Борат: Қазақстанның өркендеуіне әмерикан киносының реакциясы
Қазақстанның соңғы жылдардағы экономикалық қарыштап дамуы бүкіл әлем елдеріне таңдай қақтырып отырғаны анық. АҚШ-да 3. қарашада көрсетіле басталуы күтілген бір фильм, әмерикалықтар мен ағылшындардың Қазақстандағы құбылыстарды өзге елдерге қарағанда көбірек қырағылықпен байқап отырғанын аңғартуда. Фильмнің мазмұны, әлемнің саяси және шаруашылық тұрғысынан ең мықты елдері арасында саналған осы екі елдің халықтарының Қазақстанның өркендеуіне тамсанумен қатар мазасызданып отырғаны жөнінде сыр шертуде.
Кинодағы бас кейіпкердің ролін, ағылшын комик Сача Барон Коэн ойнаған фильм “Борат: Американың Қазақстанның тамаша халқына пайда келтірерлік мәдени тәлімдері” деп аталуда. Коэн фильмде Қазақстанның мемлекеттік бір телеканалы үшін жұмыс істеп жүрген белгілі журналист Борат Сағдиевті бейнелеуде. Оның деректі бір фильм түсіру үшін барған АҚШ-та басынан өткендер анайы, қорлаушы және тіптен әдепсіз түрде суреттелуде.
Маскүнем, әйелқұмар, нәсілшіл, анти-семитист бір образ ретінде сомдалған Борат Сағдиев атындағы қазақ журналистің қолдан жасалған мәдениетсіз, сауатсыз және масқара қылықтарының әмерикан қоғамында сатирикалық туынды деп бағаланып тамашалануы таңқаларлық жәйт. Еврей текті ағылшын азаматы Коэн өзінін осы кейіпкерін 2000. жылдардың басында бір телеканал үшін дайындап жүргізген сайқымазақ “Дей Али Жи Шоу” деген программасында көрсете бастаған екен. Бастапқыда көрермендер назарына онша ілікпеген Сағдиев кейіпкеріне қызығушылық, Қазақстанның табыстары көзге түсіп әйгілі бола бастаған 2005 жылдан кейін арта түскен. Осыдан кейін Коэн оны фильмге айналдыруға кіріскен. Тіпті оның атақ данқынын асқаны соншалық, Коэн Борат болып МТВ музикалық жүлде тарату салтанатына да қатысып өнер (!) көрсетуге шақырылған. Демек, Борат кейіпкері тек қарапайым халықтың ғана емес, әмерика және еуропалық белгілі ұйымдастырушылардың да көңіліне жағуда. Әлбетте Қазақстан үкіметі бұған бейжай қарай алған жоқ. Еуропалық тиісті мемлекеттік орындарға наразылық білдіріп Борат сайқымазағының халықаралық жыйналыстарда қалай болса солай қазақ халқын нақақ қорлаған әрекеттеріне тыйым салынуын талап етті. Бірақ, бұл шарадан, Сағдиев кейіпкерін ойнап қалтасын қалыңдатып жүрген Коэннін атақ данқын одан әрі өсіруден басқа ештеңе өңген жоқ.
Коэннің жарнамалық іс-шараларын басқарып жүргендердің жұмыстарының нақ шеберлері екені белгілі болуда. Олар, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтің 2006, 27-29 қыркүйек күндері баратын АҚШ сапарының алдында, Елбасының АҚШ президенті Бушпен болатын кездесуінде, Борат туралы шағымдарын тілге тиек ететіні жөніндегі жалған ақпараттың баспасөзде орын алуын қамтамасыз етті. Қазақстан Сыртқы істер министірлігі осы жалған ақпаратты дереу кері қақты. Әйткенмен, бұл жағдай, Коэн және оның Борат фильмі үшін халықаралық көлемде жарнама қызметін атқарды.
Жарнамашылар интернет жүйесін де ұтымды пайдаланып келеді. Борат үшін көптеген веб беттері дайындалумен қатар, итернеттің ортақ энциклопедиясы болып кеңінен қолданылатын Википедияға Борат туралы арнаулы тармақ енгізілуі де кенже қалтырылмаған. Мәселе, саяси әдепсіздікке дейін апарылып Борат кейіпкерінің тапқыры және ойнаушысы Коэн, Елбасы Бушпен кездеседі деген мөлшерде, Ақ Үйдің алдына келіп Бушқа киноның шақыру билетін бермек болды. Бірақ Ақ Үйдің сақшы қызметкерлері оны жөпелдеме ұстап алып ол маңнан қуып жіберді. Әйтсе де бұл оқыйға баспасөз орғандарына азық болып хабар ретінде әлемге таратылды. Сөйтіп 3. қарашада көрсетіле бастайтын Борат фильмі үшін тегін де әсерлі тағы бір жарнамалық хабарландыру іске асқан болды.
Қай халықты бейнелесе бейнелесін, Борат кейіпкері мәдени және дамыған деген қоғамдар сатирикалық өнер санатында қабылдайтындай бір туынды емес. Өйткені Бораттың аузынан шыққан сөздер соншама әдепсіз және тұрпайы. Оларды әзіл санатына жатқызуға болмайды. Соңсоң оның жолда жүрісі, әйелдерге көз қарасы, тіпті оларға айтқан сөздері мәдени қоғамдар төзіп тыңдап қарап отыратын дүниелер емес. Оның киносының интернет бетінде жүрген үзінділеріндегі эпизоттарда да әдеп шегараларынан асып кеткен жерлер көп. Бір сөзбен айтқанда, Коэннің Борат сайқымазағында анайылық пен әдепсізтіктен басқа ешқандай эстетикалық күлкі атаулы орын алмауда. Бұған қарамастан, осы жабайы туындыға әмерикалықтар, жалпы айтқанда Батыстық халықтардың қызығушылық танытып отырғанын түсіну қыйын.
Бәлкім, біз мұны тым болмағанда былай деп түсіндіре аламыз. Құдайға шүкір бүгін Қазақстан қазба байлықтары, экономикалық табыстары және жоғары деңгейде сауатты халқымен Батыстық елдердің барлығында, ең жоғары эшелондардың өзінде табысты түрде бой көрсетуде. Олардың саяси орындарынан қаржы мекемелеріне, өнер орындарынан ғылмый орталықтарына дейін барлық салаларында Қазақстан азаматтарын кездестіруге болады. Өйткені олар бүгін қай жағынан да болса, әлемнің бүкіл орындарына ұялмай шыға білетін материялдық да руханый да күш қауғарға ие болып отырған жерде. Ал екінші жақтан, Қазақстанда АҚШ пен Батыстық өзге елдердің атақты ірі фирмалары пайда табуды көздеп шарауашылық салада біргестесу жөніндегі өздерінің жоба жоспарларын қабылдатып алу үшін қазақ бюрократтарының есігінің алдында сағат тіпті күн санап тосып отыруларына тура келген жағдайлар әрине болып жатқан шығар. Міне бұл жағдайлардың, өздерін бүкіл әлемнің қожайынымыз деп есептеп жүргендерді мазасыздандырған болуы әбден ықтыймал. Бір кездері Қазақстанның иең даласында мал соңында жүріп әлемдік жетістіктерден бейхабар, тіпті ғасырлар бойы бөгде бір елдің езгісінде отар болып жүрген бір халықтың енді тәуелсіздікке қол жеткізіп он бес жыл ішінде бұлқынып шыға келіп өздерімен ыйық тірестіре бастауы әрине оларға оңайға соғып отырған жоқ.
Батыстық қоғамдар әлемнің бүкіл байлықтары мен мүмкіншіліктерін соңғы бір неше ғасыр көлемінде өз уысында ұстап отырғанға әдеттеніп алғанға ұқсайды. Сондықтан, “өзге халықтар мен қоғамдар бізге қызмет істеуге тиіс” деген логика мен үстемдік сезімі олардың бойына сінген болса керек. Осы көзқарас тұрғысынан алғанда, қазақтар үнділер сыяқты бір неше бөтелке араққа мас болып жерін және байлықтарын солардың бақылауына өткізуге, содан кейін өздері де тарих парақтарынан өшіп кетуге тиіс еді. Немесе, қазақтар бай мұнай алқаптарын игеруді соларға тапсырған сондай-ақ шаруашылық салада еш нәрсе өңдірмей дайын өнімдердің барлығын солардан сатып алып мұнайдан түсірген табыстарының қомақты бөлегін тағы соларға қайтарған және тек көңіл көтерумен ғана уақытын өткізген кей бір араб елдерінің басшылары секілді іс-қыймыл жасаса да болар еді. Бірақ олай болған жоқ. Қазақтар жоғары деңгейде сауаттанған халқымен орталықтанған коммунистік шаруашылықтан нарық экономикасына тез өтіп капиталистік шаруашылықтың ереже-қағыйдаларын жіті меңгеріп алды. Сондықтан Батыстық бизнисмендер Қазақстан жеріндегі орасан зор байлықтардан түсіруді көздеген қомақты пайдаларының барлығына қол жеткізуде табысты бола алмады.
Меселеге байыптап қарасақ, Коэннің Борат кейіпкері тек қазақтарды ғана нысанаға іліп алып отырған жоқ. Кейбір халықаралық сарапшылар, сол кейіпкердің Орта Азияның өзбек, түрікпен, қырғыз, ұйгұр және тәжик сыяқты өзге халықтарын да келемеждегенін айтуда. Біз осы тұжырымды одан әрі кеңейтіп осы келемеждің бүкіл түркі әлемнің қамтып отырғанын айтсақ асырғандық бола қоймас. Өйткені бір қатар әмерикалық сыншылар, Борат кейіпкерінің туындауына негізінде бір қазақ емес, бір түріктін түрткі болғанын атап өтуде. Мәселен, “Ентыртеймынт Викли” апталығындағы мақаласында Скат Бравн, Борат кейіпкеріне интернет сайтымен бүкіл әлемге танымал болған Махир (www.istanbul.tc/mahir/mahir) атындағы түріктін үлгі алынғандығын келтіруде. Осы жәйт және мұның ашық түрде айтылуы, түрік азаматтарының да Бораттан айырмашылығынын жоқ екендігіне меңзеу екені анық. Мұны тағы бір дәлелі, Борат кейпіндегі Коэннің МТУ жүлде жыйналысындағы сөзін түрік тілінде “иі акшамлар” яғный “кеш жарық” деп бастауы.
Олай болса, батыстық қоғамдарда тек Қазақстан ғана емес, бүкіл түркі әлеміндегі ояну мен даму турасында жасырын қызғану мен реакциянын болғанын айта аламыз. Түріктің бір мақалы “орынсыз сын жасырын мадақтау” дейді. Санасынын түбінде жатқан осы құбылыстарға байланысты, батыстық көрермендер Коэннің бай, әйелқұмар, мәдениетсіз және көргенсіз Борат кейіпкерін сүйсіне отырып тамалашап отырса керек.
Негізінен алғанда, Коэннің Борат кейіпкері қазіргі жаһандану дәуірінде өркениеттер шайқасуының кино шымылдықтарында әлдеқашан бастап кеткенінен белгі беруде. Бүгінгі таңда мемлекет аралық келіспестікер, экономикалық пайда мен мүдде үшін ымыраласушылықтармен орын алмастыруда. Кеше ғана ымыраласпас жаулары болған Ресей, Кытаймен АҚШ және Еуропалық елдер ауыз жаласып завоттарын, өндіріс орындарын сонда апарып құрып пайда тауып отыр.
Осыған мезгілдес, Түркия мен АҚШ арасындағы байланыстарды да атап өткен жөн. Түркия мен АҚШ үкіметтері арасындағы Ирак турасындағы біргестестікті түрік халқы да, өзге мұсылман халықтар да қолдап отырған жоқ. Олар, әмерикан жауынгерлерінің Иракта бейуаз халыққа және түрмелердегі тұтқындарға жасаған озбырлықтар мен жан түршігерлік азаптауларын көріп жандары қыйналуда. Бұл жағдай, түрік киногерлерінің “Қасқырлар Алқабы Ирак” деген фильмді түсірулеріне түрткі болды. Ценарийіне әмерикан әскерлерінің жауыздықтары мен сол жауыздықтар үшін Ирактағы әмерикалық әскери басшылардан кек қайтарған түрік мафиясының іс-қыймылдары арқау болған сол фильмге халықтың ынтасы зор болып киногерлер пайдаға белшелерінен батты. Тіпті бұл фильм әмерикан армиясының жоғары қолбасшылығының наразылығын туғызып кейбір тыйым шектеулер енгізуіне де себеп болды. Әрине бұл, ол киноға деген қызығушылықты одан әрі күшейтіп жіберді.
Дегенмен біз бұл арада, Борат және Қасқырлар Алқабы Ирак фильмдерінің түптеп келгенде орасан зор пайда келтіруі, үлкен қызығушылыққа бөленулері және мемлекеттердің реакциясына тап болулары секілді ортақ жақтары болғанына қарамастан, мазмұн тұрғысынан ірі айырмашылықтары болғанын атап өткен жөн. Қасқырлар Алқабы Ирак фильмі бүкілдей шынайы жағдайларға, тіпті кейбір ашчы шындықтар жеңілдетіліп негізделген, бірақ Борат кейіптері тіптен жалған құбылыстармен құрастырылған. Неге? Өйткені Батыстық киногерлердің түсіретін фильмдеріне түркі халықтардан тақырып етіп аларлықтай, әрқандай бір ұлт пен мемлекетке қарсы жасалған озбырлық, езгі және жабайы қанауды табулары екі талай. Өйткені, мұндай бір халықты ұятқа қалтыратындай уақыйғалар түркі тарихында кездеспейді. Олай болса, батыстық киногерлерге өздерінің қоғамдарына көрсетіп мол кірім келтіретін ценарийлерді қолдан жасап өңдіруден басқа таңдар жол қалмай отырған жоқ па? Міне сондықтан, Борат фильмнің таныстыруларында оның докумантер, яғный деректі фильм емес, мокумантер фильм екені ашық айтылуда. Ағылшын тілінде жаңа құрастырылған мокумантер деген сөз “жалған деректі” мағнасына келеді.
Жаһандану процесінде халықтар арасындағы мәдени және саяси қайшылықтар кино саласы үшін жаңа бір табыс көзі екені шындық. Міне осының нақты көрінісінің бірі: Қасқырлар Алқабы Ирак. Бұл фильм тек Түркияда ғана емес, одан басқа көптеген елдерде де көрермендер зор қызығушылық танытып өңдірушілеріне мол кірім келтірді. Негізінде, дамыған әмерикан киносы еларалық керістіктер мен жанжалдарды кино өнімдеріне бейімдеп көп жылдардан бері пайда түсіріп келеді. Түрік киногерлері аталған фильмдерімен тұңғыш рет осы саладан табыс тапты. Коэннің Борат фильмі де әлемде қазақтар мен өзге түрік халықтарының өркендеуіне байланысты туындаған рухани мазасыздықты зор табысқа айналдыру жобасынан басқа ештеңе де емес.
Қорытып айтар болсақ, Қасқырлар Алқабы Ирак мұсылман елдерде қалай үлкен ілтипатқа бөленіп олардын алып күш АҚШ алдындағы әлсіздіктерін бір сәтте болса ұмыттырып жатқан болса, Борат кейіпкері де солай, байып дамып бара жатқан тәуелсіз Қазақстан және өзге түрік мемлекеттері турасында ішінде мазасыздық жатқан әр қоғамның жалған анайылықтарға күліп рахаттануына қызмет етсе керек.
Әбдіуақап Қара, тарих ғылымдарының докторы