Сыбайлас жемқорлықпен байланысты құқық бұзушылықтардың түрлері «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі - Заң) белгіленген.
Заңның 2-бабына сәйкес мемлекеттiк мiндеттердi атқаратын адамдардың, сондай-ақ соларға теңестiрiлген адамдардың лауазымдық өкiлеттiгiн және соған байланысты мүмкiндiктерiн пайдалана отырып не мүлiктiк пайда алу үшiн олардың өз өкiлеттiктерiн өзгеше пайдалануы, жеке өзi немесе делдалдар арқылы заңда көзделмеген мүлiктiк игiлiктер мен артықшылықтар алуы, сол сияқты бұл адамдарға жеке және заңды тұлғалардың аталған игiлiктер мен артықшылықтарды құқыққа қарсы беруi арқылы оларды сатып алуы сыбайлас жемқорлық деп ұғынылады.
Тәртiптiк, әкiмшiлiк және қылмыстық жауапкершiлiкке әкеп соқтыратын сыбайлас жемқорлықпен жымдасқан немесе сыбайлас жемқорлық үшiн жағдай туғызатын әрекеттер сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтар (сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылықтар) болып табылады.
Заңның 12-бабының талаптарына сәйкес мемлекеттiк мiндеттердi атқаруға уәкiлеттiк берiлген адамдардың немесе соларға теңестiрiлген адамдардың мынадай:
1) басқа мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың қызметiне заңсыз араласу;
2) аталған адамдардың не олардың жақын туыстары мен жекжаттарының материалдық мүдделерiн қанағаттандыруға байланысты мәселелердi шешу кезiнде өздерiнiң қызметтiк өкiлеттiгiн пайдалану;
3) мемлекеттік қызметке және мемлекеттік ұйымдарға және жарғылық капиталындағы мемлекеттің үлесі елу пайыздан көп болатын ұйымдарға, оның ішінде акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға, ұлттық даму институттарына, олардың дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы өздеріне тиесілі еншілес ұйымдарына, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы көрсетілген еншілес ұйымдарға тиесілі заңды тұлғаларға қызметке тұратын және қызметін жоғарылататын кезде заңда көзделмеген артықшылықтар беру (тамыр-таныстық, отбасылық жақындық).
4) шешiмдер әзiрлеу мен қабылдау кезiнде заңды және жеке тұлғаларға заңсыз артықшылық көрсету;
5) кiмге болса да табыс алуға байланысты кәсiпкерлiк және өзге де қызметтi жүзеге асыруда заңдарда көзделмеген кез келген жәрдем көрсету;
6) мемлекеттiк мiндеттерiн атқару кезiнде алынған ақпаратты, егер ол ресми жариялауға жатпайтын болса, жеке немесе топтық мүдделерге пайдалану;
7) берiлуi заңдарда көзделген ақпаратты жеке және заңды тұлғаларға беруден негiзсiз бас тарту, оны кешiктiру, бұрыс немесе толық емес ақпарат беру;
8) жеке немесе заңды тұлғалардың табыс етуi заңдарда көзделмеген ақпаратты бұл тұлғалардан талап ету;
9) мемлекеттiк қаржы ресурстары мен материалдық ресурстарды жекелеген кандидаттардың сайлау қорына беру;
10) жеке және заңды тұлғалардың арыз-өтiнiштерiн қараудың және өз құзыретiне кiретiн өзге де мәселелердi шешудiң заңда белгiленген тәртiбiн әлденеше рет бұзу;
11) жоғары тұрған ресми адамдардың лауазымдық өкілеттіктерін пайдалана отырып мүліктік пайда, игіліктер не артықшылықтар алу үшін аталған адамдарға сыйлықтар тарту және қызметтен тыс қызмет көрсету;
12) жеке немесе заңды тұлғаларға олардың құқықтары мен заңды мүдделерiн iске асыруда көрiнеу кедергi жасау;
13) кәсiпкерлiк қызметтi мемлекеттiк реттеу, сондай-ақ оған бақылау жасау және қадағалау өкiлеттiгiн сондай қызметтi жүзеге асырушы жеке немесе заңды тұлғаларға беру;
13-1) мемлекеттік бақылау мен қадағалау міндеттерін мемлекеттік орган мәртебесі жоқ ұйымдарға беру;
14) қызметi немесе жұмысы жөнiнен жоғары немесе төмен тұрған не өздерiмен өзге де түрде тәуелдi лауазымды адамдармен ақша немесе өзге де мүлiк салынатын сипаттағы құмар ойындар ойнауға қатысу әрекеттерi сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылықтар болып табылады.
Заңның 13-бабына сәйкес мемлекеттiк мiндеттердi атқаруға уәкiлеттiк берiлген адамдардың немесе оларға теңестiрiлген адамдардың мынадай әрекеттерi игiлiктер мен артықшылықтарды заңсыз алуға байланысты сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылықтар болып табылады:
1) өздерiнiң мемлекеттiк немесе оған теңестiрiлген мiндеттерiн атқарғаны үшiн, егер заңдарда өзгедей көзделмесе, өзi тиiстi мiндеттердi атқармайтын ұйымдардан, сондай-ақ жеке тұлғалардан ақша, көрсетiлетiн қызмет және өзге де нысандар түрiнде кез келген сыйақы қабылдау.
Мемлекеттiк мiндеттердi атқаруға уәкiлеттiк берiлген адамның немесе оған теңестiрiлген адамның шотына келiп түскен, аталған адам бiлмейтiн ақша қаражаты, сондай-ақ оның осы тармақшаның бiрiншi абзацы бұзыла отырып, тиiстi мiндеттерiн атқаруына байланысты алған қаражаты ол анықталғаннан кейiн екi аптадан аспайтын мерзiм iшiнде тиiстi салық органына мұндай қаражат түсуiнiң мән-жайы туралы түсiнiктеме табыс етiле отырып, республикалық бюджетке аударылуға тиiс;
2) өзiнiң мемлекеттiк немесе оған теңестiрiлген мiндеттерiн атқаруына байланысты не қызметi бойынша өздерiне тәуелдi адамдардан жалпы қамқоршылығы немесе қызметінде бетімен жібергені үшін сыйлықтар алу немесе қызметiн қабылдау.
Аталған адам бiлмей келiп түскен сыйлықтар, сондай-ақ оның осы тармақшаның бiрiншi абзацын бұза отырып тиiстi мiндеттердi атқаруына байланысты алған сыйлықтары жетi күн мерзiм iшiнде арнаулы мемлекеттiк қорға тегiн өткiзiлуге тиiс, ал адамға нақ сондай жағдайлар кезiнде көрсетiлген қызмет үшiн республикалық бюджетке ақша қаражатын аудару арқылы ақы төлеуге тиiс. Өзiне сыйлықтар келiп түскен адам жоғары тұрған лауазымды адамның келiсiмiмен оларды аталған қордан тиiстi жерде қолданылып жүрген нарықтық бөлшек сауда бағасы бойынша сатып алуға хақылы. Сыйлықтарды сатудан түскен ақша қаражатын арнаулы мемлекеттiк қор республикалық бюджетке аударады;
3) жұбайының (зайыбының), туыстарының шақыруы бойынша олардың есебiнен;
егер қарым-қатынасы шақырылатындардың қызметтiк iс-әрекетiнiң мәселелерiн қозғамаса, өзге де жеке тұлғалардың шақыруы бойынша (жоғары тұрған лауазымды адамның немесе органның келiсiмiмен);
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары мен шет мемлекеттердiң мемлекеттiк органдарының арасындағы өзара уағдаластыққа сәйкес тиiстi мемлекеттiк органдардың және (немесе) халықаралық ұйымдардың қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын;
жоғары тұрған лауазымды адамның не органның келiсiмiмен, ұйымдардың қаражаты есебiнен ғылыми, спорттық, шығармашылық, кәсiби, гуманитарлық шараларға қатысу үшiн жүзеге асырылатын, оның iшiнде осындай қоғамдық бiрлестiктердiң (қорлардың) жарғылық қызметi шеңберiнде жүзеге асырылатын сапарларды қоспағанда, шетел, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының есебiнен мемлекетішiлiк және шетелдiк туристiк, емдеу-сауықтыру және өзге де сапарларға шақыруды қабылдау;
4) несиелер, қарыздар алуда, бағалы қағаздар, жылжымайтын және өзге де мүлiктер сатып алуда заңдарда көзделмеген артықшылықтарды пайдалану.
Қолданыстағы заңнамада сыбайлас жемқорлық нысандарының ұғымы көзделмеген, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнің 31-бабында қылмысқа қатысу нысандары белгіленген. Мәселен, келесі жағдайларда қылмыс жасалған деп танылады:
1) егер қылмыс жасауға екi немесе одан да көп орындаушы күнi бұрын сөз байласпай бiрлесiп қатысса, ол адамдар тобы жасаған қылмыс деп танылады.
2) егер қылмысқа бiрлесiп жасау туралы күнi бұрын уағдаласқан адамдар қатысса, ол адамдар тобы алдын ала сөз байласып жасаған қылмыс деп танылады.
3) егер қылмысты бiр немесе бiрнеше қылмыс жасау үшiн күнi бұрын бiрiккен адамдардың тұрақты тобы жасаса, ол ұйымдасқан топ жасаған қылмыс деп танылады.
4) егер қылмысты бір немесе бірнеше қылмыс жасау мақсатында құрылған ұйымдасқан топтардың бірлестігі жасаса, ол қылмыстық қоғамдастық (қылмыстық ұйым) жасаған қылмыс деп танылады.
5) егер қылмысты бір немесе бірнеше қылмыс жасау үшін күні бұрын біріккен адамдардың тұрақты тобы екі және одан да көп мемлекеттің аумағында не бір мемлекетте жасаса, бірақ оны дайындау, жоспарлау, басқару немесе оның зардаптары басқа мемлекетте орын алса немесе бір мемлекетте, бірақ басқа мемлекеттер азаматтарының қатысуымен жасаса, ол трансұлттық ұйымдасқан топ жасаған қылмыс деп танылады.
6) егер қылмысты бір немесе бірнеше қылмыс жасау мақсатында құрылған ұйымдасқан топтар бірлестігі екі және одан да көп мемлекеттің аумағында не бір мемлекетте жасаса, бірақ оны дайындау, жоспарлау, басқару немесе оның зардаптары басқа мемлекетте орын алса немесе бір мемлекетте, бірақ басқа мемлекеттер азаматтарының қатысуымен жасаса, ол трансұлттық қылмыстық қоғамдастық (трансұлттық қылмыстық ұйым) жасаған қылмыс деп танылады.