0 дауыс
6.6k көрілді
қазалы ауданы туралы википедия мен массагет сайтынан басқа қандай мәліметтер бар?

1 жауап

+1 дауыс

Әрбір жер-су атауында өзіндік сыр бар. Қазақ оны белгілі дүниелерге орайлас қояды. Астарына үңілсеңіз, көптеген деректі кезіктіре алатының ақиқат. Олар жұртты еріксіз өзіне қызықтыра түседі. Ұлан-байтақ даламызда мұндай қастерлі орындар көп. Қашаннан да қазақылық қалпын сақтап келе жатқан Сыр бойында осындай жер-су атаулары жетерлік. Олардың кейбірінің атауы жайлы бірнеше болжам жасауға болады. Өйткені сол атаудың өзінен халқымыздың бай тілінің қоры мол екенін аңғару қиынға соға қоймас. Қызылорда облысында Қазалы атты жер бар. Кішкене ғана елді мекен емес. Ауданның атын иеленіп отыр. Облыстың солтүстік бөлігінде қоныс тепкен. Қазалының атын естіген жан елеңдеп қалады. Ол жайын­да түрліше болжам жасауы кәдік. Біз де құйма­құлақ қарттардан естіген әңгімені елдің есіне тағы бір мәрте салуды қолай көріп отырмыз. 

Бірінші болжам. Аудан дарияның жағасында қоныс тепкен. Өзеннің оң жағасында кішкене өзекшелер бар екен. Ондағы ел-жұрт балық ау­лауды кәсіп етеді. Ертеде қазіргі­дей балық аулайтын құрал-жабдық халықтың қолында қайдан болсын? Қолдағы бармен тіршілік жасайды. Жазда шанышқы, қыста қазамен әрекет етеді. Ертеректе қаза деген балық аулау құралы болған екен.
Уақыт өте келе бұл кәсіпті меңгерген жұрттың қарасы көбейе береді. Оларды қаза басушылар деп атай­ды. Сырттағы ел қаза басқан жерді «Қазалы» деп атап кетеді. Негізінде, бұл жер кім-кімге де қолайлы бол­ған екен.  Тіпті осы маңайға Бұқара мен Хиуадан, Орынбор мен Қар­қара­лыдан саудагерлер мен көпес­тер келе бастайды. Дарияның жа­ғасында бау-бақша өсірушілер де толайым табысқа кенеліп жата­ды. Осының арқасында аталмыш қоныс маңында жиналған жұрт­тың қа­­расы жылдан-жылға арта бе­­реді.
Екінші болжам. Қашаннан да халық қара қылды қақ жарған қазылар көмегіне жүгініп келген. Елдің арасында турасын айта білетін адамдар аз болмаған. Осындай төрелігін айтып, төрге озған адамдарды ел ерекше құрмет тұтқан. Қазіргі Қазалы жерінде жұрттың алғысына бөленген бір кісі болған екен. Жергілікті жұрт оны сыйлап, бастарына қиын-қыстау шақ туғанда оған жүгінгенге ұқсайды. Ол да ешкімнің бет-жүзіне қарамаған. Әрдайым әділдік іздеген әлеуметтің сөзін сөйлеген. Қарапайым халыққа тізе батырған төрелер оның алдынан сөзден жеңіліп шыққан дейді көнекөздер. Осындай қазыны ардақ еткен бұл аумақ қазының қарауындағы жер деген дейді. Ол бертін келе өзгеріске ұшыраған. Одан Қазалы деген атау шыққан деген болжам айтушылар да бар.
Үшінші болжам. Елдің аузында әлі күнге дейін сақталған тағы да бір ескі әңгіме бар. Қазалы қонысының маңайында бұрындары айдыны шалқыған көл болған деседі. Онда көптеген көл құстары мекен еткен. Көлдің беті аққу мен қаздан көрін­беген екен. Осындай табиғат байлығына сүйсінген ел-жұрт аз болмаған. Қаздың көптігіне байланысты «Қаз елі» деген атау шыққан көрінеді. Бертін келе ол елдің аузында Қазалы аталып кеткен екен. 
Төртінші болжам. Қазалы ауданынан жақын жерде Жанкент деген көне шаһар бар. Аталмыш қаланың тарихы жайлы айтылар әпсана аз емес. Солардың бірі – Бегім сұлу оқиғасына байланысты. Көрікті жарын қызғанған Санжар оның бір қолы мен бұрымын қырқып тастайды. Өзінің ақтығын дәлелдеген Бегімнің қолы мен бұрымы бұрынғы қалпына қайта келген екен. Қызының жазықсыз зәбір көргеніне көзі жеткен Қарабура әулие күйеу баласына ренішін білдіреді. Осы наланың салдары­нан Санжар хан билеген Жанкент қаласына жыландар шабуыл жасайды. Қайғылы оқиға салдарынан қаза болғандар көп болған екен. Сондықтан бұл аймақ Қазалы аталып кеткен деседі тағы бір дәлел айтушылар.
Қазалы – өңірдегі іргелі ауданның бірі. Ауданда 80 мыңнан астам халық тұрады. Ондағы ағайындар егін өсіріп, төрт түлікті түлетіп отыр. Сондай-ақ дария бойындағы елдің тағы бір кәсібі – балық аулауға көңіл бөлген көпшілік те бар. 
Бұл болжамның қайсысы шындыққа жанасады? Қай-қайсысына да назар аударуға болатын секілді. Дегенмен толық қорытынды жасауға нақты дерек жоқтың қасы. Әйтсе де қазақтың қай жері де осын­дай бағзы заманның қатпарлы құпиясын қойнауына жасырып жатыр.

Мына жерлерде бар: http://alashainasy.kz/kazakh_history/16938/ http://www.aqmeshit.kz/?page_id=904 http://kazalinsk.kz/publ/aktualnoe_intervju/m_rat_imandosov_azaly_audany_ezhelden_tamyry_tere_ge_zhajyl_an_tarikhy_bar_ir/6-1-0-718

Ұқсас сұрақтар

...