+1 дауыс
44.3k көрілді
Сәкен Сейфуллин - табиғат жыршысы деген тақырыпта шағын шығарма (эссе түрінде болса да) тауып бересіздер ме?

3 жауап

0 дауыс

Сыр сандықты ашып қара,

Ашып қара, сырласым,

Сым пернені басып қара,

Басып қара, жырласын.

С.Сейфуллин

Қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаушы жалынды ақын, айбынды күрескер, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің өмір жолы мен өнерпаздығына көз салғанда қазақ тарихының ұлы өзгерістерінің көп қырларын аңғарамыз.

Сәкен қайраткерлігіне бір арнадан қарап, бір жүйеде баға беру дұрыс болмайды. Қазақтың мақтанышына айналған азаматтың өр тұлғасынан талай өнер үлгілері тарамданады.

Коммунистік партия мен Кеңес өкіметіне сеніп, оның жолын әділдік, теңдік жолы деп ұққан Сәкен басшылық тарапынан саясатты бұрмалаушылық көрген тұста, өзінің ой сезімін іркіп қалмағандығына тарих тағылымы біздің көзімізді жеткізді.  Ол әрқашан пікірін ашық білдіріп отырған.Ол «ұлттардың өзін-өзі билеуі» деген Ленин қағидасына құлай сенген. Қазақстанда ұлт өкілдерін «ұлтшылдықпен» айыптап, қорытқысы келгендерге ашық наразылық білдірген. Бұған дәлел-оның 1923 жылы Ярославскийге жазған хаты. Ол Қазақстан үкіметінің басшысы боп жүргенде  қазақ тілін мемлекеттік тіл етіп жариялау, мемлекеттік іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу, қазақ тілінде кітаптар, газет журналдарды шығаруды ұлғайту мәселлерін көтерген.

«Қырғыз» аталып келген ұлттың «қазақ» екенін дәлелдеген де – осы Сәкен Сейфуллин. Ол 1923 жылы «Қазақты қазақ дейік, қателікті түзетейік» деген мақала жазды . Мақаласында ол: «бүгінге шейін қазақты орыстар киргиз деп келеді,… киргиз дегенде бір түрлі менмендік қиянатпен, қорлаған мазақпен айтатын» -деп ашына жазады.

1923 жылы 9 маусымда «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек» деген атақты мақаласын жариялады. Айтып –айтпай не керек…осы күнгедейін өз тіліміз өзімізге бұйырмай келе жатқандығы бәріңізге аян.

Голщекин саясатына ашық қарсы шыққан да- осы Сәкен.

Ақыры 1937 жылы 25 ақпанда  Алматы түрмесінде  кеше өзі орнатысқан, болашағына риясыз сенген өкіметтің қолынан атылған да- осы Сәкен.

Сәкен ең алдымен өзінің өмір сүрген дәуірін жырлап, оны қастерлеудің оңтайлы жолдарын таба білген жаңашыл ұлы тұлға. Құдай берген дарынын сәулелендіруге сазгерлігі едәуір демесін жасап, сал-серілігі ажарлай түскені тағы бар. Сәкеннің өзімен қатарлас қанаттас болған қоғам және мемлекет қайраткерлерінен бір ерекшелігі оның ұлы ақындығында. Ал ақындығының ең мәнді сыры жаңашыл реформаторлығында. Жаңашылдықтың ең негізігі арнасы өмір сүрген замананың образын жасауында. Ақын жазушылар қай-қайсысы болмасын өз заманының образын жасауға талпынады, бірақ ондай дүние кез-келгеннің маңдайына жазылмайтын бақыт.

Өзінің ақындық талантының үлкен бөлігін қоғамдық өзгерістердің жаңашыл сипатын ашатын саяси тенденциясы басым азаматтық әуенге арнағанмен, Сәкен поэзияда лирик ақын есебінде де әдебиетімізде елеулі орын алады.

Сәкен лирикасы тақырыптық және жанрлық сыр-сипаты жағынан әр алуан. Ол туған даланың табиғатын, өлмес махаббатты, көңіл-күй әсерлерін жырлады. Соның бәрінде ақын адамның сезім күйін қоғамдық өмірмен тығыз байланыста көрсетті. Бұған дәлел -оның төңкерістен бұрын жазған өлеңдері.

Жаңа дәуірдің лирик ақыны ретінде Сәкен өз шығармашылығында осы халықтық гуманизм мен демократизмді дамытушы болды.Сәкеннің табиғат туралы өлеңдері қазақ кеңес әдебиетінде табиғатты жырлаудың жаңа ұстанымын қалыптастыруға ықпал етті.Ол табиғаттың әсем жыршысы атанды. Көкшенің сұлу суреті осы күнге дейін оқырман ұғымында Сәкен есімімен сақталып келеді. Бұл тақырыпқа ақын көптеген өлеңдер жазды.

Туған даланың сұлу табиғаты мен адал махаббатты бірлікте алып жырлауда Сәкеннің «Аққудың айрылуы» поэмасының ерекше маңызы бар. Үлкен гуманистік идеяны уағыздайтын романтикалық сарындағы махаббат туралы—бұл аңыз

«Аққудың айырылуы» поэмасы шын мәнінде кімнің болсада көркемдік талғамына жауап беретіндей деңгейде дүниеге келді. «Аққудың айырылуын» лирикалық поэма дейміз, себебі мұнда бір мезеттік сәт қана суреттеледі. Қос аққу айдын көлде мәз-мейрам болып жүргенде қаныпезер сұр мерген біреуін атып алып, сыңарын қайғы-қасіретке батырады. Шын ғашықтық сезімнің қуатты күші жалғыздық пен өмір сүре алмайтынын сезінген кезде екінші аққу сұр мергеннің алдына асапаннан құлдилап келіп құлайды. Сүйгеніне қош деп қанатын бір қағып мәңгілікке көз жұмады.Адал махаббат туралы осы аңыздың үлкен гуманистік идеясы шын сезімді, достықты қадірлеуде, сұлулықты сүюде жатыр. Лирикалық поэманың көркемдік қуаты күшті, әсері мол болды.

20-жылдардың екінші жартысы Сәкенге де, оның жақтастарына да жайлы болмады.

Сәкен өзі бұл туралы: «басқару қызметтерде Смағұл секілділер отырғанда менің саяси — әлеуметтік істерге араласуым мүмкін емес екеніне көзім жетті. Еш нәрсеге араласпайтын тұрмысқа көштім. «Аққудың айрылуы» және тағы бірнеше шығармаларым тап осы кезде жазылды» деді.

1929 жылғы «Әдебиет және сын мәселелері» жинағында Сәкеннің лирикалық дүниелерін сынап-мінейді. Тек Сәкендер ақталғаннан кейін ғана «Аққудың айрылуы» өзінің пәктігі мен сезімталдығы мен әдебиет тарихынан өзіне тиісті орын алды.

Сәкеннің поэмалар шоғырына көз салғанда 1925 жылдары басталып, 1928 жылы Ташкентте аяқталған, 1929 жылы басылып шыққан халықтық «Көкшетау» дастанының қазақ позиясындағы орны мүлде ерекше.

Поэмадағы лирикалық кейіпкер-Көкшетау. Барлық оқиға «Оқжетпес», «Жұмбақтас», «Жеке батыр» айқын суреттеліп, көркем образ дәрежесіне көтерілген Адақ пен тұтқын қыз бейнелерінің өзі де, Көкшетау образын ашып, күшейте түсуге жәрдем береді.

Жұмсамақ еңбек табы жігер-күшін

Жасамақ жер-дүниеге жаңа пішін.

Жоқ қылып қайғы, қасірет, жарлылықты

Жертобын ұжмақ қылмақ адам үшін- дейді. Бұл тұста ақын табиғаттың сұлу көркін халықтың еңбегімен байланыстырады. Поэмадағы терең романтикалық образдар, қазақтың елдігіне атын қалдырып кеткен даналар мен қайраткерлер туралы көзқарастарына, қастерлеген суреттеуі-қазақ совет поэзиясының қалыптасу процесін өткеріп, енді өркендеу процесіне көше бастағанының айқын және шешуші белгісі болғанын аңғартады.  Көкшетаудан тарайтын тарих пен табиғат көрінісінің қазақ әдебиетіне,поэзиясына бергені де, дарытқаны да ерекше. Туған жерді суреттеудің алғашқы бастамасы болғаны да сондықтан. Сәкен Абылайдың қалмаққа шабуылын, одан алып қайтқан орасан олжаларын нақты образбен көрсету үшін қолға түскен қалмақ қызын негізгі кейіпкер қылып алады. Бұл тарихи шындық болар, ал болмаған күннің өзінде шығарманың сюжеттік желісін өріп, көркем образ жасау үшін керек амал. Сондықтан қолға түскен қалмақ қызын талайлардың аузының суын құртатын деңгейде суреттеп қана қоймай, бүкіл қазақ тамсана, құмарнлана оқитын дастанға айналдырды.Ол адам таңданарлық әсем арна тапты.Қолға түскен қалмақ қызы арқылы Абылай өз батырларының пиғылын байқайын деді ме, әлде өнерлерін сынайын деді ме, әйтеуір таңдауды қызға береді. Қыз құтылудың соңғы амалы деп білген себепті үш шарт қояды. Қыздың бірінші шарты бойынша Оқжетпес аңызы туған. Оны ақын айшықты жырымен өрнектеген. Екінші шарты бойынша Жұмбақтас жыры туды.

Үшінші шарттың қойылуымен поэманың ширатылуына әкеледі. Қыз өз тағдырын «Кептер кебі» деген сырлы жұмбаққа айналдырғанда, даңғой батырлардың ақылы жетпейді. Сана жарысынан ұтылып,елдің намысы кетіп бара жатқанына шыдамаған Адақ деген ер жігіт Абылайдан рұхсат сұрап, қойған шарттың бәрін орындайды. Әсіресе ақыл санаға жүк түсіретін «Кептер кебі» жұмбағын шешуі жиналған жұртты таңқалдырады. Сәкен ер намысы емес, ел намысын ардақтауды мақсат тұтқан. Поэманың негізгі идеялық желісі елдің ішінен шыққан қарапайым Адақ арқылы адамгершіліктің де, әділеттіктің де, мейірбандықтың да үлгісі екендігін көрсетпек болған.Сәкен «Көкшетау» поэмасында «Жеке батыр», «Бурабай», «Оқжетпес», «Жұмбақтас» хикаяларымен тек сюжеттік желіні өрбітіп қана қоймай, олардың жаны бейнесін сөзбен салып берді. Сонда әсем көрініске көз қуанады, қызықты хикаялар жаныңды баурайды.

Жағалай тау мен орман анталасып,

Ортада жатқан жасыл мөлдір айна,

Ойнайды сол айнадан жүзін көріп,

Кеш болса сансыз жұлдыз, алтын ай да.

Бұл нағыз табиғат лирикасы. Сәкен  аңызды баяндағаны болмаса, әрбір қимыл, іс-әрекетке мән дарыта бермейді. Ол көз қуантар табиғат келбетін оқушыға сөз

қасиетімен танытады, сүйсіндіреді. Автор құдды бір «Көкшетау» деп пейзаждық галерея жасап қойған секілді.

Мына суреттеуге қараңызшы:

Үйшік бар әлгі құзда үңгірлеген,

Ішіне кірсең үйдей күңгірлеген.

Аталған «Кенесары үңгірі» деп:

Көрсеңіз тәрізді іші дым кірмеген.

Әрине, ақынның қазақ әдебиетіне сыйлаған керемет дастандарынан талай әсемдік пен сұлулықты, керемет ажарлы сөз бояуын, таң қалдырар керемет образды, оқыс характерді кездестіреміз.Сұлу Көкшенің табиғаты мен ел тарихын Сәкен мен Мағжан жарыса дәріптеген деген пікірлердің шығуы заңды. Дегенмен Мағжан поэмалары ерте, 1923 жылы жазылғанын, ал Сәкен «Көкшетау» дастанын 1925 жылдан бастап, 1928 жылы аяқтағанын білеміз. Олай болса, Мағжан уақыт факторы жағынан ұтқандығын байқаймыз. Мағжан Сәкен тарапынан осындай сыр мен әсемдікке толы көркем жауап болады деп ойлаған  жоқ шығар, бірақ мөлдіреген, жан тебірентер, іш толғантар жыр Сәкенді қамшылап, шығармашылық бәсекеге шақыруы дау туғызбасы анық. Екі ақының тұлғалары өз қалпында, туындылары өз дәрежесінде екендігі көзге анық көрінеді. Шығармашылық бәсеке арқасында әдебиетіміздің көркем шығармаға байып, тағы бір ұлы олжалы болғанына қуанамыз.

Сәкеннің көңіл күйі лирикаларының ішінде «Сыр сандық» атты өлеңі көрнекті орын алады. Адамдар арасындағы адал достық пен сезім тазалығын шерткен бұл шығармада ақын адамның рухани дүниесін биік құздың басына тығылған кілттеулі сыр сандығына балайды. Екінің бірі сол құздың басына шығып, сыр сандықты аша алмайды. Оны жан сырын терең ұғынған адал достар ғана аша алмақ. Сыр сандығын ашып, адам жанының сым пернесін басқанда ғана дос көңілі, сыры шертіледі.

өлеңді ойға құру, мазмұнды түрмен ашу сияқты ізденістерді дамыта келіп,

сылқым сылдыры ойнақы өрнегі бар «Сыр сандықты» дүниеге әкелді.

Сыр сандықты ашып қара, /8/

Ашып қара сырласым. /7/

Сым пернені басып қара, /8/

Басып қара жырласын. /7/

Өлеңді өрнектеуі де қазақ поэзиясы үшін тың жаңалық болумен қатар сөздердің сазы көңіл қошын тез тауып еріксіз би билеткендей.

Сәкеннің ізденістері осындай өлең түрлеріне жеткізіп халықтың эстетикалық талғамын қалыптастыруға жәрдемін тигізді.,

Сәкен сөз құдіретін еркін меңгерген суреткер.

Қара жерден аспан асып ұшайық,

Жерді, аспанды біріктіріп құшайық.

Аспан жерді қуыршақтай қапсырып,

Алып қолға ырғап-шайқап қысайық, — бұл өлең жолдарындағы бейнелі образ ақынның қиялының ұшқыр екенін дәлелдейді. Аспандағы қызыл

жұлдызды жердің сәніне айналдыру ниетінің өзі өрелі болса, жер мен көкті қуыршақтай ойнату сөз құдіретін меңгергендігінің көрінісі.

Бұл айтылғандар Сәкеннің лириканың шекарасын батылдықпен кеңейте алғанын, оны тек нәзік сезімнің көрінісі түрінде қалдырмай, оған азаматтық әуен, ойлы мазмұн бере дамытқанын дәлелдейді. «Ананың хаты», «Анаға жауап» сияқты өлеңдерінде ол ана мен бала арасындағы сағынышты сезімге жаңа қызметшісі- баланың салиқалы ойын қосады. Ол сағынып, «елге қайт» деп үгіттеген анасына тоқтау айтады. Бұл өлеңдерде ескі өмір мехнатын көп тартып, баласын өмір үшін күреске тәрбиелеген ана мен күрескер, жаңа қоғам иесі баланың нақты образдары жасалған. Сөйтіп, Сәкен лирик- ақын есебінде ізгі адамгершілік мінездерді, айнымас достықты, ана деген қасиетті сезімдерді қастерлеуші болды

Мұхтар Әуезов ол туралы былай деген: «Сәкеннің ақындық асуларында әр жотадан атой бергендей тәкәппар сөз үндері «жабы емеспіз, тұлпармыз», «құладын емес, сұңқармыз», — деп, бұрынғы өткен тарихқа бүінгі оянған табына дабыл ұрады. Оның шығармаларына біткен сезімнің барлығы да айқын ашық. Тұтас бітімді жоталы тұлғадан туатын көрнекті бүтіндігі бар сезімдер. Оның шыншылдығы қозып, жанып отыратын, буы білініп тұрған барынша нық сезім. Шын жүрек шыншылдығы. Сондықтан мұның жолы әр адымын санап басқан кісінің жолы емес, ылдиы бар, өрі бар шын өмір жолы, ыстық қанды нағыз Ақын жолы. Тегінде мағыналы, өрісті, көш бастар, белге шығар үлкен еңбек туса,осындай қайнар көзден шығуға лайық», — деген кемеңгер ой Сәкеннің ұлы ақындығын қалтқысыз түсініп әдебиеттегі орнын айна-қатесіз белгілейді.

Демек, өмір шындығына негізделген шығарманың қайсы болса да, қандай деңгейде жазылса да елеусіз қалмайтындығын көреміз. Бұл енді табиғатынан туатын құбылыс.

Сонымен, шын ақындық қуатпен жазылған шығармалар, әсіресе поэма-дастандар қазақ поэзиясына Сәкеннің қосқан інжу-маржандары еді. Сол туындылардың қадір-қасиеті уақыт озған сайын құрметтеле береді, жаңа ұрпақпен табыса береді.

0 дауыс

Жоспар:
Кіріспе
Сезім мен сұлулық-ақынның басты құралы.
Негізгі бөлім
1)Жиырмасыншы жылдар жыры немесе Сәкеннің поэзиясы.
2)Сұлу Көкшені Сәкеннен артық ешкім жырлаған жоқ.
3)»Аққудың айырылуы”поэмасы Сәкен шығармаларының үздігі әрі алғашқысы
Қорытынды


Тарихта қалған тарландар өмірі біз үшін үлгі.
Қазақтың қазыналы тілінің бір пұшпағын илеген талай ақын-жазушыларымыз сөз маржанының қандай болатынын қарға тамырлы қазаққа дәлелдеп айтып кетті.Өмір атты теңізде қолдарына қалам алып дүние сырына тоймай тамсана жазған талай дана адамдар болды.Өмірге жұлдыз болып келетін,халықтың еркесі,халық жүгін көтеретін дара адамдар ,дарынды жандар аз-ақ.Бірақ қазақ әдебиеті поэзия әлемінде әлемдік деңгеймен салыстырғанда 20-сыншы ғасырда кенже қалған емес.Керісінше өзінше жаңа қырымен дами бастады.Қандай марғасқа ,жаны жайсаң адамдар өмір сүрді сол кезеңде.Айтқым келгені әр адамның өз келбеті,өз жан-дүниесі болады.Егер ақынға сезім мен сұлулықты,қосып берген жағдайда одан нағыз шедевр дүниелерді күтуге болады.Қазақтың маңдайына біткен Сәкен Сейфуллин дәл сондай сері адам болатын.Қазақ халқы келбетті ер адамдарды көргенде сері деген.Дәл сол сері Сәкен ақынның сұлу жанынан өріліп талай дүниелер дүниеге келді.Соғыстың да ащы дәмін татып,бала оқытуды да меңгерген ірі ұстаз өмірінің соңғы кезіне дейін құдіретті ақындық өнердің жүректе жатқан шырағын сөндірген емес.Жаңалыққа толы қым-қуыт жиырмасыншы ғасыр өмір майданына,өмір жағалауына таңдаулыларды өзі шығарып тастап отырды.
Жиырмасыншы жылдары қоғамдық өмірде болған түбегейлі өзгерістер, жаңа заман дамуының қарқындылығы, тарихи оқиғалардың жедел ауысып отыруы Сәкен поэзиясында сол дәуір бейнесін берерлік екінші образ — жүйрік пойыз-экспресті тудырды. «Біздің тұрмыс — экспресс» деп жырлады ол.
Жаңа қоғамдық құрылыстың даму қарқыны мен өзіндік сипатын, қанша ұшқыр да арынды болғанмен, тұлпар бейнесі таныта алмайды деп түсінген жаңашыл ақын:

Бұрын атым тұлпар еді — бәйге көк,
Енді, міне, пойыз болды, тұлпар жоқ.
Ұзақ жолға
Тұлпар қол ма?
Мейлі жорға,
Тұлпар міну — Сарыарқада жүрсең тек.
…Ісі ерен
Ұқсас көрем

Отарбаны біздің осы тұрмысқа! — деп жазды. Жаңа елдің даму жылдамдығын ұшқыр пойызға — экспреске теңеу Сәкеннің басқа да туындыларында кездеседі. Жаңа өмірдің болашағына, оны орнатушылардың жасампаздығына ақын кәміл сенеді.

Қиырсыздың қиырына жетейік,
Өлшеу жоқ көк мұхиттан өтейік.
Аспандағы алыс қызыл жұлдызды
Жерге әкеліп, жердің көркі етейік.
Асуы жоқ асулардан асайық,
Ашылмаған тас қақпаны ашайық,
Болмағанды болдырайық дүниеге,
Жаңа тұрмыс жаңа жерге жасайық, —дейді.

Жаңа замандағы еңбектің, техниканың рөлі Сәкеннің көптеген өлеңдерінің мазмұнын құрайды. «Қара айғыр», «Аэропланда», «Аспанда» деп аталатын өлеңдерінде жаңа тұрмыс көрсеткіші ретінде көрінетін экспресс, пойыз, ұшақ образ-символдары ақын поэтикасында жиі ұшырасады.
Шексіз алыс қиыр, өлшеусіз мұхит, асуы жоқ тау, аспандағы жұлдыз, тас қақпа — ауыз әдебиетінде, халық ұғымында арман-мұрат жолындағы қиямет қиын бөгет, кедергілер. Жаңа тұрмыс жыршысы «болмағанды болдырып», жаңа өмір орнатуға шақырады. Халық әдебиетінің дәстүрлі образы бойынша, ақын паравозды «қаһарлы күшпен ақырған», «дүбірі жер жарған» жүйрік тұлпар — қара айғыр бейнесінде суреттейді.
«Біздің Сәуле», «Маржан» өлеңдерінде Сәкен теңдік альш, жаңа өмірдің белсенді құрылысшысы болған қазақ әйелінің ұнамды бейнесін жасайды. «Бұлшық ет» атты лирикалық өлеңінде барлық әрекет, қозғалыстың, динамиканың, даму атаулының тұтқасы — тас қопарып, жер үңгіп, шыңырау қазып, байлық шығарған, темір жол салып, жер қыртысын сыдырған адам қолын ардақтай келіп, ақын бұлшық етті айғырдың тоқпақ жалына, бөкеннің серке санына, қайыңның қырған безіне, шортанның жұмыр беліне теңейді.

Ширатылып түйілген,
Болаттай күшпен иілген,
Бұлшық етті білек пен
Балтырдан күшті дене жоқ — деп аяқтайды.

Бұл — адам баласының тән саулығын, күш-қайратьш образды деталь арқылы әсем бейнелеп, шалқыта мадақтаған келісті де ықшам, көркем де шебер жыр.
Көңіл күй әуендері. Сәкен Сейфуллин — адам жанының күйініш-сүйініштерін, алуан сипатты сезім күйлерін, ынтық, құштар жүректің нәзік сыр, ыстық толқындарын шебер де әсерлі суреттеген тамаша лирикалардың авторы.
Сәкен лирикасының өзіндік сыр-сипаты алуан түрлі. Туған жерге сүйіспеншілік, табиғат көріністері мен құбылыстары, махаббат сырлары, сағыныш сазы, мезгіл суреттері, аң-кұсты аялау, ана-бала сүйіспеншілігі — ақын лирикасының басты тақырыптары.
Ол, әсіресе, табиғатты жан-жүрегімен нәзік сезініп, сүйіне жырлады. Ақынның әйгілі «Көкшетау» поэмасы қазақ жерінің ең бір көркем, сәулетті өңірінің естен кетпес мынандай керемет сұлу суреттерінен басталады:

Арқаның кербез сұлу Көкшетауы,
Дамылсыз сұлу бетін жуған жауьн.
Жан-жақтан ертелі-кеш бұлттар келіп,
Жүреді біліп кетіп есен-сауын.
Сексен көл Көкшетаудың саясында,
Әрқайсысы алтын кесе аясында.
Ауасы-дертке дауа, жұпар исі,
Көкірек қанша жұтса, тоясың ба?
Мөп-мөлдір Бурабайдың суы күміс,
Көргенде шаршаған жан алар тыныс.
Мінбелеп қоршалаған шымылдықтай,
Қарағай, қайың менен қалың жыныс.
Ырғалған көкке байлап қарағайы,
Қасында көк желекті әппақ қайын.
Жібектей желмен шарпьш төңіректі,
Балқытып мас қылады иіс майы.
Қарағай биік шыңды қиялаған,
Еш адам оны барып қия алмаған.
Шаңқылдап тау жаңғыртып, шыңға қонып
Жалғыз-ақ көк қаршыға ұяларан.
Көкпеңбек шың басынан мұнар кетпес,
Басына атсаң-дағы оғың жетпес.
Бір жұтсаң Көкшетаудың жұпарынан
Өлгенше көкірегіңнен құмар кетпес.

Біз бұл өлең шумақтарынан онда суреттелген мөлдіреген күміс айнадай сексен көлдің аясында, көк мұнарға оранып, көшкен бұлттармен есен-амандык сұрасып, сұлу жұзін әлсін-әлсін ақ жауынмен жуьш, нұр жайнаған кербез ару Көкшетау табиғатының көріністерін өз көзімізбен көріп, жұпар ауасымен рахаттана тыныстап, көк қаршығасының шаңқылы мен қалың қарағай, көк желекті ақ қайыңдарының сыбдырын өз құлағымызбен естіп тұрғандай әсер аламыз.
Сыршыл да ойшыл ақын, сұлулық жыршысы табиғатты онда мекендеген адамның көңіл күйімен, жасампаз еңбегімен байланыстыра жан бітіре суреттейді. Сәкеннің күрес жолындағы кейіпкерлерінің елге, туьш-өскен жерге деген сезім күйлері табиғатка ынтықтығы арқылы ашылады. Мысалы, «Қамаудан» деген өлеңінде жау қолында зарыққан тұтқын туған жер табиғатынан жанына демеу табады:

Тас үйдегі тұтқынды
Аяған адам жоқ болды.
Аяды бірақ табиғат,
Көңілім соған тоқ болды.
Терезенің алдына
Торғайлар келіп ән салды.
Ызғарлы қамау тас үйге
Күйлендіріп жан салды…
Демін салып майда жел
Құшақтап сүйіп тәнімді.
Сүйгенімдей тербетіп,
Жұбатты менің жанымды.

Табиғат қамаудағы тұтқынның жабырқау көңілін жадыратып, бойына бостандыққа деген сенім ұялатады.

«Сағындым» атты өлеңінде де «туғалы қапас көрмеген», еркін өскен бұла жастың «Сарыарқа сары белі бар» қырын, «өзенді, көлді жайлаған, көрмеге тұлпар байлаған» ауылын, «еркесі қырдың бұралған» сәулесін, «айналып-толғанып өсірген» анасын сағынуы табиғаттың әсем суреттерімен, ел өмірінің әсерлі көріністерімен астастырыла берілген. Лирикалық кейіпкердің қыр тіршілігіндегі өзгерістерге сүйінген қуанышты көңіл күйін ақын «Қырда», «Далада» атты өлеңдерінде еркелей, шаттана ескен дала желі арқылы бейнелейді:

Есіп кеп, майда желдер таудан асьш,
Құшақтап аймалайды, амандасып.
Естіген, көрген-білген сырын маған
Айтысты қуанысып, сыбырласып.
…Күлімдеп гүл шашақтар басың иді,
Құшақтап майда ескек жел беттен сүйді:
Қуаныш сырын айтқан ғашығындай,
Ескектің көкірегіме лебі тиді.

Табиғаттың кіршіксіз тазалығы»Ақша қар» өлеңінде кір-лас дүниеге қарсы қойылған.»Күздігүні далада», «Жаздыгүні далада» атты өлеңдерінде де ауыл тіршілігі табиғат суреті арқылы көрсетіледі.
Ғашықтық, сүйіспеншілік сырлары көбінесе табиғаттың қошеметі мен қолдау-құттауы аясында ашылады. Ақын махаббаттың арман-аңсары мен құпия сырларына сұлу табиғатты куә етеді. «Тау ішінде», «Біздің жақта», «Жазғы түнде» өлеңдеріне осы сипаттар тән. Оларда туған өлкенің сырлы табиғаты жастардың жүрек құпиялары, ынтық сезімдерімен жарастық тауып, оқырманды ерекше әсерге бөлейді. Ал «Анаға хат», «Анаға жауап» өлеңдерінде аналық-балалық махаббаттың, сағыныш-мұңның, өкпе-наздың, жүрек қылын шертер, көзге жас үйірілтіп, ет жүректі елжіретер нәзік лирикалық сезім жеті-сегіз буынды, шалыс ұйқаспен келетін өлең өрнегімен аса сәтті бейнеленеді.
Ақын «Сыр сандық» өлеңін досына хат түрінде жазған. Сезім мен сыр, ой мен образ жымдаса қабысып кеткен бұл өлеңнің ішкі ырғағы, әуезі есіле төгіліп, жібек торғындай судырап тұр. Адалдық пен арамдық, талант пен күншілдік, мансап пен ождан, достық пен қастық туралы тебірене сыр шерткен ақын мұзбалақ, зеңгір тау, сыр сандық, сым перне, алтын сарай образдары арқылы эстетикалық-этикалық мұраттарын ірікпей толғаған.
Сәкен адамның көңіл-күйін, сырын, тұспалдай жырлап, оны биік таудың басындағы кілттеулі сыр сандыққа балайды. Дос жанын түсіне білетін нағыз адам — дос қана сол құзар биіктегі сыр сандықтың кілтін тауьш ашып, көңілдің күй пернесін баса алмақ.

Әр адамның ішкі сыры —
Берік қойма сақталған.
Сол қойманың бір түкпірін
Достың досы-ақ ақтарған.
Кейде ашуға сол түкпірді
Іздейді жан жақынын.
Шертеді жан сырлы жырды,
Сырлас жанын шақырып.
Тыныс керек кейде жанға,
Кейде жанға ән керек.
Күй шертуге анда-санда
Сырласарлық жан керек.
Сын сандықты ашьш қара,
Ашып қара, сырласым.
Сым пернені басып қара,
Басып қара, жырласын.

Өлеңде жаныңды түсіне білетін шынайы достарға «қолыңда жемің барда шырқ айналып, жем таусылса, жалт беретін жанама достар» қарсы қойылған.
Сөйтіп, Сәкен лириканы тек сезімді жырлаумен шектемей, оған азаматтық әуен, ойлы мазмұн дарытьш, жаңа мұмкіндіктерін ашты. Қазақ лирикасының үздік үлгілерін тудырған ол ізгі де сұлу сезімдердің, айнымас достық пен махаббаттың шабытты жыршысы болды.
«Аққудың айырылуы» поэмасы. Сәкен Сейфуллин шығармашылырына тән тұрақты сипаттардың бірі — аллегориялық тәсілді символ бейнеге жиі пайдалануы. Оның «Аққудың айырылуы» поэмасында да мәңгілік те асқақ махаббатты жырлауға қазақтың ежелден бергі түсінігінде (аңыздарындағы) тазалық пен сұлулықтың, махаббатқа шексіз адалдықтың символы саналатын аққу бейнесі алынған.
Оқиға Арқадағы бір сұлу көлдің жағасында өтеді. Ақын маржан сөз, шымкесте өлең өрнегін төгілдіріп, алдымен әлгі көлдің кісіні тамсандырғандай көркем суретін салады.

Арқада бір жер бар еді
Жібек самал саясы
Саяда бір көл бар еді
Сырлы кесе аясы.
Маржан құмы, күміс суы
Көл еді кең айнадай.
Мұнарытқан торғын буы,
Көк кестелі айнала…
Әдемі еді мөлдіреген
Айна көлдің өрнегі.
Су бетінде үлбіреген
Ақ шашақтар өрнегі.
Пай шымылдық, жасыл құрақ,
Қалың біткен ну құрақ.
Кейде аққулар жасырынады,
Шымылдыққа судырап.
Айна көлдің суы күміс,
Жұбай аққу көркі еді.
Көрсе көзің алар таныс,
Екі сәулем ерке еді.
Көлдің басы ертелі-кеш
Мың құбылған ән еді.
Екі ғашық ертегідей,
Көлдің көркі — сәні еді.

Лирикалық кейіпкер анда-санда бой жазып, демалуға осында келеді екен. Бұл жолы да әдетінше еркелеп келіп, көл жағасында жатьш, оның көрінісін тамашалайды. Бұрын байқамаған жаңа сипаттарына ғажаптана таңырқайды.

Кең айнадан өзін көріп,
Құстар билеп, ойнайды.
Су түбінен маржан теріп,
Сүңгіп терең бойлайды,

—деп көлдегі тіршілік базарының бір көрінісін көзге тосады. Көл бетін мекендеген қызғыш, тауқұдірет, шағала, сұқсыр, қасқалдақ үйректердің қылығы мен қызығы қандай келісті десеңізші!
Сөйтсе де ақын көңілі мұның бәрін олқысынады. Өйткені «аққу әні— жүрегінің тілегі» — жұбай аққу көл бетінде көрінбейді.
Аққулардың келуімен көл бетінің тіршілігі күрт өзгеріп, жайнап, жанданып сала береді. Жұбай аққудың бір-бірімен жолығысып, мауқын басьш көңілдері көншіген ерке, назды шағы — махаббат салтанаты өмір қызығына айналады.
Ақын да шат сезім, ыстық шабытпен үздіге жырлайды. Махаббат лирикасының сирек ұшырасатын інжу-маржандай үздік шумақтарын тудырады.

Жалғыз аққу жырақтағы
Әнге салды «келем» деп.
Сыңар аққу құрақтағы
Тұрды күтіп, көлеңдеп.
Сыңқылдатып, жарып көлді,
Жұпар майын жағынып;
Жұбайына аққу келді,
Алыс жерден сағынып.
Бөлек екен екі ғашық,
Жайқынға кеп түйісті…
Сыпайы ойнап, сыңқылдасьш,
Тәтті айқасьш, сүйісті.
Күміс суды жұмсақ сүйіп,
Екі сұлу сыланды;
Сылдырлатып моншақ тізіп,
Ақ көбікке бұланды.
Дөңгеленіп сәнін түзеп,
Айна көлге қаранды;
Екі сұлу әнін түзеп,
Жуынды да таранды.
Екі кербез қатар түзеп,
Көлдің келді шетіне:
Көлдегі әппақ шашақты үзіп
Иіскей басты бетіне.
Иіскеп нәзік иісін жұтьш,
Көлбеңдеді айнала,
Ақ шашақты талдап түтіп,
Шашты мөлдір айнаға.
Талдап тұтіп ақ шашақты,
Алып әппақ жұпарын;
Ақ тәніне сылап жақты:
Қандыруға құмарын.
Екі сұлу еркелесті,
Бір-біріне жарасып;
Тағы нәзік «не-не?» десті,
Бір-біріне қарасып…

Біз бұл шумақтарды оқи отырып, ондағы айтылғандардың бәрін лирикалық кейіпкерлермен бірге көріп, қызыға, сүйіне тамашалап тұрғандай әсер аламыз.
Ақынның сұлулықты сезінуі және соны көзге анық елестейтін құбыла кұлпырған жанды суретке айналдыру шеберлігіне тәнті боламыз. Табиғат әлеміндегі жарастық: күміс айдын, оның жиегіндегі судырлаған торғын шымылдық, су бетінде сүйісіп, ләззатқа бөленген кербез, сұлу аққулар — бәрі-бәрі қандай әсерлі бейнеленген.
Сол арада қамыс арасында жасырынған Сұр мерген жұбай аққудың бірін атып өлтіреді. Осылайша табан астында махаббат пен сұлулықтың, тазалықтың символы тас жүрек қатыгездіктің құрбаны болады. Жұбайынан айырылған сыңар аққудың жан азабы, шарасыз күйі трагедиялық шамырқаныспен суреттелген. Серігінен мәңгі айырылған жалғыз аққу, сыңарының өлімі өзегін шоқтай қарып, жанын қоярға жер таппай, зар жылайды:

Сыңсып аққу суды шашып,
Шырқ айналды зәлімді.
Сұр мергенге төсін ашьш:
«Мені де ат!» — деп жалынды.
Қып-қызыл қып қолын қандай
Ақ сұлудың қанына;
Мерген кетті шыдай алмай,
Күйіктінің зарына…
Сұр мергенді шырқ айналып,
Жылап аққу қалмады;
Өзегі өрттей күйіп-жаньш,
Қаққан қанат талмады…
Біресе аққу шырқап биік,
Көкке жылап зарлады;
Біресе кеп жерге тиіп,
Көзден жасы парлады,
Біресе кеп жерді сабап,
Жер бауырлап ыңқылдап;
Біресе ұшып желді сабап,
Назаланды сұңқылдап.

Ақын талантының күштілігі соншалық, біз әңгіме кәдуілгі құс (мейлі, аққу-ақ болсын) жайында емес, екі асылзада жас — ғазиз ғашықтар жайында болып жатқандай, оқиғаның өзі көз алдымызда өтіп жатқандай, өзімізді соның жанды куәгерлеріндей сезінеміз, шын қайғырьш, тамағымыз кеберсиді.
Сыңарынан айырылған аққу ендігі өмірін мағынасыз, керексіз санайды. Сондықтан: «Мені де ат!» — деп қанша жалынса да, мұны да өлтіруге жүрегі дауаламаған Сұр мергеннің алдына көктен құлап, жан тапсырады.

Төмен ағып қадалды да,
Найзадай боп шаншыльш,
Сұр мергеннің қақ алдына
Жығылды аққу шаншылып!
Күйікті жар құлап өлді,
Ақ төсінен қан ақты;
Жұбайына: «Ырза бол!» — деп,
Бір-ақ серіпті қанатты.
Өлімді де шіркін ғашық
Сүйгенімен бір көрді;
Жан күйігін мәңгі басьш,
Жұбайымен бірге өлді!

Поэма адал махаббатты мадақтайды, өмірдің мәні мен сәні шынайы сүйіспеншілікте екеніне нандырады. Сонымен қатар, ақын өмірдегі де, табиғаттағы да ұлы жарасымды, гармонияны бұзудың орны толмас трагедияға апарып соғатынын көрсетеді, адамдарды абай болуға үндейді.
Дүниедегі сұлулықты Сәкен ақынның өлең жолдарымен сипаттауға болатындай.Жезді мекен Жезқазған жерінің тумасы Сәкен ақын қазақ халқының жүрегінде.Себебі өмірдің өзі бізге үлгі тұтатын жандарды сыйлап отыр.Біз солармен мақтануымыз керек.

0 дауыс

Сакен Сейфуллин

Сәкен (Сәдуақас) Сейфуллин 15 қазан 1884 жылы Жезқазған өңіріндегі бұрынғы Ақадыр ауданындағы Қарашілік қыстағында дүниеге келген. Қазақ жаңа әдебиетінің негізін салушы, мемлекеттік қайраткер.
Нілдідегі орыс-қазақ, Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде, Омбыдағы мұғалімдер семинариясында оқыды. 1914 жылы Қазан қаласында «Өткен күндер» атты тұңғыш өлеңдер жинағын бастырды. Омбыда қазақ жаситары ашқан «Бірлік» қауымы басшыларының бірі болды. 1917 жылы 9 наурызда «Асығып тез аттандық» өлеңін жазды. Кешікпей Ақмола қаласына ауысып, «Жас қазақ» революциялық ұйымын құрды, «Тіршілік» газетін шығарысты, 3 айлық педкурсқа оқытушы болды.

1917 жылы қарашада «Кел, жігіттер» өлеңін жазып, Қазан төңкерісін қуана қарсы алды. Осы кезде Ақмола Совдепінің президиум мүшелігіне сайланды. 1918 жылы «жас қазақ марсельезасын» жазды, «Бақыт жолына» атты пьесасының премьерасы көрсетілді. 1918 жылғы 4 маусымда атардың көтерілісі болып, Ақмола Совдепі тұтқындалады. Атаман Анненковтың азап вагонында 47 күн ажалмен арпалысып, Сәкен 1919 жылғы 3 сәуірде Колчактың Омбыдағы түрмесінен қашып шығады.

1920-1936 жылдары Ақмола атқару комитеті төрағасының орынбасары және әкімшілік бөлімінің меңгерушісі, Қазақ Кеңес Автономиялық Республикасы Орталы Атқару Комитеті Президиумының мүшесі, «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы, хaлық ағарту комиссарының орынбасары, ҚазКАСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы, Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылым Орталығының төрағасы, Қазақстан пролетар жазушылары ассоциациясының (ҚазАПП) басшысы, БК(б)П Қазақстан Өлкелік Комитетінің партия тарихы бөлімінің меңгерушісі, Қызылордадағы халық ағарту институтының, Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтының директоры, «Жыл құсы» альманағы, «Жаңа әдебиет» журналы басшысы, Қазақтың мемлекеттік институтының доценті, «Әдебиет майданы» журналының редакторы, Қазақтың коммунистік журнлистика институтының профессоры қызметтерін атқарды. Осы кезде жаңа өмір жолында күреске шақырған «Асау тұлпар» өлеңдер жинағы, «Бақыт жолына», «Қызыл сұңқарлар» атты пьесалары жарық көреді. «Домбра» (1924), «Экспресс» (1926), «Тұрмыс толқынында» (1928) атты поэтикалық жинақтарында Қазан төңкерісінің жеңісі жырланды. Жаңашыл ақын поэзия мен драмматургияға көп жаңалықтар енгізді. Өлеңнің түрі мен мазмұнында түбегейлі өзгеріс жасап, қазақ халқының поэтикалық дәстүрін дамытты.
С.Сейфуллин өмірде де, әдебиетте де белсенді күрескер болды. «Көкшетау» (1934), «Қызыл ат» (1934), дастандарында заманалық мәселелер көрсетілген. «Қызыл атта» 30-жылдардың бас кезінде Казақстанның ауыл шаруашылығында орын алған асыра сілтеу оқиғалары сыналады. «Ақсақ киік» (1924), «Аққудың айрылуы» (1925) шығармаларында туған даланың табиғатын, адамның ішкі сезім күйлерін суреттейді. С.Сейфуллин проза, драмматургия, әдеби сын, әдебиеттану салаларында көрнекті еңбек етті.

«Жұбату» (1917) әңгімсі – Сәкеннің қазақ әйеліне арналған алғашқы прозалық, шығармасы. «Жемістер» (1935), «Біздің тұрмыс», «Сол жылдарда» туындыларында замандастар өмірі бейнеленген. С.Сейфуллин қазақ халқының патшалық езгіге қарсы күресін «Тар жол, тайғак, кешу» атгы тарихи-мемуарлық романында көрсетеді Публицистика саласының дамуына қосқан еңбегі баға жетпес. Қазақтың ескі әдебиет нұсқауларын жинау, зертгеу, бастыру ісімен де шұғылданды. Оның қатысуымен «Қазақтың ескі әдебиет нұсқаулары» (1931), «Батырлар» (1933), «Ақан сері-Ақтоқты», «Ләйлі-Мәжнүннің» қазақша аудармасы жарық көрді. «Қазақ әдебиеті» (1932) кітабы – осы саладағы алғашқы зерттеу еңбектерінің бірі. Халық әдебиеті материалдарын мол жинап, пайдаланған бұл зертгеуінде қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жанрлық жағынан жіктеп, идеялық-көркемдік талдаулар жасайды. С.Сейфуллин қазақ әдебиетінен мектептерге оқулық жазу існе де қатысқан. Қазақ әдебиетінің кадрларын даярлауға, алғашқы кітаптарын бастыруға көп күш салды.

1936 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің Москвада өткен бірінші онкүндігіне қатысты. Қазақ жазушылары ішінен тұңғыш рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, шығармашылық еңбегіне 20 жыл толуы кеңінен мерекеленді.

1938 жылы жолсыз жазага ұшырады. Ол туралы С.Мұқановтың «Сәкен Сейфуллин» пьесасы, Ғ.Мүсіреповтың «Кездеспей кеткен бір бейне» повесі, поэмалар, әдебиеттанушылық зерттеулер жазылды.

...