Не себепті Мұрагер Сауранбаев сахнада көрінбей кетті?
21.09.2011 Домбыраны жанына серік еткен, «Жас Отан» Жастар қанатының мүшесі, қазақтың ұлттық аспабымен Голливудты бағындырған жас домбырашы Сауранбаев Мұрагермен жүздесуге мүмкіндік алдық.
- Мұрагер, соңғы кезде сахнада көрінбей кеттіңіз. Сізді қызметтік баспалдақты таңдап, Астанаға қоныс аударды дегенді естіп жатырмыз?
- Достарым, әріптестерім, журналистердің - барлығының да сұрайтыны бір сұрақ. Яғни, «өнерді тастап кеткенсің бе?» деген. Мен бұл сұраққа былай жауап берейін. Қазір өзімнің мамандығымды жалғастырып халықаралық қатынастар саласы бойынша Астана қаласында қызмет етіп жатырмын. Өнерден өзге басқа салаға ауысып кеттім деп айта алмаймын. Екі саланы да бірге алып жүрмін.
- Өнерге уақыт қалмайтын секілді ғой ?
- Жігіт әр қырынан танылу керек емес пе?! Кез келген азамат өнерді де, кәсіпті де, отбасын да бірге алып жүру керек. Өнердің қайнаған ортасы Алматыда тұрғанда концерттерден қалмаушы едім. Қазір сол концерттерді сағынып жүрмін. Ал Астанада концерттер жиі бола бермейді. Тек қана шет елден қонақтар келгенде ғана өнер көрсетемін. Ал қалған күндері кәсіппен айналысамын. Жұмыстан кейін домбырамды қолға алып, түннің бір уақытына дейін дайындаламын. Ол әдетке айналған. Бір күні домбырамды қолға алмасам, бір нәрсе жетіспейтіндей болып көрінеді. Домбырасыз өмірімді елестете алмаймын.
- Мұрагер, сені өнер сүйетін қауым жас домбырашы, Нұрғиса Тілендиевтің ізбасары ретінде біледі. Осы өнер жолына қалай келдің?
- Өзім Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Тәтті деген ауылданмын. Кәсіби музыкант боламын деген бала кішкентайынан үйірмеге қатысып, қалаған аспабын үйренеді ғой. Ал мен кеш, жетінші сыныптан ғана домбыра үйірмесіне қатыса бастадым. Өзім солақай болғандықтан домбыраны да сол қолыммен тарттым. Бұл басқалары үшін ерекше болып көрінді. Ең алғаш музыка мектебіне барғанымда мұғалім «Сен үйреніп бастамай-ақ қой, сені ертең бәрібір оркестрге отырғыза алмаймын. Одан да солақайлықты білдірмейтін басқа аспапқа жазыл» деді. Осы сөзден соң музыка мектебіне бармай қойдым. Бір жылдан кейін телеарнадан сол қолымен домбыра тартып отырған Нұрғиса атамызды көріп, домбыра тартып үйренемін деген ынтам қайта оянды. Бұл жылдары біз отбасымызбен Алматы қаласына көшкен болатынбыз. Осы қалада Райқұл Молдыбеков деген жақсы ұстаз кездесіп, ол кісі мені «солақай болсаң, керісінше көптің көзіне ерекше түсесін, еш қиналма» деп қолдады. Осылайша күн сайын сабақтан соң, өнер мектебіне барып, кеш бастағандықтан, өзгелері екі сағат дайындалса, мен төрт сағат дайындалатын болдым. Сол кісінің арқасында біраз байқауларға қатыстым. Ең алғаш жүлделі болған байқауым Қазақ радиосы ұйымдастырған «Балақай» еді. Одан бірінші орын алып, басқа да байқауларға шыға бастадым. Соның бірі Голивудта өткен дүниежүзілік фестивальға қатысып, Қазақтың қара домбырасының нағыз үнін шет елге тыңдаттым. Міне осылай менің өнер жолым басталды.
- Бұрындары сені қоғамдық жұмыста да көретін едік. Студенттік кезіңде жастар ұйымдарында да қызмет еткен едің...
- Иә, расында да Алматыда оқып жүрген кезімде жоғары оқу орны қабырғасындағы студенттік үкіметтен бастап қалалық «Жас Отан» Жастар қанатында қызмет еткен жайым бар. Жас көшбасшылық қасиеті бар жігіттермен қызықты бастамалар бастап, мүмкіндігіңше қоғамға қажетімізді асыруға тырыстық. Тағы бір қосарым, жастар саясаты саласы мен үшін үлкен өмірлік мектеп болды, үлкен тәжірибе жинақтадым.
- Мұрагер, сұхбатыңызға рахмет! Шығармашылық табыс тілейміз!