Бұл ұзақ, әңгімені ертеде араб, латын әріптерімен жарияланған қалпынан автордың түзетіп, өзгерткен жаңа түрі.
I
- Қайран Тектім-ай!.. Алпамсадай арысым едің... Қаңбақтай жеп-жеңіл боп қаусап қалғаның-ау! Қолыма салмағың білінсеші, - деп, ауру жігітті қолына көтерген ағасы енді төсекті жайғап салған әйелі Қатшаның қасына алып келді. Ауру жанды Қатша мен ағасы жертөсекке оң жақ қырынан жатқызды.
Көтергенде қатты демігіп, өңі қуарып, әлсіреп қалған ауру жігіт, ерні қыбырлап, сыбырлай сөйледі. Аға мен жеңге оның жүзіне қатар үңілгенде: "Ер арыса -аруақ... " деп, зорға ғана басын изегендей белгі етті.
- "... Ат арыса - тулақ", - деп, Қатша қайнысын ұққан жай білдіріп, бас изеді де, шерлене күрсініп алды.
Бірі ауру, бірі сау екі еркек - ағайынды Бақтығұл, Тектіғұл болғанда, Қатша - жаңа арман айтқан қара мұрт Бақтығұлдың әйелі.
Бақтығұл інісінің қасына жамбастай, жақындай отырып, өзінің ең алғаш жаңа ғана айтқан "арысым" деген жайында қадала ойланып, қатты қобалжып қалды. Мұның інісі Тектіғұл анығында бойы биік, кеудесі талыстай дейтін, қол-сирағы ұзын да сом біткен атан жілік азамат еді. Бақтығұл өзі де кесек, балуан денелі, иықты, кеуделі келген де, інісі Тектіғұл бұдан бойға биік, бар сүйегі балғын болатын.
Ұзаққа созылған сарауру бүгінгідей әбден мегдетіп келген шағында Тектіғұл төсек жақтырмай, жамбасы тесіліп қиналғаннан, аға-жеңгеінен сол төсекті күн сайын бір қақтырып, жұмсартып салуға тілек ететін. Жаңа інісін екі қолына балаша құшақтап алып, төсек жөнделгенше көтеріп тұрған Бақтығұл науқасты бар салмағынан айрылған қаңбақтай сезінген. Енді қасына жанаса отырғанда, інісін тағы да бір көтерген басқаша дертті шағы созыла түсіп, есіне келді.
Ел ішіне келген қалың сүзектен әке-шеше қатар төсек тартып жығылып, араларына екі-ақ күн салмай, әуелі - шеше, артынан әке өлді. Сонда он алты жасар Бақтығұл он жасар осы Тектіғұлды біресе қолынан жетектеп, біресе шаршағанда арқалап алып, әкесі айтқан нағашы деген ел болмысқа бірнеше күн итшілеп жаяу кезіп, зорға жетіп еді. Содан соңғы көтергені осы екен.
Тектіғұлдың да есіне бір күйік түскендей. "Кескен теректей құлатты ғой мені. Қу жоқшылық бір құлатты. Аямас дұспан соққы жазасы әпкетті, міне, -бар дәрменімді... Нем қалды?.. Тектіғұл ініңнің орнына кімің қалды сенің?!" деп, әлсіз жүзін Бақтығұлға зорға дегенде бұрып; аға-жеңге - екеуіне бірдей кезек көз тастап, соңғы ғана бір, қара өзекті қақ жарғандай шынын айтты. Сыры да сол. Шерлі шыны: -"Кегім... кегім кетті!.. " - деді де, екі танауы қусырылып, кемсеңдеп тұншыға жылады. Қатты қинала жөтеліп, іргеге қарай құлай аунады.
Дертті жастық нені айтып жатқанын Қатша бұлжытпай түсінген.
- Қуарғырлар, соққысы мен мазағына ұшыратып, дертке шалдықтырса да, керек десе қатпа лақ құрым қалжа да бермеді ғой!
Бақтығұл ішінде талай нәрсе кернеп тұрса да, тілге сараң боп:
- Қалжа неге берсін, оны берсе, өзге одан зорғыға да борыштар болам деп жүрген жоқ па қаскей дұспаны, - деді. Үнсіз ғана тұнжырап, қалың қара мұрты еңкейді де, сөзден тыйылды.
"Одан зорғыға" дегені түсінікті. Егер Тектіғұл осы дерттен қаза болса, қалжа берген айыпты кісі құнына да жығынды "құныкер" болар еді. Соны ойлаған дұспан әсте көнсін бе! "Ауру сенен, сенің соққыңнан болды" дегенге бас имес үшін, қалжаны да ауызға алдырмай қойған жоқ.
Бақтығұлдың есінде сайрап тұрған нелер арманды, өксікті күндер бар. Нағашы дегенді іздеп барып, бұлар жиен боп жетіскен жоқ-ты. Қозыбақ аулы деген Бүрген болысындағы малды-басты жуан ауылға екі бірдей малай боп, өзі қой бақты; он жасар інісі қозыға салынды. Содан міне тап былтырғы өткен күзге дейін, табандатқан жиырма жыл бойында Бақтығұл да, Тектіғұл да Қозыбак аулының кенжесі - Сәлмен дейтін сотқар байдың малайы болды. Қойшыдан асқанда, қолы жеткені жылқышылық еді. Он жеті - он сегіз жыл бойында Бақтығұл Сәлменнің мыңға тарта жылқысының сан жүзін тудырып-есіріп, сан айғыр үйірін тыңнан салғызып, әлденеше кәрі бие, ат-айғырын қартайтып, қысы-жазы байдың жылқысының соңында болды.
- Қыс - отарында, жаз - күзетінде. Қасындағы бес-алты: Жамантай, Қоқай сияқты бірі үлкен, бірі құрбы жылқышылармен үздіксіз өмір кешті. Інісі Тектіғұл болса, қойшылықпен он шақты жыл қыршын жас күнін кешіріп еді. Кейін биеші етісті. Күндіз сауында, кешке қой күзетінде оның да тынымсыз, толассыз бейнет өмірі зая кешкен.
Өзге-өзгесінен бұрын, өз малы кезіне кәрінбей, Қозыбақ аулы "барымташы", "жортуылшы" деп, малай жігіттерін кей жаздарда не ғилы пәлеге де салатын.
Бақтығұл жиырма бес - Жиырма алтыға келіп, Тектіғұл жиырмаларға іліге берген шақтарда ағайынды екі малшы алпамсадай мол денелі, ірі қайратты жігіттер боп шықты. Екеуінің бірдей бала шақтарынан өткен еңбектеріне тапқаны тұлдыр еді. Он жыл еңбек еткен Бақтығұл зорға дегенде, көрші кедей малайдың қызы Қатшаны бар ақысын беріп жүріп, әреңге алған.
Тектіғұл міне - бүгін отызда. Әлі үйленген де жоқ. Екеуін бірдей сотқар мінезді Қозыбақ аулы, кейде бір елмен барымталасса, қолдарына қара шоқпар, астарына жүйрік ат беріп, жортуыл бейнетке - соғысқа да салатын. Қозыбак аулының Сәлменнен үлкен ағасы - Сәт болыстыққа таласып, талай партия-сайлауда әлденеше қырғын-жойқын төбелес жасатты. Соларда Сәт-Сәлменнің, исі Қозыбақтың "қара сойыл, дөйір жігіттері шетінен жойқын" десіп, өзге жасақшылар сескене сөйлегенде, Бақтығұл, Тектіғұлды еске алатын. Бұларды кейде қорлай, мазақтай сөйлеп: "екі құл, қос құл" десетін.
Соқтыққыш сотқар ауыл - Қозыбақтың әрі шоқпары, әрі құлақ қақпас ырысты құлдары десетін.
Қозыбак аулы барымтамен байыды. Сондықтан да ол ауылдың басты еркек-ересек малайлары емес, қатын-қалаш, бала-шағасына шейін "білсе - барымта, білмесе - сырымта" дейтін жайларды күле түсіп, көп ауызға алысатын.
Бақтығұл мен Тектіғұл Сәлменнің қолына барғалы бай малы жыл санап төлдей өсудің үстіне, барымта-қоспадан үстей өсу де мол болған. Ағасы - болыс, інісі сотқар қорқау болса, Қозыбақ байымай, кім байысын! Сондай қосылған сырт малының талай да талайы Бактығұлдың құрығы, бұғалығы, ноқтасы да бастарына тиген, барымтамен алғызған әлдекімдердің ақ-адал малдары болатын.
Қысы-жазы ағайынды екі жігіттің еңбегі, ер қайраты кіргізетін кіріс айта қаларлық болса да, Сәлмен осы екі жігітті талай жылдар өзге малайлары тәріздендіріп, ақы бермей жұмсап жүрді. Бұлар көшпелі ел малайы алатын кесікті, дағдылы "пәлен қой, пәлен киімнен" есеп жасап, есесін алуды білген емес.
Сондықтан да Тектіғұлдың басына біткен, берекелі мал дейтін мардымды түк те болмаған. Жиырма жылғы Бақтығұл еңбегінің, он жылғы әйелінің сауын сауып, күңдік еткен қызметінің орайы да ойдағыдай болған емес. Барлығы: Бақтығұл, Тектіғұл -екеуінің ортасында осы бүгінгі жыртық қоңыр үй, төрт - бес қара, он шақты ешкі-лақ. Жиырма жыл бойында жаттың малын жан сала бағып-қағып жүрген, тепсе, темір үзетін ағайынды екі жігіт пен қара шаруаға мығым қаражон Қатшаның "құраған-сымағы" осы ғана.
Еңбегін жегені бір сөрі. Енді міне - өмірін, қыршын өмірін жегенді айтсаңшы! Бақтығұлдың көз алдынан былтырғы бір қарашаның дауылды қара суық түні қалың әлек түйіндей аударылып түсті.
Бұл өзі жылқының бір үйірін ауылға айдап келсе, ауыл шаң-шұң айғай, Сәлменнің боқтығы басымдап тұр екен. Біле келсе, боқтап жүргені - Тектіғұл. Оны сол дауылда ығып кеткен қойға жалаңаш-жалпы тез шықпадың деп, Сәлмен қатты сабапты. Тектіғүл "азынап тұрған қара суық дауыл мынау! Берген киімің жалғыз ескі шекпен болса, оның қолтығы, жоны жыртық. Жауын мен дауылға не кием? Тымғұрса бір өң киім бер!" деп сұрағанға жазықты бопты.....