Дәретті намаз окығанда алу деген дұрыс емес.Оны жүрегінде иманы бар әрбір адам алу керек.
Дәреттiң әдептерi
Дәреттiң әдептерi жиырма сегiз:
Әдеп - орындалған жағдайда сауап, орындалмаған жағдайда күнә болмаған амалдар. Ал сүннеттi орындаған жағдайда сауап, орындамаған жағдайда тәнзихан мәкрух болады. Әдепті мәндуб және мустахаб деп те атайды. Дәреттiң әдептерi:
1. Уақыт кiрместен бұрын дәрет алып намазға дайындалу. (Үзірлі болғандар уақыт кірген соң алады)
2. Іш дәрет алғанда қыблаға оң немесе сол жағымен қарап отыру. Дәрет сындырғанда қыблаға қарай алдымен немесе артымен отыру тахримән мәкрух болады.
3. Нәжiс тимесе де сумен іш дәрет алу.
4. Іш дәрет алғаннан кейiн сүлгімен құрғату.
5. Іш дәрет алғаннан кейiн әурет жерiн дереу жабу.
6. Басқа бiреудiң жәрдемiн алмай дәретті өзi алу.
7. Дәретті қыблаға қарап алу.
8. Әрбiр мүшенi жуған кезде кәлима-и шаһадат айту.
9. Дәрет дұғаларын оқу.
10. Аузына оң қолымен су алу.
11. Мұрнына оң қолымен су алу.
12. Мұрнын сол қолымен тазалау.
13. Ауызды жуғанда тiстерiн мисуакпен тазалау. Мисуак болмаса тiс щеткасымен де тазалауға болады.
14. Ауызды жуғанда ораза тұтпаған болса тамағын сумен шайқау, дәретте де ғұсылда да сүннет. Ораза тұтқан болса бұлай жасау мәкрух.
15. Мұрынды жуғанда суды сүйекке дейiн тарту.
16. Құлақты мәсiһ еткенде бiр саусағын құлақ тесiгіне кіргізу.
17. Аяқтың саусақтарын тарамдағанда сол қолдың кiшкене бармағымен тарамдау.
18. Қолды жуған кезде жүзiгi кең болса қозғап жуу. Ал тар болса мiндеттi түрде қозғап жуу парыз.
19. Су көп болса да ысырап етпей жуу.
20. Суды май жаққандай аз қолданбау қажет. (Үш рет жуылған мүшеден кемінде екі тамшы су тамуы керек.)
21. Бiр құманмен дәрет алғаннан кейiн, сол құманның суын толтырып қою.
22. Дәрет алып болған соң (немесе ортасында) Аллаһуммаж-ални минаттәууабин... дұғасын оқу.
23. Дәрет алғаннан соң Субха намазын, яғни екi рәкат намаз оқу.
24. Дәретi болса да кейiнгi намаз үшiн қайта дәрет алу.
25. Беттi жуғанда көздi былшықтардан тазалау.
26. Беттi, қолды, аяқты жуғанда парыз болған жерлерден асырып жуу. (Қолды жуарда уысқа су алып білекке қарай ағытып шынтақпен қоса жуу)
27. Дәрет алып жатқанда қолданылған суды үстіне шашыратпау.
Өз мазһабында мәкрух болмаған бір амал басқа мазһабта парыз болса, мұны орындау мустахаб болады.
Дәретті болып жүрудің маңызы
Сұрақ: Дәретпен жүрудің маңызы қандай?
Жауап: Дәретті болып жүрудің маңызы үлкен. Хадис шәрифтерде былай делінген:
«Дәретті болып жүрген адам, ораза ұстаған адам сияқты.» (Дәйләми)
«Жақсылап алынған дәрет – иманның жартысы.» (Ибн Хиббан)
«Дәрет алған адамның күнәлары, ағаш жапырақтары төгілгендей төгіледі.» (Табарани)
«Жан алатын періште келген кезде дәретi бар адам шәһидтік мәртебесіне қауышады.» (Табарани)
«Бір мүмин дәрет алу ниетімен бетін жуған кезде көзімен істеген күнәларының барлығы сумен бірге төгіледі. Қолдарын жуған кезде қолдарымен істеген күнәлары судың соңғы тамшысымен ағып кетеді. Аяқтарын жуған кезде аяқтарымен істеген күнәлары сумен бірге төгіледі. Осылайша бүкіл (кіші) күнәлардан тазаланған болады.» (Мүслим)
«Дәрет алу үшін бетіңді жуған кезде күнәларың кірпіктеріңнен төгіледі. Қолдарыңды жуған кезде қол тырнақтарынан, басты мәсіһ еткен кезде басыңнан, аяқтарыңды жуған кезде аяқ тырнақтарынан күнәларың төгіледі. Намаздың сауабы пайдага қалады.» (Рамуз)
Дәрет алған адамның бүкіл кіші күнәлары кешіріледі. Үлкен күнәлары, адам және жануар ақылары, өзіне немесе мирасқорларына өтелмегенше күнәлары кешірілмейді. Нәпіл ғибадаттың сауабына қауыша алу үшін иманда және парыздарда кемшілік жібермеу, харамдардан қашып, күнәларға тәубе ету және ол істі ғибадат ретінде орындауға ниет ету шарт. (И.Ахлақы)
Намаз оқығаннан кейін қайтадан дәрет алу сауап. Хадис шәрифтерде былай делінген:
«Дәреті бар болса да қайтадан дәрет алған адамға он сауап беріледі.» (Ибн Мажа)
«Дәрет үстіне дәрет – нұр үстіне нұр.» (И.Ғазали)
«Машаққат болмағанда, әр намаз үшін дәрет алуды әмір ететін едім.» (И.Ғазали)
«Дәретін жаңартқан адамның иманы жаңарған (нұрланған) болады.» (И.Ғазали)
«Аллаһу та’ала былай деген: Дәрет бұзылған кезде дәрет алмаған адам маған жапа шектiредi. Дәрет алып болғаннан кейін екі рәкат намаз оқымаған адам да маған жапа шектiрген болады. Екі рәкат намаз оқып, менен қажеттілігін сұрамаса да маған жапа шектiрген болады. Дәрет алып, екі рәкат намаз оқығаннан кейін дұға еткен адамның дұғасын қабыл етпесем мен де оған жапа шектiрген боламын. Алайда мен ешкімге жапа шектiрмеймiн.» (Шира)
«Дәрет алғаннан кейін дәреттен артылған суды ішу жетпіс түрлі дертке дауа. Мұның ең төменгісі – қайғы.» (Дәйләми)
«Дәреттен кейін Қадр сүресін оқыған адамның жетпіс жылдық күнәсы кешіріледі.» (Халеби)
«Дәреттен кейін Қадр сүресін оқыған адам сыддықтардан, екі рет оқыған адам шәһидтерден жазылады. Ал үш рет оқыған адам пайғамбарлармен бірге тіріледі.» (Дәйләми)
«Дәрет алып, екі рәкат намаз оқыған адам жәннатқа кіруге лайық болады.» (Халеби)
«Дәрет алып, екі рәкат намаз оқыған адамның күнәлары кешіріледі.» (Бұхари)
«Жақсылап дәрет алған адамның екі намаз (оқымақшы болған намаз бен келесі намаз уақыты) арасындағы күнәларының барлығы кешіріледі.» (Бұхари)
«Дәреттен кейін он рет салауат айтқан адамның қайғысы кетеді, дұғасы қабыл болады.» (Әййухал уәләд илмихалы)
«Тек (кәміл) мүмин ғана әрдайым дәретті болып жүре алады.» (Ибн Мажа)
Әрдайым дәретпен жүретін адамға Аллаһу та’ала мыналарды ихсан етеді:
1) Періштелер оның жанынан айрылмайды.
2) Үздіксіз сауап жазады.
3) Бүкіл мүшелері тәсбих етеді.
4) Ұйықтаған кезде періштелер оны адам мен жынның зиянынан қорғайды.
5) Сәкәрати мәуті, яғни өлім жағдайы оңай болады.
6) Дәретпен жүрген кезде Аллаһу та’аланың қорғауында болады.
7) Ифтитах тәкбірін жіберіп алмайды.
Аллаһу та’ала хазреті Мұсаға былай деген:
«Йа Мұса, саған бір қиындық келген кезде дәретсіз болсаң, өзіңді кiнала!» (Шира)
Әулиелер әрдайым дәретті жүру үшін аз ішетін, аз жейтін еді. Имам Малик хазреттері үш күнде бір тамақтанатын еді. Себебі сұралғанда «Аллаһу та’аланың алдында жиі-жиі дәретханаға кіріп-шыға беруге ұяламын» деді. (Әнуар-ул Құдсийа)
Төсекке дәретті болып жатудың да қасиеті өте үлкен. Хадис шәрифтерде былай делінген:
«Кімде-кім төсекке дәрет алып кейiн жатса, сол түні бір періште таңға дейін "Йа Раббым, бұл құлыңды кешір!" деп дұға етеді.» (Хаким)
«Дәретпен жатып, Аллаһу та’аланы ойлап ұйықтаған адам оянғанға дейін намазда тұрғандай болады. Бір періште ол үшін ғибадат етеді. Оянған кезде тағы да Аллаһу та’аланы ойлайтын болса, ол періште бұл құлының кешірілуі үшін Аллаһқа дұға етеді.» (Ибн Хиббан)
«Дәрет алып жатқан адам түнде ғибадат еткен, күндіз ораза тұтқан адам сияқты.» (Дәйләми)
«Дәрет алып жатқан адам түнде қайтыс болса шәһид болады.» (Ибн Сунни)
Дәрет қалай алынады?
1. Дәрет алатын кезде мына дұға оқылады; Бисмиллаһил-азым. Уәлхамду лиллаһи алә динил Ислам уә алә тәуфиқул иман. Әлхамду лиллаһиллази жәаләл маә тахуран уә жәаләл исламә нуран1”. Сосын екі қол бiлекке дейiн үш рет жуылады.
2. Оң қолымен ауызды шайғанда мына дұға оқылады: “Аллаһуммасқини мин хауди нәбийкә кәсән лә азмәу бәдәһу әбәдән2.”
3. Оң қолымен мұрынға үш рет су алынып, сол қолымен сiңбiрiп мұрынды тазалайды. Мұрынға су алғанда: “Аллаһуммә арихни рахатәл жәннәти уәр-зуқни мин ниәмиха. Уә лә турихни райихатән-нар3.”
4. Алақанымен су алып, беттi жуарда мына дұға оқылады: “Аллаһумма бәйид уәжһи бинурикә яума табяадду вужуһу уәлияикә уә лә тусәввид уәжһи бизунуби яумә тәсуәдду вужухи адаикә4”.
5. Оң қол үш рет шынтаққа дейiн жуылып жатқанда: “Аллаһумма атини китаби биямини уә һасибни һисабән ясирән5” дұғасы оқылады.
6. Сол қол үш рет шынтақпен қоса жуылып жатқанда: “Аллаһуммә лә тутини китаби би шимәли уә лә мин уәрааи захри уә лә тухасибни һисәбән шәдидән6” дұғасы оқылады.
7. Екi қолды жуып болған соң тағы да екi қолды қайта жуып басты мәсiһ етiп жатқанда: “Аллаһуммә һаррим шарри уә бәшәри аләннар. Уә әзилләни таһтә зилли аршикә яумә лә зиллә иллә зиллу аршикә7” дұғасы оқылады.
8. Екі қолдың сұқ саусақтарымен екі құлақтың iшiн, бас бармақтармен құлақтың сыртын мәсiһ етіп жатқанда, мына дұға оқылады: “Аллаһумма әжални миналләзина ястәминал-қавлә фи яттәбиунә ахсәнәһу8”.
9. Қолдың сырт жағымен желкеге мәсiһ тартқанда: “Аллаһумма атик рақабати минәннар9” дұғасы оқылады.
10. Мойынды мәсiһ еткеннен кейiн, сол қолдың кіші саусағымен оң аяқтың кiшкене бармағынан бастап, араларын хилаллау арқылы, аяқты тобықпен қоса үш рет жақсылап жуып жатқанда: “Аллаһумма сәббит қадамәйя әла сирати яумә тәзиллу фи-һил ақдәму10” дұғасы оқылады.
11. Сол аяқты үш рет жууда тағы да сол қолдың кіші саусағымен бас бармақтан бастап, рет-ретiмен аяқтың кiшкене бармағына қарай жуған жөн. Аяқты тобықпен қоса жуып жатқанда: “Аллаһумма лә татруд қадамәя алә сирати яумә татруду куллу ақдәми адаикә. Аллаһуммаж-аль саъйи мәшкуран уә зәнби мағфуран уә әмәли мақбулән уә тижарәти лән тәбурә11” дұғасы оқылады.
Пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейдi: «Кiмде-кiм дәрет алып болып көкке қарап мына дұғаны оқыса, (Субханәкә Аллаһумма уә би хамдика Әшһаду әлла илаһә илла әнтә уәһдаһу лә шарика ләкә әстағфирука уә атуубу илайка Әшһаду әлла илаһә иллаллаһ уә әшһаду әннә Мұхаммәдән абдукә уә Расулукә) Аллаһу та’ала ол кiсiнiң күнәларын кешiреді және қабыл мөрімен растап Арши аланың астында сақтайды. Сондай-ақ Қиямет күнiнде бұл дұғаны оқыған кiсi келіп Аллаһу та’аладан сауабын алады12.»
Бiр хадис шәрифте: «Кімде-кiм дәрет алғаннан кейiн “Иннә әнзәлнәһу” сүресiн бiр рет оқитын болса, Аллаһу та’ала ол кiсiнi сыддықтар қатарына жазады. Екi рет оқыса шәһидтердiң қатарына жазады. Ал үш рет оқыса Пайғамбарлармен бiрге тіріледі»,- деді.
Тағы бiр хадисте: «Кiмде-кiм дәрет алғаннан кейiн маған он мәрте салауат айтатын болса Аллаһу та’ала ол кiсiнiң қайғысын кетіріп, көңiлiн көтередi. Сондай-ақ дұғасын қабыл етедi»
Дәрет дұғасын бiлмейтiндер, дәрет дұғасын оқымай-ақ дәрет алуларына болады. Бiрақ, көп ұзатпастан дұғаларды жаттап, дәрет алғанда оқулары қажет. Өйткенi мұның сауабы мол. Дәрет алып болған соң: «Аллаһуммаж-ални минәт-тәууәәбин, уәжъални мин-әл-мутатаххирин, уәж ални мин ибадик-ас-салихин, уәж ални минәлләзина лә хавфун алейһим уә ләһум яхзанун» дұғасын оқудың сауабы көп.
Дәрет дұғасын бiлмейтiндер ең болмағанда әрбiр мүшенi жуған кезде Калима-и шаһадатты оқып үлкен сауапқа жетулері керек.
Қажетті ақпараттар http://islamdini.kz деген сайттан алынды.