Ұлылардан ұлағат, өнеге алу үшiн олардың өмiрi мен шығармашылықөмiрбаяндарына үнемi қайта оралып, ой салатын тұстарын жиi-жиi еске алып тұрсақ, бұдан ұтылмасымыз хақ. Ол ұрпақтар үшiнқажет. Бiздiң бүгiнгi рухани зәрулiгiмiздiң қажетiн молынан өтейтiн ұлы Мұхтар Әуезов мұрасының тағылымдық-тәрбиелiк тұсына осы мақсатта тағы бiр үңiлiп көрелiкшi. Осы ретте Мұхтар Әуезовтiң шәкiртi әрi әрiптесi болған Ысқақ Дүйсенбаевтың “Адам дегенiңiз осындай-ақ болар” деген естелiгiне көз жүгiртсек, бүгiнгi жастарға үлгi-өнеге боларлық жайттар молынан кездеседi: “...1949 жылы қазақ әдебиетi тарихының ХVIII-ХIХ ғасырларға арналған екiншi томын бiр топ авторлар жазатын болдық. Бұл еңбектiң ғылыми жетекшiсi болып Мұхаң тағайындалды. Жаз бойы таудағы дачада Мұхтар ағаның отбасымен бiрге тұрып, маған тапсырылған тарауларды жазумен шұғылдандым. Менi таңырқатқан бiр нәрсе – Мұхаңның күнделiк қатаң тәртiбi. Ол кiсi сағат 8-де оянып, бiрден гимнастика жасайтын, шайдан соң стол басына отырып, сағат 1-ге дейiн тапжылмастан жұмыс iстейтiн. Түскiтағамнан кейiн бiрер сағат үзiлiс жасап, кешкi 8-ден түнгi 12-ге дейiнтағы да сарыла отыратын. Жаз бойы осы тәртiбiмiз өзгерген жоқ... ...Қысқасы, 3-4 ай бойында ғылыми жұмыс iстеудiң семинарын өткендейсезiндiм. Жазу үстiнде жiберген кейбiр кемшiлiктерiмдi Мұхаң қызыл қарындашпен астын сызып көрсетiп, тұс-тұсына өз ойларын ашық жазып отыратын едi. Кейiнiрек басталған айғай-шудың қырсығынан бұл еңбек жарық көре алмай қалды. Ал менiң өз басым үшiн тұтас бiр мектеп едi десем, мұным асыра сiлтегендiк бола қоймас... ...Маған Мұхаң әрқашан күреске әзiр солдат тәрiздi көрiнетiн, бiрақ ол кiсiнiң қаруы тiптi басқаша едi: халқына деген шексiз сүйiспеншiлiк, зор талант, энциклопедиялық терең бiлiм. Сол себептi де қарсы адамдары сырттай қанша кiжiнгендерiмен, Мұхаңа бетпе-бет келгенде тайқақсып шығаберетiн...” Шынында да, ұлы тұлғалардың әрбiр сәтi, мағыналы мезетi бiз үшiн құнды дерек,таусылмайтын тағылым екенi даусыз. Ал өзi де еңбекторының төресi, көрнектi ғалым Бейсенбай Кенжебаев “Ақылгөй ағамыз” деген естелiгiнде: “...Мұхаң араласқан, басқарған мәжiлiс, жиналыс бейнебiр мектеп сияқты. Оған қатынасқан жұрт бiлiм,үлгi, сабақ алар едi. ...Сонымен бiрге Мұхаң әрi өте сабырлы, ұстамды, асып-тасуды, көкiрегiн көтерудi, кейiп, күйiп-пiсудi, қайғыға омырылып, уайымға салынуды бiлмейтiн, сәттi-сәтсiздiкке бiрдей төзiмдi болатын... Мұхаңның тағы бiр жақсы қасиетi ол адамға мейiрiмдi, қамқоршы ұстаз едi, жәрдемiн аямайтын. Қалайда жұртқа жәрдем еткiсi, пайдасын тигiзгiсi келiп тұратын. Әсiресе, жастарды оқыту, үйрету, тәрбиелеу, өсiру, оларға, мейлi қай жағынан болсын, жәрдем ету, соған тырысу оның салты, сүйген жұмысы, негiзгi мақсаты болатын... Жұртқа үйрете де, жұрттан үйрене де бiлетiн” – дейдi. Осындай ұлы мұраттарды мақсат тұтқан Мұхтар Әуезовтi әр мезет ескеалудың өзi үлкен мерей, бiздiң бүгiнгi рухани кемелдiлiктi аңсап жүрген жас ұрпаққа ұлағат емес пе?! Ұлы жазушының табандылығы, еңбекқорлығы жөнiнде өсиет еткен,соны жастарға жеткiзудi талап еткен замандасы, сырлас қаламдасы Константин Алтайскийдiң мына сөздерiн бiрiмiз бiлсек, бiрiмiз бiлмесiмiз заңды. Өйткенi ол естелiктер кiтабын кiтапханалардан кездестiрудiң өзi неғайбыл. Ендеше, оқып көрелiк: “Өз басым жастарға Мұхтар Әуезовтiң қолжазбаларын, не болмаса қолжазбаларының көшiрмесiн көрсетер едiм. Оның қолжазбаларынан үлкен еңбеккер, зор тәлiмгер, iрi суреткер екенi айқын көрiнедi. Сөздердi түзетуi, кейбiр сөйлемдердi қайта өңдеуi, кей тұстарды қысқартуы... осының бәрiнен оның сөз өнерiне деген махаббаты, ұқыптылығы мен ыждағаттылығы менмұндалап тұр...Сонымен бiрге М.Әуезов өте тыңғылықты болатын. Айтса болды – келетiн, уәде еттi ме – үлгеретiн. Мұхтар Әуезов өзiнiң уақытын ғана емес, өзгенiң уақытын да қадiрлей бiлетiн...”. Қай кезеңде де қай халықта да талант әр ұлттың ақыл-ойының, парасат-пайымының сапасын танытарлық баға жетпес байлығы болған десек, табиғат-ананың бiзге тарту еткен талантты ұлы М.Әуезовтiң өмiрi мен өнерi, ғибратқа толы ғұмыры қай ғасырда да бiздiң ұрпағымыз үшiн мәңгiлiк үйренер мектеп бола бермек.