0 дауыс
21.2k көрілді

Эпиграфымен табиғат туралы шығарма керек?

6 жауап

+2 дауыс
 
Жақсы жауап

Табиғат! Осы бір жүрекке жылы, көңілге көтеріңкі сезім сыйлайтын салиқалы да салмақты сөзде қаншама терең тұжырым, ұлағаты мол ұғым, мағыналы да мазмұны ауқымды ой жатыр десеңізші!

Табиғат – барлық тіршілік атаулының құтты қоныс-мекені, алтын ұя- бесігі, бар байлықтың ырыс, қазынасы. Ал, адам үшін табиғат ең қасиетті де, қастерлі ұғым!  Өйткені адамның өзін дүниеге алып келген аяулы да ардақты Анасы, сондықтан да адамның табиғатты «Ана» деп құрметтеуінде де өте терең танымдық та, тағылымдық және тәрбиелік мәні зор ұғым жатыр.

Туған жерді Анам демей не дейін,

Туған жерді панам демей не дейін.

Туған жермен асқақ менің ән-жырым,

Туған жермен асқақ менің мерейім.

(Жұбан Молдағалиев)

«Табиғат – Ана», «Жер – Ана», «Отан – Ана» деген киелі сөздердегі «Ана» деген сөздің қосылып айтылуында зор мән бар, яғни бұл сөздер адамды дүниеге әкелуші, әрі оған өмір сыйлап, өз перзенттеріндей аялы алақанымен аялап, жүректегі ең ыстық ықыласы арқылы бүкіл мейірім шапағатын арнайтын аяулы да ардақты «Ана» деген ұғымды нақтылай түседі. Табиғат, Жер – Ана, туған жер, атамекен, ауылым деген жанға жайлы, сезіміңді сергітетін сөздер бір-бірімен үнемі үндесіп, құлаққа жағымды естілетін бір-бірімен мағыналас мазмұны бай сөздер.

Белгілі ғалым, әрі жазушы Әсіп Сапабек ағамыз өзінің «Қазақ қасіреті» деп аталатын құнды еңбегінде «намысы жоқтың елі жетім, қорғаны жоқтың жері жетім»- деген халық даналығын келтіре отырып, нақтылы деректер арқылы қазақ жерінің қадір-қасиетін, оны қорғай білген данышпан бабаларымыз жайлы құнды деректерді көптеп келтірген. Әсіресе, біздің заманымызға дейінгі кезеңде өмір сүрген ғұндар ханы Мүде бабамыз өзіне көршілес ханның жер сұраған өтінішіне үзілді – кесілді қарсы шығып, туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілігі кімді болса да ойландырмай қоймайды.

Мүде хан көрші ханның өтінішіне орай, «Жерді беру деген не сұмдық. Жер дегенің елдің тірегі емес пе? Жерсіз ел бола ма?... жер ұрпаққа қалдырар жалғыз мұраң. Жерді беру – ұрпағыңды сол мұрадан айырып, ертең біреуге тәуелді ету. Жерден айырылу – елдігіңнен, ерлігіңнен, еркіңнен айырылу. Жерді беремін деу – ұрпақтың жауы! Қасиетті Жер – Ананы ел дұшпанына берейік дегендердің басы кесілсін! Қасиетті Жер – Ана үшін өлім ақ өлім! Жер берілмейді» - деген екен. Мұндай даналық ойды қазіргі кезде санамыздан тыс қалдыруға мүлде болмайды.

Бұрынғы ата-бабаларымыз Жер-Ананың, киелі судың қасиеттерін ерекше бағалай білген. Ертедегі Түрік қағандығының көрнекті мемлекет қайраткері, қолбасшысы, әрі ойшыл кемеңгері Тоныкөкке (646-731) орнатылған ескерткіште мынадай жазу бар:

«Тәңірі Ұмай, қасиетті Жер-Су,

Бізді қорғайды, ойлану керек».

Мұндағы «Жер-Су бізді қорғайды»  деген сөздерде терең тұжырым бар. Халқымыздың сан ғасырлық өмірден түйген, көкірек көзінің сүзгісінен өткен даналық нақыл сөздерінің әрі дүниетанымдық, әрі тәрбиелік мәні зор. «Ханның қасында болғанша, бұлақтың басында бол» - деген өсиет нақылда мағынасы мазмұнды ұғым жатыр емес пе?!

Ерте дәуірдегі түркі мемлекетінің көрнекті әскери қолбасшысы Күлтегін (684-731) өз елі мен жерін қорғауды ұрпақтарына өсиет етіп қалдырған. Белгілі ғалым әрі ақын Әдібай Табылдиев ағамыз «Күлтегіннің өсиеті» деген жыр жолдарында арғы бабаларымыздың ұлағаты мол аманатын былай деп жеткізген:

...Жер - ананың гүлзары боп орнаңдар,

Ел - ананы басқыншыдан қорғаңдар.

Халқын бай қып көркейтіңдер сақталсын,

Алтын байлық өзен-көлдер, ормандар.

Халқымыздың табиғатқа деген ерекше жанашырлық сезімі бұрынғы  ата – бабаларымыздың өмір өнегесінен де байқалады. Күллі түркі халқының данышпаны саналатын 10-ғасырда өмір сүрген Қорқыт атаның артына қалдырған мұраларында «асқар тауларың құламасын, саялы ағаш сынбасын, қанаттарың қырқылмасын» деген ұғымдар да, туған жеріңнің табиғатын аялай біліңдер деген аталы сөздер.

Табиғатты аялау, оған үнемі жанашырлық сезіммен қамқорлық жасап отыру ата-бабаларымыздың ұрпақтарына ұран етіп қалдырған аманаты екендігін ешқашан да естен шығармауға тиіспіз.Өз заманының өнегелі ойшылы, әрі ғұлама ғалым, әрі ерен емші Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы (1397-1492) бабамыз «Шипагерлік баян» атты энциклопедиялық еңбегінде «жетіге тиіспеу» - деп арнайы табиғаттағы «көктемде өсіп келе жатқан өскінге», «көктемде көбеймелі жорғамаларға», «көктемде көрінген жорғалағыштарға», «көктемде көзі ашылған шикілікке» (балапандарға Р.С.) тиіспеу керектігін ерекше атап көрсеткен. Сонымен бірге, «Қырық бірге жуыспау» деген ескертпесінде «ордалы суманға (жыланға Р.С.)», «қордалықынамаға (құмырсқаға Р.С.)», «жалғыз ағашқа», «суықторғайға», «алдан өткен абаданға (қасқыр басқарушысына Р.С.)», «жаралы жыртқышқа», «обалы бар торшыға (өрмекшіге Р.С.)» және т.б. жұғыспау, яғни тиіспеу қажеттігін атап көрсетуінің мәні зор.

Шығыс ойшылы көрнекті ақын Әбу-л-Қасым Фирдоуси (940-1020/30) «құмырсқаны баса көрме, оның аузында бала-шағасына апара жатқан титтей дәні бар, ол да бір кішкентай өмірдің иесі ғой, осы құмырсқадан үлгі алыңыз» - деуі кезкелген адамды ойландыратынына шүбә келтіруге болмайды. Бұл арада көрнекті жазушы Шерхан Мұртаза ағамыздың «Өз үйіңді қорлама» деген шағын тұжырым толғауы еріксіз ойға оралады:

- Адам да құстар сияқты өмірбақи алып байтеректің бір бұтағын паналап тіршілік етеді. Сөйте тұра, сорлылар, сол өзі паналайтын бұтақты балталап шаба береді. Бұтақ құласа, өзі құлайтынын сезбейтін қандай мақұлық?!..

Ойсыраған орны толмас бір кем дүние..

Қазақ халқының туған жерге, оның табиғатына деген ыстық ықыласы мен аялы алақанын, жүрек жылуын сөз еткенде біз ең алдымен даламыздың данышпан абызы Асан Қайғы Сәбитұлы (14 ғасырдың соңы 15 ғасырдың басы) бабамыз асқар таудай алыстан көрінеді. Сондықтан да, қазіргі кезде Асан Қайғы бабамызды қазақтан шыққан алғашқы «ел экологы» және «табиғат жанашыры» деп мақтануымызға болады. Оның желмаяға мініп алып «Жерұйықты» іздеуі, қазақ жерінің өзен-көлдеріне, кең байтақ даласына берген орынды бағасы осы күнге дейін өз құнын жойған жоқ. Бірде, көріпкел Асан Қайғы бабамыз Сыр өңіріндегі шөлді алқапты көзімен шолып тұрып, аңызақ желіне кеудесін айқара ашып былай деген екен:

Шөлге көшіп келесің,

Қиындыққа көнесің.

Өсіп-өнесің

Арықпен су әкеліп,

Тегістеп қырат – белесін.

Ағаш – бұта егесің,

Жердің төсін емесің.

Ерінбесең ертең-ақ,

Несібеңді шөптен тересің.

Әрбір халықтың өзінің кіндік қаны тамған, өркен жайып өскен жерінің табиғаты оның тұла бойындағы адамгершілік ақыл – ой парасатымен үнемі тамырласып та, тағдырласып та жатады.

Қазақ халқы өзі туып өскен жерін ерекше қастерлеп «Атамекен», «Атажұрт» - деп атауында қордалы қорытынды жатқандығы белгілі. Адамның бойындағы асыл қасиеттердің барлығы да өзінің атамекеніне, атажұртына деген шынайы сүйіспеншіліктен басталады.

Халқының азаттық алуына бар саналы өмірін арнаған алаш қозғалысының айбынды қайраткері, әрі жетекшісіМұстафа Шоқай (1889-1941)өз еңбектерінде «атамекенді сүю – оның тұтас мүддесіне қызмет ету, осы жолда әрқашан қызмет етуге, керек болса жанпида қылуға дайын тұру болып табылады», - деп айтуы қазіргі ұрпақтар үшін өнегелі өсиет...

Киелімдей жүретін кіл есімде,

Кір түсірме ел деген ұлы есімге.

Атамекен – бақыты балалардың,

Жеңіп алған сан ғасыр күресінде.

Күндерімен,түнімен, гүлдерімен,

Өзіңдікі ол сенің, білесің бе?

 (Күләш Ахметова)

Халық ұғымында «табиғат»- деген ұғым «туған жер» деген сөзбен мағыналас, әрі мазмұндас айтылады. Мысалы, «Туған жерге туыңды тік», «Туған жердің түйе аунайтын топырағы да киелі, туған жердің түйе жейтін жантағы да киелі», «Жері байдың – елі бай», «Қара жер қарыз арқаламайды», «Жер – Ана, ел - бала», «Тозған жерде тоқшылық болмайды», «Күте білсең – жер жомарт» және т.б. Бұл арада асқан ақыл иесі Абай атамыздыңтөмендегі өсиетін келтіре кету өте орынды деп есептейміз. «...әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» (Абай: Төртінші қара сөзінен) деген даналық тұжырымы ойға оралады.

Ата – бабаларымыз туған жерін жауға да, дауға да бермей, көзінің қарашығындай сақтай білгендігі жайлы аңыз – әңгімелер көптеп кездеседі.

... Заман бар ма тарихын тыңдатпаған,

Әр тарауы, әр жолы қымбат маған.

Жер деген бір тірі Адам,

Ана ғой ол – бәрімізді, әлдилеп, құндақтаған

–деп, ақын Серік Тұрғынбеков Жер – Ананың адам өміріндегі алатын орнын асқақ жыр жолдары арқылы жүрегімізге жеткізе білген.

Адам баласы дүниеге келгенде алғаш рет өзімен өзектес туған жердің ауасымен тыныстап, табанына туған жердің киелі топырағының табы арқылы бар жақсылық қасиеттер дариды. Олай болса, қазақ халқының жанының жомарттығы, кеңпейіл дарқандығы, қиялының ұшқырлығы, мұратының асқақтығы, пайым-парасаты, сезімінің мөлдірлігі кең байтақ даламызбен, көк айдынды өзен-көлдерімізбен, асқар биік тауларымызбен, көкорай шалғын жайлауларымызбен тікелей байланысып жатады. Халқымыздың біртуар асыл перзенттерінің бірегейі, тұғырлы тұлғалы Мұхтар Әуезов (1897-1961) өзінің 1918 жылы жазылған шағын мақаласында табиғаттың адам өміріндегі маңызын ерекше бір шабытты сезімімен толғана отырып жазып қалдырған: «Адамға қорек беретін – табиғат; адамның тұрмысын, кәсібін, жан сипаттарын һәм түрлі түрге салатын табиғаттың шарттары; әр халықтың мінезі, қылығы, салты, пейілі, талабы, жігері өз маңайындағы табиғат әсерінен пайда болады», - деп дөп басып айтқан.

Халқымыздың қайсар да, қажырлы ұлдарының бірі көпшіліктің көңіліндегі ой-толғаныстарды дөп басып, өз шығармаларына арқау ете білген жазушы ағамыз Шерхан Мұртаза өмірден көрген көңіліне түйген көпшілікке ой салар жәйттер туралы түйінді тұжырымдамалар топтамасынан тұратын кітабында: «...құмырсқа екеш құмырсқа да өз илеуін қорғайды. Ал адамдар өз үйін (табиғатты) қорлайды», - деп ойланарлық қортынды жасаған.

Халқымыздың табиғатқа етене жақын болуына тарихи қалыптасқан өмір салты да зор әсер еткен. Қазіргі кезде өзіміз иелік етіп отырған ұлан байтақ жерімізді ата-бабаларымыз аттың жалында, түйенің қомында жүріп білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғауы және оны сақтап қалуы тарихта теңдесі жоқ ұлы батырлықтың белгісі деп білеміз. Бабаларымыздың осындай асыл қасиеттерін бағалай білген ардақты ақын ағамыз Кәкімбек Салықов өзінің жүрегінен шыққан жыр шумақтарында өте орынды атап өткен:

Сұлу Көкше, өр Алатау арасы,

Бәрі тұтас қазағымның даласы.

Сонша жерді сойылымен қорғаған,

Бабаларым осал емес – ау шамасы...

Бұл жыр жолдарындағы жерді қорғау деген сөздер табиғатты қорғау деген сөздермен үнемі үндесіп жатады. Абзал ақын ағамыз Сапарғали Сырымбетовтың да төмендегі жыр жолдары да соны нақтылай түседі:

Батыр болған бабамнан

Ел қорғауды үйренгем,

Ару болған Анамнан

Ар қорғауды үйренгем.

Туып өскен ұям деп,

Жер қорғауды үйренгем!

Біздің қазіргі кезде күнделікті ауызымыздан тастамай айтып жүрген экологиялық мәселелерімізге қазақ халқы ертеден-ақ ерекше мән беріп, барлық тұрмыс – тіршілігін соған сәйкес жүргізе білген. Мысалы, «обал» және «сауап» деген ұлағатты сөздерді естен шығармау қажеттігін қатал ескерткен. Халықтың бұған ұқсас экологиялық тағылымы осы күнге дейін толық мәнінде зерделеніп зерттелмей келеді. Дегенмен де, халқымыздың табиғатты ұл – қызындай аялау дәстүрін Ысқақов Сұлтанбек, әкелі – балалы Нұрғали мен Қайрат – Дәрмен Сарыбаевтар, Ақпанбек Ғұзыхан, Сейдімбеков Ақселеу, Рысбай Сәтімбеков және басқалардың еңбектерінен кездестіруге болады.

Ғұзыхан Ақпанбек халықтың экологиялық тағылымын былайша суреттеп берген:

                            Көшкен кезде жерошақты,

                            Тегістейтін, топырақпен жабатын.

                            Жанды, жансыз бар ғаламның,

                            Бабын, тілін табатын.

                            Жөнсіз іске жалтақтамай,

                            Бірден тыйым салатын.

                            Білгендері  кез келгенді,

                            Жамандықтан тыятын.

                            Бар тыйымның түсінігі,

                            «Обал» деген жалғыз сөзге,

                            Жалғыз сөзге сиятын.

Әрбір табиғат байлықтарына және оның жеке туындыларына да арнайы айтылатын экологиялық тыиым сөздер халық арасында кеңінен таралған. Ондай тыйым сөздердің тағылымдық та, тәрбиелік те мәні зор. Мысалы, күнделікті өз мұқтажымызды өтеп жүрген ауыз судың тазалығын сақтауға арналған көптеген тыиым сөздер «суға түкірме», «суды ластама», «бұлақты былғама», «су ішкен құдығыңа түкірме», «өзің ішетін суға өлген ит тастама» және т.б. бар. Осы айтылған әрбір сөзде ұлағатты ұғым, қаншама терең мағына жатыр десеңізші!

Халқымыздың әрбір экологиялық тиым сөздері халықтық тәрбиенің қайнар көзі. Мұндай өнегесі мол экологиялық тиым сөздерді балалардың жүрегіне жеткізуді жыр жолдары арқылы ақын Өтепберген Ақыпбекұлы (1950-2007) былайша өрнектейді:

                            Пір тұтып табиғат – Ананы,

                            Пұшайман күйге оны түсірме.

                            Пайдалы іс істе саналы,

                            Пәк болып, жер, суға түкірме!---

                            Пәк болу – адалдық ұққанға,

                            Пейілмен зейін қой білімге.

                            Парасат пайыммен құстарға,

                            Пана бол, үркітпе бірін де!---

Халқымыздың ырымында түнде су әкелу қажет болған жағдайда су алуға барған адам суды қастерлеп оған тас лақтырып, ұйқысынан оятып барып, одан соң су атасы Сүйлейменнен рұқсат сұрайды. Олай етпеген жағдайда алған су арам болады деп есептелген:

                            Су атасы – Сүлеймен,

                            Айдыныңа тас аттым.

                            Рұқсат ет балаңа,

                            Су алуға болама?

                            Түн ұйқыңды ояттым.

                            Тұнығыңды қорғаймын,

                            Лайласам оңбаймын.

                            Су атасы – Сүлеймен,

                            Рұқсат ет балаңа,

                            Су алуға болама?-

деп, үш рет қайталап, алдын ала су иесінен кешірім сұраудың өзінде де қаншама тәрбиелік өнеге жатыр.

Ертеде Сыр өңірін құтты қоныс еткен бабаларымыз «Сырдың суын екі жыл ішсең, ішіңе алтын байланады» - дейді екен. Ал, Сыр алқабының қазіргі жағдайына қарап, жергілікті тұрғындар «Сырдың суын екі ай ішсең, екі елі тұз байланады» - деген уәжді айтады. Мұның өзі де өмірден алынған ащы шындық!

Табиғаттың аса бір құнды байлықтарының бірі – орман – тоғай. Орманды «жер сәулеті, әрі ел дәулеті»- деп, ерекше қастерлеген. Мысалы, «көкті жұлма», «көкті таптама», «орманды отама», «жалғыз ағашты кеспе», «бауға балта шаппа» және т.б. Мұндай тыиым сөздердің бәрі де адамның  бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға ұмтылған ұлағаттылықтың бір белгісі деп түсінген жөн.

Табиғаттың қадір – қасиетін тереңінен түсінген халқымыз табиғаттың өзін де ұлы ұстаз, тәлімі мол тәрбиеші санап, оны күнделікті ұрпақ тәрбиесіне орынды пайдалана білген. Тіпті бала құрсақта жатқан кезінен бастап-ақ ана мен оның құрсағындағы нәрестені мәпелеп, ренжітуге тыиым салынған.  Өмірде көргені мен көңіліне түйгені бар ардақты аналар аяғы ауыр өз келіндеріне «биік тауға қара, көңілің өседі, көңілің өссе дүниеге келер нәресте кеңпейілді болады. Жайқалған жасыл желекке, жайнаған гүлге қара, сәбиіңнің жүзі жарқын әрі шырайлы болады. Бұлақ көзін ашып жүр, балаң қайырымды болады» - деп, өсиет – өнегесін үнемі айтып отырған.

Табиғатты аялау дәстүрі Асан Қайғы бабамыздан кейінгі ақын-жыраулардың  ой-толғауларына да алтын арқау болған.

Қожаберген Толыбайұлы жырау (шамамен 1663-1763) өзінің «Баба тілі» деген дастанында:

Мұсылманның үлгісі,

Ақиқат пен шариғат.

Үгітімді ұқ бозбала,

Бұзылмасын табиғат!

Туған жердің табиғатының тағдыры талай кемеңгер қол да, жол да бастаған бабаларымызды толғандырғаны тарихтан белгілі. Жоғарыда аты аталған атақты сыншы Толыбай бабаның ұрпағы Қожаберген жыраудың «Елім-ай» атты дастанында да туған жердің табиғатын қорғау және оның табиғатына деген сүйіспеншілік сезімі ерекше әсерлі айтылған.

Пір Бекет Ата Мырзағұлұлының  (1750-1813) да табиғатты аялай жүріп, істеген әрекеттері туралы аңыз-әңгімелер көптеп айтылады. Ол өз ұстазының келер жылға жетерлік отын әкел деген тапсырмасын орындау кезінде Бекет ата аздаған қураған ағаштарды жиып әкеледі. Оның мән-жайын  сұраған ұстазына, жас ағаштарға жаным ашып кесуге қимадым, сондықтан да тек қураған ағаштарды ғана алдым деп берген жауабына ұстазы да әбден риза болған екен.  Бұдан асқан аса зор адамгершілік бола қоймас!

Елді қорғау, жерді қорғау дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа асыл мұра ретінде жалғасып, сабақтасып, келе жатқан өмір шындығын жырға қосқан жыраулардың толғауларында да ерекше орын алған. Мысалы, Сыр сүлейлерінің бірегейі –Нұртұған Кенжеғұлұлы (1887-1930) бабамыз: «байладым басты өлімге, мақпалдай шөбі түрленген атамекен жер үшін» - деп толғайды.

Бабаларымыздың өз ұрпақтарына қалдырған өнегелі өсиеттерінде де туған жердің табиғатының тағдыры ерекше орын алады! Мысалы, мына аталы сөздердің тәрбиелік мәніне зейін қойып көрейікші!:

Қылса да дұшпан қастығын,

Жолдасы бол жақсының.

Елді, жерді қорға деп,

Балам саған тапсырдым.

Халқымыздың табиғатқа деген аса зор сүйіспеншілігі және табиғатты көзінің қарашығындай сақтап келуі жайлы құнды деректер қазіргі өскелең ұрпақтарға үлгі-өнеге боларлық даналық асыл мұралар, ұлағаты мол ұғымдар, мағынасы терең мақал-мәтелдер, ғибратты  нақыл сөздер, ақиқатты аңғартатын аңыз- әңгімелер арқылы жетіп отырды. Осындай асыл мұралардың дүниетанымдық та, тағылымдық та және тәрбиелік те мәні өте зор. Өйткені ата-бабаларымыз өздері туып өсіп, туын тіккен қасиетті атажұртының табиғат тағдыры сезімін сергітіп, жүрегіне қуат, көңіліне шуақ беріп отырған.

Халқымыздың табиғатқа деген зор сүйіспеншілігі табиғаттың көркем келбетін, арайлы ажарын, сұлу сымбатын көріп сезіне білуінен адамның бойында қажыр - қайрат, көңілінде сергек сезім орын алады. Табиғаттың сұлулығы адамды жақсы сезімге бөлейді де,  өмірге деген құштарлығы арта түседі.

Халқымыздың қажырлы да қайсар, батыр ұлдарының бірі Бауыржан Момышұлы  (1910-1982) атамыз «Сұлулық дегеннің тамыры табиғаттану деген нәрседе жатыр. Мысалы, гүлді алайық сол гүлдерге біз сұлу емессің деп айта алмаймыз. Ол табиғаттың жасаған сұлулығы. Аңдардың ішінде де сұлуы аз емес. Құстарды алып қарағын. Олардың ішінде де қаншама сұлулық бар. Сол себепті, қарағым, сұлулық деген нәрсенің өзі табиғаттың жасаған шеберлігі (творчествосы). Осы күнде ғалымбыз деп  жүрміз, бірақ табиғатқа қарсылық ету күнә» - деп, табиғат сұлулығын сезіне білуге және оны аялы алақанмен аялай түсуді кейінгі ұрпаққа аманат етіп тапсырған.

Бауыржан Момышұлы бабамыздың өз келіні зерделі де зейінді Зейнеп Ахметова бір естелігінде атасының айтқан әңгімесін есіне түсіріп:

- Ертедегі ата-бабаларымыз Тәңірге табынып, табиғатты өзінің асыраушысы, өмірінің мәні мен сәні ретінде қасиеттеп, кие тұтқан. Олар табиғат ананың тылсым тынысын тыңдап, үнін естіп, қат-қабат құпия сырларын ұғуға құлшыныпты. Әлемдегі ең ұлы кітап – жаратылыстың өзінен оқып, тағылым алып, тәжірибе жинапты.

- Еш нәрсенің себепсіз жаратылмағанын, белгілі бір мақсат-міндетті атқару үшін келгенін түсінген. Көргенін, түйгенін жүрек көзінен өткізіп, ақыл тезіне салып, ой қорытқан, байламдармен болжамдар жасаған. Сол күнделікті түйсінген ұғым түсініктері негізінде әлем тіршілігі жайлы, болмыс туралы дүниетанымы қалыптасқан. Салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ырым-тыйымдары, үрдістері пайда болған. Түп бабаларымыздың бізден артықшылығы олардың табиғаттан бөлінбегендігінде. Адам мен жаратылыс арасындағы көзге көрінетін-көрінбейтін тығыз байланысты бұзбаған. Табиғатқа зорлық жасап, «бермесін тартып аламыз» деп қатыгездік көрсетпеген. Табиғаттың тепе-теңділік заңдарын сақтауды бізден артық білгеніне күмәнім жоқ деп сеніммен айта аламын...

Табиғаттың алып тұлғасына, оның ғаламат күші мен керемет көркіне, жан-жануарлар мен өсімдіктер әлемінің бітіміне зор мән берген ата-бабаларымыз өзінше бір жан иесі жыланның да қыр-сырларын жақсы  білген бе деймін. Мысалы, қазақтар үйге кірген жыланды өлтірмейді. Басына ақ тамызып, шығып кетуіне мүмкіндік жасайды...

Қазақ халқының қара сөзінің хас шебері Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов  (1902-1985) өз шығармаларында халқымыздың бойында ежелден қалыптасып, ұрпақтан –ұрпаққа беріліп келе жатқан асыл адамгершілік қасиеттерініңбірі – табиғатқа деген ерекше сүйіспеншілік, табиғатты жүрек жылуымен, аялы алақанымен аялай білетіндігін өз шығармаларына  алтын арқау еткен аптал азамат.  «Қазақ деген ел – бостандық, азаттықты сүйетін, даланы, таза ауаны сүйетін, таза суды, таза көгалды сүйетін халық» - деп, тебірене жазды. Ол 1944 жылы Қарағанды өңірінің бір топ маңдайалды майталман ақындарын республикалық ақындар айтысына әкеле жатып, солардың арасындағы Жолдекей деген ақынның аузынан «Домбыра сазы» деген өлеңді жазып алады. Ол өлеңді сол кездегі құйтырқы солақай  саясатқа қарсы келер деген оймен көп уақыт бойы жариялай алмайды. Кейіннен жампоз жазушы осы өлеңді «қазіргі табиғат байлығын аялау қажеттігі туындаған кезде жарияла деп тұрғандай көрінді» - деп, «Ел аузынан» - деп аталатын аса құнды кітапта басып шығарды.

... Домбырам сазы қара орман,

Қарағайлы, қайыңды,

Ұяңдай қысқы мекенің,

Құтырған желден пана сол.

Күн күйдірсе пана сол,

Балта даусы шыққанда

Ойбайлайды домбыра –

Орманға тиді арам қол!

Зар қағады домбыра!

Тарт орманнан қолыңды!

Қара орманға ие бол...

Осы өлең жолдарында қара орманның қасиеттері мен адам өміріндегі ерекше маңызы – айшықты жыр жолдарымен барынша нақты айтылғандығы бірден-ақ байқалып тұр.

Халқымыздың ұғымында «қара жер», «қара орман», «қара қазан» деген сөз тіркестеріндегі «қара» деген сөз «киелі», «қасиетті» деген ойды білдіреді. Талай ғасырлар өзіне сая боған орманды халқымыз «қара орманым» - деп ерекше қастерлеген. «Бабалар еккен шынарды, балалары саялайды» – деп, әрбір ағаштың өзін де аялауға үйреткен. «Атаңнан мал қалғанша тал қалсын» деген өсиет сөздерде де зор мән бар.

Рысбай СӘТІМБЕКОВ

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры

0 дауыс

Адам – табиғаттың ажырамас бөлігі . Табиғат пен адам қатар ұғым . Адамсыз табиғат , табиғатсыз адам өмір сүруі мүмкін емес. Адам табиғатты қасиет тұтады . Табиғат - тіршіліктің құт-берекесі. Табиғатты қорғау міндетіміз. Қазіргі кезде экология мәселесі нашарлап кетті. Экологияны қорғау,табиғатты сақтау қазіргі жастардың қолында. Табиғаттың сырын қазіргі кезге дейін ғалымдар зерттеуде. Қазақ халқында табиғатты құрмет тұтады. Қазақтар жұлдыздарға қарап бағыт бағдарды болжаған. Табиғат біздің сыраушымыз,байлығымыз,күнделікті тынығатын сарайымыз. Табиғат –адамның еңбегінсіз,адам игілігі үшін жаралған жаратылыстың сыйы. Адам табиғаттың патшасы деген ұғым бар. Сондықтан табиғат адам үшін - асыл ана. Өйткені адам баласы табиғатта,тіршілікте өсіп-өніп, жетілген.Қажетін алып, өз пайдасына жаратқан. Табиғат –ырыздықтың,ырыс пен мол қазынаның кайнар көзі , адам денсаулығының сенімді сақинасы. Ұрпақтан –ұрпаққа мол мұра ретінде калушы.Табиғаттағы жануарлардың мүйізінен немесе өсімдіктің тамырынан халық емшілері дәрі – дәрмектер жасаган сонымен қатар адам ағзасына дәрінің септігін тиерін анықтаған.Табиғаттың сырын білмей, қалай болса солай пайдалану ойға қонымсыз. Өйткені оның салдарынан табиғат байлықтары кеми түседі. Қазіргі таңда табиғаттың ластануы үлкен , аса зор мәселе. Бұл барлық дүние жүзінде қарастырылуда. Табиғат – сөз жетпес сұлулық , баға жетпес қазына,көз тоймайтын әсемдік ,айтып жеткізе алмайтын қыры мен сыры мол құбылыс болғанымен қазір сол табиғат нашарлап,ластануда соның салдарынан адам өміріне өте қауіпті жағдай тудыруда . Біз табиғаттағы әрбір жайқалып тұрған гүлге,мәуелеп тұрған ағашқа қамқорлық танытуымыз қажет. «Бір тал кессең , он тал ек» демекші, айналамызда табиғаттан лас иісті, ауру тудырушы бактерияларды жоюшы тал,жасыл желек. Егер осы мәселе қаралмай кала берсе төңірек азып кетеді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының экологиялық қауіпсіздігі тұжырымдамасы» жарлығы Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінде «Экологиялық білім мен тәрбие беру»тұжырымдамасы экологиялық білім беру бағыттарына арналады. Бұл бағыттар мектептегі тәрбие жұмысына еніп, біз ауыл көшелерінің тазалығын сақтауға өз үлесімізді қосамыз. Салауатты өмір салтын ұстану аясында адамның қоршаған ортасы таза болуы шарт.Табиғаттың қорғаны жас ұрпақ - біз.Табиғат адамның бойына қуат, өзіне шабыт беруші.Табиғат біз киетін киімді,оқитын кітапты,тамақтанатын тағамды, ас дақылдарын бәрін де табиғаттан аламыз.Өлкелерді көгалдандыру жұмысы жүргізілсе деймін.Экологияы және адам өмірін бірдей сақтау үшін тезірек әрекет ету керек. Адамның ағзасын нашарлауы шаң-тозаң,қатты суық және ыстық желдерден ,микробтар,түтін, улы газдар мен бактериялардан бастау алады. Мен өзімнің туған өлкеме қарағай т.б ағаш түрлерін ексе екен деймін. Табиғаттың зардаптарына төтеп беру үшін табиғатты қорғауымыз керек.

 

немесе....
Табиғат - тіршілік көзі. Оның әрбір әсері адам өмірінде үлкен роль атқарады. Аяулы табиғатсыз осы ғаламда өмір сүру, тіршілік ету мүмкін емес еді. Жыл мезгілдерінің өзгеруі де, табиғатты одан әрі әсерлейді. Әр жыл мезгілі әр қилы. Төрт жыл мезгілі бізге төрт түрлі ғажайып күйін сыйлайды. Таудан сарқырап аққан өзеннің айналасында өксіген оттай жанған жануарларды көрудің өзі керемет көрініс емес пе?! Бау-бақшада өскен жеміс-жидектердің иісі мұрын жарады. Жайқалып өскен түрлі гүлдер көзге өз кереметтігін сыйға тартады. Аспаннан күннің көзі түскенде, жердің жүзі қуана қыбырлайды. Көлдер қойнын ашса, қаңқылдап оған құстар қонар. Табиғат жайлы өнегелі сөздер, мақалдар мен өлең- жырлар да аз емес. Оның керемет әсемдігін жырлаған, суреттеп жазған ақындар баршылық. Табиғат көркемдігін өз өлең-шумақтарында жырлаған ақындардың қатарында Абай Құнанбайұлы («Жаз!, «Күз», «Қыс»), Сұлтанмахмұт Торайғыров («Шілде»), Қасым Аманжолов («Дауыл»), Ыбырай Алтынсарин («Өзен») сияқты ақындарды атауға болады. Шалғайын шалқар маушыған Бұлт келді, көктем кір кетті. Топырлап ұрған тамшыдан, Топырақ иісі бұрқ етті. Шілде мен тамыз пышаны Шаң ғана болса, Қалдырма Терезелер құшағын Түгелдей ашшы жаңбырға,- деп Қадыр Мырзағали атамыз әсем табиғатты жырлады. Табиғат көркемдігін ақ қағаз бетіне түсірген ақындарымыз оның құдіретін білген. Сол өлең жолдарын болашақ ұрпаққа, яғни бізге қалдырып отыр. Біздің әрбір басқан қадамымыз, әрбір істеген ісіміз табиғатқа байланыты болғандықтан, оның біздің өмірімізде ерекше орын алуы сөзсіз. Бірақ, адамзаттың кейбір істері табиғатқа кері әсер етуде. Оның кері әсері біздің денсаулығымызға да зиян келтіреді. Табиғатты қорғау- табиғатты аялау әр адамның міндеті. Үлкен- кіші әрдайым оны таза ұстап, құрмет тұту қажет. Оның бізге қаншалықты қажет екені баршамызға мәлім.
Табиғат тіршілік иелерінің бәріне де қорек, ауа, су, жылу, жарық қажет. Бұл тіршілік қажеттерін олар табиғаттан алады. Осының өзі де адам, өсімдік пенжануар сияқты тірі табиғаттың перзенті екеніне дәлел бола алады. Табиғатқа тау, тас, ауа, жан-жануар, шатырлаған найзағай, жауын-шашын, ақ ұлпа қар сияқты құбылыстарды жатқызуға болады.Осы құбылыстырды төрт мезгіл арқылы баяндай аламыз. Астанамның көгінде Алаулаған күн қандай! Бұлбұлдары сайраған Бұйраланған бақ қандай! Теректері жайнаған Жасыл бантик таққандай Самал желмен таранған Қызғалдақты қыр қандай! Жер бетіне сан алуан Жалау өсіп тұрғандай. Көктем –шуақты мезгіл. Көктем келіп, жер беті жаңарып, әдемі түрге енеді. Құстар сайрап, барлық жан –жануар, тіршілік оянады. Көк шөп шығып, бәйшешек, ағаштар гүлдеп, мал төлдейді. Жылғалардан су ағып, сең жүреді. Күн күркіреп, найзағай ойнап, жауын жауады. Маусым айы- жаздың басы. Сенің туған жерге саяхат-жорығың да осы айда басталады. Кешқұрым дала түрлі қимылдарға толады. Мал қораға келеді. Түні қандай тұнық десеңші! Ай сүттей жарық. Шартабақтай жарқырап, түнімен жер бетіне күміс сәулесін төгеді де тұрады. Арайлы таңды айтсаңшы, шіркін! Сен елең – алаңнан оянып, жаз таңын қарсы алып көрдің бе? Күн шығыс жақ балқыған нұрға бөленеді. Таңмен бірге оянған бұлбұл әні көңілді әлдилейді. Гүлдер де бой түзеп, таңғы ауаны құшырлана сіміреді. Құстардың шырылдаған әсем үндері естіледі. Алқаптарда қалықтаған үйме-үйме шөмелер жапырлайды. Тау-тау маялар бой көтереді. Аспанда қалықтаған бұлт аз. Күнтас төбеге көтеріледі де,жер беті жетіле түссін дегендей, мол нұрын төгеді. Күн айналып жерге түскендей ыстық болады. Жеміс-жидек, алма, өрік сары ,қызыл бояулармен бояна бастайды. Бау-бақшаға кірсең, орман араласаң, самсаған жидекке қарық боласың. Осындай шілденің дастарханына тамыз өз шашуын дархан дастарханына тамыз өз шашуын шашады. Тамылжыған жас иісті, Жазғы жасыл көк дала Жайылған жібек кілемдей, Қызылды-жасылды, көк ала. Жазда күн ұзақ, түн қысқа. Күннің ыстығы сонша күшті, құм да, тас та қызып кетеді. Күз-барлықтың, байлықтың айы. Қиырына көз жеткісіз алтын толқынды теңіздерде мыңдаған « дала кемелері» жүзіп жүр. Қырманын астыққа толтырған диқанның қуанышы қойнына сыймайды. Бұл мезгілде құс атаулының көші басталады. Ұзақ сапарға шығатын достарына жол жоралғысын жасап, суық торғай мазасыз күйд. Оларды шығарып салып, шыр-пыр болып жүр.
0 дауыс

Табиғатты қорғау- біздің парызымыз Табиғаттың ғажайып әсемдігін көз алдына елестете отырып, өзің бір керемет сезімге бөленесің. Табиғаттың бар әсемдігін, бар кереметін, оның әрбір әсерін сөзбен де, жазумен де жеткізу оңай емес. Оның керемет көрінісі жаныңды тербетеді. Бұлттары аппақ мақтадай, шөптері жасыл кілемдей төселген. Табиғат - тіршілік көзі. Оның әрбір әсері адам өмірінде үлкен роль атқарады. Аяулы табиғатсыз осы ғаламда өмір сүру, тіршілік ету мүмкін емес еді. Жыл мезгілдерінің өзгеруі де, табиғатты одан әрі әсерлейді. Әр жыл мезгілі әр қилы. Төрт жыл мезгілі бізге төрт түрлі ғажайып күйін сыйлайды. Таудан сарқырап аққан өзеннің айналасында өксіген оттай жанған жануарларды көрудің өзі керемет көрініс емес пе?! Бау-бақшада өскен жеміс-жидектердің иісі мұрын жарады. Жайқалып өскен түрлі гүлдер көзге өз кереметтігін сыйға тартады. Аспаннан күннің көзі түскенде, жердің жүзі қуана қыбырлайды. Көлдер қойнын ашса, қаңқылдап оған құстар қонар. Табиғат жайлы өнегелі сөздер, мақалдар мен өлең- жырлар да аз емес. Оның керемет әсемдігін жырлаған, суреттеп жазған ақындар баршылық. Табиғат көркемдігін өз өлең-шумақтарында жырлаған ақындардың қатарында Абай Құнанбайұлы («Жаз!, «Күз», «Қыс»), Сұлтанмахмұт Торайғыров («Шілде»), Қасым Аманжолов («Дауыл»), Ыбырай Алтынсарин («Өзен») сияқты ақындарды атауға болады. Шалғайын шалқар маушыған Бұлт келді, көктем кір кетті. Топырлап ұрған тамшыдан, Топырақ иісі бұрқ етті. Шілде мен тамыз пышаны Шаң ғана болса, Қалдырма Терезелер құшағын Түгелдей ашшы жаңбырға,- деп Қадыр Мырзағали атамыз әсем табиғатты жырлады. Табиғат көркемдігін ақ қағаз бетіне түсірген ақындарымыз оның құдіретін білген. Сол өлең жолдарын болашақ ұрпаққа, яғни бізге қалдырып отыр. Біздің әрбір басқан қадамымыз, әрбір істеген ісіміз табиғатқа байланысты болғандықтан, оның біздің өмірімізде ерекше орын алуы сөзсіз. Бірақ, адамзаттың кейбір істері табиғатқа кері әсер етуде. Оның кері әсері біздің денсаулығымызға да зиян келтіреді. Табиғатты қорғау- табиғатты аялау әр адамның міндеті. Үлкен- кіші әрдайым оны таза ұстап, құрмет тұту қажет. Оның бізге қаншалықты қажет екені баршамызға мәлім.

0 дауыс

Эпиграф: Табиғат деген тамаша ғой.

0 дауыс

http://www.******.com/tags/%D1%82%D0%B0%D0%B1%D0%B8%D0%B3%D0%B0%D1%82+%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B+%D0%BA%D0%B0%D0%B7%D0%B0%D0%BA%D1%88%D0%B0+%D1%88%D1%8B%D0%B3%D0%B0%D1%80%D0%BC%D0%B0/

0 дауыс
табиғат пен адам бірдей секілді меніңше

Ұқсас сұрақтар

0 дауыс
0 жауап
+1 дауыс
7 жауап
...