Иә, тағы да махаббат. Адамзатпен бірге жаратылып, адамзатпен бірге өлетін мәңгі тақырып – ұлы махаббат туралы миллион рет жазылған шығар. Жер бетінде қанша миллиард адам болса, жердің астында қаншасы… Солардың әрқайсысында өзінің дара махаббаты бар. Кімнің жаны ләззат отына күймейді? Қайсымыздың көңіліміз махабаттың ыстық лебінен жаңа шыққан гүлдей құлпырмады? Қайсымыз сол махаббаттай ұлы күшке болашаққа сенгендей сенбедік? Егер сол сенім, сол сезім ақталмаса, адамның жүрегі қалай бір қалыпты соқпақ? Онда дам ол иахаббатқа қарғыс оқып, ол болашаққа лағнет айтпай ма? Әрине, солай істер еді, ол заңды да болар еді. Өйткені махаббатсыз болашақ жоқ.
Махаббат – адамның ұлы қуаты, ұлы сенімі. Ол қуат, ол сенім Отанға болсын, халқыңа болсын кіршіксіз таза келуі тиісті. Оны бұзған адам өмірден қуаныш, бақыт тілеуге қақы жоқ. Махаббат деген бір адамның түріне не болмаса «дарын» секліді ерекше қасиеттеріне қызығудан емес, ең алдымен оның ішкі жан сезімін бағалаудан, мінез-құлық, адамгершілік деген қасиеттерін ұнатудан тұруға тиісті. Сонда барып сенде сүйген адамыңа деген ұлы сезім Махаббат сезімі пайда болады. Сен ол адамды ең алдымен адам ретінде жақсы көруің, сүюің керек. Міне, сонда ғана шын мағынасында өмір көркі екі адамның қуанышына айналады.
Махаббат тақырыбы әдебиетте, соның ішінде Шығыста сонау көне заманнан бері жырланып келеді. Қанша мол жырланып, көп шиырланғанымен махаббаттың сырлы шежіресін ешкім де жазып тауысқан емес. Адамзатпен бірге жасай беретін бұл құдірет өнер атаулының сарқылмас та мәңгілік тақырыбы бола бермекші. Кешегі өткен өз тарихымызға бір сәт ой жіберсек, халқымыздың інжу-маржан сөз қазынасы ауыз әдебиеті арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жеткен Қозы Көрпеш пен Баян сұлу, Қыз Жібек пен Төлеген, Еңлік пен Кебек, Ләйлә мен Мәжнүн бейнелері адамгершілік парасаттылығымен, сүйген жарға деген адалдығымен шоқтығы биіктеп, дараланып көрінеді. Атыңнан айналайын қазақ деген, Қазағымның жырларын ғажап дер ем. Қыз Жібектей қыздары ару болса, Төлегендей ұлдары батыр дер ем — дегендей Қыз Жібек пен Төлеген секілді қазақ әдебиеті тарихында шынайы ғашықтар махаббаттың қос шынарына айналып кейінгі ұрпаққа үлгі — өнеге болары сөзсіз. Иә, шын мәнінде адамның адамшылығы хайуанның хайуандығымен таразы басында теңеліп тұрған мына заманда бізді осындай шынайы сезім ғана құтқарады. Көкек – ана, көкек — әке қасіретін жоюдың бір жолы болса, ол – жастардың бірін-бірі шынайы сүюге, қадірлеуге үндеуі.Өмір – мәңгілік емес. Өмірде мәңгілік ештеңе жоқ. Бәрі де өледі, ұмытылады. Тек қана алғашқы сезім, алғашқы махаббат жүректен кетпейді, өшпейді, мәңгі жасайды.