Сарыарқа
Сарыарқа, сарқыраған суың қайда?
Түнде шық, күндіз мұнар буың қайда?
Шажағай шарт-шұрт етіп, нөсер құйған,
Көк жасыл кемпірқосақ туың қайда?
Көк маса, көкорай шалғын шөбің қайда?
Көк қасқа бетегең жоқ түбі майда,
Қызғалдақ қызыл-жасыл көк балдырған,
Балауса бал татыған бар ма сайда?
Көк бұлт күркіреген зілің қайда?
Тобылғы толықсыған гүлің қайда?
Атта ұма, түйеде қом, қойда шырай,
Тұлыптай желі толған құлын қайда?
Бұлтты күн күйіп тұр, жел аңызақ,
Дым тимей шөп қурады, жер тамызақ.
Рахмет дариясынан қатыра тамыз,
Ғаламды тәрбие еткен, ей жалғыз хақ!
Басы бос паналауға бұлақ бар ма?
Жанатын жарық сәуле шырақ бар ма?
Ахуалын замананың аз сөйлейін,
Тыңдайтын құмарланып құлақ бар ма?
Көтерген ақ ордада ханың қайда?
Қиғаш қас, бидай өңді ханым қайда?
Жаяуға ат, жалаңашқа киім болған,
Қолы ашық, қайырымды байың қайда?
Шаң жұтты теке жәуміт атың қайда?
Қалдырмас жауға тастап жақын қайда?
Ұшқыр ат, түзу мылтық, болат найза –
Бұлардан құтылатын батыр қайда?
Бай бар ма баяғыдай қарқылдаған,
Асы мол, аты тегін тартылмаған.
Алдыңнан атынды ұстап құрмет еткен,
Жайдары жеңгең бар ма жарқылдаған?
Пайдалы балығы коп дария бар ма?
Сыбырсыз сырын айтқан жария бар ма
Аузынан ая толы қақырық тастап,
Батагөй басалқы айтқан қария бар ма?
Кең сарай исі жұпар үйің бар ма?
Уайымсыз, ұйқы тыныш күнің бар ма?
Теңгеріп қор мен зорды бірдей күткен,
Ақ көңіл, әділетті биің бар ма?
Қамқорлы атаң менен анаң бар ма?
Тірілтер олар өлсе шамаң бар ма?
Атаның ақ батасын аламын деп,
Әдеппен кызмет еткен балаң бар ма?
Именген иба сақтап келін бар ма?
Ол именсе еңкеймей желің бар ма?
Толған соң тоқсан екі тозбасын деп,
Тілейтін тілеуіңді елің бар ма?
Соқталы сом алтындай жігіт қайда?
Қыз бар ма тал шыбықтай сөзі майда?
Опалы ойнақтаған ақ келіншек,
Кер ауыз кең бәйбіше бар ма байда?
Азбайтын ақыны кең ағаң бар ма?
Тозбайтын ақ кіреуке жағаң бар ма?
Күніне бір кітапты жат оқысаң,
Наданға сөз ұқпайтын бағаң бар ма?
Аға деп ғазиз тұтар інің бар ма?
Жамандап жақсы болса жының бар ма?
Маймылдай тіл үйреткен майдалайсың,
Еңбекке есе туса күнің бар ма?
Арымас алты ай мінсе атың бар ма?
Алтындай шірімейтін затың бар ма?
Ер өмірін уәжіп деп қызмет етер,
Ақтаған ақ некені қатын бар ма?
Ас берген, ат шаптырған тойың бар ма?
Құдаға айтып сойған қойың бар ма?
Жетіні жеп, сегізге секіреді,
Жебірге бұл заманда тойым бар ма?
Қалмады, ей, Сарыарқа, сенде қызық,
Сандал тау, сары өлкені алды мұжық.
Қолыңнан келер де жоқ, өнер де жоқ,
Баласы байғұс қазақ қалдың мыжып.
Әлі де қоймадың ба, халқым, мыжып?
Жұлын сау, омыртқаны қойды мұжып!
Жолым тар, жолбарыстай жорта алмаймын,
Айтуға мүмкін емес бәрін тізіп.
Таптадық Сарыарқаны неше жүз жыл,
Байы жоқ, баласы жоқ сонда да тұл.
Ерініп еңбек қылмай, егін салмай,
Халыққа қала салған боламыз құл.
Кең дала, кеткенің бе кер бетеге,
Бұл жерде бала туып ер жете ме?
Суырдай іннен шыққан сүмірейіп,
Дариға-ай, мекенінен ел кете ме?