"Жапырақтың күзгі серуеңі" атты әдемі ертегіден сахналық көрініс жасап көрсеңдер болады. Мәнді де мағыналы шығатын сиақты
Орманда зәулім терек өсетін. Оның бұтақтарындағы жасыл жапырақтарды санау мүмкін емес. Өте көп.
Теректің ұшар басында жап-жасыл Жапырақша өмір сүрді. Ол өзгелерге Қарағанда соншалықты мазасыз болды. Айналадағының барлығын бақылап, барлығын білгісі келіп тұратын. Ол ағаш діңі, тамыры не үшін керектігін, бұтақта тұратын тиіннің, жердегі қоянның немен қоректенетінін білгісі келетін. Тіпті, шырылдауық шегіртке мен қоңыздардың қайда тұратынын көруге асық еді.
Жапырақша жаз бойы тыныш өмір сүрді. Күн шуағына қуанды, жылы жаңбыр суына шомылды. Желге еркеледі. Осылайша, жаз да жылдам өте шықты.
Алтын күздің жайма-шуақ бір күнінде Жапырақша ұйқыдан оянып, көзін ашып, айналасын танымай қалды. Бір түнде бар жапырақ түсін өзгертіп, сап-сары болып кеткен.
Ол-ол ма?! Күндіз қатты жел соғып, біраз жапырақтарды жұлып әкетті. Жел Жапырақшаны ауада әрі-бері айналдырып, ұшыра жөнелді.
Жолай ол Құстың ұясын көрді.
- Амансыз ба, құрметті Құс?! Балапандарыңыз өсіп жатыр ма?
- Амансың ба, Жапырақша?! Сен қалай өзгеріп кеткенсің? Кеше ғана көйлегің жап-жасыл сияқты! Ал, менің балапандарым баяғыда ержетіп, ұядан ұшып кеткен, - деді.
Жапырақша әрі қарай ұша жөнелді. Жел шуына құлағын тосып, дүңгіршегінен басын шығара қалған Тиінді байқап қалды.
- Амансың ба, Тиін?!
- Амансың ба, Жапырақша?! О-о, сен күзгі киіміңді киіп үлгергенсің бе?! Жапырақша болса, жауап берместен, жылдам-жылдам Тиінге өз сұрақтарын қойып әлек:
- Қысқа жинаған саңырауқұлағыңыз бен жаңғағыңыз көп шыгар?!
- Әрине, мен қысқа дайынмын. Азығым жеткілікті!
Жапырақшаны жел төмен қарай ұшыра жөнелді. Қалың шөп арасына ке¬ліп түскен Жапырақша жан-жағына қарап, таңдануын қойған жоқ. Шүйгін шөп арасынан өзін талай қызықтырған құмырсқаларды, қоңыздар мен шуылдаған шегірткелерді көрді.
- Сәлеметсіңдер ме, достар!
- Сәлеметсің бе, Жапырақша! Қандай әдемісің! Алтындай сары киім өңіңді ашады екен!
- Ал, сендер қалай тұрып жатырсыңдар? Қызық, жұрттың барлығы бір жаққа асығып жүр!
- Оған таңданар түк жоқ! Қыс қыр астында. Аязды күндер келе жатыр.
- Қамдану керек! Қысқа дайындалып, үйлерімізді жылытып жатырмыз.Осы кезде олардың тұсынан орамжапырақ жапырағын аузына тістеген Қоян жүгіріп өте шықты. Шапшаң жүгіргені соншалық, Жапырақша оған аузын да ашып үлгермеді. Қоян балаларына орамжапырақ пен сәбіз апара жатқан. Олар оны кеміргенді сондай жақсы көреді!Анадай жерден Кірпі жүгіріп өте шықты. Ол болса, тікенектеріне тәтті алма қадап алыпты. Ол да балаларына тасып жүр.Жапырақшаны жел тағы да қозғады. Бұл жолы ол шалқасынан түсті. Жоғары қараса, өзі өскен терек тұр. Көзіне оттай басылды. Қандай әдемі, зәулім! Осы кезде Жапырақша бұл үлкен теректің тек өзіне ғана емес, өзгелерге де үлкен үй секілді пана болғанын ұғынды.Қалың жапырақтар арасына құстар ұя салса, дің дүңгіршегін тиіндер мекен етеді. Ал, терек түбінде шүйгін шөп өсіп тұр. Ол да көлеңкесін түсіріп, күйдіріп жіберер күн көзінен қорғап тұрған терекке риза. Шөп арасында түрлі жәндіктер өмір сүреді. Қалың шөп арасына сондай-ақ қоян, кірпі және тышқан балаларын жау көзінен тасалайды.
Жапырақша өзі өскен Терек үшін қуанды, әрі мақтанды. Осы кезде Тышқан шиқылы құлағына келді.
- Шиқ-шиқ-шиқ! Жапырақша сәлем! Сен менімен бір інде тұрғың келмей ме? Мен теректің құрғақ қабығы мен жұмсақ шөптерді жинап өзімнің інімді жылылап алдым. Арасында жапырақтар да бар, саған бізбен көңілсіз бола қоймас! - деді Тышқан.
Жапырақша қуанып кетті. Ол үшін ең қорқыныштысы жалғыздық болып көрінді. Бірге тату тұрып, бірге өмір сүргенге не жетсін?!