ЖАҢА ЗАҢДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР
«Жол жүрісі туралы» заңды дайындауға қатысқан жұмысшы тобының мүшесі, депутат Нұрлан Жазылбеков алматылық Серіктің «полицияға ақша жасауға мүмкіндік берді» деген пікірімен келіспейді.
[Көлік тоқтатып тұрған жол полициясы қызметкері. Ақтау, 9 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)] Көлік тоқтатып тұрған жол полициясы қызметкері. Ақтау, 9 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
– Бұрын барлық «бармақ басты, көз қыстылар» жол полициясы көлігінің ішінде атқарылатын. Енді оған тыйым салынды. Бұдан кейін полиция келіп, тоқтатуының мәнісін түсіндіріп, сыртқа шығуыңызды талап етсе ғана шығасыз, – дейді депутат.
Оның сөзінше, полицияның рұқсатынсыз көліктен түскен жүргізуші ғана емес, полицияның «көліктен шығыңыз» деген талабын орындамай қойған жүргізуші де 5 АЕК (9 мың 260 теңге) көлемінде айыппұл төлейді.
«Жол жүрісі туралы» заңдағы жаңа кейбір өзгерістер мыналар: көлік жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпаса – 5 АЕК, рульде келе жатып телефонмен сөйлессе – 5 АЕК, тыйым салынған жерден бұрылса – 10 АЕК (18 мың 520 теңге), бағдаршам белгісіне бағынбаса немесе қозғалысты реттеушінің нұсқауын орындамаса – 10 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі керек.
Жаңа заңда көлік жылдамдығын шектен асырған жүргізушілердің жазасы да қатаңдаған. Бұдан былай жылдамдықты рұқсат етілген мөлшерден сағатына 10-20 километрге арттырған адам – 10 АЕК, 20-40 километрге арттырған – 15 АЕК (27 мың 780 теңге), 40 километрге арттырса – 30 АЕК (55 мың 560 теңге) көлемінде айыппұл төлеуі керек.
Тыйым салынған жерге көлігін қойғандар, көше қиылысында кептеліс туғызғандар да бұрынғыдан екі есе көп шығынданады.
Қарсы бағытқа шығып кеткен көлік иелері бұған дейін 15 АЕК көлемінде айыппұл төлеп келсе, жаңа ереже бойынша олар көлік жүргізу куәлігінен 1 жылға айырылмақ. Мас күйі көлік айдағандар жүргізу құқығынан 3 жылға, мас күйінде жол апатына себепкер болған жүргізушілер куәлігінен 5 жылға айырылады.
«Жол жүрісі туралы» заңды дайындауға қатысқан депутат Нұрлан Жазылбеков жүргізушілердің «жазаны қатайтып, айыппұлды жөнсіз өсірді» деген уәжімен келіспейді. Оның сөзінше, ең көп бұзылатын нормалардың жазасы ғана қатаңдаған, тым сирек бұзылатын ережелерге қатысты айыппұл сол қалпында қалған. Депутаттың айтуынша, айыппұлдарды төлеуге байланысты жеңілдіктер де бар.
– Жүргізуші айыппұлды бір күннің ішінде төлесе – 50 пайызы, жеті күннің ішінде төлесе 30 пайызы кешіріледі, – дейді Нұрлан Жазылбеков.
Қазақстандағы жол-көлік ережесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізген «Жол жүрісі туралы» заңға 17 сәуір күні ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған еді. Заңды ұсынушылар бұл құжаттың халықаралық көлік қозғалысы нормаларына сай өзгертілгенін айтқан.