Авторы: Шәкәрім Құдайбердіұлы. Өлең: Ләйлі Мәжнүн
Біле ме біздің қазақ ғашық жайын,
Ұқсаңыз, білгенімше сипаттайын.
Ғашықтық — махаббаттың ең күштісі,
Жүрекке қатты орнығар басқан сайын. Әркімде ондай ғашық жаралмайды,
Шын асыл көп халыққа таралмайды.
Мәжнүннің Ләйлә менен сыры қиын,
Еш адам байыбына бара алмайды.
Талай жан оның жайын ұға алмаған,
Ойсыздың жүрегіне жұға алмаған.
«Тез оңар, әсіреқызыл болмаған соң,
Әр елге өлең болып шыға алмаған.
Бұрынғы бәйітшіні білемісің?
Мен айтсам, оның кім деп күлемісің.
Сабырбай, Жанақ, Шөже, Кеншімбай деп,
Түк білмей онан өзге жүремісің.
Науаи, Сағди, Шәмси, Фзули бар,
Сайқали, Қожа Хафиз, Фердаусилар.
Бәйітші, елден асқан шешен болып,
Әлемге сөздің нұрын жайған солар.
Мәжнүннің Ләйләменен аз жұмысы,
Әне сол шын ғашықтың қылған ісі.
Бұлардың әпсәнәсін жазған адам —
Фзули Бағдади деген кісі.
Ондай ғып еш бәйітші жаза алмаған,
Нақышын шын келтіріп қаза алмаған.
Кітабын Фзулидің іздеп тауып,
Кез болды былтырғы жыл азар маған.
Мен оның келтіре алман мыңнан бірін,
Айтуға тіл жетпейді тәтті жырын.
Мәжнүннің атын білер, жайын білмес,
Қазаққа ұқтырайын біраз сырын.
*
Ғарапта бір бай болды дәулеті асқан,
Саудасы әр патсамен араласқан.
Құдайдан бір мирасқор бала сұрап,
Малының садақаға көбін шашқан.
Бай еді қайыры мол, бек қабағат,
Тіледі бала бер деп көп жамағат.
«Көп тілегі— көл» деген мақалдайын,
Болыпты бәйбішесі екі қабат.
Босанып есен-аман, бір ұл тапты,
Жан-жаққа сүйіншіге кісі шапты.
Жақсының тойға келген бәріне де,
Ас қылып ат мінгізіп, шапан жапты,
Қайыс деп сол баланың атын қойды,
Қуанып неше түрлі қылды тойды.
Қырық күндей кедейлерге тамақ беріп,
Меккеде талай түйе — құрбан сойды.
Келбеті бұл баланың өзгеден жат,
Бір көрсең, көргің келер неше қабат.
Бетінде бек сүйікті бір нұры бар,
Қыласың ықтиярсыз шын махаббат.
Балқытар жылы жүзі сүйегіңді
Бергендей аса мұқтаж тілегіңді.
Неге жақсы көргенің мағұлым емес,
Арбап тұр нұрлы жүзі жүрегіңді.
Баланың қырқы толып өтіп еді,
Тойдың да тарқар кезі жетіп еді.
Шырқырап бала жылап қоя берді,
Қатындар тойға келген кетіп еді.
Көтерді уата алмай қолына алып,
Ойлайды қалды ма деп науқас шалып.
Бар екен әлем асқан бір дәрігері,
Әкелді соны біреу жылдам барып.
«Баланың,— деді дәрігер,— дені таза,
Науқасын білмей калсам, менде жаза.
Бір түрлі жүрегінде қайғысы бар,
Білмеймін не себептен болды наза.
Көтерсін бұл баланы даяшы қыз,
Сыртынан байқап отыр өздеріңіз.
Көшеде балалармен алдандырсын,
Болмаса біле алмадық мәнісін біз».
Баланы даяшы қыз алып жүрді,
Артынан ата-анасы қарап тұрды.
Көтерген бір баланы даяшыға
Құдайым әлгі қызды жолықтырды.
Көрген соң бірін-бірі жақындасты,
Баланы уатуға ақылдасты.
Қолында екеуінің екі бала,
Біріне-бірі қарсы бетін ашты.
Баласы оның-дағы жылайды екен,
Көтеріп уатқаны ұнайды екен.
Балалар жылағанын қоя қойды,
Себебі бар нәрсенің Құдайда екен.
Үйіне даяшы қыз қайтып келді,
Қалайша уатқанын айтып келді.
Тағы да ертең түсте жылаған соң,
Қайысты қыз қолына қайтып берді.
Базарға даяшы қыз тағы барды,
Біреуді бала уатқан тауып алды.
Баланың бетін ашып көрсетсе де,
Шырқырап онан жаман ойбай салды.
Сол кезде кешегі қыз келді тағы,
Баласы зар қағып жүр қолындағы.
Қайысқа бетін ашып көрсетеді,
«Жылауын қоя ма екен» деді-дағы.
Жүрген соң бірін-бірі жақындасып,
Уанды екі бала мауқын басып.
Күн сайын сол арада жолықпаққа,
Екі қыз уағда қылды сөз байласып.
«Ата мен жөн сұрастық анамыздан,
Көтерген таныс болдық баламыздан.
Бала кім қолыңдағы?»—деп сұрады,
Қайысты көтерген қыз ана қыздан.
«Бұл бала бір төренің жалғызы еді,
Демесең айыбы әйел хан қызы еді.
Өзіммен осы бала туған бөле,
Төренің менің шешем балдызы еді.
Қырық күнге туғанына жаңа толды,
Шешесі сіздің тойда үш күн қонды.
Жылаған емес еді одан бұрын,
Келген соң тойдан қайтып былай болды:
Бұл қыздың, сұрасаңыз, аты – Ләйлә,
Біз таптық жылағанға мұндай айла.
Далада күнде бүйтіп отырмалық,
Бір үйден күндіз кірер пәтер сайла».
Бір кемпір есітіп тұрды сөздің бәрін,
Шақырды «мұнда кел,— деп, – балаларым,
Балам жоқ, байым өлген, үйім иесіз,
Отырсаң қалай кіріп, ықтиярың.
Үйімде алағызып тұра алмаймын,
Мен байғұс үй қыдырып жүре алмаймын.
Күн сайын жас баланы бір иіскет,
Сендерден одан басқа түк алмаймын».
Қайысты кемпір алып сүйіп еді,
Тал бойы жас балаға иіп еді.
Жіберді сүт сорғалап емшегінен,
Баланың қолы барып тиіп еді.
Іс болды таң қаларлық мұның өзі,
Мінеки сондағы айтқан кемпір сөзі:
«Жан берген қара тасқа, құдайым-ай!
Жетеді құдіретіңе кімнің көзі!
Елуге кемпір едім жасым жеткен,
Сорлы едім бала көрмей зарлап өткен.
Тамыры құрып қалған тас желіннен
Сүт ақса мұнан бұрын қайда кеткен?
Сәлем айт бұл баланың анасына,
Болайын мен күтуші баласына.
Емшектен босағанша маған берсін,
Тапсырып бір Алланың панасына.
Таптым ғой, таппасам да Қайысты мен,
Қоймай ма мұны көрсе өзі де ден.
Көзімнен осы бала таса болса,
Маған жоқ бұл тіршілік, сөзіме сен.
Қайысты маған берсін, асырайын,
Жалынып аяғына бас ұрайын.
Пұшпағым қанамаған бір сорлы едім,
Сырымды енді қайтып жасырайын.
Сөзімді ұмытпай айт бара сала,
Көрсетті құдіретін Хақ тағала.
Көзіме жас, кеудеме сүт толтырып,
Жібіткен тас емшегім осы бала.
Баладан мені айырып зарлатпасын,
Көзімнен қанды жасты парлатпасын.
Тағдырдың жазуына қарсы келіп,
Біреудің қанын жүктеп қарғатпасын».
Ләйләні көтерген қыз қайран қалып,
Құлағын осы сөзге тұрды салып.
«Мұны да бір емізіп беріңіз» деп,
Кемпірге жақын келді баланы алып.
Ләйләні кемпір қолға алған шақта,
Көңілі тағы емізіп байқамақта.
Емшектің сүті түгіл өзі құрып,
Қайтадан бұрынғыдай болды тақта.
Қайысқа және емізсе, сүті дайын,
Кетеді бұлақ болып сорған сайын.
Дегенде қыз емейін, дәнеме жоқ,
Қайран боп біле алмады мұның жайын.
Бұл кемпір ұрғашыдан туған зерек,
Кісі екен оқымысты жөні бөлек:
«Екеуін бір емшектен емізбеске
Алланың бір хикметі болса керек».
Ойлады осылай деп кемпір ғарып,
Тағдырды шеше алады кім басқарып.
Екі қыз көргенінің бәрін айтты,
Баланы үйді-үйіне алып барып.
Мұны есітіп ата-анасы ақылдасты,
Кемпірге бермек болды Қайыс жасты:
«Кешегі біз сықылды бейшара екен,
Зарлатып қойғанымыз жарамас-ты».
Қайысты ата-анасы қасына алды,
Кемпірдің қақпасына қарай салды.
Зарлының зарлы жайын біледі екен,
«Құдайға тапсырдым» деп алып барды.
Қолынан әкеп берді өз баласын,
Бұлардың ақылына таң қаласың:
«Мал аяр деп ойлама, тартынбай айт,
Бәйбіше, сүтақыңа қанша аласың?»
«Емеспін бас болмаса, дүниеге зар,
Бес жүз қой, осы күнде жүз түйем бар.
Қайысқа менің сүтім қарыз емес,
Сол малды қайта сіздер алыңыздар.
Жоқ еді бұрын менің мирасқорым,
Басымнан Қайысты алып кетті сорым.
Оллаһи, маған малдың керегі жоқ,
Ол малға ие болмақ сіздерге орын.
Сөзіме куә болсын қауымым да,
Білемін бұл сіздерге ауырын да.
Малменен енді менің жұмысым жоқ,
Болады Қайыс болса бауырымда».
Десе де «мал алмаймыз», болмайды бір,
Қазыға есептетіп жазғызып жүр.
Қойыпты тамам малын Қайысқа арнап,
Ал енді Ләйлә жайын тыңда да отыр.
Жылады Ләйлә тағы ертең түсте,
Жолыққан ол бала да мұндай іске.
Кемпірге даяшы қыз алып келіп,
Уатты сол арада азар күшке.
Қайыстан бір тынбайды кетсе жылап,
Байқады анасы да әбден сынап.
Оны да сол үйге әкеп асыратты,
Әкесі шешесі мен қабат ұнап.
Ер жетті екі бала сонда тұрып,
Жасынан тату болды бірге жүріп.
Балалар тоғыз жасқа толғаннан соң,
Апарды үйлеріне киіндіріп.
Мектепке оқысын деп берді екеуін,
Молда да баласындай көрді екеуін.
Бірі бай, бірі төре жалғызы деп,
Қадірлеп ардақтайды ел де екеуін.
Барады екі уақыт сабағына,
Қайтады мезгілімен тамағына.
«Бұларда махаббаттың нұры бар» деп,
Қарайды жанның бәрі қабағына.
Отырса сабақ оқып өңкей бала,
Қайысқа Ләйлә келер тұра сала.
«Мына бір сабағыңды ұмыттың»— деп,
Өтірік бір оқуға жабар жала.
Сондайды сылтау қылып сөз қатады,
Іштегі ғашық неге тек жатады.
Хат жазса, «мына жазу дұрыс па» деп,
Біріне-бірі апарып сынатады.
Теріс деп таласқансып шындасады,
Бірі оқып, кейде бірі тыңдасады.
Қапыда балалардың көзін алдап,
Сөйлесіп қабағымен ымдасады.
Тесіліп оңашада қарасады,
Есінен, көп қараса, адасады.
Бір болса іші қандай, тысы да бір,
Сықылды егіз бала жарасады.
Кітабын ұмытқансып тастап кетіп,
Келеді іздеген боп қайта жетіп.
Көріспек, сөйлеспекпен бар ынтығы,
Нәрсені неше түрлі сылтау етіп.
«Ау» дейді, «Қайыс» десе Ләйлә келіп,
Жауапты Ләйлә үшін Қайыс беріп.
Жұмысы күні бойы — осындай іс,
Айтайын қайсы бірін түгел теріп.
Ғашықтық өсе берді барған сайын,
Бүлардың әркім білді осындайын.
Ләйләні жібермеді сабағына,
Шешесі естіген соң қыздың жайын.
«Он үшке жаңа келдің, балам,— деді,
Сөзім бар айтатұғын саған, — деді.
Біреуге жас басыңнан болдың ғашық,
Анықтап айтты біреу маған, — деді.
Сабаққа жібермеймін енді сені,
Халқыма қарамастай қылдың мені.
Сен түгіл үлкендерге лайық емес,
Шығардың ойымда жоқ неменені?
Түсіп ең әлдекімнің алдауына,
Сабаққа себеп болды бармауыңа.
Егерде бұл мінезді тастамасаң,
Кесемін, қолыңды әкел, байлауыма».
«Әжеке-ау, ғашық деген қандай жұмыс,
Білмеймін мағынасын, айтшы дұрыс.
Оқуды ғашық деген оқығам жоқ,
Ұқтырып бұл сөзіңді байқап ұрыс».
«Білмесең онан арман тіпті білме.
Білсең де білгізбеспін саған мүлде.
Сөзімнің ғашық деген мағынасы —
Еркекпен жас басыңнан ойнап-күлме».
Шошыды сонда Ләйлә есі шығып,
Айтқанын шешесінің әбден ұғып.
«Мұнан да жерге кірген жақсы ғой» деп,
Ұялып сырт айналып кетті бұғып:
«Ұядан жаңа шыққан қаз едім ғой,
Ұға алмай бағанадан наз едім ғой.
Сөз еді бұ не деген, сұбхан алла!
Ондайдан құдайға хақ, таза едім ғой.
Әжеке-ай, көп емеспін, жалғыз едім,
Болсам да жақсы-жаман хан қызы едім.
Қойғандай көзің көріп сөз айтасың,
Артымнан мені қашан аңдып едің?
Әжеке-ай, ашуланып, налып айттың,
Зар-күйің біржолата салып айттың.
Құдайдан сұрап алған жалғызыңа
Бұл сөзді қайтып аузың барып айттың?
«Қарағым, бұл сөзіңе мен не дейін,
Демеймін жалғыз сені кемітейін.
Әншейін үйде отырып ісіңді қыл,
Сабаққа бармай-ақ қой мұнан кейін.
Серт қылдым енді сені шығармасқа,
Балам жоқ ермек қылар сенен басқа.
Емессің еркек бала молда болар,
Жетеді осы оқу да сендей жасқа».
Соны айтып шығармады қызын үйден,
Ләйләге осы жұмыс қатты тиген.
Қыз жиып күндіз алаң болса-дағы,
Түн болса ұйқы көрмей жанып-күйген.
Сабаққа қиын болды бармағаны,
Көрмекке Қайыс еді арнағаны.
Ләйләнің ғашық оты ішін өртеп,
Бір үйде жалғыз жатып зарлағаны:
Ай нұры да азаяр,
Айнала шеті толған соң.
Ақ жүзіңнен нұр таяр,
Арманда болып оңған соң.
Оңбасыңа амал жоқ,
Қызыл гүлің солған соң.
Махаббаттан жаман жоқ,
Бір айрылмақ болған соң.
Кешегі біздің күн қайда,
Күнде жайнап жүретін?
Ойлағанмен не пайда,
Медресе қалды кіретін.
Қас пен ғана қабақтан
Ымдағанды білетін.
Хайла қылып сабақтан,
Қайыс жоқ ойнап-күлетін.
Өшірілмей түнде шам,
Өз үйім болды абақты.
Қайысты көріп отырсам,
Оқымай-ақ сабақты.
Ғашықтық оты алдыма
Жасымнан тартты табақты.
Жайнаған өмір қалды ма,
Қақтырмай-ақ қабақты.
Мен зарладым бұл жерде,
Қайысқа үнім жетер ме?
Жалынсам соққан желдерге,
Сәлемімді алып кетер ме?
Біз сықылды зарлыға
Алласы рахым етер ме?
Көзім жетпес алдыма,
Осымен өмір өтер ме?
Қайысым, саған не қылдым,
Жан, жүрегім сенде тұр.
Сен не сездің, не білдің,
Сенің жаның менде тұр.
Менің жаным өзіңде,
Менде құры кеуде тұр.
Екі көзім көзіңде,
«Бір көрейін» деуде тұр.
Қарағым, жерім қиын, келе алмайсың,
Бір келіп тілегімді бере алмайсың.
Бұрынғы көп сөзінің бірі деме,
Мұнан соң дүниеде көре алмайсың.
Демеуші ем, қалқам, сені күйгізейін,
Деуші едім күнде саған сүйгізейін.
Денеңе денем тисе жана бердім,
Өлген соң құшақтатып тигізейін.
Ғашыққа сендей шыдап жүре алмадым,
Қойныңа, арманым сол, кіре алмадым.
Қайтейін атым әйел, денем нәзік,
Еркектей қайрат қылып тұра алмадым.
Сен жеңдің, мен жеңілдім, бұрын өттім,
Жолыңа шыбын жанды құрбан еттім.
Қолына сағынғанда қарасын деп,
Белгіге жүзігімді беріп кеттім.
Артыңнан түнеугіде біреу кетті,
Шаһардан шыға бере саған жетті.
Сол барған, енді ойласам, Зәйіт екен,
«Шошыма, мен Зәйітпін» десе нетті.
Сол жерде-ақ аманатың бермес пе едім,
Құшақтап жатып сені өлмес пе едім.
Не өліп, не қосылып сол арада
Тағдырда не жазылса көрмес пе едім?!
Өкініп өткен іске болмас пайда,
Зәйіттей іздесең де жолдас қайда?
Жүзімді тірі күнде бір көріп қал,
Бір айла табар Зәйіт осындайда.
Баптанар жай ойланып заман емес,
Кешіксең, мен боламын аман емес.
Зәйіттің сенен гөрі есі дұрыс,
Зейнепке қосылам деп алаң емес.
Зәйітке сәлемімді айт, айла тапсын,
Бір амал жолығуға қылып бақсын.
Шошимын жүрегімнің соғысынан,
Көре алмай, аялдасаң, қалар-ақсың.
Аман бол, жолықпасаң, мұнан былай,
Бейісте қосылуға жазсын Құдай!
Ішімді іштен туа елжіретіп,
Еріткен сүйегімді ғашығым-ай!
Мен үшін Мәжнүн болды-ау Қайыс атың,
Өзгеден бөлек еді махаббатың.
Көзі — нұр, көңілі майда, қарашығым,
Ішіңді күйдірмесін жазған хатым.
Мен үшін кезіп кеттің айдалаға,
Білмедім кеткеніңді қай далаға.
Қарағым, ақыретте табысайық,
Бұл өмір енді қайтып айнала ма?
Қарағым, аманатың кетті менде,
Сақтап кел қарызымды бұзбай сен де.
Иншалла, кейінгіге жыр болармыз,
Есіркер, дұға қылар білген пенде.
Қарағым, басқа жарға көзің салма,
Жалғанда опа бар деп қапы қалма.
Біреуге аманатым беріп кетіп,
Бейісте қосыла алмай сонда ұялма.
Жалғанда білгеннен соң тұрмасымды,
Жолыңа қылдым құрбан бір басымды.
Әншейін үлгі болсын деп айтамын,
Білемін жанға мойын бұрмасыңды.
Мен үшін тентіредің, Меке бардың,
Құдайдан ауыр науқас сұрап алдың.
Әншейін шала ғашық жаманша өлмей,
Белгі боп кейінгіге мирас қалдың.
Кім қылар біздің қылған ісімізді,
Жаратқан өзгеден жат ішімізді.
Ғашықтың әулиесі деп-ақ айтар,
Артқылар көрмесе де түсімізді.
Келіп жүр өлсем-дағы күмбезіме
Көрінер мен кеткен соң кім көзіңе?
Өлген жоқ, мен өлсем де, махаббатым,
Кетіп тұр амандасып күнде өзіме.
Кеш, қалқам! Әйел едім, нашар едім,
Мауқыңды, тірі болсам, басар едім.
Зарланып қабіріме келіп тұрсаң,
Қойнымды әлім келсе ашар едім.
Құдая, қосылмадым бұ жалғанда,
Болады мен сықылды кім арманда.
Қақ жарып қабірімді жібергейсің,
Басыма келіп Мәжнүн зарлағанда.
Қарағым! Мен өлді деп қайғы жеме,
Білемісің, жан өлмейді, өлер дене.
Келгенде амандаса бейітіме,
Сөзіңді айт тірідегі, өлді деме.
Құр денем білмесе де, жаным білсін,
Жанына өлгендердің мәлім қылсын.
Сен де өліп, жаным жанға қосылғанша,
Сағынбай дауысыңды сезіп жүрсін.
Қарағым, жаза берсем, жандырармын,
Дертіңді ауырлатып қалдырармын.
Жылама, құдай қосса, қияметте
Құшақтап құмарыңды қандырармын».
Мәжнүнге қиын тиді хатты оқыған,
Отырды шыға жаздап құр шыбын жан.
Көзінен жас орнына қан сорғалап,
Қағаздың беті болды қып-қызыл қан.
Қараңыз ғашығына ауған ниетін,
Махаббат билеген жан қандай шетін.
Егіліп етбетінен жата қалды,
Бетіне басып алып хаттың бетін.
«Кеттің, – деп, – неге тастап мені қиып»,
Алады анда-санда хаттан сүйіп.
Мәжнүнді Зәйіт келіп құшақтайды,
Көзінің о да ала алмай жасын тыйып.
Ол-дағы ақылынан кетті адасып,
Жүрегін ескі дерті қайта басып.
Болса да жаны темір шыдата ма,
Қоштасып жазылған хат амандасып.
Көтерді есін жиып Зәйіт басын,
Жек көрді хат сөзінің мағынасын.
Мәжнүнді уатуға сөз айтады:
«Ғашығың тірі, неге зарланасың?
Хатында «бір жолық» деп айтқан жоқ па,
Бастама жаман ырым, әзір тоқта.
Онан да жолығуға қам қылайық,
Ұмтылма күні бұрын құрулы оққа.
Бос оймен не қыласың босқа еңіреп,
Кеттің деп неге тастап зарладың кеп.
Өлмеген оны өлді деп өзің өлсең,
О да айтса не дер едің тастадың деп.
Хатынан тірі екені байқалады,
Оның да көңілі өзіңдей шайқалады.
Сендерде ғашық оты аз ғана ма,
Қалайша өлмеймін деп айта алады?
Нана тұр, Құдай үшін, бұл сөзіме,
Белгілі менің жайым болды өзіңе.
Кеудемде жаным болса бір қосайын,
Жарыңды көрсетемін бір көзіңе.
Әуелі мен келейін онда барып,
Онан соң барамыз ғой қайта салып.
Жолықпақ уағдамен жер дайындап,
Құмарды бір басалық оңаша алып».
Соны айтып Зәйіт кетті шаһар жаққа,
Ләйләға тірі болса жолықпаққа.
Үміттің қауіп пенен арасында,
Теңселіп Мәжнүн отыр сандалақта:
«Тірі ме, өлі ме екен, көремін бе,
Жолығып аманатын беремін бе?
Келгенше қайта хабар шыдай алмай,
Ләйләні бір көре алмай өлемін бе?»
Ойлашы осы кезде Мәжнүн қандай? —
Жанып тұр тұла бойын өрт алғандай,
Қолымен басын сүйеп сұп-сұр болып,
Өзінің барлығын да байқай алмай.
Жоғалар дем алысы мүлде сарқып,
Маңайын «уһ» дегенде жалын шарпып.
Өзегі үзілгенше өксігенде,
Лебізін ала алмайды қайта тартып.
Мөлдіреп екі көзі көкке қарап,
Білмеймін қай тілекті қылды талап.
«Ләйлә» деп әлі келсе бір айтады,
Бетінде қанды жасы тұр сорғалап.
Кей-кейде тірілгендей, өліп кетіп,
Көтерер қайта басын қалт-құлт етіп.
Суретін келістіріп айта алмадым,
Қолымды жылы жүрек дірілдетіп.
Көңіліңе түсірдім бе шын келбетін,
Мұндайды келістірмек тіпті шетін.
Оқыса бір художник бұл сөзімді,
Бұлжытпай салар еді-ау дәл суретін.
Жігіттер, кімді аяйсың мұны аямай,
Шыдайды ол ғарыпты кім аямай?
Жүрегім, махаббатым тоқтатпайды,
Жазайын десем-дағы тым аямай.
Біржола өлсе, әйтеуір, жұмыс бітті,
Бұл Мәжнүн екі өлімнің бірін күтті.
Зәйіт кеп бір хабарын бергенінше,
Болар ма мұнан қиын уақыт тіпті?
Болсаң да шыдар ма едің қандай батыр,
Осындай күйде болды Мәжнүн пақыр.
Өлі емес, тірі емес боп отырғанда,
Бір адам шәһар жақтан келе жатыр.
Бір тұрып, бір отырды келгенінше,
Хабарын не де болса бергенінше.
Қайғыдан өмірінде бір босамай,
Қайран жас қаңғып өтті-ау өлгенінше!
Зәйіт те жай басады, ентелемей,
Не тірі, не болмаса өлді демей.
Мәжнүнге түсі суық көрінеді,
Намасын алып келген періштедей.