Қарақалпақ Автономиясының большевиктік билік тұсындағы тарихы өте күрделі де шытырман беттерге толы. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде өлкеде мазасыз саяси ақуал қалыптасады. Патша тақтан құлаған соң Түркістанда саяси және мәдени дербестікті көздеген ұлттық қозғалыстар етек алады. Халықтың көпшілік бөлігінен қолдау тапқан, кеңестік билікке қарсы құрылған мұндай қозғалыстарды, осы өлкеде құрылған «Шуран-Исламия», «Алашорда» және «Шура-И-Улама», «Турк адам», «Марказияти» сияқты саяси ұйымдар басқарады. Коммунистік жүйеге оппозициялық ұстанымда күрес жүргізген саяси ұйымдар Түркістанның тарихи дамуына қатысты өз ұстанымдарында табанды болды. Орта Азиялық аймақтың ауқымды бөліктері өршінген қарулы қақтығыстар майданына айналуын жалғастырып бақты. Бұл ұйымдар мұсылман халықтарының бірлескен, тәуелсіз мемлекеттік бірлікте дамуы, олардың негізгі ынтымағы бағытын ұстанады. Қарақалпақ жерінде де аймақтың «большевиктендірілуі» саясатына қарсы шаралар өзінің сипатын өздігінше тауып жатты. Хорезм озаисіндегі ұлт-азаттық қозғалыстарына жетекшілік еткен Құрбан Мамет (Жунайт хан), Убайдулла Бахаведдинов (Мақсұм хан), Құтлымұрат би (Бала би) мен өзге де бастаушыларға халықтың еруі, Түркістан өлкесіндегі мұсылман депутаттардың жалпы ұлттық «Иттифак», «Шура-Исламия», секілді саяси ұйымдарының жұмысына да үн қатуына қарамастан, сонымен бірге қарақалпақ ұлттық зиялыларының және діни мұсылман өкілдерінің қоғамдық өзгерістерге белсене араласпаса да назардан тыс қалдырмауларының өзі де, олардың әлі де болса талай жылғы өзге билеушіге телміріп, өз тағдырына бел шешіп кірісе алмаудағы жалтақтықты сипаттайтын.
Осы орайда, 1922 жылы Хорезм Кеңестік Халық Республикасы құрамында да Қазақ-Қарақалпақ Автономиялық облысын құру туралы мәселе көтеріле бастайды да, нәтижесінде Хорезм Республикасының Орталық Атқару Комитеті өз аумағында Қазақ-қарақалпақ бөлімінің (төрағасы – Таған Абдуллаев, кейіндері Сейілхан Сарсенбаев болған) құрылғандығын ескерген жөн. Сол жағалаудағы қарақалпақтардың оң жағалаудағылармен бірігуіне мүмкіндік жасаудың мүддесінен туған Қазақ-қарақалпақ бөлімін облыстық басқарма құқығына ие болып, қазақтар мен қарақалпақтардың мүддесі Хорезм заңдары келісімінде қорғалады. 1924 жылдың мамырында ХКСР Кеңестері Орталық Атқару Комитеті Хорезм КСР-нің құрамында Түркімен Автономиялық және сол аумақтағы тұрғындардан Қырғыз (Қазақ)-Қарақалпақ Автономиялық облысын құруға шешім қабылдайды. Алайда, мұндағы экономикалық-әлеуметтік, саяси жаңарудағы ұлттық мүдделер жоғарғы билік сатысындағылардың ұлттық мемлекеттік межелену мәселесін туындатуымен қабаттасып, кедергіге ұшырайды.
1924 жылдың 16 тамызында Орта Азиялық республикаларды ұлттық-аумақтық межелеу науқаны тудырған Одақтың ұлттық-аумақтық межелеу комиссиясында «аз ұлттар жөнінде (қырғыздар және қарақалпақтар)» мәселе қаралады. Қарақалпақтардың ұлттық-аумақтық межелеу комиссиясы шаралары барысындағы тағдырына өзінің азаматтық жауапкершілігін танытқан сол кездегі саяси өкілдерінің бірі А.К. Досназаров РК(б)П Орталық Комитетінің Ортаазиаттық бюросына «қарақалпақ халқына өз тағдырын ары қарайғы түзуге еріктілік беру» туралы мәселені көтеріп ресми хат жазады. Оның мазмұнында Кеңестік үкімет орнағанға дейінгі кезеңде Орталық Азия халықтарының ішінде ауырпалықтың ең ауыр салмағын басынан кешкен қарақалпақтар болғандығы айтылады.
Қарақалпақ ұлтының азшылығына байланысты құрылған ұлттық-аумақтық межелеу комиссиясының құрамына Хорезм жағынан К. Сағадуллаев, Сұлтан-Қары Жұманиязовтар, ал Амудария облысы тарапынан А. Досназаров, О. Ирманов және Ф. Калугин сынды коммунистер кіреді. Комиссия жұмысы бір апта мерзімінде қорытындыланып, Ф.Я. Калугиннің жетекшілігімен осы мерзімде Ташкентте қайтадан бас қосуы тиістіленді. Ертеңінде, яғни 17 тамыз күні Орталық Азия республикаларын межелеу бойынша ұлттық-аумақтық межелеу комиссиясының отырысы өтеді. Отырысқа ұсыныс жасаған А. Досназаров Қарақалпақ облысының аумақтарына қатысты мәселені ашық қалдыруды сұрайды. Өйткені, Хорезм республикасының Хорезм облысына қатысты бөліктері мен Түркімендермен шекаралас бөліктерінде шекара дауы бар болатын. Ал, қазақтармен шекара мәселесі туындамаған. А. Досназаровтың қарақалпақтарға болашақ Қарақалпақ Автономиялық облысының шекара жоспарын нақты даярлау мүмкіндігін беру ұлттық-межелеу комиссиясы тарапынан мақұлданып, құпталады. Оларға Хорезм мен Түркіменстан облыстарының аралығындағы шекараларға сәйкес сонымен қатар, Қарақалпақ Автономиялық облысының өзбек тұрғындарымен іргелесу шекараларын жобалау тапсырылады. 1924 жылдың 19 тамызында Ф.Я. Калугиннің төрағалық етуімен Қарақалпақ мәселесіне қатысты бірінші ұйымдық отырыс өткізіледі. Отырысқа Қарақалпақиядан А. Досназаров, Хорезмнен Сұлтан-Қари Жұманиязов қатысады. А. Досназаров Қарақалпақ облысына еріктілік беру жөніндегі баяндамасын жасайды. А. Досназаровтың баяндамасының негізінде отырыс мынадай қаулы қабылдайды: «Әмудария облысындағы Қарақалпақ тұрғындарының мекен етуін назарға ала, бұрын Хорезм Халық Республикасының құрамына кірген Ходжелі облысы мен Қоңырат қаласын қоса отырып, Қарақалпақ облысын құрудың қажеттілігі мақұлдансын». Комиссия А. Досназаровқа болашақ Қарақалпақ Автономиялық облысының шекарасы мен ұлттық-аумақтық межелеу картасының жобасын әзірлеуге тапсырма береді. Ұлттық-аумақтық межелеу комиссиясы межелеуге байланысты мынадай шешімін шығарады:
1. «Қарақалпақ тұрғындарының Хорезм КСР-і мен Әмудария облысынан бөлініп шығуын қажет деп санай отырып, Қарақалпақ Автономиялық облысын құру міндетті шара екендігі және қарақалпақ ішкі комиссиясына осы облыстың шекарасын белгілеуге, тұрғындар санын анықтауға тапсырма беру керектігі анықталады. Сондықтан әзірленген мәліметтер Қарақалпақ Автономиялық облысын құру керек деген шешіммен бірге Ортаазбюро Орталық Атқару Комитеті мен РК(б)П Орталық Комитетіне жөнелтілсін».
2. «Әмудария облысы бойынша Қырғыз және Өзбек КСР-лерінің шекараларын белгілеу мәселесі Қарақалпақ Автономиялық облысы жөніндегі мәселе нақты шешілгенге дейін ашық қалдырыла тұрсын».
3. «Шекараларды белгілеу жөніндегі мәселені қарастыруды бір жағынан Түркімен КСР-і мен Хорезм арасындағы белгіленген шекаралар мөлшерімен және екінші жағынан қарақалпақ жұртшылығының Автономиялық облысқа ұйымдасуын ескере отырып, арнаулы ұлттық комиссияларға тапсыру көзделсін» [17, 1-4-пп.].
Орта Азиялық және Орталық Комитет коммунистік партия басшылықтары назарына әзірленген қаулы жобаларында Қарақалпақ Автономиялық облысын құру туралы үгіт-насихат жұмыстарының қорытындылары бойынша шешімдер екі жақты сипатта болады. Олардың бірі облыстың Өзбек КСР-і құрамында қалуын сипаттаса, екінші жағы Автономияның Қазақ АКСР-іне енуін жақтаған еді. 1924 жылы 12 маусымдағы РК(б)П ОК саяси бюросы «Орта Азия республикасының ұлттық межеленуі туралы» жарлығының мәтініндегі Қазақ АКСР-і құрамында Қарақалпақ Автономиялық облысын құруды қарастыру мәселесі негізінде және 26 маусымдағы Хорезм Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Хорезмдегі қарақалпақтарға қатысты мәселені – Автономиялық облыс ретінде шешуде және кімге қосылатыны жөніндегі мәселені реттеуді олардың өздеріне қалдырып, Автономиялық облыс құрудағы маңызды оқиғалар тізбесі басталады.
1924 жылдың 27 қыркүйегінде РК(б)П Қазақ (Қырғыз) Облыстық Төралқа отырысына Бұқара қазақтарының делегациясы құрамында Наврузбаев, Бұқара Орталық Атқару Комитеті Төралқасының мүшесі Худайбергенов, Бұқара ОАК-нің мүшесі, Бұқара ОАК-нің Қаршы облысы бойынша Қырғыз Атқару бөлімінен Құлтаев және қарақалпақ делегациясы қатысады. Осының нәтижесінде Қазақ РК(б)П Комитетіне қарақалпақ делегациясы өздерін автономиялық республика құрамына қабылдау туралы ұсыныс білдіреді. Бұл ұсынысқа қатысты пікірлер О. Исаев, С. Меңдешов, Ә. Жангелдин және өзге де басшылар тарапынан қолдау табады. Олар бұл ұсыныстың толыққанды жүзеге асырылуы үшін қарақалпақтардың болашақ Түркмен, Өзбек республикалары жерлерінен өздеріне тиесілі жер үлестерін алуын талап етуге кеңес береді. Бұл ұсыныстар жан-жақты қаралып, Орталық Комитетке жөнелтілген болатын [18, 158-159-пп.]. 1924 жылы 27 қыркүйекте Қырғыз (қазақ) облыстық РК(б)П комитеті төралқасы отырысында мынадай шешім қабылданады: а) өтініш қызу қолдаумен мақұлдансын; ә) Хорезмнің қазақ-қарақалпақ облыстары және Түркістанның Әмудария облыстары жаңа облыс құрамына толығымен енуі талап етілсін. Орта Азиялық РК(б)П ОК бюросына болашақ облыс құрамына Шурахан өңірін қосуды түбегейлі талап ету жөнінде шешім қабылдансын; б) Автономиялық облысқа қызмет көрсету үшін Әмудария облысын басқару аппараты сақталсын; в) Түркімен КСР-і мен Хорезм КСР-і мүліктері және байлығын тәркілеуде Қарақалпақ Автономиялық облысының қатысуы да талап етілсін және теңдей үлес алу көзделсін; г) делегация ұсынысы толығымен РК(б)П ОК назарына табыс етілсін [18, 158-159-пп.].
Кеңестердің Қазақ Орталық Атқару Комитетінің Кіші Төралқалығы 1924 жылғы 17 қазанда Қазақ АКСР-і құрамындағы Қарақалпақ Автономиялық облысының құрылуы туралы шешім қабылдайды [6, 252-б]. Қазақ АКСР-і құрамындағы Қарақалпақ Автономиялық облысының құрылуы туралы бұл шешімнің тарихи маңызы қарақалпақтардың уақыт сұранысындағы әлеуметтік-экономикалық, рухани мүдделерін ғана қанағаттаныдырып қойған жоқ. Сонымен бірге, бір орталыққа бірігуіне негіз жасаған алғашқы тарихи шешім ретінде де тарихта бағаланады.
РК(б)П Қырғыз (Қазақ) Облыстық Комитетінің 1924 жылғы 25 қазандағы бюро отырысының №5 хаттамасындағы күн тәртібінде Қарақалпақ Автономиялық облысы үшін Ереже жасау бойынша комиссия құру туралы мәселе көтеріледі. Онда, Қарақалпақ Автономиялық облысының ұйымдық бюросы құрамына 13 адам, Төралқа бюросына 7 адам белгіленеді [18, 71-73-пп.]. Пленумға: А. Досназаров (жауапты хатшы), К. Адинаев (ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі), Ж. Арзиев (Агроөндіріс бөлімінің меңгерушісі), Ә. Құдабаев (Облыстық Революциялық Комитеттің төрағасы), С. Лунин (Мемлекеттік саяси (ГПУ) басқармасынан), И. Бекімбетов (Облыстық Революциялық Комитет төрағасының орынбасары), К. Сағдуллаев (Халықтық Қаржы Комитетінен), Б. Айтешев (Қосшы Одағынан), С. Зечиев (Обкомехтан), О. Клишев (түркімен өкілі), Т. Қасымбетов (қарақалпақ өкілі), А. Құрбаниязов (өзбек өкілі), М. Теперешнийлер (Облыстық Кәсіподақ Кеңесінің төрағасы) тағайындалады.
Төралқаға: А. Досназаров (жауапты хатшы), К. Адинаев (ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі), Ж. Арзиев (Агроөндіріс бөлімінің меңгерушісі), Ә. Құдабаев (Облыстық Революциялық Комитеттің төрағасы), С. Лунин (Мемлекеттік саяси (ГПУ) басқармасынан), И. Бекімбетов (Облыстық Революциялық Комитет төрағасының орынбасары) және жетінші мүшесі М. Теперешний (Облыстық Кәсіподақ Кеңесінің төрағасы) тағайындалады.
1924 жылдың 23 қарашасында Хорезм КСР-і V Бүкіл Хорезмдік Құрылтай Кеңесі шешімін орындау мақсатында Ходжелі облысының Қыпшақ және Қытай округтерін жаңадан құрылған Қарақалпақ Автономиялық облысына беруге шешім қабылдайды. Ал, 27 қарашада Автономиялық облыстың Революциялық Комитеті барлық жергілікті кеңестерге Орта Азиядағы ұлттық-аумақтық мемлекеттік межелеу шараларының нәтижесімен өзінің құрамына Шымбай, Шурахан, Ходжелі, Қоңырат уездерінің кіргендігін жеткізеді. Осыдан кейінгі Қарақалпақ Автономиялық облысының аумағына Әмударияның екі жағы да, оған қоса оның оң жағалауындағы болыстықтар: Дәуқара, Шымбай, Талдық, Көкөзек, Қоңырат, Жаңа базар, Кегейлі мен Шымбай уезіндегі Мойнақ аралы және Би-базар, Сара би, Төрткүл, Шаббаз, Шурахан, Мың және Шурахан уезіндегі Тамды, сондай-ақ сол жағалаудағы Ходжелі, Қоңырат және ірі елді мекендер Қытай және Қыпшақ енеді [17, 34-п.]. Межелену талассыз өткен жоқ. Бұл талас өзбектердің Қарақалпақия тұрғындарының негізгі бөлігін өзбектер құрайтын Шурахан уезін өздеріне қосуға байланысты туындаған еді. Алайда, жаңадан құрылған Орта Азиядағы Республикалар арасында талас тудырған Шурахан уезі КСРО Орталық Атқару Комитетінің 1925 жылғы 5 қыркүйегіндегі шешімімен Қарақалпақ Автономиялық облысына тіркеледі. «Шурахан уезі мәселесі» Автономияны құрушы өкілдерге мүдделі тапсырма ретінде шешілді. [6, 253-б.].
1925 жылдың 12-19 ақпанында Төрткүлде Автономиялық облыс дехкандары, батрактары мен қызыл әскер депутаттары Кеңестерінің І Құрылтай съезі өтеді. Қарақалпақ Автономиялық облысының Қазақ АКСР-і құрамына ерікті түрде қосылғанын заңды түрде ресімдеген съезд «Қарақалпақ Автономиялық облысының құрылғаны жөніндегі Декларацияны» жариялайды [6, 253-б.]. 1925 жылы Қарақалпақ Автономиялық облысының тұрғындар саны 298 мың адамды құрайды, олардың 128 мыңы сол жағалаулық бөлікте, ал 170 мыңы оң жағалаулық бөлікте тұрады [14, 84-89-бб.].
1925 жылы 15-19 сәуірдегі Қызылорда қаласында өткен Кеңестердің V Бүкілқазақ съезі Қарақалпақ Автономиялық облысын Қазақ АКСР-і құрамына енгізу туралы толық шешім қабылдайды. Сөйтіп, қарақалпақ халқының тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі тұтас аумаққа негізделген ұлттық мемлекеттілік құрылым жасалынады. ҚАО-ның жер көлемі 180 мың шаршы шақырым болды. 1926 жылғы санақ бойынша облыс тұрғындарын 38,1% қарақалпақтар, 28,5% қазақтар, 27,6% өзбектер, 3,2% түркімендер, 2,7% өзге ұлттар құрайды [6, 253-254-бб.].
Осылайша, 1924-1925 жылдары Кеңес үкіметі іске асырған аумақтық әкімшілік жіктелуден соң Ресей империясы құрамындағы бұрынғы Түркістанның орынына құрамында Қарақалпақстан Автономиясы бар Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан және Тәжікстан аталатын бес республиканың өмірге келуінен соң, олар бұрынғы «Түркістан» атымен емес, «Орта Азия және Қазақстан» республикалары атанып, Кеңес Одағының құрамдас бөлігін құрды. Халқының құрамы жағынан әуелде Орта Азиялық республикалардың бірде-біреуі өзін таза «ұлттық республика» деп атай алмады. Олардың бәрі өзбек, тәжік және қарақалпақ халықтарының кеңестік ұлт мемлекеттілігінің құрылуы үшін жағдайлар әзірлеген өтпелі түрдегі республикалар болды.
Қазан төңкерісінен кейін соң осы өңірде іске асырыла бастаған негізгі шараларының бірі – жер-су реформасы. Қазақстанның оңтүстік аймақтары қатарында Қарақалпақ Автономиялық облысы өзінің климаттық жағдайына қарай – мақта шаруашылығына бейім өлке болып есептеледі. Автономиялық облыстың саяси-экономикалық жағдайына қатысты мәселелер оның ұлттық межелеуден кейінгі тағдырын реттеуге арналған Өлкелік Комитет шешімдерімен арнаулы комиссияның жұмыстарына арқауланғаны, оның тіпті жергілікті кадр саясатын шешуге орайластырған қарарлармен қатарлана қаралуы да кеңестендіру шарттарын түгендеп жатты.
«Автономиялық облыс ұжымдастыру жылдарында» атты жұмыстың екінші тарауында аумақтағы ұжымдастыру шараларының саяси науқаншылығы және жүргізілу үрдістері, кеңестік ұжымдастыруға қарсы наразылық Тақтакөпір бас көтеруінің сипаты, Қарақалпақ Автономиялық облысындағы босқын қазақтар мәселесінің туындауы және Қарақалпақстандағы қазақтардың тарихи тағдырына қатысты кейбір мәселелері баяндалады.
Ұжымдастыру және отырықшыландыру деген желеумен кеңестік империяның қол астына кірген одақтас республикалардағы ұлттардың дәстүрлі шаруашылығын күйрету, езуші таптар мен буржуазиялық ұлтшылдармен күрес науқаны арқылы халықтың, тәуелсіздіктен үміт еткен халықтардың рухын сындыру, сөйтіп жұрттың жартысына жуығын қолдан жасаған аштық арқылы қырып, біразын босқынға айналдырып, атамекенінде тірі қалған бөлігінің ішкі сенімі мен жігерін құм етіп оның орынына тобырлық психология орнықтыру жүзеге асты.
Ф. Голощекиннің «кіші қазаны» тұсында «кеңестендірілмеген» аумақтарға жатқызылған қарақалпақ өлкесі ұжымдастыру көрсеткішінің «ақтаңдағына» айналады. Бай-ишандар меншігінде болып келген шаруа иеліктерін кеңестендіру ісі, партия қызметкерлеріне үлкен қарама-қайшылықтар алып келгені белгілі. Автономиялық облыста «социалистік салт-сананы» сіңіру ісін бақылау үшін Қазақ Өлкелік Комитетінің бірінші хатшысы Ф.И. Голощекин бірнеше рет тексеру жұмыстарын тікелей өзі бастап барады.
БК(б)П Қазақ Өлкелік Комитетінің 1927 жылғы 22 қыркүйегіндегі бюро отырысының №87 хаттамасымен Қарақалпақ обкомының басшысы болып жауапты қызмет атқару үшін П.И. Варламовты жіберу жөнінде қаулы қабылданады.