ҚАЗАҚ ЖЕРІ
Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер!
Батырлар дүрілдеп өткен жер,
Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер,
Ғашықтар бір-бірін өпкен жер,
Сарылып сал-сері кеткен жер.
Бас иіп, иіскеп топырағын,
Тағзым жасамай өтпеңдер!
Мына өлке, мына аймақ, бұл маңда
Құлшылық етемін тұрғанға,
Құлшылық етемін құмдарға,
Тағзым жасаймын қырларға!
Шүкірлік етемін қашан да
Осы бір Отанда тұрғанға!
Жазы бар жалынмен жандырған,
Қысы бар аязға қардырған.
Көктемі - балауса, балдырған,
Ал күзі - алып бір ақ қырман,
Ақ дәннен ақ нөсер жаудырған,
Күрең нан жаңа алған тандырдан.
Көлденең көлбеген көкжиек
Қыранның қанатын талдырған.
Несіне асығады?!
Күн қайда асығады?!
Нендей күш күннің нұрын жасырады?!
Қызарып соңғы сәуле шашырады.
Күн түйе алмай барады шашын әлі.
Несіне асығады?!
Көкжиекке ымырт кеп асылады,
Түн келіп, дүниені басынады.
Күн неге асығады, асығады?!
О, жарық дүнием-ай!
Қуатым-ай!
Несіне асығасың, тұра тұрмай.
Өмірді басқа арнаға бұратындай.
Түннен қорқам...
Мәңгілік тұратындай.
Тоқташы!
Тоқтай тұршы, қуатым-ай!
Білмеймін асығатын Жер ме, Күн бе?!
Белгісіз, не күш мені тербетуде?!
Қара жер қашан өткен күнді айналып?!
Қозғалмай-ақ тұрмын ғой жер бетінде.
Жетпедім ұшығына күнде ойланып,
Жер қайда асығады, күнді айналып?!
Тірлікте қара түннің керегі не,
Кетпей ме онан-дағы күнге айналып.