КӨЗ АЛМАЙ НЕГЕ ҚАРАЙСЫҢ
Көрмеген бұрын кісің бе ем,
қадалды неге жанарың?
Көп жанның мынау ішінен
көз алмай неге қарадың?!
Бөтен сөз ешбір айтпайсың,
кездесе қалсақ оңаша.
Ойланасың да, таппайсың
жасқанған бейне балаша.
Елеусіз ғана сөз айтсам,
құп алып, үнсіз қостайсың.
Қуанасың ғой бір қайтсам,
көрмеген көптен достай шын.
Қадалса сенің жанарың,
лүпілдеп жүрек... Солай шын...
Айтсаңшы, дал боп барамын,
көз алмай неге қарайсың?!
1957
ҰНАТЫП ЕМ…
Жасымнан ұнатып ем бір жігітті,
сүюдің қиындығын кім біліпті.
Көз қырын тастамай ол өте берді,
жүрекке арқалатып нұрлы үмітті.
Әдейі оны күнде жанап өтем,
ойпыр-ай, ғашық болған жаман екен,
көңілдің жайлауында сайран салып,
жаныңды талай күйге салады екен.
Сол жігіт білсең атын өлең деген,
жымияр: "Саған оңай көнем бе мен!" –
Ерте-кеш болса да бір естір ме екем
бір сөзін "Сені жақсы көрем!" деген…
Авторы: Фариза Оңғарсынова