«Біреудің кісісі өлсе, қаралы - ол...» - Абайдың 1888 ж. жазған өлеңі. Көлемі 4 тармақты 11 шумақтан тұрады. Ақынның ақыл-ойы толысып, кемелденіп, өмірге көзқарасы айқындала түскен шағындағы шығармашылыққа, өлең құдіретіне деген, оның көпшілік, қалың қауымға қандайлық игі ықпалы, қадыр-қасиеті бар деген төңіректен туындаған құнарлы көкірек толғаулары болса керек.Қазақ аулы тіршілігінің адамдардың ғұмыр қарекеті, бүкіл мән-мағынасы, салт-санасы, әдет-ғұрпы арқылы ең негізгі мәселеге ден қойдырмақ, жөн сілтемек. Ол - халықты халық ететін, халық, ел құдіретін мәңгі сақтайтын, ұрпақтың қолдан түсірмейтін туы - тілі мен діні, мәдениеті мен өнері. Өзгенің бәрі - өткінші, уақыт желінің шаң-тозаңы ғана.
Мазмұны:
Ақын алдымен қауымның әрекет-тіршілігіне көз жібереді. Айналаға сырлы сұрақ, саналы сауал қояды. Адам жаны дүниеге келеді, жаманды-жақсылы, алла өлшеп берген өмірін өткізеді, сөйтіп о дүниеге көшеді. Тумақ бар - өлмек бар, бұл - өмір заңы. Мәңгілік жасайтын құдайдың еш пендесі жоқ. Сондықтан да «біреудің кісісі өлсе, қаралы ол», қайғылы бой, жан-жүрегі жараланбақ, кез жасын тыймай, тыя алмай жыламақ, қасірет тартпақ, шер төкпек, зарлап жоқтау айтпақ, уайым мұңды әнге салмақ. Неге? Неге десеңіз, өлеңмен шер шығару - адамға қайта қуат бермек, жанын жұбатып, бойына жігер екпек, нұр құймақ, сенім сеппек. Кімге сенеді, неге сенеді? Келешекке, жалғасар жарық дүниеге сенеді, қайта келер басқа ештеңе жоқ. Өнер ғана өлімге араша тұрмақ, қарсы болмақ. Жас бала өседі, жарлы бай болады. Бүл да өмір өлшемі, жарық дүниенің үрдісі. «Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл». Бала - адамның базары, өмірдің қызығы. Дүниеге шырылдап мирас келсе, мәз-мәйрам боп қуаныш, шілдехана тойыңды жаса; ұлың ержетсе, үйлендіріп, «Қынаменде жар-жар мен беташар» ғып өлеңдетіп, думандатып тойыңды жаса. Өйткені, өлең - адам жанының гүлі, уақытының мәні мен сәні. Өйткені, өлеңсіз өмір жоқ. «Туғанда дүние есігін ашады елең. Өлеңмен жер қойнына кірер денең». Ұлы ойшыл ақын ақ пейіл, сері мінез жұртына елең-селең жүрмеуді ұқтырмақты мақсат тұтқан. Рас, қайсы біреу «өлеңді айтпақ түгіл ұға алмайды». Бірақ ұға алмасаң да құп ал. Жақсы тыңдаушы боп айтылған жайдың үдесінен шығуға тырысу керек. Сен өлең білмейді екен деп көкірегі күйлі жан үнсіз, мөлиіп қалмақ емес, бұлбұлдай сайрап кетері сөзсіз. Сондықтан сіресіп қалма, ағайын. Топқа қосыл, көңіл сандуғашын серпіп ұшыр. Өлең деген жан жомарт, адамға ешқандай қиямет ауыр жүк емес. «Өлең деген я әр сөздің ұнасымы. Сөз қосарлық, орайлы жарасымы». Ойлы, мағыналы, түзу, тәтті сөзді қарыны тоқ, қас надан ұға алмайтынын, ал оны көкірегінің көзі бар, жаны сергек, асылды бағалай білетін азамат қана қадірлейтінін ақын соншалық шынайы шындықпен жайып салады. Ел арасында, ауыл ішінде айтқан әні, өлеңі үшін сый дәметіп, алақаны қышып, дүние қуған сүмелектерді қатты сынайды. «Аулақ бол әнін сатып нәрсе алғаннан» деп сақтандырады. Өнердің, өлеңнің бағасы дүниемен, малмен есептелмейтін киелі қасиеті барын даналықпен ескертеді. Олай-бұлай жалтақтамай, «түгел сөзді тыңдауға» үндейді, Өлең шығарған, жыр жазған әргі-бергі ақын-жырауларды еске алады. Қазақ арасындағы «бұрынғы жақсылардан өрнек қалған» талапты шешен билердің сөзіне де бір ауық назар салып, ойлап қарау ләзім дейді ақын. Бұқар - жырау, Дулат - дүлдүл, Шортанбай - шайыр екеніне ешкім таласпайды, дауласпайды. Бірақ сондай ұлы жырау, ақындардың да кей-кейде жөнсіз шешенсіп кететінін Абай мінеп, сынайды. Белгілі жайттарды, кене сүрлеуді шиырлап, дүние, әлем, адам, қоғам жайлы тақпақтап, соқыр дінге салынып, уайым-қайғыға шырмалып, шыға алмайтындарын тереңнен бағамдайды. Абайдың басты талабы - «тіл ұстартып, өнер шашпақ». Жастар жанына өнер ұрығын сеппек, үлгі бермек. Наданның көңілін қойып көзін ашпақ .
Жарияланған жылдары:
Өлең 11 буынды қара өлең үлгісінде жазылған. Алғаш 1909 ж. С.-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі» атты жинақта жарияланған. Басылымдарында бірқатар текстол. өзгерістер кездеседі. Мүрсейіт қолжазбаларында, 1939, 1945 жылғы басылымдарында 3-шумақтың 3-жолы «Бұрынғы жақсылардан қалған мирас» делінсе, 1954, 1957, 1977 жылғы жинақтарда 1909 жылғы басылымға сәйкес «Бұрынғы жақсылардан өрнек қылған» деп берілген. 1909 жылғы жинақта 3-шумақтың 4-жолы «Биде тақпақ, мақал бар ойлап қара» болса, қалған басылымдарда бұл жол Мүрсейіт қолжазбалары негізінде «Биде тақпақ, мақал бар байқап қара» түрінде алынған. Мұрсейіт қолжазбаларында 8-шумақтың 3-жолы «Сүйенерлік адамға сөз қызмет қыл», 1933, 1939, 1945 жылғы басылымдарда «Сүйінерлік адамды сүй, қызмет қыл», ал 1954, 1957, 1977 жылғы жинақтарда бүл жол 1909 жылғы басылым бойынша «Сүйенерлік адамды құрмет қыл» деп қалдырылған. Мүрсейіттің 1907, 1910 жылғы қолжазбаларына, 1909, 1922 жылғы жинақтарға сәйкес 1954, 1957, 1977 жылғы басылымдарда 10-шумақтың 2-жолы «Өлеңі бәрі - жамау, бәрі - құрау» деп алынған. 1933, 1939, 1945 жылғы жинақтарда «Өлеңі бірі жамау, бірі қурау» деп басылған. Тек Мүрсейіттің 1905 жылғы қолжазбасында бүл жол «Өлеңі бәрі жамау, көбі құрау» делінген. Туынды ағылшын, азербайжан, араб, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, татар, ұйғыр т. б. тілдерге аударылған.
Өлеңді толық оқу үшін басыңыз.