0 дауыс
4.0k көрілді
Кедендік одақтың Қазақстанға тигізген нақты пайдасы бар ма? Ауыз толтырып айта аламыз ба,жетістіктерді? Одаққа Ресей ықпалы қаншалықты?

1 жауап

0 дауыс
Осыдан екі жыл бұрын Кеден одағы құрылған кезде Қазақстан, Белоруссия және Ресей басшылары бұл қадамның экономикалық пайдасы жайында зор сеніммен айтып еді. Бірыңғай кедендік тарифтерді енгізу, баж салығы мен экономикалық шектеулерді алып тастау арқылы Ресей, Белоруссия және Қазақстанның ішкі жалпы өнімін 2015 жылға қарай 15 пайызға жуық арттыруға болады деп болжанған. Мамандар тіпті «Ресей 400 миллиард доллар, Белоруссия мен Қазақстан 16 миллиард доллар көлемінде пайда көреді» деп, ықтимал пайданы да есептеп қойған. 2010 жылдың аяғындағы осы елдердің әрқайсысының халық санын ескере отырып, ресейлік әр тұрғынға шаққанда 2787,2 доллар, әр беларусьқа — 1687,5 доллар, әр қазақстандыққа 973,1 доллар көлемінде пайда түседі деген болжам жасалды.

Ендігі кезде сарапшылар бірлескен кәсіпорындардың көптеп құрылуы қа­жеттігін айтады. Бұл қосымша жұмыс орындары, жаңа технологиялар мен инвестиция дегенді білдіреді. Әсіресе, инвестициялық ынтымақтастық сала­сында біздің еліміз әлі игерілмеген тың іспетті. Еліміздегі анағұрлым жұмсар­тылған салық жеңілдігі, жағымды инвес­тициялық ахуал, кәсіпті жүргізгісі келетіндерге түрлі кедергілерді алып тастау жөнінде Үкімет тарапынан жүргізілген шаралар бизнес үшін қолайлы жағдай туындатқаны белгілі. Мысалы, Экономикалық даму және сауда ми­нистрлігі ұсынған баспасөз мәліметтері Белоруссиямен бірлескен инновациялық компаниялар құру жоспарланғанын айтады. Біздің елде бірлескен жобаларды ұсыну ресейлік кәсіпкерлердің де ойында бар. Таяу болашақта тікелей тауар айырбасынан өндірістік және ғылыми-техникалық кооперацияны дамыту бойынша бірлескен жұмыстар бірте-бірте қолға алынады. Белоруссия да өз тарапынан қазақстандық компания­лардың өз аумағына көптеп келгенін қалайды. Кеден одағы ұсынатын жаңа мүмкіндіктер энергетика, мұнай-химия, көлік және логистика, ауыл шаруа­шылығы, коммуникация, фармацевтика бағытында бірлескен өндіріс орындарын ашуға септігін тигізе бастады.
Бұл орайда әйгілі сарапшы-экономист Қанат Берентаевтың мына айтқаны еске түседі: «Меніңше, ірі және орта бизнестің интеграцияға өкпесі жоқ. Мәселен, «Рахат» компаниясы өнімін Ресей мен Белоруссияға жеткізуі бұрынғыдай кез­дейсоқ сипатта емес, біршама жүйелі бола бастады. Оның, жалпы, өндірістегі экспорт үлесі 20 пайыздан асқан. Бұл әлі де шегі емес екенін айту керек». Эко­но­мист-сарапшы Ілияс Исаевтың айтуын­ша, біз бірлесіп Кедендік одақ құру жайын сауатты жүзеге асыра алсақ, біріншіден, шағын және орта бизнестің шаруасын дөңгелете аламыз. «Себебі Ресей, Белоруссия, Қазақстан бірлесіп Кедендік одақ құратын болса, онда осы үш елдің арасындағы тауар айналымы күшейеді. Сондай-ақ бұл елдерден келетін өнімдердің бағасы арзандауы мүм­кін. Міне, біз осы сәтті ұтымды пай­далана білсек, отандық шағын бизнестің аяқ алысы күшейеді». Бұған қоса, Ке­дендік одақтың екінші бір ұтымды тұсы — одаққа біріккен елдердің кәсіпкер­ле­рі өзара бірігіп, кәсіпорын аша алады. Бұл үрдіс біріккен кәсіпорындардың көбеюіне ықпал етеді. Және елде тұралап қалған жеңіл өнеркәсіп саласына жан бітіруі әбден мүмкін. Одаққа бірігудің үшінші бір ұтымды тұсы — Кедендік одақ­қа кірмейтін мемлекеттердің тауар­ларына баж салығы көбейтіледі. «Бұдан шығатын қорытынды, болашақта Қы­тайдан, Түркиядан тағы басқа елдерден келетін тауарлар қымбаттайды. Осыдан барып тұтынушылардың өзгенің тауа­рына емес, өзіміздің отандық тауарға деген сұранысы артады» дейді маман­дар. Аталмыш одақтың төртінші бір тиімді тұсы — одаққа енген елдер ара­сында бәсекелестік нығаяды. Бесіншіден, бұл бірігуден ұтарымыз, егер біз мұнайы­мызды Батысқа Ресейдің аумағы арқылы жөнелтсек, транзиттік шығындарымыз да азаяды. Парламент Мәжілісінің депу­таты Жамбыл Ахметбековтың пайым­дауынша «Кеден одағы бізге тиімді емес деген әңгімелер көп болғанымен, бұл бағыттағы таңдалып алынған стратегия өте орынды. Бір-біріміздің экономи­камызды көтерудің арқасында ғана біз белгілі бір деңгейде жоғарылай аламыз».
— Кеден одағы аумағындағы ішкі ке­дендік бақылауларды алып тастаудың ар­қасында жағдай айтарлықтай жақ­сарған. Өзара сауда жылына 36 пайызға артып, 62,3 миллиард долларға жеткен. Егер мәліметтерге жүгінер болсақ, Кеден одағына мүше елдер арасындағы тауарлар саудасы 2012 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында 613,2 миллиард АҚШ долларына жетсе, соның ішінде экспорт 396,1 миллиард доллар болған, ал импорт көлемі 217,1 миллиард дол­ларға бара-бар екен. Экспорт құнының ағымдағы көлемі 2011 жылдың қаңтар-тамызымен салыстырғанда 6,2 пайызды немесе 23 миллиард долларды құраған және де импорт 4,9 пайызды немесе 10,2 миллиард долларға жеткен. Тағы бір айта кетерлігі, 2012 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында сыртқы сауда сальдосы 179 миллиард АҚШ долларын құрапты. Өткен жылы бұл көрсеткіш 166,2 миллиардтан аспаған болатын. Жал­пы алғанда, Кеден одағына мүше мем­лекеттер арасындағы байланыстарды дамытуда және бір-бірін қолдауда қабыл­данған шешімдердің берері мол. Көпте­ген компаниялар логистика мен кеден­дік ресімдерге кететін шығындары мен уақыттарын үнемдеуге мүмкіндік алды. Осының нәтижесінде жоғарыдағыдай жетістіктерге қол жеткізіліп отыр дегенді айтқым келеді. Сондықтан Кеден ода­ғынан бас тартуға еш негіз жоқ, кейбір түйткілді мәселелер уақыт өте келе өз-өзінен шешімін табады, — дейді ол.
Саясаттанушы Эдуард Полетаевтың пайымдауынша, соңғы кездері жекелеген саяси күштер мен саясаттанушылар Кедендік одақ мәселесін саясиландырып, өздері ұпай жинап, бедел алғысы келеді. Жаңадан «колония» болу, «КСРО-2» жобасы тағы басқа пікір солардан шық­қан. Олар Кедендік одаққа дейін Қазақ­стан, Ресей және Белоруссия арасындағы тауар айналымы өткен жылдың 9 айында ғана 25,6 миллиард доллар құрағанын ескермейді. Кедендік одақ күшіне енген соң сауда даулары жойылады.
— Дегенмен уақыт өте келе Кедендік одақтың саяси сипаты экономикалық сипатқа ауысады, яғни алғашқы форма екіншісіне жол береді. Бірақ мүлдем жойылып кете алмайды. Кедендік одаққа мүше мемлекеттердің президенттері, үкімет басылары өз елдерінің эконо­микасының лоббистері. Мен Қазақстан үкіметінің отандық бизнесті ресейлік не­месе беларусьтық бизнеске өтіп кетуіне жол береді деп ойламаймын. Және екі елдің басшыларына қатысты да осындай пікірдемін. Үш елдің басшылары қиын­нан жол тауып бір-бірімен келісімге келе алды. Бұл экономикалық фактор мен саяси фактордың бір бағытқа ойыса бастағанын дәлелдейді.
Қазір Кедендік одақтың көрпесін Еуроодақпен салыстыратындар пайда бола бастады. Екеуінің арасында ұқсас­тықтар бар. Еуроодақтың локомотивтері — Франция мен Германия. Қалған ірілі-ұсақты мемлекеттер осы екеудің жанына топтасып отыр. Кедендік одақта, әзірге локомотив рөлін Ресей орындап отыр. Қазақстанның әзірге жетістігі — эконо­микалық жеңілдіктерге қол жеткізе алды. Бұл алдағы уақытта, Кедендік одақ мү­ше­­лерінің қатары көбейген тұста жетекші мемлекеттердің қатарынан орын алуға жол ашады. Бұл жерде үкіметтің тілегі, мүддесі аз, ең бастысы халықтың ықы­ласы мен сенімі қажет, — дейді саясат­танушы Эдуард Полетаев.
...