Жалпы, қазақы иттердің арасында қазақы ит, төбет ит, қазақы тазыдан кейін алабай иттер реттілікпен тұрады. Бұлардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен қасиеттері де жоқ емес. Мәселен, алабайды азиялықтар ғасырлар бойы мал бағу және сауда керуендерін күзету үшін пайдаланған. Кең далада отар-отар қойды алдына салып жүрген алабайлар өздерін де малшылармен қатар сол отардың иесі сынды сезініп, оған қауіп төнген кезде кез келген жыртқышпен аянбай алысқан. Ал бүгінде иттің бұл түрін қалалықтар тар аулада, торда бағып, баптайды. Біз де осындай қиын да қызықты шаруамен айналысатын итбаптаушыларды іздестіріп жүргенде Нұрәлі есімді жігіт жолықты.
1980 жылдан бері ит бағып, баптайтын Нұрәліні есік алдындағы тайыншадай алабайдың иесі ғана емес, бес уақыт намазын қаза етпейтін намазхан екенін төрдегі жайнамаз бен тәспісінен аңғардық. Әдепкіде қора ішіндегі дәу иттің арпылдаған даусы-ақ зәре-құтымызды қашырды. Бірақ, ақылдылығы сол, иесінің «тихо-тихо, ну иди сюда, иди ко мне!» деген бір ауыз сөзін жерге тастамады. Оның дәл осындай айтқанын мүлтіксіз орындайтын, алабай тұқымынан 20-ға тарта иттері бар.
Алабайдың тағы бір ерекше қасиеті өзі қорғап жатқан территорияға ойы бөтен, ниеті жаман адам келе қалса, тек сол аумақтан қуып шығады. Одан әрі аспайды екен.