Тағы бір «Алтын адам» табылды!
Үржар ауданын көктеп өтетін Таскескен-Бақты тас жолының бойындағы Лайбұлақ және Жаңа тілек ауылдарының орта тұсынан алтын адамның сүйегі табылды. Есік қорғанынан табылған алтын адамдікіндей басындағы сәукелесі мен үстіндегі киімі әжептәуір, сүйегі сол қалпы жақсы сақталған. Бәрі де алтын зерлі. Құлағындағы алтын сырғасына, басындағы алтын сәукелесіне, мүйіз тектес өрнектеріне қарап, Семей педагогикалық институтының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, осындағы қазба жұмысын жүргізген студенттердің жетекшісі Амантай Исин: «Мұны III-V ғасырлардағы қола дәуірге, тіпті ғұн-сарматтар заманына жатқызуға болады», дейді.
Жарма қылып қазған бейіттің жан-жағын, төбесін, енін қалыңдығы 10-15 сантиметрдей жалпақ тастармен жауып, қоршапты. Мүрденің төбесі батысқа қарағанымен, басын солтүстікке бұрып жерлеген. Аяқ жағында қойдың сүйектері мен қыштан, ағаштан жасалған ыдыс-аяқтар, бас жағында алақандай домалақ жалпақ тас жатыр. Экспедиция жетекшісі Темір Смағұловтың жорамалы бойынша, бұл – «құрбандық тасы» деп аталады. Яғни, мәйіт жерленген соң тастың үстіне май шам қойылуы мүмкін. Бұдан өзге солтүстік-шығыс жағындағы іргесіндегі бөлек зираттан тағы бір мәйіт шыққан. Оның басы, қолы кесіліп тасталған. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл ханшайымның құлы, бәлкім, күңі болуы мүмкін. Сақ заманының билеушісінің қызы болуы мүмкін деген бұл алтын адамды зерттеуші ғалымдар «Үржар ханшайымы» деп отыр. Амантай Исаұлы, қазақ ғылымы мен мәдениетіне үлкен жаңалық әкелетін бұл құнды жәдігер Тарбағатайдың күнгейінде де саяси орталықтың болғанын айғақтайды дейді. Шынында да, өткен жылы Үржар ауданына жұмыс сапарымен келіп кеткен осы өңірдің тумасы, бүгінгі Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Бұл өңір шекаралық аймақ болғандықтан, зерттелмей жатыр. Алла қаласа, бізді алда үлкен олжалар күтіп тұр», деген еді.
Сүйінші, қазақ елі! «Үржар ханшайымы» аталып отырған бұл олжа арғы бабаларымыздың сырлы өмірін әлемге әйгілейтін болады.
Нешінші алтын адам екенін білмедім.