Жұма намазына бару үшін кәдімгі 5 уақыт намаздағыдай дәрет алу қажет(ғұсыл алса тіптен жақсы). Дәрет ниеттену және «Бисмиллаһ» деумен басталады. Екі қол білекке дейін жуылады. Оң қолмен ауызға үш рет су алынып, шайылады. Мұрынға үш рет оң қолмен су алынып, сол қолмен сіңбіріледі. Бет үш рет толық жуылады. Әуелі сол қолмен оң білек, кейін оң қолмен сол білек шынтақтарымен қоса жуылады. Сулы қолмен бастың төрттен бірі, құлақтың іші сырты, мойын сипаланады, яғни, мәсіх тартылады. Алдымен оң, кейін сол аяқ тобығымен қоса жуылады.