+1 дауыс
664 көрілді
Шет елде оқыған қаншалықты тиімді?

2 жауап

+1 дауыс
Арине каржы жагынан оте тиімди, Казир коп жастар Малайзияга кетип, сол жакта билим алып жатыр!
0 дауыс

Биыл Қазақстандағы Назарбаев зияткерлік мектептері өздерінің алғашқы түлектерін ұшырды. Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебін 129 оқушы бітірді. Олардың 65-і шетелдік жоғары оқу орындарына түсуге құжат тапсырған. Солардың бірі – Жорабек Фариза Ерікқызы. Екі бірдей шетел университетінің оқу грантын жеңіп алған Фариза Ерікқызымен сұхбаттастық.

– Фариза, алдымен өзің туралы айтып берші?

– Мен 1997 жылы 8 тамызда  Шымкентте дүниеге келдім.  Үйдің тұңғышымын.  Інім мен екі сіңлім бар. 1-9 сыныпты қаламыздағы  №45 мектепте оқыдым. 2013 жылы ақпан айында Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылды. Қабылдау конкурсына қатысып, одан өттім. Сол жылдың 25-ақпанынан бастап 9-сыныпқа оқуға қабылдандым.

– Жалпы орта білім беретін мектептен Назарбаев Зияткерлік мектебіне  ауысып келгеннен кейін, оқу процессінде қандай қиыншылықтар болды?

– Иә, мұндағы оқу жүйесі мүлдем басқаша еді. Бейімделу қиын тиді. Мұнда химия-биология пәндерін ағылшын тілінде оқытады. Мен әуелде №45 мектепте ағылшын тілін тәуір білетінмін. Сондықтан да мұнда ағылшын тілінде сөйлеу деңгейім тіпті жақсарды. SET, IELTS сынды халықаралық емтихандарға ұстаздарымызбен бірлесіп, корпоративті түрде дайындалдық.

– Шетел жоғары оқу орындарына түсуге талпынысты қашан бастадың?

– Негізінде, өткен жылдың күзінде оқу басталғанда-ақ шетел жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндіктерін іздестіруді қолға алдым. Интернетте шетелдік университеттеріне оқуға қабылдайтын бағдарламалар өте көп. Бірақ, оны іздеп, табу керек. Ал, бізде жастар соны іздей бермейді. Қажетті конкурсты тапқаннан кейін, оған құжат жинау жағы қиын шаруа. Шетелдік университеттердің дені шетел азаматтарын оқуға қабылдауда олардың қандай да бір емтихан тапсыруын қажет етпейді. Алдымен, қажетті құжаттарды сұратады. Құжаттардың тізімінде мотивациялық эссе, транскрипт міндетті түрде болады. Ал, бізде гранттық негізде оқуға қабылдау конкурстарын тапқанымен де, ары қарай қажетті құжаттарын ресімдеуден қиналады. Құжаттарын жолдамайды. Сондықтан бірінші кезеңнен қалып қойып жатады. Құжат рәсімдегенде туындайтын қиындықтардың бірі, құжат тілін ағылшын тіліне аударып, нотариуспен куәландыру. Бізде, Шымкентте, мұндай қызмет ұсынатын нотариус кеңселерінің саны аз. Бұған біздің облысымыздағы осы қызмет түріне сұраныстың аз болуы себеп сияқты. Сондықтан да мен барлық қажетті құжаттарды, өзім ағылшын тіліне аударып, нотариус кеңсесіне барып, куәландырдым.

– Сен бір сөзіңде интернет сайттарда шетелдік жоғары оқу орындары ұсынатын оқу гранттарының көп екендігін айттың. Қажеттісін таңдау қиын болған шығар…

– Иә, мен оқу гранттары бағдарламаларының арасынан өзіме керегін көп іздедім. Содан АҚШ-тағы бір жоғары оқу орнының ұсынған бағдарламасын таптым. Мотивациялық эссе жазып, транскрипт дайындап, IELTS сертификатымды қосып, барлығын электронды пошта арқылы жолдадым. Екі аптадан кейін олар маған хабарласып, екінші кезеңге өткенімді айтты. Қазақстаннан осы университетке оқуға түсуге өтініш тапсырған-дардың ішінен 15-сі екінші кезеңге өтіпті. Екінші кезең сұқбаттасудан тұрады. Мен сол АҚШ-тың Орегон штатындағы Орегон университетінің оқытушысымен Skype-та сұқбаттастым. Бұл 2015 жылдың ақпан айы болатын. Бір ай уақыт өткеннен кейін, шамамен Наурыз мейрамы қарсаңында олар тағы да маған хабарласып, оқуға қабылданғанымды айтты. Өзімнің Орегон университетіне оқуға келетін, не келмейтінім туралы шешімімді  11-сәуірге дейін растауым керек болды. Мен не істейтінімді білмедім. Өйткені, Орегон университетінің ұсынған гранты тек оқу ақысын ғана өтейді. Ал, жатын орын, тамақ, жүріп-тұру ақысын өз қалтамнан шығаруым керек екен. Шынын айтқанда, мұндай шығындарды менің ата-анамның қалтасы көтермейді. АҚШ-та өмір сүру де қымбат.

– Демек, сен бұл оқу орнының грантынан бас тарттың ғой. Ары қарай қалай болды?

– Жоқ, мен сол мезетте бас тартпадым. 11-сәуірге дейін жауап беруге уақытым бар еді. Сосын басқа да мемлекеттердің жоғары оқу орындарының ұсынатын гранттарын іздестіруді жалғастырдым. Сол кезде біздің кәсіби бағдар бөлімінің қызметкері Олжас ұстаз Гонконгтағы бір университетке оқуға қабылдау жүріп жатқанын біліп, маған хабарлады. Бағдарламаға құжат қабылдауға бір ғана күн қалған екен. Дереу, мотивациялық эссемді жазып,  SET, IELTS емтихандарының қорытынды сертификатын, транскрипт әзірлеп, оларға электронды поштамен жібердім. Арада жарты ай уақыт өткенде, университет әкімшілігі хабарласып, екінші кезеңге өткенімді мәлімдеді.

Екінші кезеңде сол университеттің оқытушыларымен Skype-та сұқбаттастым. Екі апта ішінде электронды поштама хабарлама келді. Хабарламада менің Гонконг политехникалық университетіне «Биомедициналық инженерия» мамандығы бойынша грант ұтып алғаным жазылған екен. Бұл грант бойынша маған 160 мың гонконг доллары көлемінде қаржы бөлінген (ред. – 2015 жылдың 2 маусымы күні ҚР Ұлттық банкі ұсынған теңге бағамына сәйкес, 1 гонконг доллары – 23 теңге 98 тиынға тең). Оның 120 мыңы оқу ақысына төленсе, қалған 40 мыңы жатын орын, тамақ ақысын жабады. Дәл сол сәтте менде екі таңдау тұрды. Біріншісі, Орегон университеті, екіншісі Гонконг политехникалық университеті. Мен екіншісін таңдадым. Бұл, мен үшін қай жағынан да тиімді болды. Орегон университетіне өзімнің оқуға түсуден бас тартатынымды электронды поштамен жазып жібердім.

– Сен екі университеттің сынағынан өткенде де екінші кезеңнің сұқбаттасудан тұратынын айттың. Сұқбаттасу кезінде қандай сұрақтар қойылады?

– Иә, шетелдік университеттердің оқуға қабылдау конкурсының екінші кезеңі сұқбаттасудан  тұрады. Олар осылайша талапкердің өзі таңдаған мамандығына деген ынта-ықыласын, жалпы сауаттылығын, дүниетанымын біледі. Мысалы, Гонконг политехникалық университетіне қабылдаудың екінші кезеңінде сұқбаттасуға 10 минут уақыт берілді. Оған себеп, талапкерлер саны өте көп.

Барлығымен сұқбаттасып үлгеруі керек. Skype-та менімен үш адам қатар отырып, сұқбат жасады. Олар алдымен, неліктен осы мамандықты таңдағанымды сұрады. Мен «Биомедициналық инженерия» мамандығының келешегі зор екенін, бұл прогрессивті эволюциялық түрде дамып келе жатқан сала екенін айттым. Бұл сұраққа толық жауап бергеннен кейін, олар: Көкшетау қайда орналасқан, деп сұрады. Жауап бердім. Неліктен мұны сұрағандарын білмеймін. Таңғалдым.

– Интернет сайттарында шетел университеттері ұсынатын оқу гранты бағдарламалары туралы ақпарат табуда қандай тәсілдерді пайдаланған жөн?

– Иә, ақпарат өте көп. Бірақ, жоғарыда айтып өткенімдей, мұны жастардың көбі біле бермейді. Мысалы, Вконтакте әлеуметтік желісінде: «Гранты, стажировки, стипендии», «Конференции, семинары, гранты», «Молодежная информационная служба Казахстана» деген топтар бар. Одан бөлек, Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің ресми сайтында шетел университеттерінде оқуға ұсынатын гранттары бар. Соны да үнемі бақылап  жүру керек. Шетелдік жоғары оқу орындарының сайттарына көп мәлімет шығады. Мектептің соңғы сыныбында оқитын оқушылар үшін, шетелде оқуға әзірлікті күзден бастап қолға алған жөн. Себебі, шетел университеттері құжат қабылдауды сол жылдың желтоқсан айында тоқтатады. Конкурстың дені қыс маусымында өтеді. Көктемде қорытындысы шығып қояды.

– Гонконг политехникалық университетіне оқуға қабылданғаныңды білгеннен кейін, сол оқу орнында оқитын Қазақстан азаматтары бар-жоғы туралы мәлімет жинадың ба?

– Иә. Бұл университте оқитын қазақстандықтардың саны өте аз екен. Жалпы байқағаным, сырт мемлекеттер біздің елмен байланыс орнатуға ұмтылады. Олар өздерінде оқитын шетелдік студенттер қатарында Қазақстан азаматтарының болуына мүдделі. Бұдан мемлекетаралық байланыс нығаяды.

– Сенің шетелде оқимын, деген шешіміңе ата-анаң қалай қарайды? Олар  келісім берді ме?

– Мен мектепте жүргенде шетелде жоғары білім алуды алдыма мақсат етіп қойдым. Бірақ, шетелде оқу шығыны қымбат болатындықтын, ата-анама салмақ түсірмей, гранттық негізде оқуға талпынып, әрдайым іздендім. Ата-анам менің  осы Гонконг еліне оқуға түскенімді естігенде, қатты қуанды. Бұл менің бала күнгі арманым болатын.

– Неліктен шетелде оқуды армандадың?

– Мен шетел университеттерінде сапалы білім алып, елге оралып, Отанымның дамуы үшін еңбектенгім келеді. Осы үшін де «Биомедициналық инженерия» мамандығын таңдадым. Расымен де, алдағы уақытта медицина саласы адамдардың қатысуынсыз, технологиялардың көмегімен жүреді. Ал, мен болашақтың мамандығын иегеремін.

– Гонконгқа қашан жол жүресің? Оқу мерзімі қанша жылға созылады?

– Оқу төрт жылға созылады. Гонконг политехникалық университеті ұсынған гранттың басты талабы, курстан курсқа өткен сайын әр курстағы қойылған бағаға сәйкес, грант қаржысының мөлшері алмасып отырады. Сабақ үлгерімі нашарласа, бөлінетін қаржыны қысқартады. Қазір Гонконгта оқуға виза тапсырдым. Соны күтіп жүрмін. Тамыздың басында оқу басталады. Тамыз айында Гонконгқа аттанамын.

– «Әңгімеңе рахмет. Саған сәттілік тілеймін.

Айтпақшы, Фаризаның IELTS көрсеткіші – 7. Бұл – өте жоғары көрсеткіш.

Жәнібек НҰРЫШ

...