+2 дауыс
78.7k көрілді

Баян батыр «Ақтабан шұбырындының» зарын көзімен көріп өскен, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай тәрізді қаһармандардың ерлік өнегесімен тәрбиеленген батырлардың екінші толқынында жатады. Біздің қолымызда батырдың нақты туған жылы туралы дерек жоқ. Батырдың ұрпақтарының айтуына қарағанда шамамен 1710 жылы мен 1715 аралығында туса керек. Осы жорамалды басшылыққа ала отырып біраз тереңдесек, соңғысы шындыққа бір табан жақын болар деген ой түйеміз. Бірінші дәлеліміз – Абылай хан өзінің атақты батырлары туралы айтқанда Қабанбай, Бөгенбайларды «менен ілгері» деп, Баян батырды өз тұстасы деп атайды. Екінші – ел аузындағы аңызға қарағанда Баян батырлығымен тұңғыш рет Әбілмәнсүрдің Абылай хан аталып, жоңғарға қарсы қол бастап шыққан бір жорығында танылады. Ол туралы аңыз былай дейді: бір жорықта қалын қолдан озық шығып кеткен Абылай аз ғана нөкерлерімен қапылыста жау қоршауында қалып қояды. Абылай «Жауға шабар кім бар?» деп үш айтқанға дейін ешкім орнынан тырп етіп қозғалмайды. Қаншама жаужүрек болса да кеудесін тікенектей қалын найзаға төсеу онай ма! Абылай «Бұл қазақта жауға шабар бір ұл тумаған ба?» деп қатты қапаланады. Сонда есік пен төрдей сары ала ат мінген біреу «Қазақ жауға шапса сенен сұрап шаба ма, хан ием!» деп, ұмтыла шауып, қалын қалмақты майға салған пышақтай тіліп өтіп, хан қосының қоршаудан алып шығады. Қоршауды бір бұзған жерде қаша ұрыс салып, әрқайсысы жеке қол бастаған өңшен көкжалдар аман құтылып, бас қолға келіп қосылып, жауды күйрете жеңеді. Көңілі әбден орныққан соң Абылай «Маңағы сарыала атты батырды тауып әкеліндер!» деп жарлық береді. Алдына келтірілген сақал-мұрты енді тебіндей бастаған еңсегей жастын келбетіне разы бола отыра Абылай «Жауға шабарың бар – бір айттырмай неге үш айттырдың?» дейді. «Біріншіде – шаппағаным төрдің төбесі, жолдың басы хандікі. Алдыңнан кесіп өтпейін дедім хан-ием. Екіншіде – іркілгенім – алдымда аға баласы – Арғын болды. Жолын ораймын дедім. Үшіншіде — өлімнен басқа қаралайтын ештеме қалған жоқ» депті жас батыр. Соңынан ұзақ жылдар үзеңгілес серік еткен Баян батырмен Абылай өзінің таққа отырған шағында осылай танысады.

Ақыл тұрмас қашқанда,

Дегбір тұрмас сасқанда.

Баяндай ерді көрмейсін,

Бұрылып жауды шапқанда! –

Деген өлеңді Абылай Баянның осындай ерлігіне разы болып айтыпты-мыс дейді аңыз.

Демек, Баян батырдың Абылайдан жасы кіші болған деген жорамал шындыққа келеді. Ал Абылай 1711 жылы туған. Олай болса Баянның 1715 жылдар шамасында дүниеге келгендігі шындыққа оралымды.

Сонымен бірге осы әңгімеден Баянның батыр ғана емес, сөз жүйесін табатын шешен, ой арнасын табатын ақылды, кемеңгер адам болғандығын да аңғарамыз.

Баян батыр өзінің қазақ даласын ең соңғы жоңғардан аластау сияқты көкейкесті арманына жете алмай, соғып өткен құйындай, аққан жұлдыз тәрізді қысқа ғана ғұмыр жасап, қапыда кеткен батыр. Жалғыз жүріп қол жинап, сан қамалды жеке бұзған Баян шағын жасағымен Іле бойында қалмақтың қалын қолымен шайқаста, 1757 жылы бар болғаны қырықтан енді асқан шағында қаза тапқан. Бұл турасында Ілияс Есенберлиннің “Жанталас” романында суреттелген оқиға мен ел есінде хатталған аңыз бір жерден шығады.

Баян батыр туралы әлі жинақталып, бір жүйеге келтірілмеген аңыздар көп. Осындай аңыздардың бірі көркемдік қуаты аса жоғары, сарыншыл “Баян батыр” дастанына негіз болған. “Бірақ Мағжан ел аузындағы аясында қалмай, кейбір тарихи шындықтарды шығарманың көркемдік қуатын арттыру бұрмалауға барады” деп жазады батырдың ұрпақтарының бірі, ақын М. Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері Ерік Асқаров.

Мұндағы сөз болып отырған – дастандағы Ноян бейнесі. Шындығында Баянның мұндай есімді інісі болған емес. Ақынның Ноян деп алғаны – Баянның шөберелес ағасы Сары батырдың баласы Қыстаубай. Ел есінде қалған әңгімеге қарағанда Қыстаубай расында да ауылдағы қалмақтың Лағда деген қызын алып қашса керек. Баласының қылығына Сары батыр қатты долданады. “Сары батыр долданса соғыста екі көзін қан жауып кетеді екен. Қашан оншақты дұшпаның түйреп тастағанша көзі ашылмайды. Оған дейін шылбыры Баянның тақымында жүреді екен” деген бұрыңғылардан қалған сөз бар. Сол Сары “Қыстаубайды қуып жетіп өлтір, киім мен қару-жарағын көзімше көм!” деп Баянды жұмсайды. Баян Қыстаубайды қуып жетіп, бір қабат киімін Қозының қанына малып, Сарыға алып келеді. Қыстаубайдың нағашысы Кіші жүзде екен, сонда бар деп кеңес береді.

Енді Баянның шыққан тегі туралы. Ілияс Есенберлиннің “Жанталасындағы” “Баянның арғы тегі моңғолдан сінген Саян, Аян дегендер еді” деуі негізсіз. Бұлар қиялдан туған адамдар. Ілекеннің өзі де көзінің тірісінде тарихи шығармаларын қалтықсыз шындық деп қарауға кеңес бермеген, қайта өзінен кейінгі толқынға ізденуді, басталған істі ілгерірек апаруды аманат еткен адам.

Баян – Орта жүздің Уақ руынан. Уақ өз ішінен Бұйдалы, Жансары, Баржақсы, Шайгөз, Шоға, Мұрат болып бөлінеді. Шоға – Баянның арғы атасы. Уақ өте шашыраңқы орналасқан ру. Оның біраз тайпалары Семей, Кереку, Аягөз, Өскемен мандарын мекендейді. Тіпті Уақ Шу өзені мен Ақтөбе, қала берді Қытай мен Моңғолиядан да ұшырасады. “Ақтабанға” дейінгі негізгі мекені тегі Сыр бойы, одан беріде Ереймен, Семізбұғы, Қызылжар мен Қостанайдың аралығындағы Обаған өңірі болса керек.

Батырдың жиені Мағжан Жұмабаев “Баян батыр” дастанында

Арқада бір өзенді дер Обаған,

Сол жерде аз ғана Уақ қоныс қылған.

Уақтың ерте күнде өжет қайсар

Ер Көкше, ер Қосайдай ері болған.

Сол ері ерте күннің Ер Көкшенің

Нәсілінен қайтпас алмас Баян туған, — деп жазады.

Баян батырдың туыстары, олардан тараған ұрпақ қазір Солтүстік Қазақстандағы Булаев ауданында тұрып жатыр. Жазушы Хамза Абдулиннің айтуына қарағанда Абыл, Жарбол, Аралағаш атты үш үлкен ауылдың үшеуі де таза Баян батырдың ұрпақтарынан тұрады.

4 жауап

+2 дауыс
 
Жақсы жауап

Баян Батыр, Баян Қасаболатұлы (шамамен 1710/15 – 1757)[1] – батыр. Бүкіл өмірін қазақ жүртының тәуелсіздігі жолындағы күреске арнаған ержүрек ардагерлердің бірі — батыр Баян Қасаболатұлы. Батырлығымен, тапқырлығымен Абылай ханның ерекше құрметіне бөленген. Қазақ-жоңғар шайқастарына қатысып, "Батыр Баян" атанған. Батыр Баян жөнінде деректердіМағжан Жүмабаевтың "Батыр Баян" поэмасынан, жыраулар шығармаларынан, Шоқан Уәлихановтың еңбектерінен кездестіруғе болады. Тарихи деректерде Баян жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен қазақ батырларының ішіндегі шоқтығы биік болып көрсетіледі.

Қазақ батырларының елдікті сақтап қалудағы ерлігі Үмбетай мен Тәттіқара толғауларында жақсы баяндалған. Үмбетай жыраудың "Бөгенбай өлімін Абылай ханға естірту" атты толғауында былай делінген: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Сары, Баян мен Сағынбай, Қырмап па еді жауыңды, Қуантпап па еді қауымды, Үмыттың ба соны, Абылай.

Бұл толғаудан, батыр Баянның Абылай ханның тірегінің бірі екенін байқаймыз. Оның ел қорғаған басқа да батырлармен, қазақ халқының туын жықпаған, талай шайқастарда ерлік көрсеткен хас батырының бірі болғанына көзіміз жетеді. Тәттіқаратолғауында: Бөкейді айт Сағыр менен Дулаттағы, Деріпсәлі, Маңдайды айт Қыпшақтағы. Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын Сары менен Баянды айт Уақтағы.

Бұл жолдар Баян батырдың ержүрек батылдығын, түлғалы азамат болғанын дөлелдейді. Жырдағы Сары Баянның ағасы.

Шоқан Уәлихановтың "Исторические предания о Батырах XVIII века" атты мақаласында Баян батыр жайлы мағлұматтар бар. Мүнда да Баянның ержүректілігін, ақылдылығын Абылай ханның жоғары бағалағанын айтады.

Уақ батыры Баян Абылай ханмен бірге Қытай жасақтарына қарсы соғысқа қатысады. Қытайлармен айқаста Абылай қолы шегінуге мәжбүр болғанда Абылайдың әскерінің шегінуіне мүмкіндік жасап, Баян қолы қытайлармен айқасады. Бүл шайқаста Баян өзінің тапқырлығымен, ержүректілігімен, найзагерлігімен көзге түсіп, хан әскерін құтқарады.

Шоқанның айтуынша, Баян Абылайдың ең жақын батырларының бірі болған. Ол ағасы Сары батырмен бірге уақ-керейруларының жасақтарын бастап қалмақтарға қарсы согысқан. Осындай бір жорықта Сары мен Баян қаза болады. " Халық аузында қос батырдың аттары біріктіріліп, Сары-Баян деп қосақталып айтыла да береді", — деп жазды Шоқан.

Абылай хан "үш жүздің батырларының ішінде кімдерді ерекше бағалайсыз", — деген сұраққа екі батырды ерекше атайды. "Бәсентиін Малайсары батырбайлығымен, батырлығымен, мінезімен ерекшеленсе, Уақ Баян ақылдылығымен, батырлығымен, ержүректілігімен ерекшеленеді", — деп жауап берген екен. Шоқанның бұл мөліметтерінен Баянның ханына да, халқына да мәлім, айбынды қолбасшы және ержүрек жауынгер болғанын көреміз. Абылай қалмақтарға жорықпен келе жатқанда қалмақтан жеті адам елші келіп, қалмақ ханы Қалдан Серен: "Қалмақтар мен қазақтар ағайынды болған. Біз сіздерге ақ үйлі аманат пен қымбат тартулар жасаймыз. Бейбіт болайық,— деп ұсыныс жасайды. Абылай батырларын жинап кеңес қүрады. Хан: "Ақ үйі аманатын алайық, оларды сендірейік, одан кейін шабуыл жасайық", — дейді. Сол кезде Баян: "Сіз ақ үйлі аманатын алмаңыз, қалмақтарды алдаймын деп ойламаңыз. Ұса менен Серен жоғары және төмен Қытайды да алдаған, сені де алдайды", — дейді. Хан өз сөзінен қайтпайды. Қазақтар екі күн қалмақтарды тосады. Ақ үйлі аманаты да, басқа сыйлықтар да жоқ.

Шолғыншылар екі күн бұрын қалмақ қолының жасырын кетіп қалғанын хабарлайды. Баян мың адамдық жасақпен қалмақтарды қуып, Қытай жеріне кіреді. Бірақ қалмақ қолын толық талқандай алмай, қайтуға мәжбүр болады. Қайтар жолда қалмақтардың улаған суынан ұшынып ауырған Баян және оның жауынгерлері қаза болады. Бүл деректі де Шоқан айтқан.

Мағжан Жұмабаевтың "Батыр Баян" поэмасының желісі де осыған ұқсас. Поэма аса көркем деңгейде, ерекше шабытпен жазылған. Сезім де, махабат та, батырлық та, жан күйзелісі де дастанда жыр болып өріледі. Поэмадағы батыр Баян тағдыры ешкімді де бей-жай қалдыра алмайды. Шоқтығы биік Баянның бейнесі поэмада былай суреттеледі: - Қанайым, ойың удай, тілің шаян, Амал не, келген жоқ қой батыр Баян. Көп жаудың албастысы, ел еркесі, Баянның батырлығы алашқа аян. Баянның әруақты құр атынан Көп қалмақ болмаушы ма ед қорқақ ноян? Наркескен, өрттей ескен қайтпас болат, Баянсыз қанатымды қалай жаям?! Би Қанай! Аттанбайды хан Абылай, Келмесе қандыбалақ батыр Баян — деген Абылай сөзінен батырдың хан ордасындағы орны мен беделін байқайсыз. Баян батыр ел рухы мен батыр рухының биіктігін барлық құндылықтан жоғары қояды. Елдің мүддесі Баян үшін қымбат, халқының тағдыры жау табанына басылмауы жолында жан аямай күрескен Баян батыр ерліктің, отаншылдықтың үлгісі.

Қазақ осындай батырлардың арқасында тағдыры мен келешегін қорғап қалды. 

мне не нужно копировать википедие я же ясно объснила в задание менын ойларым 8-10 сөйлем
selg99, Ақыры солай жазған екенсің, олай болса өз ойыңды жаз!
Шығарма деген осылай жазылады. ол: 1 кіріспе
                                                                                      2 негізгі
                                                                                      3 қортынды; барлығы дұрыс.
+1 дауыс

Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасындағы Ноян – Сары батырдың бәйбiшесi Мақпалдан туған кенжесi Қыстаубай болатын. Шындығында тұтқын қыз Құралайды алып қалмаққа қашқан Қыстаубайды (поэмадағы Ноянды) батыр Баян Жолдыөзек деген (қазiргi Аққайың ауданында) жерде қуып жетедi. Бiрақ Баян Қыстаубайды да, Құралайды да өлтiрмейдi. Жағалбайлы елiнде Қыстаубайдың нағашы жұрты болатын, соған жол сiлтеп, батасын берiп қоя бередi. Екi жастың киiмдерiн атып алған аңның қанына былғап, ағасы Сары батырға өлтiрдiм деп баяндайды. Кiшi жүзге сiңiсiп, қол бастаған батыры болып кеткен Қыстаубай – Ноян әкесi Сарыменен осындай жағдайда кездесiп қалған екен. Сары батырдың өлiм аузында тұрса да, баласының жас кезiндегi ағат iсiне кешiрiм жасай алмағаны бiрбеткей қайсарлығы ма екен? Әлде баласының қалмақ елiне қашты деген ойынан арыла алмағаны ма? Қалмақтармен болған осы соғыста ауыр жараланған Сары батыр елiне жеткенмен, жарадан сауыға алмай, 1771 жылы қайтыс болады.

Қыстаубайдың ұрпақтары нағашы жұртымен қоштасып, 1888 жылы Ақжайықтың Қызылжар деген жерiнен жетi шаңырақ болып елiне оралады.

Қазiр олар Шал ақын, Тимирязев аудандарында (Солтүстiк Қазақстан облысы) тұрып жатыр. Сары батырдың үлкен баласы Сексенбайдың ұрпақтары да осы облыстың Шал ақын ауданында. Ал батырдың қалған бес баласының ұрпақтары бiзге беймәлiм.

Баян батыр 1714 жылы қазiргi Мағжан Жұмабаев ауданы Аралағаш деген ауылда туған, әкесi Қасаболат момын адам болған. Темiрден түйiн түйген ұста, бiрақ зергерлiк өнерi басым екен. Баянның шешесi Ажар – Байбақты Шопан батырдың қызы, Сырымның әкесi – Даттың қарындасы. Шоң ТорайғырЕдiге бидiң балаларының анасы – Ақкенже Даттың екiншi қарындасы (бiреулер қызы деп жүр).

Баян Уақтың Шоға руынан тарайды. Шоға баласы Бәйiмбеттен екi ұлы болған. Қырғызәлi, одан – Баян, Қозымерiктен Сары батыр тарайды. Баян батыр он төртiнен жорыққа қатысқан, он жетi жасында аты шыға бастаған. Абылай ханмен жасы тетелес болғандықтан ба, ханның жорықтарына түгел қатынасқан. Абылай батырларының iшiнен көзсiз ерлiгiне сүйсiнiп, жақсы көретiнi Баян екен. Шоқан өзiнiң жоғарыда аталған еңбегiнде: «Когда спросили у Абылай хана, кого он из своих батыров более уважает из всех 3 орд, он ответил…

«Из моих батыров Басентине МалайСары, по богатству и по характеру и Уаковец Баян по уму и храбрости стоит выше всех» (Ч. Валиханов. Избр. произв. – Алма-Ата, 1958 г. – С. 126) деген Шоқанның сөзiн растағандай Мәшһүр Жүсiп Абылай хан туралы әңгiмелерiнде мынадай жолдарды келтiредi:

Ғақыл тұрмас қашқанда,

Дегбiр тұрмас сасқанда.

Баяндай ердi көрмессiң,

Бұрылып жауды шанышқанда.

Үйде батыр көп едi,

Жау жолында Баяндай

Көзге түсерi жоқ едi.

(Абылай хан. Тарихи жырлар. 1-том, 1993 ж.).

Баян батырдың ерлiгi, батырлығы, қол бастаған беделдi сардар екендiгi туралы қазақжоңғар шайқастарына бiрге қатысқан ақынжыраулардың толғауларында ғана емес, тарихи шығармаларда да айтылады.

Iлияс Есенберлиннiң «Жанталас», Қ. Жұмадiловтың «Дарабоз» шығармалары соған дәлел. Баян батыр туралы айтқанда қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевқа соқпай өте алмайсың, өзiнiң атышулы «Баян батыр» поэмасында:

Қанайым, ойың удай, тiлiң шаян,

Амал не, келген жоқ қой Батыр Баян.

Көп жаудың албастысы, ел еркесi –

Баянның батырлығы Алашқа аян.

Баянның аруақты құр атынан

Көп қалмақ болмаушы ма едi қорқақ қоян.

Жас Баян жауды талай көрмеп пе едi,

Сорғалап сұңқардайын төнбеп пе едi.

Майданда жолбарыстай жалғыз ойнап,

Сан қолға аш бөрiдей кiрмеп пе едi? – деп жырлаған. Көркем шығарма болғанымен, осында көп шындық бар. Шоқан келтiрген Абылайдың бағасымен Мағжанның толғауы үндесiп жатқанын көру қиын емес. Жауапты жорықтарға аттанарда Абылайдың Баян батырды iздейтiнi шындық сияқты. Абылай хан жинағында: «Абылай хан атақты, ардақты, бақытты хан болған күнде Уақ Сары, Баянсыз, Балта Керей Тұрсынбайсыз, Шанышқылы Бердiқожа, Көкжал Барақ, Сырым, Малайсарысыз жорыққа аттанбайды екен», – деген тұжырым ойымызды бекiте түседi («Абылай хан». Тарихи жырлар. 1-том, 1993 ж.).

«Батыр бiр оқтық» дегендей, талай шайқаста «жауларын қойдай қырған» батыр Баян 1759 жылы ауыр жараланады. Сол кезде шартарапқа аты шыққан Еруәлi деген емшi болған екен, батырдың сарбаздары найзаға салып майдан шебiнен Қарқаралы өңiрiне қарай жолға шығады. Бiрақ еңбектерi еш болып, емшiге жете алмай, Баян батыр көз жұмады. Батырдың жерленген жерi Шекшек (Қаракесек) бейiтiнде, Қарқаралыда бұрынғы «Нүркен Әбдiров» кеңшары деген пiкiрге көпшiлiк ден қойған сияқты. Оны айтып отырған себебiмiз, Баян батыр қазасы туралы басқа да пiкiрлер бар. Шоқан өзiнiң жоғарыда аталған еңбегiнде: «Баян батыр 1000 сарбазымен қалмақтарды қытай шекарасына дейiн қуып тастайды. Ендi елге оралып келе жатып жоңғарлардың өлiмтiк тастап уландырып кеткен құдығынан су iшiп, қара тышқақтан бiраз жауынгерлерiмен бiрге Баян батыр да өлген», – дейдi. Тағы бiр жерiнде: «Қалмақтардың бiр шабуылы кезiнде өзiнiң ағасы батыр Сарымен бiрге өлдi», – дейдi. Бұл да қате пiкiр, өйткенi Сары батыр көп кейiн (1771) өлген. Мiне, бұл қазақтың қос батыры туралы сақталған әңгiмелерден үзiндi ғана.

+1 дауыс
Мағжан Жұмабаев «Батыр Баян» поэмасын өлеңмен жазған. Қысқаша мазмұны мынау: Абылайхан бір жаққа жаугершілікке аттанбақ боп қол жияды да, аттанбай жатып алады. Көп жатып жалыққан Абылайдың батырлары Абылайға кісі салса, Абылай Баян батырсыз аттанбаймыз деген қысқаша жауапты айтады. Баян батырдың кешігу себебі былай шығады. Ол бір жорықта қалмақтан бір жас сұлу қыз алып қайтады. Қызға көңілі ауады. Бірақ жасы жас болғандықтан тимейді. Қыз Баянды ағасындай көріп еркелеп жүреді.

Баянның Ноян дейтін 15-16-дағы інісі болады. Осы Ноян қызға ғашық болады. Бір күні бір сайда қыз бен Ноян кез кеп, Ноян қызға сырын айтқаннан кейін, қыз: мен саған тиейін, бірақ мені Баян əкетерде шешем, ел бетін бір көрмей ерге шықпа деп еді. Елге алып бар, содан кейін тиейін дейді. Ноян осы сөзге ереді де екеуі сол түні екі атқа мініп қашады. Бұл кеңес таңертең Баянға жетеді. Ашуланған Баян атына мінеді де, Жолды өзек деген жерге қуып жетіп, жалынғанына қарамай екеуін де өлтіреді. Екі жасты өлтіріп болғасын өз ісіне өкініп, біраз жылайды да, екеуін көміп, тартып отырып Абылайға барады. Кешіккен себебі осы боп шығады.

Баян келе Абылай қолын аттандырады. Бұғыбай бастаған қалың қол шөлді өрлеп отырып Балқаш көліне келеді. Осы арада жиналып жатқан қалмақты ұшыратады. Абылайды қапылыста шабамын деген қалмақ күтпеген жерден мынаны көргесін Абылайға айыбын берейін, татуласайық деп кісі салады. Абылай бұл сөзді қабыл алғанда, Баян татуласуға қарсы болады.

Бірақ Абылай өз сөзінен қайтпайды. Көпшілік: «Абылайдың бетінен алған адам оңбайтын еді, бұл Баян осы жолы мерт болады» деседі. Ертеңіне Абылай қолы қашып кеткен қалмақты естиді. Абылай санын соғады да, кейін қайтуға ұйғарады. Өзге қол қайтқанмен Баян жүз батырды жанына ертіп қалмақты қуады да, Іле өзенінің Қытай жақ басында қуып жетіп соғысады. Сол арада батырлары да, өздері де өлді.

Батыр Баянның бұл əңгімесі Шоқан Уəлиханұлының кітабында орысша тілмен жазылған. Онда Шоқан Баянды өлген кісіні тастаған өзеннен су ішем деп іш ауруы боп өледі дейді.

Баян қалай өлсе олай өлсін онда біздің жұмысымыз шамалы. Біздің жұмысымыз жазылып отырған поэмада, жазушының поэманы қандай ойымен жазғанында, поэманың пурлтариат жұртшылығы үшін қандай маңызы барлығында.

«Батыр Баянның» тілін алғанда, сөз жоқ, сырты өте көркем. Жайшылықта тілге шебер Мағжан, бар тіл əдемілігін «Батыр Баянға» құйған. Тіл əдемілігінің үстіне, ақын осы оқиғаны шын ынтасымен (переживание) жазғандықтан жан сезімінің көріністері (психологическое переживание) поэмада айтып отырған ішкі құрылысын былай қоя тұрып, сыртын, тақырыптың (тема) өркендеу желісін алғанда, поэма, сөз жоқ, қазақ əдебиетінен ірі орын алады.
+1 дауыс

Тәуелсіз ел болған қазақ мемлекеті өткенін түгендеп, барын барша жұртқа көрсетіп жатыр. Жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеп жатқан кезең бұл. Кешегі қилы заманда елін, жерін ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен қасық қаны қалғанша қорғаған бабаларымыздың ерлік істері бүгінгі жастарымызға үлгі-өнеге, мақтаныш.

Сол батыр бабаларымызды бұл күнде қалай мадақтап, оларға арнап қандай игі шаралар өткізсек те, көптік етпейді. Аллаға шүкір, тәуелсіздік алған күндерден бері Қабанбай, Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Бұхар жырау, Райымбек, тағы басқа ұлықты бабаларымызға ас беріп, ғылыми конференциялар өткізіп, ел астанасы мен облыс орталықтарында бабаларымыздың атына көшелер атап, әлеуеті зор қала ғана емес, ауылды жерлерде де ескерткіштер орнатылып жатыр. Тәуелсіздіктің ақ таңы атқан алғашқы жылдардан басталған бұл үрдіс үзілмей жалғасып келеді. Өткен жылдың қазан айында Абылай ханның 300 жылдығына арнап, кезінде хан ордасы орнаған Көкшетау жерінде мемлекеттік деңгейде үлкен іс-шаралар өткізілді. Бүгін біз де қазақтың аты аңызға айналған батыры, Абылайдың алмас қылышы, Баян батыр туралы сөз етпекпіз.

Қазақ халқының тарихында XVIII ғасырда сыртқы жауға қарсы қаһармандықпен шайқасып, Абылай хан әскерінде ірі құрамаға жетекшілік еткен атақты батыр, қолбасшы Баян Қасаболатұлының орны бөлек. Ол Абылай ханның сенімді серігі, басты батырларының бірі болды, Ертіс бойын, Қалба өңірі мен Тарбағатай аймағын жаудан азат етуге қатысып, Шорға шайқасы мен Ақшәулі ұрысында асқан ерлігімен ерекше көзге түсті.

Баян батырдың ерлігі туралы атақты Үмбетей мен Тәтіқара, Шәді төре Жәңгірұлы сияқты жыраулар жырға қосып, қазақтың ұлы ғалымдары Ш.Уәлиханов пен Ә.Марғұлан, әрі ойшыл, әрі ақын Мәшһүр Жүсіп тамсана жазды, ақиық ақын Мағжан "Батыр Баян" поэмасын арнап, осы шығарма желісі бойынша 1993 жылы режиссер С.Тәуекелов көркем фильм түсірді. Көрнекті жазушылар І.Есенберлин мен Қ.Жұмаділов өз романдарында батыр бейнесін сомдады. Бұлардан басқа М.Мағауин, Ж.Бектұров, М.Мұқанов, З.Тайшыбай, Х.Абдуллин, С.Ақатай, С.Ізтілеуова, Е.Асқаров, Б. Қанарбаева, т.б. жазушылар мен ғалымдар қалам тербеді. Моңғолияда тұратын Сұлтан Тәукейұлы деген қандасымыз батыр Баян туралы "Алмас қылыш" атты роман жазып, 2013 жылы жария етті. Қарағанды облысы Ақадыр кентінің тұрғыны, "ҚР Мәдениет қайраткері", композитор Ысқақ Тәукейұлы "Батыр Баян толғауы" атты күй және қазақтың арқалы ақыны Жәркен Бөдештің сөзіне "Батыр Баян" әнін шығарды.

Абылай, Қабанбай, Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Шақшақ Жәнібек, Сары мен Баян, Керей Жәнібектердің замандастары Үмбетей мен Тәтіқараның толғауларын келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз. Үмбетей жыраудың "Бөгенбай өлімін Абылай ханға естірту" атты толғауында былай делінген:
"Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Сары, Баян, Сағынбай
Қырмап па еді жауыңды,
Қуантпап па еді қауымды,
Ұмыттың ба соны, Абылай?"
Тәтіқара жырау Абылайдың әскері қысылтаяң жағдайға түскенде:

"Қамыстың басы майда, түбі сайда
Жәнібек Шақшақұлы - болат найза.
Алдыңнан су, артыңнан жау қысқанда
Ер жігіттің ерлігі осындайда.

Бөкейді айт Сағыр менен Дулаттағы,
Деріпсәлі, Маңдайды айт Қыпшақтағы,
Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын
Сары менен Баянды айт Уақтағы, - деп батырлардың атын атап, мадақтап дем беріпті. Толғауларда айтылған Сары батыр - Баянның жақын аталас туыс ағасы. Шоқан Уәлиханов "Халық аузында қос батырдың аттары біріктіріліп, Сары-Баян деп қосақталып айтыла береді", - деп жазыпты.

Баян батыр 1714 жылы, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданының Аралағаш деген жерінде дүниеге келген. Әкесі Қасаболат зергер, ұста, ал анасы Кіші жүздегі Жағалбайлы Сырым батырдың атасы Дат Шоланұлының қарындасы, аты Ажар еді, дейді қазақы шежіре. Болашақ батырдың қалыптасуына жаугершілік заман, аталас ағасы Сары мен әкесі Қасаболаттың інісі Абыл батырлардың әсері болды, дейді батырдың тікелей ұрпақтарының жадында қалған мәлімет. Осы күнгі жазбаша тарихтан еш кемшілігі жоқ қазақтың ауызша тарихындағы әңгімелерден Абылай хан мен Баян батырдың ұрыс даласында алғашқы кездесуі ұрпақтан ұрпаққа жойылмай жеткен аңыз былай деп эфсаналайды.

...Кескілескен бір ұрыста Абылай серіктерімен алға озып кеткенде көп жаудың ортасында қалады. Абылай қысылғанда қасындағы серіктеріне: "Мына қоршауды бұзып өтер кім бар?!" деп екі рет дауыстап айқайлағанда ешкім ұмтылып алға шықпады, дейді. Сонда ханның "Бұл қазақта жауға шабар ұл тумады ма?! деп қапаланған айғай сөзінен кейін есік пен төрдей сарала ат мінген, Абылайдың өзі құралыпты жастағы жауынгер ұмтыла шауып, жаудың шебін жапыра бұзып, қасындағыларға жол ашады. Қоршаудан аман-есен шығып, негізгі қолға қосылғаннан кейін, көңілі орныққан Абылай: "Бағанағы сарала атты батырды тауып келіңдер!" деп жарлық береді. Алдына алып келген еңсегей бойлы жігерлі жігіттің келбетіне риза болған хан: "Жауға шабарың бар, бір айттырмай неге үш рет қайталаттың?!" дейді. Сонда батыр: "Алдымен жолды сұлтан, төрелерге бердім, одан кейінгі жол аға баласы Арғынның батырларынікі еді. Ақырында, ажалдан басқа жол қалмағанда өзім шаптым", депті. Бұл Баян батыр екен дейді. Тура осы жағдайды Шоқан Уәлиханов та жазған болатын. ІІІоқан атамыздың Баян батыр туралы жазып қалдырған мәліметтері жалғыз бұл емес. Шоқан Уәлихановтың әкесі Шыңғыс төре 9 жыл Құсмұрын дуанына аға сұлтан болғанда Уақтың белді билерімен дос болған, дейді Әлкей Марғұлан. Тіпті, Уақ Ысқақ би Керей, Уақ, Атығайдың ағаштан түйін түйген шеберлерін басқарып, Шыңғысқа ағаштан үй салып берді, Шыңғыс Зейнеп сұлуға үйленгенде, Айғаным Ысқақты келінін алуға Баянауылға барған құдалар тобына қосып еді, дейді. Осы мәліметтің өзі-ақ ұлы ғалым Шоқанның Баян батыр туралы мәліметтерді нақты білетін адамдардан алғанына және Баян батыр туралы жазғандарының шынайылылығына дәлел бола алады деп ойлаймыз.

Абылай ханнан "Үш жүздің батырларынан кімдерді ерекше бағалайсыз?" - деп сұрағанда "Біздің қатарымыздағылардан Бәсентиін Малайсары байлығымен, батырлығымен, мінезімен ерекшеленсе, Уақ Баян ақылдылығымен, батырлығымен ерекшеленеді" деген екен дейді.

Мәшһүр Жүсіп атамыз ел аузында жүретін қысқа-қысқа әңгімелерді "Абылай заманынындағы батырлар" деп атап, жазып қалдырған екен. Мәшекең осы жазбаларында Баян батыр туралы Абылайдың "Үйде батырмын деген көп еді, түзде Баяндай көрінетіні жоқ еді" деп айтқан сөзін келтіріпті.

Баян батыр Абылай хан мойындағандай, ақылды, кемеңгер және өнерпаз, сері болған екен. Бұл туралы Әлкей Марғұлан атамыз "Күйді ерттеп, әнді мінген кемеңгерлер" деген мақаласында "Серілікті жаны сүйген, әсіресе, Абылайдың жауынгер батырлары. Уақ Баян батыр - атақты серінің бірі. Күйді ол алысқа шалқытып, сыбызғымен әдемі тартатын болған" деп жазыпты.

Баян батыр бейбіт күндерде де Керей-Уақтың ел ағасы болған. Мысалы, Омбының мұрағатында сақталған дерек бойынша, Баян атамыз Керей-Уақтың басшысы ретінде орыстардың ортасына барып, казак-орыстардың оның қарауындағы елдің жылқысын барымталап алып кеткенін, мойындатып жылқыны айдап алып қайтқанын Социал Жұмабаев пен Зейнолла Олжабаев аталарымыз 2008 жылы шығарған "Баян батыр" кітабында мұрағаттағы дерек көздеріне дейін көрсетіп жазған.

Тарихта "Шаңды жорық" деп аталған, 1771 жылғы қалмақтың Еділдің арғы бетінен, қазақ жерінің үстімен қырғын соғыс салып, ежелгі атамекеніне, Жоңғар жеріне, өтіп келе жатқан жанкешті жорығы Балқаш көлінің тұсына, Мойынты өзенінің бойына келгенде қалмақтың хандары Серен мен Ұбашы Қалмақтың ең беделді жеті кісісінен тұратын елшілерін Абылайға жіберіп "Қазақ пен Қалмақ - ежелден бауырлас туыс ел. ...Бітімге тоқтайық. Ақ үй береміз, айып - албан төлейміз. Біздің барар жер, басар тауымыз жоқ, көшіп қонатын қоныс бер, барлық қалмақ жұрты сенің билігіңді таниды. Ежелгі туыстығымызды қалпына келтірейік" депті, дейді қазақтың классик жазушысы Мұхтар Мағауин өзінің "Қазақ тарихының әліппесі" атты кітабында. Бұл кітапта "Шаңды жорық" деп аталған арнайы тарау бар. Арнайы кеңес шақырған Абылай қалмақ елшілерінің ұсынысын қабылдағанды мақұл көреді, ондағы түпкі ойы, Мұхтар ағамыздың дәлелдеуі бойынша, "...қуаты мол Қытай империясы мен Қазақ Ордасының арасында ... Жоңғар мемлекеті қалқан қызметін атқаруы қажет". Тура осындай пікірді ғалым, журналист Зарқын Тайшыбай да айтады. Орыс үкіметінің, неше ай бойы, қайта-қайта хат жазып мәжбүрлеуіне қарамастан, Абылай дәл осы ретке дейін соғыс қимылдарын жасамай отырды, дейді. Бірақ үш жүз жыл бойы қалмақпен соғысып, қаны қарайған қазақ "қалмақты түбегейлі жою керек" деген пікірден қайтпайды. Қазақтың ауызша тарихында ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан сөзді Мұхтар Мағауин былайша жеткізеді "...Кешегі Жоңғарға қарсы, Қытайға қарсы күрес қаһарманы Баян батыр өз сөзінде "Ұбашы мен Серен ойда Орысты, қырда Қытайды алдаған, енді сені де алдайды", - депті дейді".

Кеңес созылып, жұрт пікірі хан ойлаған арнаға тоғыспағаннан кейін Абылай қалмақтарға үш күндік мұрсат берді, деп жазады Мұхтар ағамыз. Екінші күн өтіп, үшінші түні жүйкесі шыдамаған қалмақтар дүрк көтеріліп, тікелей шабуылмен қоршауды бұзып өтіп, өлген-жіткеніне қарамай, Жоңғар жеріне қарай тоқтаусыз жөңкіп кетеді. Таң ата қуа шыққан қазақ қолы қалмақтарды, сол кездегі Қытай шекарасына дейін, тынымсыз шауып, тоздырып қырып-жоя береді. Сонда Жоңғар шебіне өліп-өшіп жеткен қалмақтың саны жорықтың басындағы алғашқы 170-180 мыңның оннан бірі ғана еді, дейді "Қазақ тарихының әліппесі" кітабының авторы.

Шоқан атамыздың жазуы бойынша, қайтып келе жатқанда, қалмақтардың улап кеткен құдықтарынан су ішіп, Баян батыр біраз жауынгерлерімен бірге уланып өлген. Қазақтың ауызша тарихында батырдың денесі жаздың ыстығында атамекеніне жете алмайтын болғаннан соң, қазіргі Қарағанды облысының бір жерінде жерленген деген еміс-еміс сөз бар.

"Қарағанды жұртының көне шежіре, тарихты білетін үлкендері осы мәліметті растап, батыр бабамыздың жатқан жерін көрсете алатын болса, тарихтың бір үлкен ақтаңдағы жойылар еді" деп облыстық "Орталық Қазақстан" газеті арқылы үндеу салғанымызда Қарағанды - Балқаш күре жолының бойындағы Ақшатау кенішіне тақау Қарабұлақ деген ауылдың тумасымыз, біздің ауылымыздың жанында "Сары Баян жотасы" деген жота бар, бала кезімізде әкелеріміз осы жотада Уақтың Баян батыры жерленген, - деп айтатын еді деген үш азамат, бір-бірінен тәуелсіз, Абай, Балқаш қалалары мен жол бойындағы, Ақшатаудан кейін 20 шақырымдай жерде орналасқан, Ақжал ауылынан "Орталық Қазақстан" газетінің бас редакторы Мағауия Сләмбекұлы Сембаев пен осы жолдың авторына телефон соқты. Жотаның басында бірнеше тас үйілген бейіттер жатыр дейді. Мамыр айының ортасында, қорымдардың жас мөлшерін анықтау үшін археолог ғалымдарды ертіп, арнайы барып қайтамыз ба деген ой, жоспарымыз бар. Қалғаны -тағдыр мен болашақтың ісі.

Баян батырдың ұрпақтары - бүгінге дейін жеткен үлкен ел. Негізі Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданында тұрады. Баян батырдан Бұлан, Құлжан, Тасыбай, Қарықбол, Құлтерек, Байтерек атты балаларының бәрінен тараған ұрпақ бар. Бұл әулеттен ел билеген болыс, билер шыққан. Мағжан Жұмабаевтың әкесі Бекеннің шешесі Баян батырдың немересі болады. Бала Мағжан нағашысы Байтоқа бидің алдында отырып, ұлы нағашылары туралы айтылған әңгімелерді жадына құйып өскен.

Осы әулеттің қазіргі үлкені, батырдың 6-шы ұрпағы - Зейнолла Олжабайұлы Олжабаев атамыз. Бұл кісі - батырдың Бұлан атты баласынан тараған ұрпақ. Бұл күнде - 85 жаста. Тың. Бүкіл облыстың құрметтеген ақсақалы. Білімді, ерекше мәдениетті, жүзінен иман нұры төгіліп тұрған кісі. Ата-анасы 30-шы жылдары бай баласы деп кеңес үкіметінің қуғынына ұшырап, Ресейдің Тары қаласына дейін жер аударылған. Ол зұлмат жылдардың қиындықтарын екі жасынан бастап ата-анасымен бірге көреді. Қуғынға ұшыраған отбасының баласы ретінде мектеп жасында да көп қиянат көрген атамыз жанталасып оқып, 1950 жылы Москваның Тимирязев академиясына емтиханды ойдағыдай тапсырып, 5 жыл білім алып, еліне келіп, Булаев (қазіргі Мағжан Жұмабаев) ауданының бас мал маманы, ауданның ауылшаруашылық бөлімінің басшысы болып өмір бойы абыройлы қызмет етті. Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Оразгелді Баймұратов, қазаққа белгілі айтыскер ақын Ерік Асқаров - Баян батырдың тікелей ұрпақтары. Бұл тізімді ары қарай да жалғастыра беруге болады.

Осыған дейін жазғандарымыздан-ақ Баян батыр қазақ деген халықтың мәңгілік есінде қалатын тұлға, аты ұрпаққа қастерлі екеніне оқушы келісер деймін.

Мағжан Жұмабаев ауданының орталығында Баян батыр атында мектеп бар, мектептің алдында батырдың мүсіні қойылған. Бұл іске Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болған кезінде қазақтың аяулы ұлдарының бірі Тайыр Мансұров мұрындық болған. Батырдың есімінде Алматы қаласында 1993 жылдан бері көше бар. Бұл шаруаға бастамашы болып жүзеге асырған, осы күнгі "Баян батыр" қоғамдық қорының атқарушы директоры Қайрат Кәркенұлы Тайкенов екенін айтып өткенді жөн көріп отырмыз. Қызылжар қаласында бұрынғы Пархоменко даңғылы бұл күнде Баян батыр атында. Осы іске үлес қосқан Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып қызмет істеп жүрген кезінде, қажыр, қайрат жұмсаған ұлтжанды азамат Қуат Есімханұлы Есімхановты атап өту парыз. Осы азаматтың бастамашылығымен бұдан төрт жыл бұрын Астанадағы №53 лицейге Баян батырдың атын беру туралы ономастикалық комиссияның шешімі шыққан еді, бірақ іле-шала көшелер мен мекемелерге ат беруге мораторий жарияланып, бұл іс тоқтап қалды. Осы өткен жазда мораторий күшін жойған соң, Қуат Есімханұлы Астана қалалық әкімдігінің алдына қайта мәселе көтеріп, құжаттарды жаңалап тапсырды.

2014 жылы Баян батырдың туғанына 300 жыл болады. Осы айтулы оқиғаға байланысты "Баян батыр" қоғамдық қоры мерекелік шаралар жоспарын құрып, даярлық жұмыстарын жүргізуде. Осы жоспарға сәйкес, Павлодар қаласында Баян батырға ескерткіш орнатылмақ, ғылыми конференция өткізілмек. Қазір еліміз бойынша батырдың ескерткішін орнату жұмысына кеңінен қолдау көрсетіліп, демеушілік жасау мақсатында "Баян батыр" қоғамдық қорының есеп-шотына қаржы аударылуда.

Есмұханбет СМАИЛОВ, физика-математика ғылымдарының докторы,профессор,

Білім және Ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Қолданбалы математика институтының директоры.

...