Блог жүргізу интернеттің мүмкіндіктерінің бірі. Адамның ой-пікірлерін, ішкі тебіренісін, эмоцияларын жазба, сурет, басқа да медиалар арқылы шығару құралы. Блогтың атасы -кәдімгі жеке күнделік. Бірақ күнделігіңде жазғаныңды ешкім оқып, комменттей алмайды. Бұл оның артықшылығы да, кемшілігі де. Ал блог жазбалары арқылы автор пікірлерінің, шығармашылығының бағасын алады, мұңдас, тілектес, өмірлік позициялары ұқсас адамдарды табады және де көзі қарақты блоггер арқылы қатесін де көре алады. Ал кей кезде тіпті, оқырман санасына сәуле де құя алады. Өзгелерден ерекшеленіп, креативтің болуы үлкен плюс.
Жазылған ақпарға сүйеніп, автор туралы пайымдауға да болады. Не туралы көп жазса, қызығушылығы соған басым екені аңғарылады.
Блогты тек жазғаннан ғана емес, оқығаннан да біраз пайдалы нәрсені аласың. Күнделікті өз істеріңмен айналысып жүріп, біраз қызықты нәрселерді елемеуің мүмкін. Ал блогтарды оқу арқылы «мынандай да нәрселер бар екен ғой» деген сияқты ойға қалып, өзің үшін ашылулар жасайсың.
Ең бастысы, блог — жас журналисттер үшін таптырмас құрал. Мұнда қаламыңды ұштауға толық мүмкіндіктер бар. Блогта дизайнер де, редактор да, журналист те, корректор да өзің. Толық карт-бланж берілген. Кез-келген тақырыпқа қалам тартуға болады. Әйткенмен де қоғам алдындағы жауапкершілік те жоқ емес. Блог өзімдікі екен демей, берілетін ақпараттың сапалылығына, шынайылығына және пайдалылығына назар аудару жөн. Ең бастысы, Гиппократтың антындағы: «Зиян келтіре көрме!» қағидасын естен бір сәтке болсын шығармайық.