+4 дауыс
12.5k көрілді
Шахмат ойынының шығу тарихы қандай? Және шахматтан ең алғашқы әлем чемпионы кім?

Үндістандықтар шығарды деп айтқан. Өз әскерлерін стратегиялық жолмен жеңіске жеткізу үшін тақтайлармен ойыншықтарды пайдаланған, бірақ баста бұл ойын болмаған. Кейінірек ойын болып ережесі қалыптасқан. Ең алғашқы шахматта "оффицер" (қиғашынан жүретін) болмаған, орнына "түйе" деген ойыншы болыпты)))

Менің естуімше. Уикипедиядан іздесең табасың: kk.wikipedia.org

1 жауап

0 дауыс
 
Жақсы жауап

Шахмат (Аңыз-ертегі)

- Гав пен Талхантты шақыршы.

Таңертеңнен бері үн қатпай қойған сырқат күйеуі балаларын шақыртқанда әйелі теріс қарап көз жасын сығып алды. Баяу басып есік сыртында әмір күтіп тұрған күзетшілерге:

- Гав пен Талхант келсін, — деді.

Көп ұзамай бөлмеге кірген балаларынан көз алмай қараған Джамхура билеуші Гавтың мұнтаздай түрі мен Талханттың бояу жұққан қолын көрді. Ол қысқа сөйлеп:

- Үнді елінің батысы мен солтүстігін, Гав, саған, шығысы мен оңтүстігін, Талхант, сенің иелігіңе қалдырамын, — деуі сол-ақ еді Гав:

- Әке, аманатыңды абыроймен атқаруға ант беремін! – деп саңқ етті. Сәл мүдіріп қалған Талхант та әке алдында ант беріп, ағасы Гавтың сөзін қайталады.

Билеуші төңірегіне көз жүгіртті. Әйелінің мазасызданған түрін көріп, одан көзін тез тайдырып, ұлдарына қарады. Бойшаң денелі келбетті ұлдарына сүйсінгендей кейіппен, көзін жұмды. Көзін жұмғанда бетіне күлкі үйірілгендей көрінді. Қос ұл әкеміз тағы бірдеңе айта ма деп күтті. Бірақ әкелері үн қатпады. Бірдеңені қатты уайымдап тұрған анасы балаларына:

- Сендер енді кете беріңдер, — деді.

Екі ұлы шығып, есік жабылған соң әйелі жалма-жан күйеуін жұлқылап:

- Елді неге екіге бөлдің? Ертең екі ұлың бір-бірімен жауласып жүрсе қайтесің? – деп жыламсырады.

Билеуші көзін ашпаған күйі бетін тыржитып, дауысын ыңырана шығарып:

- Сен қаласаң олар ешқашан бір-біріне қарсы шақпайды, ел де екіге бөлінбейді, — деді. Әйелі күйеуінің жағасын қысқан қолын жібере қойды.

Сол күні кешке Джамхура билеуші көз жұмды…

Билеушінің денесін отқа жағып, күлін суға ағызған күннің ертеңінде анасы екі ұлын шақырып алып:

- Әкелерің көз жұмардың алдында ауруы асқынып, сандырақтай бастады. Өткендегі әңгімені ұмытыңдар, — деп еді, Гав:

- Мен әкеме берген сертімді бұза алмаймын! – деді. Бойын ашу буып қалшылдап кеткен шешесі сөзін шорт кесіп:

- Онда осы жерден екіге бөлінеміз, ұлым! – деді.

Осы сәттен бастап ел басқару жүйесіне өзгеріс енді. Оңтүстік аймаққа Талхант, батыс бөлікке Гав билік жүргізе бастады. Анасы Талхантпен бірге қалды. Ол үнемі ұлын:

- Елдің жай-жапсарын менен артық білетін адам жоқ еді. Оны екіге бөліп, Гавға ең шұрайлы жерлерді қалдырды. Әкең екеумізді іш тартпады. Біз Гавқа қарсы соғыс ашып, елді біріктірейік! – деп қайраумен болды. Сөйтіп олар елді біріктіреміз деген желеумен Гавқа қарсы соғыс жариялады.

Гав «анам бір күні соғыс ашады» деп қауіптеніп әскер жасақтап, оларды соғыс өнеріне баулыды.

Келісілген күні таң сәріде елді біріктіру мақсатындағы қиян-кескі соғыс басталды. Екі жақтың әскері бір-бірін аяусыз кескіледі. Соғыс алаңын қып-қызыл қан жуды. Садақ оғы жетпейтін биік аймақта Гав, екінші жерде Талхант піл үстінде отырып, соғыс барысын бақылады. Белгілі бір тәсілді қолдана отырып бірде шегініп, бірде шабуыл жасап соғысқан Гав әскері Талхант әскерін әбден титықтатты. Бір-бірін қорғай соғысқан Гав әскері соғыс сырын үйренбеген Талхант әскерін жайпап жіберді. Дүлей күштен сескенген кейбірі сатқындық жасап, қашып жатты. Бұл көрініс Талхантты қатты күйзелтті. Кенет ол сол жақ төсінің шаншып бара жатқанын сезді. Қолымен сол жақ төсін соққылай бастады. Сол кезде төменде:

- Билеуші Гав мың жасасын! – деген дауыстар естілді. Жеңіске жеткен ағасының әскері патшаларына мадақ айтып жатыр еді. Талханттың құлағы гүңгірлеп, көз алды қарауытып, жер қозғалып кеткендей болды. Ол денесіне ие бола алмай пілдің кең арқасына құлады.

Қуаныштан аяғы жерге тимей, төбесі көкке жетпей піл үстінде кеудесін көкке тірегендей боп інісінің бақылау алаңына келген Гав оның піл үстінде еңкейіп отырғанын көріп:

- Талхант! – деп айқайлап жіберді. Інісі дыбыс бермеді. Жақын барғанда аузы-мұрнынан қан кетіп, өліп жатқанын көрді. Жаңа ғана жеңіске жетіп, мадақталып, қуаныш кернеген кеудесін енді ащы өксік өртеді. Көз жасын тыя алмай, көк аспанды қақ айырардай, тау-тасты жаңғырықтыра інісін жоқтады.

Ешкімді тыңдамай інісінің денесін сарайына өзі алып барды. Қаралы хабарды естіп отырған анасы алдынан шығып:

- Өз бауырын өзі өлтірген саған лағнет! Сендей қанішер ұлым жоқ! – деп өкірді.

- Талхантқа қолымның ұшы да тиген жоқ. Оны піл үстінде  өліп жатқан жерінен тауып алдым, — деді ұлы дауысы дірілдеп.

- Кет! Тыңдағым келмейді! – деп өксіген ана баласының өлі денесін құша құлады.

- Талхантты өлтірмегеніме көзіңді жеткіземін, — деді Гав қайғыдан қан жұтып тұрып.

Осы сөзді естігенде анасы жынданған адамдай қарқылдап күліп:

- Көрейік. Тек өз сөзіңді өзің аяқ асты етіп жүрме! – деп баласына кектене қарады.

Гав сарайдан қатты қайғырып, еңсесі түсіп шықты. Ол інісін өлтірмегеніне анасының көзін жеткізгісі келді.

Көп ұзамай Гав елдің түкпір-түкпірінен данышпан, оқымысты, сәуегейлерді жинап, үлкен кеңес құрды. Болған оқиғаны баяндады. Сонда данышпандардың бірі Гавқа:

- Соғыс барысын сызып көрсетші, — деді. Гав ағаш тақтай әкелтіп, оны ортасынан тең бөліп:

- Оң жақта менің әскерлерім, сол жақта Талханттың әскерлері тұрды. Алдыңғы шепке жаяу әскерді орналастырдым. Бірінші соққыға жаяу әскер қарсы шықты. Кейінгі шептегі атты әскер жаяу әскерлерді қорғай соғысты. Өзім биіктегі бақылау алаңында болдым, — деді.

Кеңесте әскерлердің қандай амал-айла, тәсілдер қолданып, соғысқаны айтылды. Ағаш тақтай үстінде Талхант әскерінің не үшін жеңіліп қалғаны айқын сызылды. Кеңеске қатысып отырғандардың бәрі:

- Табылған ақыл! – деп данышпан шешімін мақұлдады.

Жиылыстан соң Гавтың қабағы ашылып, анасына елші жіберіп:

- Бауырымды өлтірмегенімді дәлелдеу үшін баратынымды айт. Менімен бірге бір данышпан ере барады. Соғыстың мән-жайын сызып түсіндіремін, — деді. Елші сол күні-ақ жолға шығып кетті.

Елшінің хабарын алған анасы да еліндегі данышпандар мен білімдар адамдарды, суретшілерді жинап, баласының хабарын айтты. Әрі оларға:

- Олардың түсіндірме сызбаларын қағазға түсіріп отыруларыңды өтінемін, — деп тапсырды.

Келіскен күні данышпанмен бірге Гав келді. Олар соғыс барысын тақтай үстіне сызып көрсетті. Гав сөйлегенде анасының көз алдына соғыстың қалай өткені елестеді. Елдегі дәрігерлердің анықтауы бойынша Талханттың көз жұмған уақыты мен Гавтың сөзі бір жерден шығып, ұлына қарсы уәж айта алмады.

Үлкен ұлы кеткен соң анасы шебер ұсталарға:

- Мына тақтаны және әскерлерді піл сүйегінен жасаңдар! Ұлымның есімін мәңгі есте сақтау үшін, оның өзі мен әскерлерін сомдап соңғы соғысын көз алдымда сақтайын. Аруағы разы болсын! – деген бұйрық берді.

Суретші, ұста, шеберлер ойласа отырып соғыс алаңын қызыл ағаштан, әскерлерді піл сүйегінен ойып жасап алып келді.

Шебер жасалған соғыс алаңы мен әскерлер бейнесі ерекше өнер туындысына айналыпты. Әскерлердің соңын ала екі жақтың патшасы қақ төрге жайғасыпты. Уәзірлер екі қапталына орналасқан. Гав айтқандай жаяу әскерлер алдыңғы қатарда сымдай тізіле сап түзеп тұрды.

Анасы Гавтың айтуы бойынша соғыстың басталуы мен аяқталуын оңаша отырып жүргізіп көрді. Сонда ол өз-өзінен Талхант әскерінің жеңілгенін мойындады. Егер Талхант былайша әрекет еткенде жеңіп кеткендей екен-ау деп піл сүйегінен жасалған әскерлер жүрісін қайта қайта өзгертіп те көрді. Іштей Гавтың тапқырлығы мен батылдығына сүйсінді. Күйеуінің:

- Үлкенім ел басқарады, кішім ұлы суретші болады, — деген сөзі есіне түсті.

- Егер ұлым тірі болғанда ұлы суретші болатын еді! Оны өз қолыммен өлтірдім. О, бастағы Джамхураның шешімімен келіскенімде бәрі басқаша болатын еді. Әліме қарамай оның орнын басқым келді-ау. Масқара-ай! – деп көзіне жас алды.

…Арада біраз күндер өткен соң ол Гавтың сарайына барып, ұлымен жолығып:

- Үнді елінің басын қосып, билікті қолыңа ал, — деді.

Гав анасының қолын сүйіп, тағзым етті.

Көп ұзамай екіге бөлініп кеткен ел бірігіп, Гав ел билігін қолына алды. Ал анасы ұлының соңғы соғысын мәңгі есте сақтау мақсатымен соғыс алаңының көшірмелерін жасата бастады. Ең бірінші көшірмені Иран падишасы Хосроуға жіберіп:

- Шаршы алаңға орналасқан әскерлер қандай әрекет жасаса жеңіске жетеді, — деп сұратты.

Әп-әдемі жылтыр тақтай үстіндегі көздің жауын алатын піл сүйегінен жасалған сувинир әскерлерді көрген падишах елшіден:

- Бұл не ойын ба? – деп сұрады.

- …

Елшіден жауап ала алмаған падишах ақылгөй Бузургмихрды шақырып алып:

- Мына ойынның жұмбағын шешіп бер, — деді.

Арада біршама уақыт өткенде Бузургмихр сарайға келіп, тақтай үстіндегі фигуралардың жүру тәсілін түсіндіріп болып:

- Қақ төрде тұрған патша. Оған «шах» деп шабуыл жасағанда қашып құтылатын амалы болмаса «мат» болады. Бірақ оны өзге фигуралар секілді жей алмаймыз. Бұл ойынның бар мәні осында, — деп, әдемі фигуралардың сырын ерекше ықыласпен түсіндірді.

- Тоқтай тұр, сонда «шах» дегенің не, «мат» дегенің не? Бұл өзі қай тілдегі сөз? – деп падишах ақылгөйге сұраулы жүзбен қарады.

Сонда ақылгөй сақалын сипап алып:

- Тәжік тілінде «шах», «мат» сөзі жеңілді, ұсталды, — деген мағынаны білдіреді. Ойланып отырып, бұл ойынға «шах», «мат» сөзін қостым.

- Неге патша фигурасын жей алмаймыз. Соны түсіндірші, — деді падишах.

- Бұл ойынның астарында үнді елінің оңтүстік бөлігін билеген билеуші Талханттың қазасы айтылған. Естуім бойынша оны соғыс барысында өлтірмеген. Осы ойындағыдай оған «шах» қойылған, — деді.

Падишах келіскендей, екі көзін фигуралардан алмаған күйі:

- Иә, иә, ол оқиға солай болған, — деп басын изей берді…

...