0 дауыс
2.8k көрілді
Нұр Отан саяси доктринасы,партияның XV съезінде сөйлеген сөзі керек еді?

1 жауап

+1 дауыс

Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың партияның XV съезінде сөйлеген сөзі

«Қазақстан – 2050» Стратегиясы және «Нұр Отан». Нұрлы болашақ жолында» саяси доктринасы:
«Нұр Отан» партиясы көшбасшылығының кешенді бағдарламасы

Құрметті съезд делегаттары!

Қадірлі қонақтар!

Бүгінгі басқосудың орны айрықша. Өткен 15 жылдың қорытындысын шығару тұрғысынан және болашақ бағдар тұрғысынан да бөлекше күн. Бұл – еліміз «Қазақстан – 2050» стратегиясын қабылдағаннан бергі партиямыздың алғашқы басқосуы. Біз алыс болашаққа көз тігіп, алдымызға биік межелер белгіледік. Қандай мақсатқа қай жолмен жететінімізді нақтылап, оны жүзеге асыруға кірістік. Еліміздің ертеңі стратегиясын қалай іске асыруымыз керек, соны ойластырамыз. Оны мүлтіксіз жүзеге асырып, Қазақ елін дамудың дара жолына бастау елдегі ең қуатты саяси күш – «Нұр Отанға» жүктеліп отыр.

Ең ұлы жолдың өзі шағын ғана қадамнан басталады. Осыдан 14 жыл бұрын партияның алғашқы съезіне небәрі 400-ге жуық делегат қатысқан еді. Аз ғана жылда «Нұр Отан» 250 филиалы, 6300 бастауыш ұйымы бар алып құрылымға айналды. Атқарушы және өкілетті билік тармақтарында тізгінді берік ұстады. Елдік істердің барлығына белсене араласып келеді. Менің бастамаларыма әрдайым қызу қолдау білдіріп, идеяларымды құлшына іске асырып келеді. Осы арқылы телегей тәжірибе жинақтады.

Халық көздегіні ғана емес, көңілдегіні де көреді. «Нұр Отан» нақты нәтиженің, ілкімді істің партиясы атанып, елдің көңілінен шыға білді. «Елің қуатты болса, бағың тұрақты болады» дейді халқымыз. Күнімізді шуақты ете түсу үшін елімізді қуатты ету барлығымыздың ортақ парызымыз. Елімізді әлемнің ең қуатты 30 елінің қатарына қосу – алдымыздағы үлкен, ұлы мақсат. Бұл «Нұр Отанның» болашаққа жол сілтейтін темірқазығы болға тиіс. Бүгінгі съезде қабылданатын «Нұр Отанның» жаңа саяси доктринасы да осыны көздейді. Біз қоғамымыздың ерекшеліктерін артықшылыққа айналдыра білдік. Әралуандығымыз – байлығымызға, бірлігіміз – табысымызға айналды. Осыны ұлт зиялылары үнемі есте ұстап, жастарға әрдайым ынтымақтың үлгісін көрсеткені жөн.

Доктринада мемлекеттік тілдің ел бірлігінің факторы ретінде аталғаны да өте маңызды. Бұл мәселеге аса ден қоятын кез келді. Қазақ тілін білу азаматтық парызды ғана емес, ұлтқа деген құрметті де білдіреді. Отан отбасындағы өнегелі тәрбиеден бастау алады. Осыны әрбір азамат есінде ұстауы тиіс. Биыл тәуелсіздігіміздің 22 жылдығын атап өтейін деп отырмыз. Ол – ата-бабамыздың аңсаған арманы. Соның баршасында осы отырған көпшіліктеріңіз, бірге келе жатқан менің серіктестерім, қызметтес достарым, жолдастарым, Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, барлық деңгейдегі әкімдер бүкіл халықты ұйымдастырып, оны жеңіске жеткіздік. Сол үшін баршаларыңызға зор ризашылығымды білдіремін.

Құрметті делегаттар мен съезд қонақтары!

Бұл форум Қазақстанның жаңа тарихының бетбұрысты белесінде өтіп отыр. Біздің қоғамымыз 2050 Стратегиясында жария етілген жаңа ұлы мақсатқа сенімді қадам жасады. ХХІ ғасырдың орта шеніндегі Қазақстанның тарихи шырқау шыңы шымыр да жұмыр белгіленген. Нені және қалай істейтінімізді, қандай мақсатқа қол жеткізгіміз келетінін білеміз. Өзінің ыңғайына қарай тарих қашанда уәждерін алға тартып отырады, тиісінше жағдаяттар да өзгереді, соған орай біздің де өзгеруімізге тура келеді. Алайда, алдағы мақсат біз үшін де, келер ұрпақ үшін де нақпа-нақ айқындалған. Мерзімінен бұрын орындалған 2030 Стратегиясын жүзеге асыру барысындағы сияқты, бұл бізді шабыттандырады. Бұл бағдарламаны да біздің орындай алатындығымызға және халқымыздың игілігі мен елдегі тұрақтылықты қамтамасыз ете білетінімізге мен сенімдімін.

Бағдарламаның өзегі – біздің әлемдегі ең дамыған 30 елдің бірі болуға тиісті екендігіміз. Мақсатымыздың аса ауқымдылығы айдан анық. Өзінің тарихында біздің халқымыз тап қазіргісіндей экономикалық және әлеуметтік шыңдарды бағындырып көрген емес. Мұны жасау тек қазақстандықтардың қазіргі ұрпағының ғана қолынан келді. Тәуелсіздікті жария етіп, Қазақстанымызды дамыта отырып, біз дамудың шалғай шетінен біржола шығып кеттік, Еуразияның лайықты жаңа мемлекеті болдық. Ендігі жерде қашанда бүкіл әлемдік қоғамдастықпен қатар адымдауға тиіспіз.

2050 Стратегиясы – біздің әлемдегі ең танымал ұлттардың шоғырына біржолата қосылуымыз үшін берілген ұлы тарихи мүмкіншілік. Бүгінгі таңда шешілуі экономиканы, қоғам мен мемлекетті дамытудың жаңа белесіне шығуға мүмкіндік беретін нақты міндеттерді пысықтау аяқталып келеді. Алдымызда ауқымды, күрделі жұмыс тұр. 2050 Стратегиясында мен ХХІ ғасырдың жаһандық 10 сын-қатерін нақты бөліп көрсеттім. Өткен жыл бұл болжамның дұрыстығын дәлелдеп берді. Жаһандық дамудың драмалық кернеу күші көзге ұрып-ақ тұр. Жыл басында «Кипр дағдарысының» өрті зорға дегенде өшірілген еді. Бүгінде Еуропа одағының ең төменгі макрокөрсеткіштер шегінде тербетіліп тұрған экономикасы күрделі күйде. Әлеуметтік дағдарыс әлі де күшті, жұмыссыздықтың, адамдардың көңілі толмауының деңгейі жоғары. БРИКС-ке мүше елдердің барлығының дерлік экономикалық қарқыны едәуір бәсеңдеп қалды.

Жақында ғана Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун БҰҰ сарапшыларының баяндамасын жария етті, онда 2050 жылға қарай Жер бетіндегі халықтың 50 пайызы судың қатты тапшылығын сезінетіні айтылған. Таяу Шығыс енді «араб антикөктемін» бастан кешіруде. Египет пен Тунисте исламшылар бір жылдан аз ғана астам уақыт билік басында тұрып еді, сол уақыттың өзі ел азаматтарының қалың тобының ондай саясаттың тығырыққа тіремей қоймайтынын түсінуіне жеткілікті болып шықты. Сириядағы азамат соғысының аяғы жаппай қырып-жоятын химиялық қаруды қорғансыз әрі ешқандай кінәсіз жандарға қарсы қолданумен тынды.

Менің ішкі түйсігім мен тәжірибем әлемнің таяу болашақтағы даму кезеңі аса күрделі болатынын аңдатады. Осындай жағдайда барлық қазақстандықтар өз Отанымыздағы тұрақтылық пен даму бағдарын болжауға болатындығының бағасын білуге тиіс! Осындай қиындықтар мен дағдарыстар орын алып тұрғанда біздің еліміз биыл тұрақты дамып келеді. Болжамға қарағанда, биылғы жыл ІЖӨ-нің шамамен 6 пайыз өсімімен аяқталады. Бұл өткен жылға қарағанда жоғарырақ көрсеткіш, оған жаһандық нарықтағы құбылмалылыққа қарамастан қол жеткізілгенін қадап айтқым келеді.

Біздің диқандарымыз тамаша астық алды – 20 миллион тонна бидай жинады. Елдің жиынтық алтын валюта резервтері көбейе түсуде. Биыл ол көрсеткіш Ұлттық қор қаржысын қоса есептегенде 90 миллиард доллардан асып түсті. Мұның өзі біздің әлемдік экономикада орын алатын кез-келген қиындықтар мен сүргіндерге қарсы қояр кепіліміз, қайтарар жауабымыз болмақ. Отандық дайын өнім әлемнің 111 еліне шығарылуда! Қазақстандық экспорт дегеніміз аккумуляторлар, трансформаторлар, металл құбырлары, тыңайтқыштар, азық-түлік өнімдері сияқты көптеген дайын тауарлар. Бізде экономиканың атымен жаңа салалары пайда болды. Елімізде автомобиль, локомотив, вагон мен тікұшақтар жасайтын өндірістер ешқашан болған емес.

Индустриялық бағдарлама аясында өнімнің 250-ден астам жаңа түрлері игерілді. Олар – мәшине құрылысының, фармацевтиканың, химия өнеркәсібінің жоғары технологиялы өнімдері. Мысалы, емдік заттардың 100-ден астам түрлерін шығару игерілген! Қазіргі таңда биылғы жылды барлық негізгі көрсеткіштер бойынша табысты аяқтап шығамыз деп күтуге толық негіз бар. 2050 Стратегиясын жүзеге асыра отырып біздің еліміз түбегейлі жақсаруға тиіс. Ол өзгерістер бәрін де қамтиды, бәрін де тереңнен қопарады. Олар біздің қоғамымыз өмірінің барлық қырларына қатысты болады. Бұл аса ауқымды жұмыстың да басында «Нұр Отан» партиясы тұруға тиіс! Бұл съездің түйінді міндеті – XХІ ғасырдың орта шеніндегі біздің барша ұлы Мақсаттарымызға қол жеткізудегі «Нұр Отан» партиясының алар орны мен саяси маңызын айқындау.

Құрметті делегаттар!

Бірнеше айдан кейін, келесі жылдың наурызында біздің партиямызға 15 жыл толады! Партия Қазақстан тарихында тұңғыш рет баламалы негізде өткізілген президенттік сайлау қарсаңында менің реформаларымның бағытын қолдайтын жалпыхалықтық коалицияның арқауында құрылған болатын. Халықтың қалауына сәйкес басты саяси күшке айналған пікірлестер одағы дәл сол кезде қалыптасқан еді! Біздің жас демократиямыз да дәл сол кезде әлеуетін айқара ашқан еді! Кезінде басқа ілгері елдердегі – Сингапурдағы, Оңтүстік Кореядағы, Жапониядағы сияқты біздің елде де демократия прогресшіл, көшбасшы партиямен – «Нұр Отанмен» бірге дүниеге келген болатын. «Нұр Отанның» қалыптасу тарихы – демократияның әлемдік тәжірибесінің ажырағысыз бөлігі.

Бірінші съездің қалай өткені жадымызда біржола жатталып қалды. Ол кезде біздің батыл армандарымыздың өзі қазіргі жетістіктерімізге де ілесе алмай жататын. Қазір осы залда мен өзімнің Бірінші съезде айтқан сөздерімді қайталамақшымын, ол сөздер 15 жыл өткенде де көкейкестілігін жоймаған: «Менің қымбатты жолдастарым, сіздерге Отан деп соққан жүректеріңіз үшін үлкен алғысымды айтамын. Сіздердің халықтың қадір-қасиетін ойлайтындарыңыз, мемлекеттілікті сақтау мен нығайту жолында бәріңіз бір үйдің баласындай жұмылғандарыңыз үшін рахмет деймін!».

Мен өзіммен бірге жаңа елді орнатысқан барлық қазақстандықтарға еңбегі мен төзімділігі үшін алғысымды білдіремін! Айрықша алғысымды менімен бірге біздің партиямызды құрысқан серіктестеріме арнаймын! «Нұр Отан» партиясын өркендетуге үлес қосқандардың бәріне алғыс айтамын!  Әуел бастан-ақ партия менің пікірлестерімнің ынта-құлшынысы мен сеніміне арқа сүйеді. Осы залда Сергей Александрович Терещенко, Қайыржан Шайқыұлы Тақуов, тағы басқалар отыр. Олар біздің даңқты дәстүрлерімізді сақтай біліп, партия жұмысына өз үлестерін қосуын жалғастырып жатыр.

Біз үшін алғашқы сынақ 1999 жылғы парламенттік сайлау болған еді. Міне, он бес жылға жуық уақыттан бері партия бәсекелесті адал күресте талай рет сайлау науқанының елегінен өтті және әрқашан жеңіске жетіп отырды! Бізді қай кезде де әр сайлау өткен сайын беки түскен халық қолдауы жігерлендіріп жүрді. «Нұр Отан» партиясы қолынан келмейтінді ешқашан уәде еткен емес. Ол әрдайым нақты істер партиясы бола білді. Жүздеген мың нұротандықтардың күш-жігерінің, әрбір қазақстандықтың қажырлы еңбегінің арқасында 2030 Стратегиясы мерзімінен бұрын жүзеге асырылды. Осы залда кең-байтақ Отанымыздың әр қиырынан келген сан түрлі ұрпақтың, ұлттар мен кәсіптердің өкілдерін – менің серіктестерімді көріп отырмын. Сіздердің әрқайсыңыз өзінің отбасы мен жақын адамдарының, қаласы мен селосының, ауданы мен бүкіл елдің өміріндегі жаңа жетістіктермен бөлісе алатынына сенімдімін.

Әр отбасының тұрмысын жақсарту жөнінде ауқымды жұмыс атқарылды. Жүздеген жаңа кәсіпорындар, жолдар салынды, жүздеген мың жаңа жұмыс орындары пайда болды. Жаңа бала бақшалар мен мектептер, ауруханалар жұмыс істеп тұр. Жаңа университеттер, кітапханалар, театрлар, концерт залдары, стадиондар, спорт алаңдары ашылды. Ең бастысы – халқымыздың Рухы Қайта өрледі.

Бүгінде «Нұр Отанның» қатарында 900 мыңдай партия мүшесі бар. «Нұротандық» депутаттар Парламент Мәжілісінде көпшілікті құрайды. Парламенттік заң шығару ісінде аса қомақты тәжірибе жинақталды. Парламенттің тек бесінші шақырылымы кезінде 140-тан астам заң қабылданған! «Нұр Отанның» фракциясы денсаулық сақтау, аграрлық сектор, мемлекеттің әлеуметтік маңызды қызметтері мәселелері бойынша 12 заң жобасын дайындады. Партия халық мүддесін қорғай білетін парламентшілер мен мәслихаттар депутаттарының тұтас шоғырын тәрбиелеп шығарды. Біздің партиямыз Үкіметті жасақтайды, биліктің барлық тармақтарының іс-қимылының реттілігін қамтамасыз етеді.

Партия жанындағы қоғамдық құрылымдардың – Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңестің, Құқықтық Кеңестің және басқаларының қызметін айрықша атап өткім келеді. «Жас Отан» жастар қанаты белсенділігін арттыра түсуде. Біздің партияның жас мүшелері өздерінің Екінші съезінің шешімдерін құлшына орындауда. «Нұр Отан» басқа парламенттік партиялармен, Кәсіподақтар федерациясымен, Азаматтық альянспен, ардагерлер және әйелдер ұйымдарымен, өзге де үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауда. «Ақ жол» партиясы және Коммунистік партияның парламенттік фракцияларының белсенді әрі жемісті жұмысын айрықша атап өткім келеді, олар қағидатты мәселелерде өздерінің пікірлерін білдіріп, өз ұстанымдарын қорғайды және қарапайым халықтың жақтастары бола біледі.

Біздің партия – «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық демократиялық коалицияның біріктіруші күші. Бүгінде «Нұр Отан» – Қазақстанның ХХІ ғасырда табысты қадамдар жасауын қамтамасыз ететін саяси көшбасшылықтың басты тетігі! Қазір бізде халқымызды жаңа жеңістерге сенімді жетелеу үшін не қажеттінің бәрі бар. Ең бастысы – барлық қазақстандықтардың зор сенімі мен қолдауы. Бұл – «Нұр Отанның» ХХІ ғасырдағы саяси көшбасшылығының негізгі бастауы. Қазір партия ресурстарын дұрыс бөлу керек. Әр нұротандықтың партиялық жауапкершілігін күшейту қажет. Біз партия жұмысының қуатын үш қайтара еселендіруге тиіспіз.

Құрметті делегаттар!

«Қазақстан-2050» Стратегиясы – біздің партиялық бағдарламаларымыздың негізі. Оны орындау «Нұр Отанның» саяси көшбасшылығымен ғана мүмкін екеніне менің ешқандай күмәнім жоқ. Партия біртұтас саяси ерік-жігердің генераторы, қазақстандықтарды біздің жолымыздағы кез келген бұрылыстардан алып шығар жол бастаушы ретінде іс-қимыл танытуы тиіс. Бұл, бірінші кезекте, біздің еліміз тағдыры үшін ұжымдық жауапкершілігіміз. «Нұр Отан» сан түрлі адамдардың басын біріктіріп отыр. Іс жүзінде, партия біздің бүкіл қоғамымыздың айнасы іспетті. Партия халық мүддесінің бастаушысы болуы үшін депутаттар корпусы тарапынан атқарушы биліктің жұмысын тиімді бақылау қажет етіледі. Бүгінде жүйелі жаңару талап етіліп отыр. Сондықтан біз мұраттарымызды, құндылықтарымыз бен қағидаттарымызды бекітетін Саяси доктрина қабылдаймыз.

Біздің партия қашанда өзгерістердің басында тұрып, табысты партиялық тәжірибенің жаһандық үрдістеріне ілесуі, қоғамға қатысты кез келген тәуекелдер мен сын-қатерлерге жедел және икемді үн қата білуі қажет. Біз қазіргі әлемде табыс тек нақты іс-қимыл стратегиясы бар саяси күштерге ғана жолдас болатынын анық көруге тиіспіз. Тек тұрақты даму мен халқымыз бірлігінің берік кепілі ретінде ұзақ мерзімді саяси көшбасшылық қамтамасыз етілетін жерде ғана табысқа қол жетеді. Осы жолмен тек ырғақты дамыған елдер – Түркия, Жапония, Үндістан, Сингапур, Малайзия ғана емес, сондай-ақ Солтүстік Еуропаның бірқатар елдері – Швеция, Норвегия, Финляндия, Дания жүріп өтті. Сонымен бір мезгілде, тарихтың жауапты кезеңдерінде саяси көшбасшылық әлсіреген жерде қоғам сілкіністер мен жанжалдардың аласапыранына батады. Сондықтан «Нұр Отанның» әрбір мүшесі – министрден қатардағы нұротандыққа дейін – партияның ХХІ ғасырдағы көшбасшылығы нені білдіретінін нақты түйсінуі тиіс.

БІРІНШІ. «Нұр Отан» басты патриоттық күш болуы шарт.

Партияның аса маңызды миссиясы – «2050» Стратегиясында жарияланған Жаңа Қазақстандық Патриотизм қалыптастырудың жалпыұлттық түпқазығы болуы тиіс. Бұл жұмысқа «Жас Қыран» және «Жас Ұлан» балалар ұйымдары, «Жас Отан» бастаған жастар бірлестіктері, Республикалық Ардагерлер кеңесі, барлық патриоттық БАҚ-тар мен ҮЕҰ-лар қатысуы қажет.

Жалғасы: http://www.akorda.kz/kz/page/page_215015_vystuplenie-prezidenta-respubliki-kazakhstan-predsedatelya-partii-

...