Сәбит Мұқанов
(1900-1973)
Сәбит Мұқанов – қазақтың әйгілі жазушысы, қазақ әдебиетінің көрнекті қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі.
Оның есімін жалпы қазақ оқырманына кеңінен танытқан «Сұлушаш» дастаны, «Адасқандар» романы осы кезде өмірге келді. Осыларға жалғаса жазылып, бірінен кейін бірі жарық көрген «Майға сәлем» (1933), «Советтік армия» (1934) атты өлеңдері, «Ақ аю» поэмасы (1935), «Жұмбақ жалау» романы (1938) және осылар тәріздес толып жатқан шығармалары қазақ әдебиетінің дамуында ерекше рөл атқарады.
Сәбит Мұқановтың туған жері қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Преснов ауданы. Ол кездегі қазақ ауылындағы жалғыз-оқу молда болған. Жас Сәбит осы молдадан оқып арабша хат таниды. Ел арасына көп тараған қисса – поэмаларды оқитындай сауаты ашылады. Әуелден өлең-жырға, ертегі – әңгімеге әуес бала там-тұмдап әдебиет үлгілерін тауып оқи бастайды. Ол кездегі азын аулақ қазақ кітаптарында ескі өзбек немесе татар тілдері араласып келетін.
Әке шешеден жастай жетім қалып, балалық шағын ауқатты ағайындарына жалданып, қой бағумен өткізген Сәбит өзінің талаптануымен хат танығанымен, мұғалім алдын көріп, жүйелі білім ала алмайды. Тек он сегізге толғанда, Омбы қаласына барып, мұғалімдер курсында оқуға мүмкіндік туады. Оны бітіргеннен кейін ауылға барып, біраз мұғалім болады. Осында ауылды кеңестендіру жұмысына белсене араласып, таптық күрестің Көкшетау облысындағы оперативтік өкілі және партияның Ақмола губкомының нұсқаушысы қызметін атқарады. Бұдан кейін 1922 жылы Орынбордағы рабфакқа түсіп, оны бітіріп шыққаннан соң, баспасөз орындарында жұмыс істейді. Сол жылдары орысша үйреніп орыс әдебиетінің үлгілерімен танысып, поэзияның үлкен дариясына сусындайды, алуан түрлі жандарды ғажайып бейнелерді ол сонан көреді.
1926 жылы рабфакты бітіріп шыққан соң «Батырақ», «Октюябрь өткелдері», «Сұлушаш» поэмаларын жазады. 1926-1928 жылдары республикалық «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде, баспа орындарда қызмет істейді. Осы кезге дейін атқарған сан салалы қызметінде болсын, шығармашылық өрлеу жолында болсын, ілгерлеудің басты кепілі терең білім екенін, онсыз көздеген мақсатында жету мүмкін еместігін айқын сезінген ол 1928 жылы Ленинград университетінің филология факультетінде оқиды, Москвадағы Қызыл профессура институтының әдебиет бөліміне түсіп, оны 1935 жылы бітіріп шығады. Осы кезеңде ол белгілі «Майға сәлем!» өлеңін, «Ақ аю» поэмаларын жазады.
1935 жылы ол жаңадан шыға бастаған «Қазақ әдебиеті» газеьінің редакторы болып істеді. 1937 жылы Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы қызметін атқарды.
Бұл кездегі Сәбит Мұқанов қаламынан шыққан ірі туындылар «Ботагөз» романы (1938, бұрыңғы аты «Жұмбақ жалау»), «Менің мектептерім» (1941), «Колхозды ауыл осындай» (1937) сияқты шығармалар.
1943-1951 жылдары ол екінші рет Жазушылар одағының төрағасы болды.
1950 жылдары ол «Сырдария» романын, «Шоқан Уәлиханов» пьесасын жазды. Кейін бұрынырақ жарияланған екі томдық «Өмір мектебі» кітабының жалғасы ретінде «Есею жылдары» деген өмірбаяндық романын жазып шығарды.
1947-1963 жылға дейін Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.
Оның 1974 жылы жарық көрген «Халық мұрасы» деген тарихи этнографиялық шолуы халқымыздың мәдениеті, өнері, тілі, материалдық игіліктері жайында жазылған ерекше құнды зерттеу еңбек болды.
Поэзиясы.
Ол революция қарсаңында жалпы адам өмірі туралы, көңіл күйі туралы өлеңдер жазған. Соның ішіндегі ең маңыздысы – 1919 жылы жазылған «Бостандық» өлеңі. Бұл өлең қазан төңкерісі шын мағынада еркіндік әкелді деген кешегі күнге дейін айтылып келген ұғымға саяды.
1920 жылы жазған «Кедей баласы» өлеңінде Сәбит сол революциялық тақырыпты онан әрі кеңейте түседі, таптық қырын өткірлей береді. Қанаушы таптың қазақ ауылындағы сұрқиялары бай, би, молдалар, олардың қолданар әдісі алдау, арбау, дінмен көзді байлау деп ұғады ақын.
Ақын 20-шы жылдары қазақ ауылы, қазақ кедейінің халі, шаруалар тұрмысы жөнінде көптеген өлеңдер жазады. Оның бастылары «Шоқпыттың шаруасы», «Сүт заводы», «Қазақстан», «Жолы жоқтар біздің жолға қосылсын», «Егістік», «Балқаш», «Конвеер» және басқалары.
Кейін ұжымдастыру, индустрияландыру дәуірінде Сәбит көптеген жаңа өлеңдер жазды. Бұлардың қай-қайсысында болса да ақн құрылыс майданындағы қайнаған еңбекті, жұмысшы, малшы, егінші өмірін тақырып етіп алады.
Ақын поэзияға жаңа өрнек, түр беруге, оны осы күнгі өмір, тұрмысқа бейімдеуге ұмтылады. Осындай соны, әуенді туындысы – 1933 жылы жазылған «Майға сәлем!» атты өлеңі. Мұнда ақын дүниежүзі еңбекшілерінің ынтымақ күні – 1 майды тек жасыл көктем, шуақ күн деп қана жырламайды, бұл күн бүкіл езілген хадлықтың қолына ту ұстап, күреске шығатын, бостандыққа ұмтылатын, азат еңбекке бастайтын күн дегенді уағыздайды. Май мейрамының өзін ақын «Жолдас» едп атап, оны жаңа адам, жұмыскер бейнесінде елестетеді.
«Малшының мақтанышы», «Колхозды ауыл осындай», атты өлеңдерінде ақын ауыл еңбеккерлерінің бейнесін жасайды.
Ақынның көптеген өлеңдері соғыс тақрыбына, кейін бейбіт еңбек, тың тақрыптарына арналды. Соғыс кезінде «Менде аттандым майданға», «Фашизмнің ажалы», «Гвардеец бауырларға», «Ленин қаласында» сияқты жоғары патриоттық сезімдерге толы өлеңдер жазды.
Ақынның лирикалық өлеңдерінің негізгі кейіпкері – қарапайым еңбекші халық өкілі.
1925-28 жылдары ақынның поэмалары жарық көре бастады. «Пионер» мен «Жетім қыз үйінде» жазушы қазақ ауылындағы кедейлердің қал ахуалың көрсетеді. 1926 жылы жазылған «Кешегі жалшы мен бүгінгі жалшы» (кейін «Батырақ» атанған) атты поэмасында ақын ауылдағы бай мен кедейдің ара қатынасын нақтылы образдар арқылы суреттеді.
1928 жылы драмалы оқиғаға «Сұлушаш» оқиғасын жазды.
Сұлушаш Тілеуберді деген бай қызы болса да, жастайынан бірге өскен, еңбекпен шыныққан, жас жылқышы Алтайды жақсы көреді, Алтай үшін жанын қиюға бар:
Басқаны Сұлушаштың сүйері жоқ,
Алтайдан басқа көңілі иері жоқ.
Кездескен қай мырзаға көз салса да,
Ішінде тап Алтайдай жүйелі жоқ.
Кейін атастырған күйеуіне зорлап апарылған Сұлушашты Алтай құтқарып алады.
Ақынның поэзиялық ерекшеліктері. Қазақтың байырғы поэзиясына қарағанда, осы заманғы поэзиясы түр мен мазмұн көркемдігі жағынан жаңаша өсіп – өркендеді. Әрине, ол жаңалық бірден басталып кеткен жоқ. Бұрынғы дәстүрді бойына сіңірген, бұрыңғы бар түрді қолдана отырып, ақындар жаңа заман тынысын көрсетті. 20-30-шы жылдарғы қазақ поэзиясын алып қарасақ Сәбит Мұқанов көп жаңалықтар еңгізген. Күрескер ақын Сәкен Сейфуллин поэзиясы қазақ өлеңін қаншалықты жоғары көтерсе, Сәбит Мұқанов та- көп ізденіп, поэзиясын жаңаша сөйлетуге ұмтылған ақын. Жаңалық тек ұйқас, буын, ырғақ саласында ғана болмай, көбіне ақынның теңеу, метафора, эпитет сияқты шеберлік кетсе – өрнектерінен де көрінеді.
«Колхозды ауыл осындай» атты өлеңінде ақын көрікті даланы, көркем аспан мен көкарай шалғын жерді, онда тіршілік етіп жүрген халықты үлкен сахналы театр сипатында суреттейді. Өлең, әрине, сол заманның көпірме ұранына сәйкес, бос мақтан сипатында жазылған.
Не – десен, - бұл театр? – Сол театр –
Дағдылы театрдан зор театр,
Залы – аспан, сахнасы - сұлу дала,
Артисі миллионнан мол театр.
Әрине жаңа өмірге қалыптасып, сіңіп кеткен театр өнері болмаса, ақын мұндай ұқсатуды қолданбас еді. Әйтпесе комбайнды суреттеген жерін алайық:
Алқынбай, өкпе, таңау қусырылмай,
Теттігі фавриктің ұршығындай,
Айналған комбайнның орағынан
Қырқылды егін жүннің қылшығындай.
Драматургия, сын, әдебиеттану салаларында ерекше еңбек етті. 200-ден астам әдеби сын мақалалар жазды. Қазақтың ауыз әдебиетін зерттеді, фольклор және көне жазба мұраларды жинап бастырды, әдебиет тарихы және ағартушы демократтар шығармашылығы туралы зерттеу еңбектер жазды, халық поэзисының ірі өкілдері туралы толымды пікірлер айтты.
Ол халықтың арасынан шыққан халықтың сүйікті жазушысы болды. Оның қазақ мәдениетін өркендету саласында сіңірген зор еңбегі кезінде жоғары бағаланды. Бірнеше мәрте Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшелігіне, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланды, екі рет Ленин, екі рет Еңбек Қызыл Ту, «Құрметті белгісі» ордендерімен марапатталды. Бүкілодақтық бейбітшілік қорғау комитетінің мүшесі болды.
Мұхтар Әуезовтің: “Қазақ әдебиетінің аға жазушысы Сәбиттің аты – қазақ оқушысының мол қауымына өте даңқты, анық қымбат аттың бірі” деп, Ғабит Мүсіреповтің: “Жазушы Сәбит Мұқановтың қаламынан туған еңбектер өз алдына бір энциклопедия”, деп Мұхаметжан Қаратаевтың: “С.Мұқанов толық мағынасында халық жазушысы еді” деп, Расул Ғамзатовтың: “Біздің әдебиетіміздің Эльбрустарының бірі” деп, Сәйфи Құдаштың: “Шын мағынасында үлгі-өнеге тұтатын кең құлашты жазушы” деп Ұлы адамдар Сәбитке өз мақтаныштарын білдірген.