+2 дауыс
16.7k көрілді
Қазақ тілін кім зерттеген? Қазақ тілді неге баба тіл деп атайды?

4 жауап

0 дауыс
Қазақ тілі осы мемлекеттің түпкілікті тұрғындары қазақтардан басқа Қытай, Монғолия, Иран, Ауғанстан, Түркия мемлекеттері мен ТМД-ның Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан сияқты республикаларында тұратын қазақтардың да ана тілі.

Қазақ тілі – батыс түркі тілінің қыпшақ тармағына жатады. Бұл тармаққа кіретін тілдер – қарақалпақ, ноғай, татар, башқұрт, қырғыз, қырым татары, қарайшай, балқар, құмық және тағы басқа тілдер. Қазақ тілі - өзіндік әдеби, ғылыми және саяси жазу нормасы қалыптасқан бай тіл. Қазақ тілінің  тарихы әртүрлі тарихи кезеңдерді бастан кешкен қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты.

Оның қалыптасуға бет алуы ХІ-ХІІ ғасырлардағы Түрік қағанатының пайда болу кезеңінен басталып,  ХҮ ғасырдағы қазақ хандығы тұсында әбден қалыптасып болған еді. Басқа түркі тілдерімен салыстырғанда, сөздік қоры жөнінен, қазақ тілі – ежелгі таза қалпын тұтас сақтап келе жатқан тілдердің бірі. Ғалымдардың пайымдауынша, қазақ тілінің ауыз әдебиеті және жазба әдебиеті сияқты екі қайнар көзі бар.

Қалыптасудың барлық сатыларын бастан кешірген ана тіліміз – мейлінше жетілген ұлттық тіл.

Ана тілімізде әдеби шығармалар, ғылыми-бұқаралық, техникалық, құқықтық, педагогикалық, саяси, өнертанушылық әдебиеттер жарияланады. Тіліміз еліміздегі азаматтардың өзара қарым-қатынас тілі болумен ғана шектеліп қалмайды, оның мұрағаттық, ақпараттық қасиеттері де мол. Қазақ тілі – бай да құнарлы тілдердің қатарына жатады. Ежелгі бабаларымыздың тарихы, шежіресі және түрлі әдеби мұралар бүгінгі ұрпаққа өзіміздің осы ана тіліміз арқылы жетіп отыр. Тіл тарихы халық тарихына ұқсас. Қоғамның жылжып, өзгеруіне байланысты тіл де дамып, өзгеріп отырады.

Қазақ тілі тарихында орын алған түрлі қиындықтар мен дағдарыстардың объективті себептері бар. Біріншіден, қазақ халқы үш ғасырға жуық орыс отаршылдығының қыспағында болып, ұлт ретінде жойылып кетудің  бірнеше сатыларын бастан кешірді. Екіншіден, Жоңғар шапқыншылығының халқымызға тигізген зардаптары да орасан зор болды. Үшіншіден, Кеңес өкіметі жетпіс жылдан астам уақыт бойы ұлттардың жақындасуы деген желеумен ұсақ ұлттардың тілдеріне қысым жасап келгені белгілі.

1989 жылы 11 қыркүйекте қабылданған “Тіл туралы” Заңда “Тіл  - халықтың ұлы жетістігі, әрі оның ажырамайтын және бөлінбейтін белгісі”делінген. Ал бірінші баптың бірінші тармақшасында “Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып табылады” деп жазылған.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев “Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде” деген тұжырымдаманы үнемі айтып келеді. Қазақ тілі мәселесі мемлекеттік деңгейге көтерілген кейінгі жылдары бұқара жұртшылық та ана тілі үшін белсенділік танытуда. Бірақ  әлі шешілмей жатқан түйінді мәселелер де баршылық.

Халық тәуелсіздігінің ең басты белгісі - оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Өзінің ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды. Дүниедегі барлық халық тәуелсіздікке ұлттық қадір-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Сондықтан, кез-келген мемлекет өзінің аумақтық салт-дәстүрін, ана тілін ерекше қорғайды.

Ана тілін дамыту, қорғау дегеніміз – өз ана тілінде таза сөйлеу және оны жақсы біліп, туған анадай сүю.

                   Сүйемін туған тілді – анам тілін,

                   Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.

                   Шыр етіп жерге түскен минутымнан,

                   Құлағыма сіңірген таныс үнін, - деп С.Торайғыров ағамыз жырлап өткен.

Ана тілінің күші мен құдіретін туған халқымыз әуелден-ақ бағдарлап, сөз өнерін бар өнердің басы деп санаған. Мысалы: “Өнер алды – қызыл тіл”, “Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады”,   “Тоқсан ауыз сөздің, тобықтай түйіні бар” сөздері халқымыздың орынды сөзге қандай мән бергенін көрсетеді. Абайдың даналығына, Махамбеттің батылдығына, Бұқардың ақылгөйлігі мен халқына деген жанашырлығына, Абылайдың  данышпандығына, Бөгенбай мен Қабанбайдың ерліктеріне сүйсініп, рухани өмірімізге азық етеміз.        

С.Бегалин атындағы Мемлекеттік республикалық балалар кітапханасы назарларыңызға

“Қазақ тілім, өркенде,

Бола бер күшті, көркем де!” атты әдістемелік құралды ұсынып отыр.

Құрал мұғалімдер мен оқушыларға ғана емес, ұрпақ өсірер, оның келешегін ойлар исі қазаққа арналады.
0 дауыс
Қазақстан – егеменді, тәуелсіз ел. Қазақстанды дамыған өркениетті елу елдің қатарына енгізетін біздің болашағымыз – бүгінгі жастар. Олардың міндеті – елінің намысын қорғап, оны әлемге таныта білу. Әлемге таныту үшін әр жас өз елінің тарихын, тілін жетік білуі керек.
Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының тұрғылықты халқы қазақ халқының және оның шекарасынан тыс өмір сүріп жатқан қазақтардың (Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Қытай, Монғолия т.б.) ұлттық тілі.
Қазіргі қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып табылады.
Қазақ тілінің сөздік құрамы өте бай, оған 67 мың тізімдік сөз, 24,5 мың фразеологиялық тіркес – барлығы 91,5 мың лексикалық бірлік кірген бір ғана он томдық “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі” куә бола алады.
Қазақ тілі түркі тілдерінің (солтүстік-шығыс ареал) қыпшақ тобына кіреді (татар,башқұрт, қарашай-балқар, құмық,  қырым-татар, қарақалпақ, ноғай) және ол, әсіресе, ноғай, қарақалпақ тілдеріне жақын болып табылады.   
Қазақ тілі ең көне бастауын әр кездегі ежелгі түрік жазулары ескерткіштерінен: Талас-Орхон-Енисей жазулары (5-8 ғ.ғ.), Жүсіп Баласағұнның “Қүтадғу білік” еңбегі, Махмұт Қашқаридің “Диуани лұғатат түрік” еңбегі , Ахмет Йүгінекидің “Һибат Ұл һақайық” еңбегі, Қожа Ахмет Яссауидің “Хикметі” (10-12 ғ.ғ.), Алтын Орда, Шағатай және қыпшақ (13-14ғ.ғ.) тұсындағы жазулардан алады.
Сонымен қатар, халық ауыз әдебиетінің дәстүрлері мен тілдік нормаларында қалыптасқан, кейінгі кезде ақындар, жыраулар мұрасы арнасына құйылған, ұлы Абай мен Ыбырай шығармашылығы арқылы бізге жеткен қазіргі қазақ әдеби тілі.
Қазақ жазуы 1929 жылға дейін араб графикасын, ал 1929-1940 жылдары латын графикасын қолданған. 1940 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін орыс графикасын қолдануда.
Мемлекеттік тіл, яғни, қазақ тілі - әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі,  оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарындағы тіл. Сондай-ақ, ол дүние жүзіндегі ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан алты жүз тілдің және мемлекеттік мәртебеге ие екі жүз тілдің қатарында тұр.
Қазақстанда тұратын жүзден аса ұлт өкілдері Қазақстанның халқын, соның ішінде қазақ халқының тұрмыс-әдебиетін, әдет-ғұрпын, мәдениетін, әдебиетін, тілін білуі міндетті.
Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек.
Тіл – қастерлі де, қасиетті ұғым. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Ана тілін сүйген адам – туған жерін, елін, Отанын, атамекенін сүйеді деген сөз.    Ал, бұлардың бәрі – адам баласы үшін ең қасиетті ұғымдар. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіне басты  себепкер – ана тілі.
Қазақстан Республикасының Конституциясы (1995ж.), “Тіл саясаты туралы” Тұжырымдамасы (1996ж.) және осыларға негізделген “Тіл туралы” Заң (1997ж.) республикадағы тілдердің ұлтаралық жарастық пен рухани ынтымақтастықтың құралы ретінде қызмет етуін және тіл алуандығын көздейді. Республикада мемлекеттік тіл ретінде бір ғана тіл – қазақ тіліне конституциялық мәртебе беріліп отыр.
Қазақстан Республикасында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуінің бірнеше алғы шарты бар. Атап айтқанда, сол тілді қолданушылардың санының жеткілікті болуы, табиғи және табиғи емес тілдік ортаның болуы, республиканың барлық аймақтарына таралуы, қоғамдық өмірдің әр алуан саласында қызмет етуі және ауызша әрі жазбаша түрде қызмет етуі сияқты сыртқы факторлардың болуы, сондай-ақ қазақ тілінің құрылым-жүйесі жетілген, лексика-фразеологиялық қоры аса бай, ежелден келе жатқан жазба және ауызша дәстүрі бар ұлттық тілдердің бірі ретіндегі ішкі тілдік факторлардың болуы – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуіне мүмкіндік береді.
Мемлекеттік тілдің қоғамдық қызметі қоғамдық өмірдің аса маңызды мынадай салаларында жүзеге асады: басқару, ақпарат, білім беру мен тәрбие  ісі (мектепке дейінгі мекемелер, бастауыш, орта мектеп, жоғары мектеп), ғылым мен техника (ғылыми-зерттеу мекемелерде); қоғамдық ғылымдар, жаратылыстану мен нақты ғылымдар, техникалық және қолданбалы ғылым, экономика салаларында, ғылымның жалпыға ортақ салаларында,  бұқаралық ақпарат құралдары саласында, іс жүргізу саласында; мемлекеттік, қоғамдық-саяси, мәдени мекемелер мен ұйымдарда; дене тәрбиесі, спорт, туризм, денсаулық сақтау мен емдеу мекемелерінде; қоғамдық тамақтандыру орындарында; өнер мекемелерінде (театр, кино); дипломатиялық қарым-қатынаста; әскери-патриоттық тәрбие және білім беру ісінде; шаруашылық жүргізу және ұйымдастыруда; өндіріс және өнеркәсіп орындарында; Қазақстан Республикасында өтетін республикалық, халықаралық құрылтай, конференция, мәжіліс, жиындар т.б.
Сонымен, қазақ тілі – дәстүрлі, тұрақты, қатаң тілдік нормасы бар, стильдік тармақтары сараланған, жалпы халықтық тілден ұлттық деңгейге көтерілген тіл.
Біздің ана тіліміз - қазақ тілі:
-    түпкі түрін сақтаған түркі туыстас байырғы тіл;
-    ежелден жазба мәдениеті бар тіл;
-    әдеби тіл, жергілікті тіл (диалекті), сөйлеу тілі, қарапайым сөйлеу тілі тәрізді формалары бар;
-    демографиялық тірегі мықты ұлттық тіл;
-    құрылым-құрылысы кемелденген тіл;
-    егеменді Қазақстан Республикасы өз қамқорлығына алған мемлекеттік тіл.
0 дауыс
Қазақ тілінің таңғажайып кереметі жайында пікір айтушылар көптеп саналады. Олардың арасында өз ғалымдарымыз, ақын-жазушыларымызбен қатар өзге жұрт өкілдері де баршылық. Әсіресе, ірі түркітанушылар мен саяхатшылардың ана тілімізге үлкен құрметпен қарап, ауыздарының суы құрып, тамсана жазғандары мәлім...
    
Радлов В.В. /ресейлік шығыс зерттеушісі/. Қазақтардың тілі жатық та шешен, әрі өткір, көбіне іліп-қағып сұрақпен жауап беруге келгенде таң қалдырарлықтай оралымды сөйлейді. Кез келгені, тіптен сауатсыздарының өзі, ана тілінде біздің Еуропада байқап жүргенімізден тек француздар мен орыстардың дәрежесінде сөйлей біледі.
Мелиоранский П.М. /1868 – 1906, шығыс зерттеушісі, профессор/. Қазақ тілін зерттеушілердің барлығы да бір ауыздан ең бай, ең таза түркі тілдердің бірі деп таниды.
Ильинский Н.И. /1822-1892, Қазан университеті, профессор/. Ертедегі түркілер тұрмысының көптеген іздерін өзінде сақтап қалған қазақ тілін мен ерекше ұнаттым. Қазақ даласы менің халық тіліне деген сүйіспеншілігімді мүлде қалыптастырды, оған мен тілдік зерттеу үшін нағыз таптырмайтын құжат ретінде қарай бастадым.
Бенцинг И. /түркітанушы/. Ғылыми, әдеби, тілдік және тарихи тұрғыдан қарағанда қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең әсем, өте бай тілдің бірі.
Малов С.В. /орыс ғалымы/. Қазақ тілі өзінің бейнелілігі, суреттілігі жағынан басқа түрік, немесе түркі тілдерінен әрдайым бөлекшеленіп тұрады. Қазақ өзінің ауызекі көркем  тілімен, айшықты әсем фольклорымен бұрын  да, қазір де даңқы шығып жүрген халық.
Саади А. /татар ғалымы/. Қазіргі ең таза, ең бай, ең табиғи және бұзылмай, бұрынғы қалпында сақталып қалған бір тіл болса, ол қазақ тілі және қазақ әдебиеті, шын ғылым үшін біз мұны ашық айтуымыз керек.
Янушкевич А. /поляк журналисі/. Қазақтардың ақыл-ой қабілетінің зорлығына барған сайын менің көзім жетуде. Қандай әсем сөйлейді. Кез келгені айтайын дегенін тез түсіндіре, қарсыласының сөзіне шебер тойтарыс  бере біледі. Тіпті балаларының ақыл-есі де өте тез жетіледі.
Байтұрсынов А. Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт, өз тілінде жоқ деп мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат  тілдің сөздерін араластыра-араластыра, ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей, айрылып қалуы мүмкін. Сондықтан мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылыми кітаптарын қазақ тіліне аударғанда, пән сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек. Сонда біздің әдебиетіміздің тілі таза болып, жоғарыда айтылған талғау салтының шарты орындалған болады.
Әуезов М. Көген  көз қазағыма қаратып мінбе құрып, сол мінбеге шығарып: “Ақырғы діліңізді айтыңызшы, Мұхтар!” – десе, тілімнің ұшында жүрген сөз төмендегіше болмақ: тас үгітіліп құмға айналады, темір тозады, ұрпақ озады, дүниеде өлмейтін сөз ғана, халқымызбен бірге жасап келе жатқан асыл мұра сөзімізді арзандатып алмайық.
Жұмабаев М.  ... Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере көшкен тұрмысы - асықпайтын, саспайтын мінезі көрініп тұр.
Оңдасынов Н. Қазақ тілі – аса бай тіл, икемді тіл. Қалай исең, солай иіле береді. Орамын, бұрамын тауып, қисынын, орайын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, ағаш, текемет оюға болады-ау. Бұл тілден  май тамады десе де сияр. Халықтың тіліне, жырына құлақ салсаң, не бір алуа шекер балдай татитын нәріне, әріне әсте  тоймайсың. Ғашықпын  қазақ тіліне... Осындай майда, сұлу тілді қалай өгейсуге болады...
Дулатов М. /“Қазақ тілінің мұңынан” үзінді/. “Мен заманында қандай едім? Мен ақын, шешен, тілмар бабаларыңның бұлбұлдай сайраған тілі едім. Мөлдір судай таза едім. Жарға соққан толқындай екпінді едім. Мен наркескендей өткір едім.
Мүсірепов Ғ. Қыпшақ мемлекеті жаңа жыл қайырудың ҮІ ғасырында құрылған. Сол кезде оның көркем әдебиетке жататын тілі де бар еді. Мемлекет құрамында оғыз, қарлұқ сияқты әлденеше тайпалар болғанымен, тілі бір ...
Осы жайларды сипаттайтын Орхон-Енисей жазулары былай сөйлейді: «Қытайдың тәтті сөзіне, асыл дүниеліктеріне алданып түркі халқы қырылдық, түркі халқы жойылдық!
Қытай қолында қандай ерлеріміз құл болып қалды. Біз қағаны бар халық едік. Қайда сол қағанымыз? Енді бұл қорлыққа шыдап отыра бергенше, өзімізді өзіміз құртайық, қырылайық!»
Бұл, әрине, жігерлі жүректің тебіренісі, күреске шақырған ердің айтар сөзі. Сонымен бірге бұл - өскен тілге тән көркем әдебиет тілі. Әрі шешен, әрі көркем сөйлей алатын халықтың тілі. Будандаспаған, сыртқы әсерден таза тіл. ҮІ ғасырда осындай дәрежеге жеткен тілдің түп-тамыры жаңа тіл қайырудың ар жағында, ой жетпес әріде жатпақ.

Мұстафин Ғ. Түрлі-түрлі байлық бар. Солардың таңдауын берсе, мен тіл байлығын таңдар едім. Өйткені тіл байлығы – бәрінен де сенімді байлық.
Қазақтың қара сөзінде көп мән жатыр. Күн шалмайтын қараңғы көңілді сөз шалады. Ендеше, соншалық қуатты да, киелі қаруды қалай болса солай қолдануға болмайды.
Досмұхамедов Х.  Тіл – жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел болмайды. Тілінен айрылған жұрт – жойылған жұрт. Мектеп пен баспаның иілі дұрыс болса, елдің тілін көркейтіп, байытып, гүлдендіреді, мектеп пен баспада қолданудан қалған тіл – шатасқан тіл. Ол ел – сорлы ел, мұндай елдің тілі бұзылмай қалмайды... Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, ол - күйініш. Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлеу, бұл - сүйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беру – зор қате.
Айтматов Ш. Қазіргі қазақ тілінен үйренеріміз көп. Мен өз басым жаңа шығарма жазар алдында қазақ әдебиетінің озық туындыларын үңіле оқимын, орайлы атауларды өз шығармаларымда пайдаланып отырамын... туыс тілдегі терминдер баламасын тартынбай кәдемізге асырсақ, қырғыз тіліне олжа саламыз!..
Бельгер Г.  ... Әлдеқалай орыс, неміс таныстарымның арасына түсе қалғанда, олардың әңгімесі қыза-қыза келгенде, маған тұтқиылдан сұрақ қоятыны бар: “Осы қазақ тілі қалай өзі ... бай тіл ме?”. Бір ауыз сөзбен қысқа қайырып: “Бай! десем, бәрібір сене қоймайтынын білем. Сондықтан, сөзім дәлелді болу үшін, мен де жауап берер алдында ойланып, атам қазақтың  “біреу ойнап сұраса, сен шындап жауап бер” деген қағидасын ескеріп, көптеген мысалдар келтіремін. Айталық, орыс, неміс тілдерінде тапшы келетін қазақтың мал атауларын ұзақ-сонар әңгімелеп, тізіп ала жөнелемін.
Атап айтқанда, жылқы, түйе, сиыр, қойға қатысты неше түрлі сөздерді тізіп шыққаннан кейін тыңдаушыларға жымия бір қарап қойып, “ал, енді бүркітке келейік” деймін. Онсыз да бағанадан бері жағасын ұстауға әзер отырған кісілер: “Бүркіт?!. Ол не тағы?!” деп таңданысады.
Әрине, менің де аңшылық-саятшылықтан білетінім жоқтың қасы. Көбі кітаптан оқып-тоқығаныма негізделген. Бәрінен бұрын баяғы бала кезімде ауылдасым марқұм Әбілмәжін шалдың бүркітті қалай ұстап, баулығанын көрген едім. Сол кезден бүркіт пен бүркітшіге байланысты біраз қазақ сөздері жадымда қалған: мәселен, балапан құс, тірнек, тас түлек, мұзбалақ, көк түбіт, томаға, тұғыр, қан соқта т.с.с.  Ал осы  сөздердің көбінің баламасын орыс және неміс тілдерінде қолыңызға шырақ алып іздесеңіз де таба алмайсыз. Соған көзі жеткенде, әлгі таныстарым: “Ах, зоо! Вундербар!” немесе “Смотри-ка! Поразительно!” – дейді. Мағынасы қазекемнің “апырай, а!” дегеніне пара-пар.
“...Өмірімнің 43 жылын қазақтардың арасында, қазақ тіліне құлағымның құрышын қандырумен келген екем. Менің ұғым-түйсігімде қазақ тілі құдды қазақтың осынау кеңпейіл, мейірбан дархан даласы сияқты ғажайып ұшан-теңіз бай, шешен де көркем тіл. Тек сол оралымды бай тілді “қиыннан қиыстырар ел данасы” керек. Өз басым осылай түсінемін.
Момышұлы Б. Қазақ тілі  еш уақытта  өзімен көршілес халықтың  тілдерінен сорлы болып, қатардан қалып өмір сүрмегендігі, өз сыбағасын ешкімге бермегендігі мыңдаған жыл тарихынан айқындалған.
Момышұлы Б. Қазақ тілі түрлі тілдердің ішіндегі ең таза, әрі бай тілге жатады. Қазақтар шешен, әрі әдемі сөйлеудің үлкен шебері.
Назарбаев Н.Ә. Дауға  салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез-келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы - Ана  тіліміз.
Бақытжан Момышұлы.  Бала кезімде, кейін есейе бастағанымда, менің жанымда шешем мен әкем болды, бірақ тіпті екеуінің көзі тірісінде-ақ өзімді жетім сезіне бастадым. Мен жай жетім болып қалғаным жоқ, ана тілін білмейтін, тілсіз кеңістікте қолдан жасалған мылқау күйге түстім. Сөйтіп, әке-шешем шыққан халыққа бөтен саналдым, одан тым алыстап кеттім. Ал өзім баруға талпынған халық мені өзінің туғаны ретінде қабылдай алмады, одан да шеттеп қалдым.
Иә, иә, мен бір кезде бөтен топыраққа  отырғызылған, жапырағынан қалыбы бөлек, діңгегі қисық ағаш болдым. Ал туған топырағым менің қырқылған тамырым - өз халқымның асыл қасиеті мен бал шырынын бойына сіңіре алмайтынына көзі жетіп, күдерін әлдеқашан үзген еді. Ертеректе бір данышпан екі мәдениеттің тоғысқан жерінде құбыжық пайда болады деген екен...
Мен қаладағы асфальт жолдың баласымын. Егер өзімді тағы да ағашпен салыстырар болсам, арықтың жағасында бетондалып тасталған ағаш тәріздімін. Тап жанымнан сылдырлап су ағып жатыр, әттең, одан қанып іше алмаймын. Ана тілім мен мәдениеттің, ұлттық салт-дәстүрдің, терме-айтыстың дәл қасында тұрсам да шөлімді баса алмаймын. Өйткені біздер – тілсіз жетімдер едік.
Бірде көшеде мені кеудесі орден-медальға толы ақ шашты ардагер тоқтатып, әскери қалашыққа қалай баруға болатынын сұрады. Мен орысша жауап бере бастап едім, сөзімді кілт бөліп, мені тыңдағысы келмейтінін айтты. Мен ренжіп қалып едім, ол зірк ете түсті:
- Әке-шешесін қорлаған, тілсіз жетімек!..
Осы бір көшедегі  әңгімеден кейін мен өзімді екі дүниенің ортасында ұшып-қонып жүрген тұрақсыз пенде ретінде сезіне бастадым. Сол күннен бастап өз ұлтымның мен үшін  сөніп-өшуге айналған халықтың асыл көздеріне оралудың ауыр жолы басталды... Тілді меңгерумен бірге маған қазақ даласының бояуы, туған жердің әуені, өлең-жыры, қазақ әйелінің әдемілігі бірте-бірте буалдыр сағымдай орала берді.
Ең бастысы, өзімді жетім санамайтындай халге жеттім. Қазақстанның кез келген түкпірінде мені бөтен санамайтын болды. Өз халқыммен әрбір жаңадан қауышқан, жүздескен, сырласқан сәттерімде, бұдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын көшеде бақытыма кездескен майдангер ағаға  рахмет айтам. Кім біледі, бәлкім, ол кісі болмағанда, әлі неше жыл адасарымды.
Міне, қазір де арамызда мен сияқты адасып жүрген балалар болса, жоғарыда баяндалған жай сабақ болар деген ойдамын.
0 дауыс
Қазақ тіл біздің баба тіліміз. Ал баба тіл деп біз ана тілімізді айтамыз.

Менің ана тілім - шексіз бай, шұрайлы, тегеуріні мықты тіл. Өйткені өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіме басты себепкер - сол ана тілім! Мынау жарық дүниеге келгеннен бастап, ананың әлдиімен бойыма сіңіріп келе жатқан тілім мен үшін ең қастерлі, ең қымбат тіл.  Ақын С.Торайғыров ана тілімді:

Сүйемін туған тілді - анам тілін,

Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.

Шыр етіп жерге түскен минутымнан,

Құлағыма сіңірген таныс үнін, – деп жырға қосқан.

Ана тілім-ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан баға жетпес мұра. Демек әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның тазалығын сақтауға тиіс. Амал не, туған тілімізді шұбарлап, басқа тілдің сөздерімен араластырып сөйлейтіндерді жиі көремін. Тіпті, туған тілінен безетін сорақыларды да, менсінбеушілікпен қарап, қазақша сөйлеуге ұялатындарды көргенде, белгілі орыс жазушысы К.Г. Паустовскийдің «Туған тіліне жаны ашымаған адам - жәндік» деген сөзі ойыма еріксіз оралады.
...