+1 дауыс
267k көрілді
Жеті қазынаға не жатады? Жеті қазына — қазақтың дәстүрлі дүниетанымындағы философиялық түсініктердің бірі. Қазақ халқы Жеті қазынаны ер жігіттің өмірімен байланыстырып, оның ұғымына нелерді жатқызады?

3 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап
Жеті қазына

Қазақта жеті қазына туралы талас-тартыс, даулы әңгіме көп. Жеті қазынаға не жатады деген сұрауға бірі: "Ер жігіт, сұлу әйел, ілім-білім, жүйрік ат, құмай тазы, қыран бүркіт, берен мылтық", − десе, енді бірі: "Жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы, берен мылтық, қанды ауыз қақпан, майланғыш ау, өткір кездік", − деп сайрайды.

Жеті қазына жөнінде мынадай да тұжырым бар:
1) адамның ақылы, ой-санасы. Өйткені, адамзат ақылы арқылы хайуанаттар дүниесінен бөлініп ерекшеленеді, әрі дүниенің қожасы болды;
2) денсаулық, яғни дененің саулығы;
3) ақ жаулық, яғни үйдегі әйел адам — ердің жары, балалардың анасы;
4) бала. Бала — адам өмірінің жалғасы, қуанышы;
5) көңіл. Көңіл мен пейіл кең болса, ынтымақ пен береке орнайды;
6) жер. “Жерсіз — ел тұл, ерсіз — жер тұл”;
7) ит. Ол әуел бастан-ақ адамға сенімді серік болған.

Ал, Бауыржан Момышұлы "Жеті қазына" жайында бала-келініне айтқан әңгімесін Зейнеп Ахметова "Бабалар аманаты" кітабында жүйелеп жазып берген. Қысқаша мәтіні былай:

«Жеті қазына» әр елдің тұрмыс-тіршілік салтына, таным-нанымына қарай әртүрлі айтылатылуы − табиғи нәрсе. Ертедегі грек-аңыз әңгімелерінде жиі кездесетін "жеті қазына" өзге халықтарға, оның ішінде қазаққа да тән деуге де болады. Өйткені мұндай айтылатындардың барлығы адамзатқа ортақ. Оны былайша таратады.

Біріншісі − Аспан. Аспан дүние жаратылыстың тылсым құпия сырларын аясына сыйғызып тұр. Өмірге пана болып, аспан денелерінің қалпын сақтап тұрған көк күмбез − планеталар мен жұлдыздардың құтты мекені.

Екінші қазына − Күн. Күн − әлемдегі тіршілік тірегі. Күллі адамзат, өсімдіктер әлемі, құрт-құмырсқа, жан-жануар күннің шуағынан нәр, күш-қуат алады. Күнсіз тіршілік жоқ.

Үшінші қазына − Ай. Ай − әлемнің түнгі нұры. Ай болмаса дүниені қара түнек басар еді. Жаратылыстың түнгі ырғағы бұзылады.

Төртінші қазына − Жер. Жер − барлық тіршілік иесінің анасы. Жер болмаса, ешнәрсе өсіп-өнбес еді.

Бесінші қазына − Су. Сусыз тіршілік жоқ. Су − таза. Оның тазалығын сақтау өмір-тіршілікті сақтау екенін бұрынғы замандарда өткен ата-бабалар жақсы түсініп, бізге өсиет еткен.

Алтыншы қазына − От. От − Күннің жердегі ұшқыны. Ертедегі адамдар оттың жылу, жарық беретін, суықтан қорғап, ауру-сырқаудан сақтайтын құдіретін жан-тәнімен түйсініп, түсінген. От бар жерде өмір бар.

Жетінші қазына − Ит. Ит адамзаттың жер бетіндегі алғашқы серігі, қорғаушысы. Итті басынан ұрмайды, аяқпен теппейді».

Тағы бір әңгімесінде Бауыржан Момышұлы "жеті қазынаны" былай тізбектеп, түсіндірген:

«Мұны «ер жігіттің жеті қазынасы» деп анықтап айту керек. Бұл ер-азаматтың жеке басына, тұрмыс-тіршілігіне қажетті бағалы дүниелеріне байланысты айтылған.
Жүйрік ат − жігіттің қанаты. "Ат − ер қанаты" дегендей, атсыз жігіттің күні қараң болған.
Қыран бүркіт − жігіттің алғырлығы, бүріп түсер күш-қуаты.
Құмай тазы − сенімі, досқа адал беріктігі.
Берен мылтық − оты, қаһары.
Қақпан − серті, бірсөзді мәттігі.
Алмас кездігі − сұсы, айбыны.
Сұлу әйел − елдің бәріне сұлу қайдан табыла берсін, бірақ сұлу болсын-болмасын, ол − ер-азаматтың артындағы қамалы, отының берекесі. Сұлу әйел дегенде тек бет көркі емес, оның жан тазалығы, ақыл-парасатын айтқаны болуы керек. Беті жылтыраған ұрғашының бәрі қазынаға жатпаса керек. Сөздің қысқасы, ер жігіттің басындағы осы жетеуі түгел болса, таршылық көрмейді депті бұрынғылар».

кейбір сөздерді түсінбедім
 жазып береңізші
қандай сөз?
бүкіл сөздерді қарапайым тілде жазым беріңізші
бұл сұрақ бұрын қойылған екен,  іздеуге жазып іздеп көріңіз бәлкім сол жазбалар түсінікті шығар
0 дауыс

Жеті қазына — қазақтың дәстүрлі дүниетанымындағы философиялық түсініктердің бірі. Қазақ халқы Жеті қазынаны ер жігіттің өмірімен байланыстырып, оның ұғымына мыналарды жатқызады:

жүйрік ат;
қыран бүркіт;
құмай тазы;
берен мылтық;
қанды ауыз қақпан;
майланғыш ау;
өткір кездік.

Ер жігіттің жүйрік аты — қанаты. Қыран бүркіт — қуаты. Құмай тазысы — абыройын асырар сенімді серігі. Мылтығы — қаҝарлы оты. Қақпаны — серті, ауы — әдіс-айласы, кездігі — сұсы. Халық Жеті қазынаны өмір қажетіне негіз етіп таратқан. Қазақ халқының Жеті қазынаны — жеті ырыс деп атауының да мәні осында. “Жеті ырысқа” мыналарды жатқызады:

1) адамның ақылы,ой-санасы. Өйткені, адамзат ақылы арқылы хайуанаттар дүниесінен бөлініп ерекшеленеді, әрі дүниенің қожасы болды;
2) денсаулық, яғни дененің саулығы;
3) ақ жаулық, яғни үйдегі әйел адам — ердің жары, балалардың анасы. Халқымыз ежелден “Бас екеу болмай, мал екеу болмайды” деп, әйелді тіршілік иесі, адам өмірін жалғастырушы деп қастерлеген;
4) бала. Бала — адам өмірінің жалғасы, қуанышы;
5) көңіл. Көңіл мен пейіл кең болса, ынтымақ пен береке орнайды;
6) жер. “Жерсіз — ел тұл, ерсіз — жер тұл”;
7) ит. Ол әуел бастан-ақ адамға сенімді серік болған.


Ал ислам аңызы бойынша, Жеті қазынаға мыналар жатқызылады:

1) Қыдыр (қызыр). Ол өзі ұнатқан адамдарына ғана дариды. Қыдыр дарыған адам байлыққа кенеледі деген түсінік бар;
2) бақ. Ерекше жаратылған құдірет иесі. Бақ дарымайды, қонады. Бақ қонған адам ел мен жерге қожалық етеді;
3) ақыл. Ақыл — байлық пен бақыттың тірегі;
4) денсаулық. Деніңізде саулық болмаса, өміріңізде сән де, мән де болмайды делінеді;
5) ақ жаулық. Дін аңыздары бойынша, Алла адамды топырақтан жаратып, жан берген соң, адам ұрпағын тарату үшін оның сол жақ қабырғасының біреуінен Хауа Ананы жаратқан;
6) тұз. Тұз — Алланың адамдар мен жан-жануарларға берген несібесі, таусылмайтын кені;
7) ит. Адам мен Хауа Ананың алғашқы серігі, қорғаушысы. Осы айтылған ислам аңызындағы Жеті қазына Алланың кереметімен ғана болып отырады. Мұндағы мақсат — “Барлық іс Алланың ұйғарымында, құдайсыз қурай сынбайды” дегенді білдіреді.


Жеті қазына ұғымы басқа халықтарда да кездеседі. Мысалы, грек аңыз-әңгімелерінде Жеті қазына басқаша кездеседі:

1) көк аспан. Ол әлем сырын өз шеңберінде сыйғызып, солардың өзіндік қалпын сақтайды;
2) Күн. Ол әлемдегі тіршілікті басқарады. Барлық зат — Күннің шуағынан нәр алады;
3) Ай. Түнгі тіршілік нәрі. Ай табиғатты түн тұңғиығында тербеп, нұрландырады;
4) от. От — Күннің жердегі сүлдесі. Отты пайдалану арқылы адамдар дүниенің төрт бұрышына тарады;
5) су. Сусыз тіршілік жоқ. Су — жерге қуат, өсімдік әлеміне, жан-жануарға нәр, көрік береді;
6) Жер. Жер — тіршілік анасы. Жан-жануарлар мен өсімдік әлеміне көрік, келбет, түр-тұрпат береді;
7) ит. Ит — Адам мен Хауа Ананың пейіштен қуылып, жерге түскендегі алғашқы серігі, досы әрі қорғаушысы. Сол себепті Жеті қазынаның бірі саналады.

0 дауыс
Ат, бүркіт, тазы, мылтық, қақпан, ау, қанжар.

Ұқсас сұрақтар

0 дауыс
4 жауап
+1 дауыс
2 жауап
0 дауыс
1 жауап
...