Заманында кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов Тахауи Ахтанов жайында «ол әдебиеттегі жаңа құбылыс» деп айтып кеткен еді. Және жай ғана айтып қойған жоқ, оны өзіне іні-бауыр тұтты, абыройды ақтаған қаламгерлердің белді өкілі деп санады. Бүгін сол Тахауи ағамыздың туылған күні. Көзі тірі болғанында оның жасы 89-ға келер еді.
Тахауи Ахтанов 1923 жылдың 25 қазанында Ақтөбе облысының Шалқар ауданы, Шетырғыз ауылында туған. Ұлы Отан соғысының ардагері. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының екінші курсында оқып жүрген кезінде майдан даласына өзі сұранып аттанған.
Соғыста қолынан қаруымен бірге қаламы да түскен жоқ. Майдан газеттерінің беттерінде әдеби көркем шығармалары, өлеңдері мен очерктері жарық көрген. Кейін, 1948 жылы әскер қатарынан босағаннан соң шығармашылыққа түбейгейлі бет бұрды. Сын мақалалары молынан жарық көріп, алғашқы монографиялық зерттеу еңбегі де басылып шыққан болатын. Жазушы мұнан кейінгі жылдарда проза мен драматургия жанрларында өнімді еңбек етті.
Ең алғаш жарық көрген әңгімесі "Күй аңызы". Артынан, 1956 жылы "Қаһарлы күндер" атты романы да дүниеге келген болатын. Ал, "Дала сыры" повесі үшін Тахауи Ахтановқа Қазақ КСР-нің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығы берілді. 1968 жылы жазылған "Сәуле" драмасы, одан кейінгі "Боран", "Ант", "Әке мен бала" драмалары да қазақ сахнасының өміршең туындыларына айналды. "Махаббат мұңы", "Күтпеген кездесу" драмалары, "Арыстанның сыбағасы", "Күшік күйеу" комедиялары өзге елдердің сахналарында қойылып жүр.
Т.Ахтанов 1994 жылы дүниеден озды. Өкінішке қарай жазушының 80 жылдығы да, 85 жылдығы да мемлекеттік деңгейде аталып өтілген жоқ. Келесі жылы тұлғаның 90 жылдық мерейтойы. Айтулы күні тиісті деңгейде шаралар өткізілсе нұр үстіне нұр, жазушы әруағына құрмет болар еді.
Айта кетейік, Тахауи Ахтанов II дәрежелі Отан соғысы орденімен, екі рет Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, "Құрмет Белгісі" ордендерімен марапатталған. Қазақстанның Халық жазушысы.