Кенесары Қасымұлы (1802, Көкшетау өңірі – 1847, Қырғызстан, Жетіжал жотасының оңтүстік алабындағы Кекілік-Сеңгір аңғары) – мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы, қазақ халқының 1837 – 1947 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, Қазақ хандығының соңғы ханы (1841 – 1947). Кенесары Шыңғыс ханның 27-ұрпағы, Абылай ханның немересі.
Жоспар
1 Балалық шағы
2 Кенесары туралы ақын-жазушылар шығармалары
3 Көтеріліс
4 Ақ киізге көтерлуі
5 Хандықтың құлдырауы
6 Пайдаланған әдебиет
7 Сілтемелер
Балалық шағы
Ордасын Көкшетауға тіккен Абылай ханның отыз ұлы болған. Абылайдың қалмақ қоңтайшысы Қалдан Сереннің қызынан дүниеге келген баласы Қасым сұлтанның бәйбішесі Айкүмістен Кенесары (алты ағайынды – Саржан, Есенгелді, Көшек, Ағатай, Бопай), екінші әйелінен Наурызбай туған. Кенесары өзге бауырлары секілді көшпелі әскери ақсүйектер қауымының дәстүріне сай жастайынан шабандоз, ұшы-қиырсыз даланың қатал табиғатына шыныққан, қиындыққа төзімді болып тәрбиеленеді. Жеке басының ерлік қасиеттері, бірбеттігі, алға қойған мақсатына жету жолындағы қайсарлығы мен дүлей күш-жігері оның жетекшілік қабілетін айналасына ерте мойындатқан.
Кенесарының саяси көзқарасының қалыптасуы Ресей империясында Петр І билігі кезеңінен басталған Ресей мен Қазақ хандығы арасындағы қатынастар сипатымен тығыз байланыста болды. Ресей империясы өзіне шекаралас жатқан Қазақ хандығын, күллі Азия елдері мен жерлеріне бастар қақпа деп есептегендіктен, оны Ресейге қосып алу қажеттігіне ерекше мән берген-ді. Қазақ хандығы аумағын империяға күштеп қосу оның отарлануымен қатар жүрді. Ресей отаршылдығының ерекшелігі – «орыс солдатының соңынан орыс мұжығы ілесіп отыратындығында, сөйтіп, жаулап алған жерін орыс жеріне айналдырып жіберуге тырысатынында» (М.Шоқай) еді. Атасы Абылай хан заманынан бері үдей түскен бұл процесс жас сұлтан К. санасына ұлт тәуелсіздігіне төнген қауіпті терең түйсінтті. Патша үкіметінің 1822 жылғы «Сібір қазақтары туралы Жарғысы» қалыптасқан хандық құрылымды, дәстүрлі билік үлгілерін жойып, қазақ елін жалпыресейлік басқару жүйесіне сіңістіріп жіберуді көздеді. Сол мақсатта қазақ даласына орыс шаруалары ағылып келіп қоныстана бастады. Абылай ханнан кейін орнына билікке келген Уәли хан (1781 – 1821) патша әкімшілігінің Көкшетау алқабында қала құрылысын бастауына келісім берді. Уәли өлгеннен кейін хан сайланған баласы Ғұбайдолланы Ресей үкіметі бекітпей тастады және орта жүзде хандық билікті жойды. Қарсылық көрсеткен Ғұбайдолланы тұтқындап, Сібірге жер аударды. Осыған байланысты К. Ресей мен Абылай хан арасында жасалған жазбаша келісімшарттың бұзылғанына наразылық білдірді. Оның: «Алла қостаса, қазақтардың басын біріктіреміз де, қайтадан Абылай хан тұсындағыдай дәрежеге жетеміз» деген пікірі әкесі Қасым сұлтанның, бауырларының, көптеген қазақ батырларының тарапынан қолдау тапты. Олар Ресейге қарсы Қоқан ханымен одақтаса отырып күреспек болған еді, бірақ үміттері ақталмады. Керісінше, 1836 ж. Қоқан билеушісінің нұсқауымен К-ның бауыры Саржан өлтіріледі. 1840 ж. әкесі Қасым төре қаза тапты. К. Абылай хан тұсындағы Қазақ хандығының аумақтық тұтастығын қалпына келтіруді, Ресей құрамына кірмеген аймақтардың тәуелсіздігін сақтауды көздеді. Отаршылдарға қарсы соғысты бастамас бұрын К. бірнеше рет дипломатиялық қадамдар жасап: Николай І патшаға, Орынбор ген.-губернаторлары В.А. Перовскийге, В.А. Обручевке, Сібір ген.-губернаторы П.Д. Горчаковқа хат жолдады. Ақылды саясатшы және әскери қолбасшы ретінде К. жаудың мықты қарулы күші бар екендігін жақсы түсінді, сол себепті соғысқа мұқият даярланды. Бұл оның қазақтың үш жүзін бір мақсат жолына біріктіру саясатынан, қару-жарақ соғуды, соның ішінде зеңбірек құюды жүзеге асыру үшін орыс және өзге ел шеберлерін тартуынан көрінеді. К-ның қол астына 20 мыңға жуық сарбаз жиналды. Оның ішінде Орта жүз руларынан басқа, Кіші жүздің шекті, тама, табын, алшын, шөмекей, жаппас, жағалбайлы, т.б. руларының, Ұлы жүздің үйсін, дулат, т.б. руларының сарбаздары болды. К-ның жауға қарсы жорығында Ағыбай, Иман, Басығара, Аңғал, Жанайдар, Жеке, Сұраншы, Байсейіт, Жоламан, Бұқарбай, Мыңжасар, т.б. батырлар аянбай шайқасты. Әскери қимылдар 1838 ж. Ақмола, Ақтау қамалдарына шабуыл жасаудан басталды. Көтерілісшілер қамалдарды өртеп жіберді. К. соғыс ауқымын Торғай арқылы Кіші жүз жеріне қарай кеңейтті. 1841 ж. қыркүйекте К. үш жүздің өкілдері жиынында қазақ хал¬қының ханы болып сайланды. Осы жылы К-ның әскері Қоқан хандығының иелігіндегі Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт қамалдарын алды. 1843 ж. Ресей үкіметі К-ға қарсы кең көлемді әскери жорық ұйымдастырды. К-ның әскері Ресей армиясы мен Ресей жағында күресуші қазақ сұлтандарын бірнеше рет ойсырата жеңді. Алайда әскери қуаты әлдеқайда басым жау К. сарбаздарын Жетісуға шегінуге мәжбүр етті. Азаттық үшін шайқаста К. қырғыз манаптарының өзіне бағынуын талап етті. Алайда патша әкімдерімен құпия байланыста болған манаптар оған мойынсұнбады. К. бағынудан бас тартқан қырғыздарға шабуыл жасады. Өз жақтастары ішіндегі опасыздық салдарынан К. мен інісі Наурызбай дұшпандарының қолына түседі. К. айуандықпен өлтіріледі. Жау¬лары оның басын кесіп алып, орыс әкімшілігіне жібереді. Князь Горчаков К-ның басын Батыс Сібір бас басқармасындағы «Кенесары бүлігі туралы» іске қосып сақтауға бұйрық береді.
Кенесары туралы ақын-жазушылар шығармалары
Астана қаласындағы Кенесарының ескерткіші
К. қазақ халқының дербес мемлекеттілігін қалпына келтіру, халқын бодандықтан құтқарып, басын біріктіру, азаттық пен бостандыққа қол жеткізіп, тәуелсіз ел ету мұратын көздеген сұңғыла саясатшы, қайраткер, ірі мәмілегер, дарынды әскери қолбасшы ретінде ел есінде қалды. К-ның өмірі мен азаттық жолындағы күресі көптеген ақын-жазушылардың шығармаларына арқау болды. Нысанбай ақынның «Кенесары – Наурызбай» дастаны (19 ғ.) 1875 ж. сұлтан Жантөриннің тәржімасымен «Орыс географиялық қоғамы Орынбор бөлімшесінің жазбаларында» орыс тілінде жарияланды. 20 ғ-дың 30-жылдары М.Әуезов «Хан Кене» пьесасын (сахнаға бірер қойылуынан кейін тыйым салынған), 60-жылдары И.Есенберлин «Қаһар» романын жазды. Алғашқы зерттеулер ішінде «Қазақ сұлтаны Кенесары Қасымовтың бүлігі» деген тақырыппен Н.Середаның 1870 ж. «Вестник Европы» журналының бірнеше нөміріне бастырған кітабының дерек көзі ретіндегі маңызы зор. 1888 ж. Ташкентте «Кенесары мен Садық» деген атпен шыққан К-ның баласы сұлтан Ахмет Кенесариннің естеліктер жинағы да құнды еңбек болып табылады. Кеңес өкіметі тұсында К-ның күрес жолына іргелі ғыл. зерттеу арнаған тарихшы-ғалым Е.Бекмаханов («ХІХ ғасырдың 20 – 40-жылдарындағы Қазақстан», 1947) саяси қуғын-сүргінге ұшырады. К. тұлғасына жаңаша қарап, оның шынайы бағасын беру ісі Қазақстан тәуелсіз мемлекетке айналғаннан кейін ғана қолға алынды. Тарихшылар (Ж.Қасымбаев, т.б.) өз зерттеулерін жариялады. 2002 ж. К-ның туғанына 200 жыл толуына орай халықар. ғыл. конференция өтті. Астана қ-нда К-ға ескерткіш қойылған және оның есімімен аталатын көше бар. Б. Орынбекұлы
Кене хан (Кенесары Қасымұлы, Кенесары Қасымов, Кенесары хан, хан Кене) — Қазақ хандығының ең соңғы ханы. 1841—47 жж. билік құрған. Қазақ халқының патшалық Ресейге, Қоқан және Хиуа хандықтарына қарсы жүргізген ұлт-азаттық күресін басқарушы.
Ол өзінің тегі жағынан төре тұқымынан. Бабасы қазақтың атақты ханы Абылай. Арғы аталары Шыңғысханның Жошы деген үлкен баласынан тарайды. Абылайдың әйелі қалмақтың Хочу мерген ноянының қызы Топыштан Қасым сұлтан туады. Кенесары осы Қасым сұлтанның баласы
1822 жылы Ресей өкіметі Кіші жүз бен Орта жүздегі хандық билікті жойып, аға сұлтан мен сұлтан әкімдер билігін енгізеді. Сөйтіп, Ресей өкіметі қазақ елінің ішкі тірлігіне тікелей араласып, өз үстемдіктерін жүргізе бастайды. Осыған қарсы шыққан Кенесары хандық басқару жүйесін қалпына келтіруге күш салады. Ол өз ойын Ресейдің жергілікті әкімшілігіне, сонымен қатар патшаның тікелей өзіне де жеткізеді. Бірақ патша өкіметі Кенесарының талаптарын орындаудан бас тартады. Сондықтан да ол өз мақсатын күшпен жүзеге асыруға кіріседі.
Көтеріліс
1827 жылдан бастап Абылайдың ұрпақтары қазақ хандығын патшалық Ресей езгісінен босату жолындағы күресте белсенділік танытты. Кенесарының әкесі Қасым мен үлкен ағасы Саржан бастаған жасақтар орыс ауылдары мен керуендеріне шабуыл жасап тұрды, қазақ ауылдарын отарлық бұғаудан босатты.
Міне солардың жолын жалғастырушы Кенесары Қасымұлы да мемлекет тәуелсіздігінің өте маңызды іс екенін халық санасына құюда қыруар еңбектер атқарды. Мемлекет мүддесін қорғау жолында жауды жеңіп, тәуелсіздікке қол жеткізу үшін халықты біліктілікпен басқару көп септігін тигізетінін ол жете түсінді. Кенесары Қасымұлы өз айналасына ең адал кеңесшілер мен батырларды, халық арасынан отарлық езгіге қарсы ең беделді, белсенді азаматтарды топтастыра білді.
Кенесары қолы алғашқы әрекетін 1838 жылы көктемінде Ақмола бекінісін қоршап, өртеуден бастады. Қамал бастығы әскери старшина Карбышев пен Ақмола аумағының аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендин төнген ажалдан құтылып кетті. Кенесары енді Торғайға бет бұрды. Кенесары Қасымұлы патша өкілдеріне жазған хаттарында бұл әрекетін Ресей шекараларына жақындатуға ұмтылу, сол арқылы келіссөз процестерін жеңілдету деп түсіндірді. Шын мәнінде батырдың негізгі мақсаты 1836—38 жж. Исатай Тайманұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі болып өткен Кіші жүзді жалпыхалықтық көтеріліске қосу болды.
Ақ киізге көтерлуі
1841 жылы Кенесары хан сайланды, оның саясатының басты мақсаты қазақ хандығын қайта қалпына келтіру болды. Кенесары мемлекетті басқаруда шариғаттың негізгі ережелерін енгізді, сонымен бірге, билер сотын қалпына келтірді. Мемлекет пен оның әскерін нығайту жолдарын жетік білетін хан мұсылмандық құқық ережелерін бекітті. Салық саясаты да оны тиімді жолмен жинауға бағытталды.
1841 жылы Кенесары хан тағына отырғаннан кейін, көтеріліске қатысушылар әскери қимылын үдете түсті, олар қоқандықтардың елеулі күштері бекінген Жүлек, Ақмешіт, Жаңақорған, Созақ қамалдарын қоршауға алды.
Кенесары өзінің басты мақсаты — азаттыққа қол жеткізу үшін ортақ жауға қарсы үш жүздің күш біріктіре күрес жүргізуі керек екенін түсінді. Алайда ұлт-азаттық күрестің 1844—45 жылдары қарқыны үдей түскен кезеңде де қазақтардың басы толық бірікпеді. Көтерілістің бас кезінде-ақ қазақтар қарама-қарсы екі топқа бөлінді: бірі Кенесары жағында болса, екіншісі патшаның жүргізген саясатын қолдады.
1846 жылы Ресей жасақтары мен отаршылдыққа бойұсынған қазақ сұлтандарының әскери құрылымдары оны Кіші және Орта жүздер аумағынан ығыстырды.
Кенесары Қасымов хан, саясаткер, дипломат ретінде қазақтың үш жүзі руларының едәуір бөлігін өз туы астына біріктіре алды. Оның әскерінің жалпы саны кейде 20 000 адамға дейін жетті. Халықтың бас көтеруіне Орта жүздің көптеген сұлтандары мен билері қосылды.
Кенесары бастаған халық көтерілісінің ауқымы кең болды, ол 18 ғ. соңы мен 19 ғ. басындағы азаттық жолындағы өзге қозғалыстардан қазақ рулары көп қоныстанған негізгі аудандарды қамтуымен ерекшеленеді.
Кенесары мемлекет құрылымына көп көңіл бөлді, елді басқаруда жаңа құрылымдар мен ережелер енгізді, сонымен бірге істен шығарылған құрылымдарды қайта қалпына келтірді. Әскер қатарында қатаң тәртіп орнатты. Әскерді ұзақ дала соғыстарына бейімдеу үшін мыңдықтар мен жүздіктерге бөліп басқару құрылымын құрды. Ол қажет ақпараттарды жеткізіп тұратын тыңшыларына да сүйенді, саяси күрес пен дипломатияның тиімді әдістерін қолданды. Мемлекеттің ішкі саясатын хан өзі қатаң бақылауға алды, ру аралық қақтығыстардың жолын кесті.
Хандықтың құлдырауы
Үш жүздің қазақтарының біріккен ұлт-азаттық қозғалысы Ресейді қатты алаңдатты. 1843 жылы шілденің 27 І Николай империя құрамындағы қазақ хандығына қарсы ең көлемді әскери қозғалыстарға рұқсат беретін басқа мемлекет болмауы тиіс деген қағазға қол қойды.
Бір кезеңде патша әскерлерімен және ымыраға келмес сұлтандармен күрес жүргізген Кенесары 1843—44 жж. біраз жеңістерге қол жеткізсе де, шегінуге мәжбүр болды. Шегіне келе Кенесары қырғыз жеріне шекаралас Ұлы жүздің аумағына орналасты. Ханның келесі бағыты қырғыз халқын орыс отаршылдығына қарсы ортақ күреске көтеру болды, алайда ол манаптар тарапынан күшті тойтарысқа тап болды.
Кенесары Томақ маңындағы екі жақтың күші тең емес шайқаста қаза болды. Кенесары сіңірген тарихи еңбегі — ол қазақ халқының салт-дәстүрін сақтай отырып, оны бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күреске жұмылдырды. Кенесары ханның саясаты және идеологиясы ұлттың даму жолындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталды