мен осыны жазип жатирмин госка
Батыр — кәсіпқой әскери адам. Әскери кәсіп — батырлардың негізгі кәсібі. Сондықтан бұл қоғамдық жік өкілдері қартайғанша қаруын қолынан тастамай, бар өмірін соғыста өткізетін.
Қазақтың этнографиялық суреттерінде кескінделген адам (батыр) бейнесі негізінен өте қарапайым түрде, яғни бет-әлпеті өңсіз, бос болып, ал кеудесі мен қол-аяқтары жай сызықтармен (1–4; 18; 20;21-суреттер), кейбірде тік бұрыштармен (5–7; 2-суреттер); өте сирек көріністерде: кеудесі — қазақтың антропоморфты мүсініне ұқсас болса (8–17; 19; 23-суреттер), ал аяғы — қонышы кең, биік өкшелі, киіз байпақты саптама етік түрінде қалыптан тыс ұлғайтылып берілген (1; 5; 6; 8; 11; 12–14; 17; 22-суреттер).
Осы жерде Сейсем-Ата қорымындағы бір сағана — саргофактың үстіне қойылған антропоморфты сарбаз мүсініне тоқталып өткенді жөн көріп отырмыз (24; 24а — суреттер). Бет-әлпеті өңсіз, бос болып келген оның басында конус іспетті «қаптама» дулығы бар. Етегі рельефті шеңбермен дөңгелене көмкерілген дулығының үстіңгі жағы бір-біріне жалғанып тігілген пластиналарды білдіретін ұшбұрыштардан тұрады.
Иықтарды домаланып келген трапеция пішінді кеудесі астындағы тұғырымен бірге бүтін ұлутасынан қашалып жасалған. Тұғырдың қапталдарында үшбұрыш құрайтын сынық сызықтар бар. Олардың кейбірі тік сызықтардың қосылуы арқасында «жебе» тәрізді адай руының таңбасына айналған. Осындай белгі-таңбалар мүсіннің иықтарында да кездеседі. Денесінің алды-артына қылыш, айбалта, шиті мылтық, жебелі садақ пен жебелері бар қорамсақ және найза сияқты қару-жарақ түрлері барельефті әдіспен салынған. Мүсіннің тұғырында су толатын ойық бар. Исламға деінгі бастауы бар мұсылмандық-мистикалық түсінік бойынша оған толған суды өлген адам жанының териоморфты образы — құстар ішуі тиіс. Бұл жерде айта кететін бір жағдай, антропоморфты бейнелердің бет-әлпетінің өңсіз, бос болуы мұсылмандық бейнелеу өнерінің жалпы бағытымен байланысты (Шукуров, 1889, 246 б., Большаков, 1969, 142–156 бб.). Исламның гнесеологиялы нормалары бойынша «шын бет-әлпетті» қарапайым пенделердің тануы мүмкін емес деген ұғым бар.
Қолымызда бар деректерге сүйенсек, батыр — тек соғыста ерлік көрсеткен тұлға емес, ол — соғыс өнерін кәсіпке айналдырып, бүкіл өмірін соғыста өткізетін және кәсібі бүкіл әулетіне жалғасып отыратын; хандық билікпен тығыз байланыста болып, мемлекеттік істерге араласып отыратын; өзіндік мәдениеті мен өнері, идеологиясы мен моральдық нормалары, салт-дәстүрі, наным-сенімдері мен ырым-жоралары бар көшпелі қоғамның ерекше жігі.
Енді біз батырларға берілген осы анықтамаға қысқаша тоқталып өтейік.
Батыр — кәсіпқой әскери адам. Әскери кәсіп — батырлардың негізгі кәсібі. Сондықтан бұл қоғамдық жік өкілдері қартайғанша қаруын қолынан тастамай, бар өмірін соғыста өткізетін. Соғыста қаза болу батырлар үшін қасиетті өлім болып саналды. Оған, Ақтамберді жыраудың:
«Бар арманым, айтайын,
Батырларша жорықта
Өлмедім оқтан, қайтейін», —
деген толғауы (Ақтамберді жырау, 1991, 68 б.) мен кешегі жоңғар шапқыншылығы кезінде ауырып, төсек тартып жатқан Олжабайдың: «Қой боғындай қорғасын маған бұйрықсыз болып, жамандардай төсекте сұлап жатып, қағындыдан өлдім-ау», — деп бармағын жұлып-жұлып шайнап тастағаны (Абылай хан, 1993, 342 б.) мысал бола алады.
Әскери кәсіп — батырлар үшін ата кәсіп саналып, көп жағдайда әкеден балаға мұра болған. Батырлар әулетінде туған бала жастайынан әскери кәсіппен айналысып, ел үшін соғысқа қатысуға міндетті.
Әскери әулеттен болғандықтан батырлар алғашқы ерлік жолын көбіне соғыста өлген әкесінің кегін алудан бастайды. Өйткені, әке кегін қумау батырлар үшін өліммен бірдей. Бұл жерде айта кететін бір жәйіт: бір-бірінің намысын қадірлей білген батырлар: «…Мен өлсем арманым жоқ, артымда үш ұл, бір қызым бар. Сен өлсең, артыңда қалған дәнеңең жоқ, тұяқсыз қаласың, елге бар да әйел ал, бала көр,…артында кек алатын тұяқ қалсын», — деген үзіндіден (Жалғыз жігіт ұрпақтары, 1989, 183 б.) көріп отырғанымыздай, айқастағы қарсыласының артында кегін қуар мұрагері болуын қатты ескеріп отырған.
Ата кегін, халық кегін алу — батырлардың басты міндеті. Сондықтан өмір бойы елдің кегін кектеп, аттан түспеген батырлардың есімі халықтың есінде мәңгі сақталып, өмірлері жырға өзек болып, есімдері ел ұранына айналатын.
Әскери кәсіптің басты мақсаты елді сыртқы жаудан қорғау және ішкі тәртіпті сақтау болғандықтан ертеде ел, мемлекет билігі әскерилердің қолында болды. Өйткені: хандар, әміршілер, ел билеушілер батырлар әулетінен шығатын немесе осы қоғамдық жіктің өкілдері. Мәселен, Аблай хан мен Кенесары батырлар әулетінен шыққан бір кездегі батырлар.
Батырлар — елші. Батырлар — хандық билікпен тығыз байланысты, яғни хан жанындағы әскери кеңес мүшелері, түрлі лауазым иелері болғандықтан елдің ішкі және сыртқы саясатына араласып, мемлекетаралық қатынастарға қатынасып, әртүрлі қызметтерді атқаратын. Батырлар атқаратын сондай қызметтердің бірі — елшілік қызметі. Себебі, елшінің негізгі міндеті:
«Сен темір-де мен көмір,
Еріткелі келгенмін.
Екі еліктің баласын,
Теліткелі келгенмін.
Егесетін ел шықса,
Иілткелі келгенмін», —
Деп Қаз дауысты Қазыбек бидің жоңғар ханына айтқан осы сөзінен көріп отырғанымыздай, екі елдің арасындағы соғысты тоқтатып, сауда-саттық, тату көршілік қарым-қатынас орнату. Егер-де осы аталған іс-әрекеттер шешіле қоймайтын жағдайда:
«Табысуға келмесең,
Тұрысатын жеріңді айт,
Сен қабан да мен арыстан
Алысқалы келгенмін», —
демекші соғысатын жерін белгілеп қайтатын (Төреқұлов, 1993, 100 б.).
Елшілер өз дегеніне кез келген әдіспен жетіп отырған. Бірде олар қарсыласын өздерінің күші туралы өтірік, ақпаратпен қорқытса (Козин, 1947, 147 б.), енді бірінде оқыс қимылдап, айқайлап, өздерін қатыгез ретінде жауларының беделін түсіруге тырысқан (Липец, 1984, 60 б.).
Батыр — жырау. Жыраулар өнері батырлар идеологиясымен тікелей байланысты. Өйткені, жыраулар — батырлар жігінің өкілдері, яғни олардың бәрі батырлар әулетінен шыққан және кезінде батыр болған адамдар. Оған қолбасы болған Қазтуған жырауды, Есімханның әскербасысы Жиенбет жырауды, Темір бидің батыры Шалкиізді, жорыққа қатысқан батыр — Доспанбетті мысалға келтіруге болады (Ай заман-ай, заман-ай, 1 т., 1991, 27, 51, 35, 30 бб.).
Батыр-жыраулар жыр айту арқылы айқас алдында жауынгерлердің рухын көтеріп, ерлікпен аты шыққан батыр, қолбасыларға мадақ жыр шығарып, даңқын көтеретін (Тұрсынов, 1976, 158 б.), яғни батырлық рухтың жыршысы, батырлық идеологияны дәріптеуші.
Батыр — аңшы. Аңшылық батырлардың негізгі кәсібі емес. Бірақ та кейбір жағдайларда олар, аңшылықпен айналысқан. Атап айтсақ ол жағдайлар:
— жұттан малдарды қырылған отбасы мен ауылдастарын асырау үшін;
— мал шаруашылығына зиян келтірген жыртқыш, аңдарды құрту үшін;
— тыныштық, бейбіт жылдары әскери дайындығын жоғалтпау және оны одан әрі жетілдіру үшін.
Зейнолла САМАШЕВ пен Жұмаш ЖЕТІБАЕВТЫҢ «Қазақ петроглифтері (көне тамыры мен сабақтастығы)» кітабынан алынды. Алматы, 2005 ж. 9-12 беттер.
Бөктерде жыл сайын қызғалдақ гүлдейді. Сайын дала алқызыл түске еніп, дүние нұрланып кетеді. Біздің пендеуи ойымыз «осы қызғалдақ туған жер үшін шейіт болған аталардың қанына суарылған гүл ме екен» дейді кейде. Кім білген?
Сүйем қарыс жерді соңғы демі біткенше қорғаған бабалар ерлігі санамызда жаңғырғанда, жон арқамыз шымырлап қоя береді. Неткен жанкештілік десеңізші. Аттың жалында, түйенің қомында, сауыт-сайманын асынып, ер тоқымын жастанып, етігімен су кешіп, етегі қанға боялып, түн тынықпай, күн отырмай ел қорғау – ерлердің ісі емес пе?! Бүгінгі қазақ баласы ұлан-ғайыр жерді жайлап жатса, ол – ең алдымен, бабалар ерлігінің арқасы. Әйтпесе арманымыз әдірем қалып, мақсаттарымыз көзден бұл-бұл ұшар еді.
41-дің қанды қырғыны талай боздақты қыршыннан қиды. «Аттан» десе атқа қонатын қазақ баласы соғыс майданының алғы шебіне шықты. Оққа көкіректерін тосты. Бірігіп тізе қосты. Жаудың ойынын осты. Қан көрді. Жасымады. Жерімізден жауды қуды. Тасымады. Бастарын бәйгеге тікті. Қиындықтың бәрінен өтті. Жарқырап Жеңіс жетті.
Бірлік. Ерлік. Теңдік. Соғыс кезіндегі осы үш ұғым жауды жеңуге серпін берді. Бірлік болса, ерлік жасайтын ерлер табылады. Ерлік жасалған жерде теңдіктің де ауылы жақындай түспек.
Жыл өткен сайын туған жер үшін қан кешкен ардагерлер де азайып барады. Дегенмен Тәуелсіз елдің ұландары бейбітшілік заманға жеткізген ардагерлерді әсте естен шығарған емес. Оларға қамқорлығын жасап, кірпіктеріне кірбің түсірмей, алақанда аялап ұстап келеді. Мәселен, Елбасы пәрменімен жылда ардагерлерге пәтерлер мен жеңіл автокөліктердің кілттері табыс етіледі. Сондай-ақ емделуіне, шипажайларда демалуына да жеңілдік жасалған. Біз бір кездері қолына қару алып, ел қорғаны болған батыр азаматтарға көрсетілген қамқорлықтың ширегін ғана айтып отырмыз. Мұнан бөлек, ардагерлердің игілігі үшін талай істер атқарылып жатыр. Оның бәрін тізіп шығу бұл арада мүмкін емес.
Бүгін – Қазақстан Қарулы күштерінің күні. Жел өтінде тұрған жігіттер кірпік қақпай, біздің тыныштығымызды, тәуелсіз елдің шекарасын қорғап тұр. Керегесі берік, іргелі мемлекет құру үшін әскеріміз айбынды болуы керек. Сапта тұрған әрбір сарбаз сергек болуға тиіс.
Қорғаны мықты болса, қамалды жау алмайды. Құдайға шүкір, қазақ жерінің шетіне жау тигізбеу үшін әуе, теңіз, жаяу, атты әскерлер құрылған. Республикалық «Ұланға» тек мықтылар ғана жиналған. Қазақтың «Қазбаты» оттың ортасына барып қайтты. Жат жерді азат етті. Бүгінде қазақ ғаскерінің мерейі тасып тұр. Тәуелсіз елдің туын жықпау үшін құрылған біздің әскер бір секундқа да босаңсымайды. Себебі оның мойнына ел тыныштығы жүктелген.
Ел шетіне тимесін жау. Ел ішінде болмасын дау. Ел қорғаны – ерлер болсын аман-сау!