Алып Ер Тоңғаны, яғни Афрасиабты, бір жағынан, жанкешті батыр, орасан күштің иесі, дарынды қолбасшы етіп көрсетсе, екінші жағынан, Иран елін қанға бөктіруге әзір тұрған залым патша ретінде бейнелейді. Соның өзінде, Фирдоуси өз шығармасында Алып Ер Тоңғаның түркі жырындағы батырлық келбетін көп өзгертпей, сол күйінде сомдап берген. Фирдоусидің «Шаһнамасында» Тұран елінің қалың қолын бастаған Афрасиаб (Алып Ер Тоңға) жорықтарын бейнелеп көрсеткен он шақты арнаулы тарау бар. Олар: «Афрасиабтың Бәрман мен Құмайынды Сұхраб құзырына жіберуі», «Афрасиабтың қорқынышты түс көруі», «Афрасиабтың қайраткерлермен мәслихат құруы», «Сияуыш пен Афрасиабтың бір-біріне ант беруі», «Афрасиабтың Сияуышқа хат жазуы», «Афрасиаб пен Сияуыштың аңға шығуы», «Афрасиаб ордасына Рүстемнің түнде шабуыл жасауы», «Афрасиабтың ирандықтардан жеңілуі», т.б. Бірқатар зерттеушілер ұлы шайыр Фирдоусидің «Ер тоңға» жырын Шығыс поэзиясына тән иозира дәстүрі бойынша парсы тілінде қайта жырлап, Афрасиаб жорықтарына өзінше баға бергенін айтқаны мәлім. Қалай болған күнде де, Фирдоусидің «Ер тоңға» жырын әлемге әйгілі «Шаһнамада» зор шеберлікпен пайдаланғаны даусыз. Сондай-ақ ислам дәуірі әдебиетінің аса көрнекті өкілі, ғұлама ақын Жүсіп Баласағұн (11 ғасыр) да кезінде «Ер тоңға» жырын түпнұсқадан оқып, оны өзінің «Құтты білік» дастанында пайдаланған. Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» дастанының Алып Ер Тоңғаны жырлауға арналған бөлімін «Мақтауға тұрарлық қасиеттер және ізгі істердің пайдасы туралы» деп атаған. «Құтты білік» дастанының 277-бетінен бастап 286-бетіне дейінгі аралықта түгелдей дерлік Алып Ер Тоңғаның ізгілікті істері, асыл тектілігі, даналығы, Тұран елін басқарудағы көрегендігі, дарынды қолбасшы, қарапайым халыққа қамқоршы болғаны, жомарттығы, мәрттігі, т.б. ізгі қасиеттері мадақталады. Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» дастанында мемлекет тұтқасын берік ұстап тұру үшін білім мен парасат қана емес, сонымен бірге, ерік, жігер, қаһар, өктемдік, өзгелерге үстемдік ететіндей ызғар қажеттігін айтады. Дәл осындай қаһарман - Алып Ер Тоңға деген түйін жасайды. «Ер тоңға» жырының негізгі идеясы - Тұран елін сыртқы жау- дан қорғау, түркі жұртын ішкі ынтымақ-бірлікке үндеу, туған жердің абырой-даңқын арттыра түсу болып табылады. Бұл шығарма Алып Ер Тоңға қайтыс болғандағы, бүкіл түркі елінің күңіренген жоқтау жырымен аяқталады. «Алып Ер Тоңғаны жоқтау» деп аталатын жыр Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» атты сөздігі аркылы бүгінгі күнге ешбір өзгеріссіз жеткен. Бұл жоқтау «Ер тоңға» жырының ең соңғы тарауы болса керек. Аяулы батыры қаза болғанда жоқтау айту дәстүрі түркі халықтары арасында күні бүгінге дейін сақталған. «Ер тоңға» жырында ақын батырды жоқтай отырып, өмірдің барлық адамдар үшін өткінші екенін, ғұмырдың мәңгі еместігін, Тәңір адамды ажалмен сынайтынын, тағдыр оғы тисе, тау шыңдары да быт-шыт болатынын зор күйініш сезімімен жеткізеді. Алып Ер Тоңға қайтыс болғанда бүкіл ел қайғырғанын, ең қатыгез батырлардың өзі еңіреп жылағанын, адамдардың нұрлы жүздері сарғайып кеткенін, батырлар өз жағаларын жыртып, айғай сап жылағанын ақын эмоциялық тұрғыда әсерлеп жеткізеді. Мұнда «тау қойнауы жыртылар», «атса оны кезеп», «атын болдыртты», «қайғы тойдыртты», «жүз сарғайды», «запыран жаққандай» деген сияқты тұрақты сөз тіркестері жиі ұшырайды. Сондай-ақ жырда Алып Ер Тоңға қайтыс болғанда қайғы халықты жүдетіп, тоздырып жібергендігі айтылады. Алыстан келген бектердің аты жүдеп, өздерінің жүзі қайғыдан сарғайып кеткендігі зор шеберлікпен жеткізіледі. Ақын өмірде ешкім тағдыр оғынан қашып қүтылмайды деген ой-пікірді ортаға салады. «Ер тоңға» жырының түпнұсқасынан бізге жеткен үзінділерін оқи отырып, түркі тайпаларының бұл қаһармандық жыры исламға дейінгі дәуірде, яғни араб, парсы поэзиясына тән термин сөздер әлі түркі поэзиясына әсер ете қоймаған кезеңде өмірге келгенін аңғарамыз. «Ер тоңға» жыры түркі тайпаларының байырғы поэтикалық өлең өлшемі ког үлгісінде туған. Бұл өлшем бойынша, жырдың алғашқы үш жолы өзара ұйқасады да, төртінші жолы келесі шумақтың тортінші жолымен ұйкасып отырады. Көне түркі поэзиясының көг өлшемі, негізінен, а-а-а-б; в-в-в-б; г-г-г-б түрінде болып келеді. Ежелгі түркі жырларына тән ұйқастың мұндай түрі бертін келе қазақтың ақын- жыраулары поэзиясынан да кең орын алғаны мәлім, Мысалы, Доспамбет жырау, Шалкиіз жырау толғаулары мен Дулат, Абай сияқты ақындардың өлеңдерінде көг өлшемі жиі ұшырайды. Көне түркі ауыз әдебиеті тудырған мұндай жыр өлшемін ұлы Абай өзіне ғана тән шеберлікпен жазба әдебиетте көркемдік дәстүр ретінде жалғастыра түсті. Бұған Абайдың «Білімдіден шыққан сөз» деген өлеңі дәлел.
Ұнаса "Жақсы жауапты" бас