Исламдық қаржыландырудың негізі неге құрылған? – Исламдық қаржыландырудың ең алдымен, алға тартатыны екі тараптың арасындағы бизнестік қарым-қатынастың тең, әділетті болуы. Ислам банкингіне қанша адам қаражат сұрап келсе, соның барлығына бірдей жағдай жасап, тең қарым-қатынас көрсету. Сондықтан экономиканы өсіріп, тұрақтандыру, тұрақты өсімге қол жеткіземіз деп айту үшін, ең алдымен, кез келген байлықты бөлуге төңкерістік қарым-қатынас қажет дейді. Басты идеяларының бірі осы.
– Исламдық қаржыландыру таза әділеттілікке құрылса, өздеріне түсер пайда не?
– Дәстүрлі банктер жүйесі секілді ислам банктері де өз тұтынушыларына құрал бере отырып, пайда табады. Өйткені, бұл банк те қаржылық құрылым. Бірақ дәстүрлі банкте бұл операция үстеме пайызға негізделіп жасалса, ислам банкі оны сауда-саттық операциялары арқылы жүзеге асырады. Өйткені, ислам дінінде сауда-саттыққа тыйым салынбаған.
Ислам банкі сізге былай дей алады: «Сізге қандай машина қажет? Оның қай салонда тұрғанын айтыңыз. Біз барамыз да, сол машинаны сатып алып, сізге сатамыз». Яғни, ислам банкі машинаны, қазақы жалпақ тілмен айтқанда мың долларға сатып алады да, тұтынушысына 1150 долларға сатады. Тұтынушы өз кезегінде 36 ай ішінде төлеуі керек. Банк несие бермейді, бірақ машинаны 1150 долларға сату-сатып алу туралы келісімшарт бар. Дәстүрлі банктерде тұтынушы өз ақшасын сақтағаны үшін, мысалы, 5 пайыз үстемеақы алып отырады. Ислам банкінде де дәл солай. Бірақ клиент үстеме пайыз ала алмайды, банк тапқан пайдадан үлесін алады. Сіз өз қаражатыңызды ислам банкіне апарып сақтайсыз. Олар бұл қаражатты өздерінде бар өзге қаржы құралдарына апарып қосады. Банк қаражатты тұтынушыларына беретін ақшадан өзге құралдары арқылы бизнес жүргізуіне көмектеседі. Жылдың аяғында ислам банкі сізге өз кірістерін қорытындылап, түскен пайдасынан сізге уәде етілген 5%-ды, одан аз немесе көп үлес төлеуі мүмкін. Бұл үлес таза, адал жолмен келген үлес болып табылады.
Тағы бір түрі, түскен пайдамен бөлісу моделі. Бұл сипаты жөнінен инвестициялық қорға ұқсайды. "Егер мен бизнеске инвестиция салып, иесіне одан түсірген пайдасынан бөліс аламын, ал кіріс түсіріп пайда таппай, керісінше, шығынға ұшыраған жағдайда оны да бірге көтерісемін" дейді.
Ақпарат көзі: http://egemen.kz/2014/04/09/24442