+4 дауыс
23.5k көрілді

"Құс-табиғат перзенті" тақырыбында  мазмұндама керек еді, қайдан табуға болады?

3 жауап

0 дауыс

Құс – табиғат перзенті

Көктем күшіне еніп, бүкіл дала құстардың әсем үніне бөленді.

Атамыз қазақ қашан да құс атаулыны ерте заманнан ерекше құрметтеп келген. Қыран бүркіт, алғыр қаршыға, көк дауыл сұңқар, ұшқыр тұйғын баулып, оларды қиянға салып, өнерін құмарта тамашалаған. Құс біткенді жәбірлеуді өздеріне рақымсыздық, қиянат көрген. Бұл жөнінде ел аузында мынадай бір аңыз бар.

Жоңғар шапқыншылығы кезінде адамдар ел-жұртын тастап, бас сауғалап, жан-жаққа қашқаны белгілі. Сонда жау келе жатқан жолда атақты Төле би көшпей, жалғыз үй қалып қойыпты. Ентелеп келіп бас қойған жау еш қаперсіз жұртта отырған жалғыз үйді көріп, оның бұл қылығына таң-тамаша қалады. Өктем жау ордаға келіп ойран салмақ болғанда, Төле би шығып:

- Ей, адамзаттың балалары! Биыл көктемде шаңырағыма қарлығаш ұя салып еді. Қазір сол ұяда оның қызылшақа балапандары жатыр. Соларды аяп, өзгелерге ұқсап үдере көшпей, шаңырағымды, жолдарыңда қалып қойдым. Ең болмаса, сол балапандарды аяңдар. Өзіме тисеңдер  де,  шаңырағыма тимеңдер, - деп, өтініш жасаған екен дейді.

Сонда жауыздығымен әлемге аты жайылған жоңғар басқыншыларының өзі Төле бидің асқан адамгершілігіне риза болып, оның шаңырағына  тиіспеген көрінеді.

Саятшылық – үлкен өнер, ата салтымыз. Саятшылық құру – аң-құсты қырып жою деген сөз емес, қайта оған қамқор болу, жанашырлық ету деген сөз. Ел арасында аңдар мен құстардың қайсысының қай уақытта өсіп-көбейетінін, жүретін жерін, олардың мекендейтін, жайылатын орнын, жүріс-тұрыс, мінез-дағдысын өте жақсы білетін адамдар көп. Олар аң-құстың өсіп-көбейетін кезінде мазасын алмайды,  үркітпейді, қайта қамқор болып жүреді. Қазақ салтында жалт еткенді жамбастан, бүлк еткенді бүйректен, сырт еткенді сирақтан тигізетін, құралайды көзге атқан мергендердің өзі аң-құстың бәріне бірдей тие бермейді, қалағанын ғана таңдап ататын болған.  Өйткені Табиғат-ана әркімнен өзгеге залалын тигізбей, қажет тап басып тауып алуды, өзін аялауды, шапағатты көзбен қарауды қалайды.

0 дауыс

Құстар – біздің досымыз

– деп ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, дүниені алуан түрге бөлеп, көңілдегі сезім пернелерін басып, қамшының сабындай қысқағұмырдың қызығын молайтар жаз келді.

Жыл мезгілінің ғажабы – көктемнің қанатына ілесе, жыл құстары керуен көшін бастап бірге оралды. Күн жылынып, төңірек түгел жасыл көйлегін киініп, өрік, алма ағаштары гүл атқанда сізді таңғы ұйқыдан құстардың сазды әні оятады. Сиқыр үн жүрек сандығын ақтарып, көңіліңіздің терезесін сағыныш сазы қағып, шын мәнінде қайдағыны қозғайтыны бар ...

Елімізге Ұлыбританияның өзінен 200-300 саяхатшы келеді

Кие жайлаған, құт береке дарыған қазақ жері байлыққа тұнып тұр. Астында қазба байлық болса, ал үсті – көненің көзі – тарихи-ескерткіштермен қоса, аң мен құсқа бай. Адамның бар тіршілігі табиғатқа байланысты, ол күш-қуат пен жақсылықты содан алады. Халқымыздың әл-ауқатының жақсаруы да, ауа, су, пайдалы қазбалар, құнарлы топырақ, өсімдік пен жануарлар дүниесін қорғаумен тығыз байланысты. Елімізде әлемде жойылып бара жатқан құстардың ішіндегі: қоқи қаз, сұңқылдақ аққу, қызыл жемсаулы қараша қаз, дуадақ, қызғылт бірқазан, тырна, ителгі, лашын, бүркіт сияқты сан алуан құстар мекендейді. Жылына Қазақстанның аң-құстарын қызықтауға шет елдерден, соның ішінде Ұлыбританияның өзінен 200-300 саяхатшы келеді екен.

«Көк құрақ – көлдің сәулеті, құс пен аң – елдің дәулеті» дейді дана халқымыз. Табиғат әуесқойларының хайуанаттар ішінде ең жақсы көретіні – құстар. Олардың сан құбылтып салған әндері сүйсіндірмей қоймайды. Бүкіл дүниежүзінде құстардың 10-12 мың түрі тіршілік етеді. Республикамыздың қай түкпіріне сапар шексек те қанатты достарымызды кездестіреміз. Туған өлкеміздің климаты мен жер жағдайы құстардың алуан түрлерінің тіршілік етуіне мүмкіндік береді. Бізде құстардың мол болуына Қазақстан территориясының Еуропа мен Азия құрлықтарының арасында орналасуы да үлкен әсер етеді. Қазақ жерінде қанаттылардың 481 түрі, ал қазіргі таңда Алматының өзінде 161 құстың түрі мекендейді. Оның 57-сі қыстайтын, 88-і жыл құстары. Құстар ерте көктемде екі кезеңмен ұшып келеді: Бірінші кезең – 21 наурыз бен 22 сәуір аралығы. Бұл уақытта көбіне құрт-құмырсқамен қоректенетін сайрақ, қараторғай, таңшымшық, сарықаз торғай, жаурақ торғай, т.б. түрлері келеді. Екінші кезең – 22 сәуір мен мамыр аралығында бұлбұл, мысық торғай бастаған әнші құстар келеді (Алматы ақшамы №34(3423) 4-5 б.).

Құс және дүниетаным

Адам үшін құстардың пайдасы өте зор. Бізде тіршілік ететін құстардың біразы аңшылық үшін ауланып, дәмді ет пен мамық қауырсынын береді. Кең байтақ даламызда ұшып жүрген біраз құстар егістік, бау-бақша, орман зиянкестері – насекомдармен, кеміргіштермен қоректеніп, ауыл шаруашылығына айтарлықтай пайдасын тигізеді. Аң мен құстарға қарап ауа-райын да болжайды. Мысалы, қарлығаш аспанда самғап ұшса – ауа райының ашық, ал төмендеп ұшса – жауын болатыны халық арасында кең тараған. Шағала – теңізшілердің сенімді достарының бірі. Себебі, теңізшілердің ашық теңізге шығарда, шағалалардың мінез-құлқына қарап отырып, ауа-райының өзгерістерін алдын-ала болжаулары дәл келіп отырған. Құстардың эстетикалық мәні өз алдына бір төбе. Бұлбұл үні, торғайдың әні талай сазгерлердің шығармаларына арқау болып келеді. Тіпті құстар туралы туған әндер қаншама?! «Ақ сұңқар», «Алтын қаз», «Қара торғай», «Қарлығаш», «Аққу», «Тоты», «Бұлбұл», «Бозторғай», «Гәкку» сияқты әндер мен күйлер құстарды сүюден, оларға деген сүйіспеншіліктен, қамқорлықтан туған туындылар.

Құсқа деген халықтың көз­қарасы, оларды жақсы көрушілікті біз қазір де күн сайын көріп келеміз. Олардың сүйкімділігін жақсы көріп көп адамдар перзенттерінің есімін де солардың атымен атаған. Ел ішінен Құралай, Бұлбұл, Қарлығаш, Тоты, Қырғи, Тұрымтай, Алғи, Бүркіт, Қаршыға деген аттарды жиі естиміз.

Тау-тас, орман, су сияқты аңдар мен құстар да адамзаттың қажетін өтеп, сән-салтанатын жарастырып келе жатқан ежелгі досы. Әсіресе қазақтар аққуды қадірлейді. Аспаннан бір керемет ақша бұлт көрсе «аққудың қанатындай қалықтаған» деп жырлаған. Аққудың қанат қаққаны, тазалығы, сабырлы қимылы – оның тек сыртқы көрінісі. Байқағыш халық оның психологиялық күйін, жан сезімін түсіне білген. Оны кез келген шалшық көлде кездесе бермейтін аса талғампаз, тәкаппар құс деп қастерлейді. «Құс падишасы» деп те атайды, тазалық пен сұлулықтың символы деп біледі. Серігі мерт болған жерде өзі жанын құрбан ететін оның ұлы қасиеті халық көңіліне ұнаған. Қазақ аққуды киелі деп есептейді және оны ешкім атпайды. Халқымыз өзінің жақсы көрген адамын құстарға теңейді. Тіпті жаңа үйленген жігітке «Құсың құтты болсын» деп жас келінді құсқа теңеудің өзі халықтың құсты керемет тұтып, әдемілік пен әсемдіктің белгісі ретінде сөзге қосқандығын көрсетеді.

Сұлулыққа бас иген қазақ халқы құстың батылдығын, жүректілігін де қастерлейді. Қыран, бүркіт, сұңқар, қаршыға секілді құстарды баулып, олардың өнерін көруге құмар. Адамзаттың асыл қасиетін соларға теңейді. Мұның жас ұрпақты ерлікке баулу үшін үлкен тәрбиелік мәні бар. Мысалы, бүркіттің қаңтардың қақаған аязында жұмыртқасын тасқа салып шайқауы, қайраты қайтып қартайғанда жасық өмірге төзбей шарықтап, шырқап барып өзін-өзі тасқа тастап мерт қылуы жан тебірентерлік жай емес пе?! Денесі ықшам қаршыға, аспанда қалықтап ұшып жүріп жерден азығын көрсе болды, оқша зу етіп төмен қарай зымырай жөнеледі. Осы құбылысты байқап тұрған кісіге, ол қазір жерге құлап мертігетіндей көрінеді. Аңшылардың халқымыздың батыр азаматтарын қаршығаға теңеуі де сондықтан болар.

Бір кезде бүркіт, лашын, тұрым­тай, ителгі сияқты құстарды сері­лік, саятшылық үшін үйретіп, саят­шы­лықты кәсіп ететін қазақтар ел арасында көбейіп келеді. Біраз жерде жарыстар да өткізілуде. Алайда құстарды қорғау, аялау керек. Бұлар таусылмайды емес, сол себепті қорғап, санын көбейтуміз керек. Әсіресе, адамға ең жақын, әрі халықтың сүйікті құсы –қарлығаш. Қарлығаш өте жақсы ұшады (тәулігіне 800 шақырым), тіршілігінің көп уақытын ауада ұшып жүріп өткізеді. Ұшып жүріп қорегін аулайды. Күндіз-түні бір тыным таппайтын қарлығаш тәулігіне он алты сағат қимылдаса, сол уақытта балапанына 645 мәрте жем жеткізіп, бір күнде 6400 зиянкесті жойып отырады екен (Дарабоз №4(14) 10 б.).

«ҚАРҒА СҮЙЕДІ БАЛАСЫН АППАҒЫМ ДЕП»

Сонау «Інжіл» заманынан бастап, адамнан ғайбат сөз естіген екі құс болса, соның бірі – қарға. Бейне адам баласының өмірінің қысқалығына осы бір құс кінәлі сияқты, тіпті оны көп жасайды деп те жек көреміз.

«Білемін, әйтеуір бір замандарда,

Жүреді мың жыл жасап жаман қарға», – дейтін ақын өлеңі де соның айғағы. Оны ұры деп те кінәлаймыз. Расында, қарға  – қырағы құс. Оның назарынан ештеңе тыс қалмайды. Ал енді, сіз қарға ақылды, һәм зерек құс дегенге сенер ме едіңіз, сенбейсіз? Анығында сайрауық құстардан гөрі, қарға – адам тілін тез үйренеді. Бұл сөзіме Алматының сыртында орналасқан «Ұлжан» атты шағын ауылда Орта Азия цыгандары қоныстанған. Қызық халық. Балаларының қайыр-садақа сұрауынан соңғы бір сүйікті ісі – құс бағу. Сарықас торғай, бөдене, ементұмсық, наурызек, әсем шымшықты айтпағанда қарғаның балапандарын қолға ұстап үйретеді. Жанұясына адал, балапандары үшін қандай қауіпке де бас тігіп, тіке шабатын құстардың қатарында қарға барын біз көбіне біле бермейміз. Дана халқымыз «Қарға сүйеді баласын аппағым деп» бекер айтқан ба? Оның екінші бір кісі сүйетін қасиеті – жұт болсын, өрт болсын, аштық-аласапыран келсін – туған жерін тастап кетпейді. Ми қайнатар ыстықта да, ақ түтек борандарда да туған жерінен алыстамайды (Жас Қазақ №20 10-б.).

НАУРЫЗЕК ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Республикамыздың оңтүстігінде наурыз айында ұшып келетін наурызекті жұрт ерекше қарсы алады. Оны – жыл басы, көктем хабаршысы, жақсылықтың нышаны деп құрметтейді. Наурызек – қауырсындарының түсі сұр-қара түсті болып келетін, кеудесі сары түстес кішкентай ғана құс. Осы құстың келу құрметіне арнап бүкіл ауыл болып наурыз көже істейді. Құстарға жем шашады. Бұл мереке жұртшылық есінде ұзақ уақыт сақталады. Табиғат қамқоршысы бола білген халқымыздың бұл дәстүрін бір жүйеге келтіру, оларды ел ішінде кеңінен таратуымыз керек.

Құсқа табынатын елдер де бар. Көптеген елдерде «құс мерекесі» аталынып өтеді. 1906 жылы бекітілген Халықаралық құстарды қорғау конвенциясы бойынша 1 сәуір – Халықаралық құстар күні. Оны да біз ұмытып барамыз. Мысалы, Ұлыбританияда жыл сайын құстар фестивалі өткізіледі. Ол бір ай бойына жалғасады. Ондағы әрбір алтыншы тұрғын құс қорғау қоғамының мүшесі. Ханзада Чарльздің өзі осы фестивальға арнайы қатысып, баяндама жасайды екен (Алматы ақшамы №34 (3423) 4-5 б.). Әйгілі әнші Нежданова кезекті концертке шығар алдында Мәскеу түбіндегі бұлбұлдардың даусын тыңдап қайтуды әдетке айналдырған екен. Яғни, құстардың әні көптеген композиторларға ұлы дүниелер туғызуына негіз салып беретін секілді.

Құс – табиғат сәні

Соңғы жылдарда біраз құс­тар­дың тек Қазақстанда ғана емес кейбір түрлері бүкіл жер шарында саны азайып бара жатқаны байқалады. Сондықтан елімізде оларды қорғау шараларын бұрынғыдан да кеңейте түсу қажет. Қазақ халқының құстарды қорғауда қалыптасқан мол дәстүрі бар. Құстың ұясын бұзбау, жұмыртқасын сындырмау, балапанын жәбірлемеу, ата-аналарының қашаннан бергі балаларына айтатын өсиеті. Өзіңе зияны тимеген құсқа тиіспе деп үйретеді. Тұмсығы тесік құстың бәрі табиғаттың азат перзенті, оның өсіп көбеюіне қиянат етпеу керек деп түсіндіреді.

Мен енді ойымды қорытын­дылай келе, бүгінде қазақ жерінің аспанынан жыл құстары сирек ұшып өтеді. Ал енді оның алдын алу үшін және құс көп болуы үшін жасыл-желек мол болуы тиіс. Батысқа еліктейміз деп еліміздің бұрынғы қалпын бұзып, тас қалаға айналдырып барамыз. Дәл осы екпінмен кетер болсақ, Нью-Йорк сияқты екі-үш құс түрімен қаламыз. Сондықтан құстарды қорғайтын арнайы бағдарлама жасап, қаламызды олардың жайлы мекен тұрағына айналдыруына мүмкіндік беріп, әсіресе, қала орталығының бауырына құстарды көбірек тартумыз керек. Табиғат сәби секілді, маңдайдан сипағанды, аялы алақанды қалайды. Біз оны аямасақ, ол бізді де аямайды.

Бектөре Мансұров

0 дауыс

Құстар – табиғаттың көркі! (шығарма)

Құстар өзгеше болып жаратылған құбылыс иесі. Бейне біздің аспан Әлеміндегі қорғаушымыз сияқты. Сияқты емес солай да. Себебі көк аспан олардың туған мекені. Көкті құссыз, құсты көксіз елестету қиын. Біздің көгімізде құстар сайрап жүрсе, жердегі адамдар да тыныш, бейбіт өмір сүре алады. Біз көкке қарағанда көзіміз ең әуелі ұшқан құсқа түседі. Көп жағдайда күйкі тірлікпен олардың тыныс - тіршілігіне мән беріп, тіпті көкке көз тастап, бір де қарамаймыз. Ал, олардың көкте ұшқанын, жерге қонғанын зер салып, бақылап қарайтын болсаң, олар бейне бір жұмбақ құбылыс сияқты. Ешнәрсені ашып айта алмайды. Қуанышы да, реніші де ішінде сияқты. Бір құдіретті күшің болып, құстардың тілін меңгеріп алсаң, яғни құстардың тілін түсінер болсаң, тіпті басқаша әлемде өмір сүрген болар ма едік. Өзім солай ойлаймын, себебі, құс киелі жануар.

Құстар қос мекенділерге жатады. Яғни жер де, көк те құстың мекені болып саналады. Көк - құстың еркін мекені. Ал жерде көктегі сияқты емін - еркін сайраңдай алмайды. Себебі жерде оларға төнетін қауіп көп. Құстарды көбіне жердің бетінде жүргенде бірден ұстап алу қиын. Себебі құстар көп жағдайда адамдардан үркіп тұрады. Солай үйреткен де. Кейбір адамдар құсты ебін тауып ұстап алса, оларды ойыншыққа айналдырып, алғымына жіп байлап, қанатын кесіп қорлағысы келеді де тұрады. Құстарды үркек қылып қойған өзіміз. Олар неге адамдарды көрсе үрке қарайды? Олар өте сезімтал. Қай жер өзіне құт - мекен бола алатынын ерте бұрын - ақ сезген. Сөйтіп, олар көкте қанаттарын оңды - солды сермеп ұша алады. Өйткені оларға көктен төнетін ешқандай қауіп жоқ.

Орнитология - құстардың дамуы, физиологиясын, жер бетіне таралуын зерттейтін ғылым саласы. Олар зерттеген құстарын мынадай топтарға бөлген. Мысалы, жүгіретін құстар, ұшатын құстар, ашық далалы алқаптардағы құстар, жыл құстары, қыстап шығатын құстар, сұңқартәріздес, тырнатәріздес, жапалақтәріздестер, торғайтәріздестер деп бөлген.

Биолог мамандар құстарға төнген мынандай қауіптер дерегін келтіреді. Яғни, қоршаған ортаның ластануынан, құстардың көптеген түрі жоғалу үстінде. Себебі олардың мекен ететін ағаш жапырақтарына дейін қысқа болып тұр. Ал адамдардың серуені кезінде, құстардың ұяларын бұзып, құстарды үркітіп, мекен - жайларын ауыстыруға әкеліп тірейді. Құстарды адамдардың досы екенін жете сезінбейді. Ал құстардың адамдардың шаруашылық әрекетіне пайда келтіретін тұстарын көптеп келтіруге болады. Мысалы бір қарлығаш бүкіл жаз бойы 1 миллион құрт жейді екен. Қараторғайлардың бір тобы бүкіл балапандарымен 22 тонна шегірткені азық етеді екен. Ал шегірткеге келсек, олар біздің ең басты қас жауымыз. Олар біздің мал жейтін көк шөбімізді, жасыл өсімдіктерімізді баудай жайқалып тұрған егістігімізді отап - жеп көп зиян келтіреді.

Үйіміздің маңында жүретін кіп-кішкентай торғайдың бір өзі жылына 4 миллионға жуық жәндік жейді екен. Сондықтан құстарды қорғау және егістікті бау - бақшалы жерлерге тарту үшін қолдан жасанды ұялар салу, ағаштарды көбірек егу керек. Бұл жұмыстарды бүкіл еліміздегі мектеп оқушылары қолға алып, жүзеге асырып отырса нұр үстіне нұр болар еді. Сонда құстар біздің жерден алатын азық - түлік өнімдерімізді құрттардың құртуынан, жәндіктердің жеуінен құтқарады екен. Біздің қорек ететін азығымыз құстардың арқасында молайып отырғанын білеміз. Құстар болмағанда жерден өсіп - өнетін азығымыз құрт - құмырсқаға жем болар ма еді. Тамағымыздың тоқ, көйлегіміздің көп болуына құстардың пайдасы зор екен. Құстарды адамдар ерте заманнан – ақ дос санаған. Себебі ертегілердің көпшілігінде адам басына қауіп төнгенде құтқарушысы, жақсылық жасап дәулет сыйлаушысы Бақыт құсы ылғи да кездесіп отырған. Сондықтан да халық аңыздарында қанатты достарымызды айлалы, ақылды етіп көрсеткен көрінеді.

Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Қазақстан жолы» атты кітабында былай деген екен: «Көктөбенің басында, алып көк теңіздің жағалауында өмір ағашы - Бәйтерек өседі екен. Жыл сайын Бәйтеректің бұтағындағы ұясына келіп, киелі Самұрық құс күн бейнелі алтын жұмыртқа салады екен. Бірақ жыл сайын айдаһар - жылан сол күн тәріздес жұмыртқаны жеп қояды екен. Бұл көрініс күн мен түннің, қыс пен жаздың ауасын, қайрымдылық пен зұлымдықтың, жарық пен қара түнектің күресін астарлы түрде бейнелейді. Аңыз бойынша Ер Төстік жыланды өлтіріп, Самұрық құстың алтын жұмыртқасын аман алып қалады, ал осыған разы болған құс оның жер асты патшалығынан шығуына көмектеседі. Киелі ағаш туралы аңыз - бейбітшілік пен келісімде өмір сүруге ұмтылған жаңарған Қазақ елінің мақсатты көрінісі».

Осындай халық аңызының арқасында «Бәйтерек» кешені біздің көз қуанышымызға айналды. Мұнда да құс бейнесі, құс тағдыры суреттелген. Ендеше құстарды біздің келешегіміздің кепілі деп айтуға толық негіз бар екенін осы жерден білеміз.

...