менің мінезім өзіме ұнайды
Ислам – әдептілік және жақсы мінез діні. Пайғамбарымыз «Жақсы мінездерді толықтыру үшін, жақсы мінездерді дүниеге жаю үшін жіберілдім.» деп бұйырған. Расулуллаһ алейһиссалам тағы «Сендердің иман жағынан кәміл болғандарың мінезі жақсы болып, адамдарға жақсылық жасағандарың» деп тіпті иманды да мінезбен және адамдарға пайдалы болумен өлшеген.
Аллаһу та’ала Құран кәрімде пайғамбарымызды «Ақиқатта сен үстем мінез иесісің.» деп бұйырып, мінез-хұлқын мақтаған.
Кімде-кім көркем мінезді болса, Расулуллаһ алейһиссаламның мінезімен безенген болады және оның жолын ұстанған болады. Расулуллаһ алейһиссаламның көркем мінездері өте көп. Әрбір мұсылманның бұларды үйренуі және бұл мінездерді өзіне тоқуы керек. Осылайша дүниеде және ахыретте пәлекетерден, қиыншылықтардан құтылу және екі дүниенің сардарының шапағатына қауышу нәсіп болады.
Пайғамбарымыз мына дұғаны көп оқитын еді:
«Аллаһүммә инни әс-әлукәссиххатә уәл афийәтә уәл-әманәтә уә хуснәл-хулқи уәрридаә билқадари бирахмәтикә йа архамаррахимин»Бұл дұғаның мағынасы: Ей мейірімділердің ең мейірімдісі Аллаһым, мейіріміңнің хаққы үшін денсаулық, амандық, аманатқа мұқият болуды, көркем мінезді болуды және тағдырыңа разы болуды нәсіп ет!
Ислам ғалымдары тәрбиеде және көркем мінезде ислам дінінің байрағы болған және исламды дүние жүзіне осылай танытқан. Пайғамбарымыз «Аллаһу та’аланың мінезімен мінезденіңдер!» деп бұйырған. Аллаһу та’аланың сипаттарының бірі Саттар, яғни күнәларды перделеуші. Мұсылманның да дін бауырының кемшіліктерін жабуы керек. Аллаһу та’ала құлдарының күнәларын кешіруші. Мұсылмандар да бір-бірінің кемшіліктерін, айыбын кешіруі тиіс. Аллаһу та’ала – Кәрим, Рахим. Яғни мейірімі, ихсаны, рахымы мол. Мұсылманның да жомарт және мейірімді болуы керек. Бүкіл көркем мінездер де осылай.
Хазреті Ибн Ата былай деген:
«Мінез жақсы болмағаннан кейін оқылған намаздың, тұтылған оразаның көп болуының маңызы жоқ. Тіпті садақа және мүжахада, яғни нәпісті жеңуге тырысу да оның жанында түк емес. Бұл жолда ілгерілегендер намаздарымен де, оразаларымен де ілгерілеген емес. Жоғары дәрежелерге садақамен де, мүжахадамен де қауышқан емес. Ілгерілеген адам тек жақсы мінезімен ғана ілгеріледі. Өйткені пайғамбарымыз “Қиямет күні маған ең жақын болатындарың, мінез-құлқы ең жақсы болғандарың” деп бұйырды.»
Иманының кәміл, жетік, жарық болуын қалайтын адам өзін мұсылмандардан үстем деп білмеуі керек. Өйткені пайғамбарымыз:«Кімде-кім иманының кәміл болғанын қаласа ынсапты болсын, яғни қарапайым болсын және кедей болса да садақа берсін! Бұл екі мінез иманды кәмілдік дәрежесіне көтереді.» деп бұйырған.
Хазреті Әбу Хаддадқа бір кісі келіп:
- Көркем мінезді болу деген қалай болады?-деп сұрағанда, былай деп жауап береді:
- Әулиелердің құрметін орнына қою, достарымен жақсы мәміледе болу, кішілерге насихат беру, дүниелік үшін ешкіммен жауласпау, өз нәпсінен гөрі басқаларды ойлау, дүниелік мал-мүлік жинаудан қашу, әһли сүннет жолында болмаған адамдармен сұхбатты тәрк етіп, дін және дүние істерінде адамдарға көмектесу,- деп бұйырды.
Хазреті Әбу Мәдйән Мағриби былай деген:
«Адамдар арасында жүргендегі жақсы мінез - олармен жақсы мәміледе болу деген сөз. Ғалымдармен бірге болғандағы жақсы мінез - оларға мұқтаж екенін білу және оларды әдеппен тыңдау дегенді білдіреді. Әһли марифатпен бірге болудағы жақсы мінез - тыныш, байсалды, үмітті және сабырлы түрде күтумен жүзеге асады. Аллаһ досы ерендермен бірге болудағы жақсы мінез – мұңды халде болумен орындалады.»
Қорыта айтқанда, мұсылмандық - жақсы, көркем мінез деген сөз. Мұсылман көркем мінезді және мейірімді болуы керек. Мұсылман өте қарапайым, ақ көңіл, бір шаруамен келгендерді тыңдайтын, қолынан келгенше оларға көмек беретін және ешкімді ренжітпейтін адам деген сөз. Пайғамбарымыздың айтқанындай:
«Мұсылман – мұсылмандарға қолымен де, тілімен де зиян бермейтін адам.»